Варшавада ядролық өнімдердің экспортын бақылау бойынша жұмыстың басымдықтары талқыланды

2001

ҚР СІМ Халықаралық қауіпсіздік департаментінің директоры Қайрат Саржанов бастаған Қазақстан делегациясы Польшаның төрағалығымен өткен Ядролық жабдықтаушылар тобының (ЯЖТ) 31-ші пленарлық отырысына қатысты.

Отырыс барысында тараптар ЯЖТ басшылық қағидаттары мен бақылау тізімдеріне сәйкес ядролық материалдар мен технологияларды қауіпсіз тасымалдау мәселелерін талқылады. Пленарлық мәжілістің алдында техникалық сараптау тобының және ЯЖТ басқа консультативтік-кеңесші органдарының отырыстары өтіп, онда тиісті ұсынымдар әзірленді.

Қазақстан делегациясының жетекшісі өз сөзінде елімізде ең қатаң халықаралық талаптар мен өркениетті сауда стандарттарына сәйкес келетін экспорттық бақылаудың дамыған жүйесі бар екенін мәлімдеді. Қазақстанның Зымыран технологияларын бақылау режимі, Аустралия тобы және Вассенар уағдаластық сияқты экспорттық бақылау режимдеріне қосылуы одан да зор маңызға ие болып, бүкіл Еуразиялық кеңістікте таратпау режимін және экспорттық бақылауды нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.

Лицензиялау және құқық саласындағы сарапшылар кеңесінің және ақпарат алмасу жөніндегі кеңестің баяндамасын қабылдау шеңберінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің Төмен байытылған уран банкі аясындағы материалдарды Қазақстанға табысты берудің маңыздылығы және оны озық тәжірибе ретінде пайдалану атап өтілді.

ЯЖТ пленарлық отырысы ядролық өнімдердің экспортын бақылау және ядролық қаруды таратпау жөніндегі жұмыстың басым бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді. Аргентина 2022-2023 жылдары ЯЖТ-ның төрағасы ретінде сайланды. Барлығы ЯЖТ құрамына атом өнеркәсібі дамыған 48 мемлекет кіреді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить