ҚР Сыртқы істер министрлігінде қазақ-британ ынтымақтастығының келешегі талқыланды

Берік негізге қаланған Қазақстан-Ұлыбритания ынтымақтастығын барлық сала бойынша одан әрі дамытудың келешегі зор. Бүгін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Ұлыбритания СІМ Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаментінің директоры Мартин Харрис ҚР СІМ-де өткен кездесу барысында осындай қорытындыға келді.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі ауқымды өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Дипломаттар Қазақстан мен Құрама Корольдік арасындағы Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қоюға дайындық жұмыстарын құптап, өзара сапарлардың жоспарларын белгіледі.

Британ дипломаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың іске асырылу барысы туралы ақпараттандырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша өзара қызығушылық тудыратын бағыттарда, атап айтқанда, энергетика, инфрақұрылымды дамыту, ғылым және технологиялар, инновациялар, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара дайындық білдірілді.

Ынтымақтастықтың 30 жылы ішінде елдеріміз тығыз саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар орнатты. Ұлыбритания тауар айналымы көлемі бойынша Қазақстанның ірі сауда әріптестерінің алғашқы ондығына кіреді (2021 ж. – 1,16 млрд). 2022 жылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, 460 млн долл. құрады.

Құрама Корольдік Қазақстанның алғашқы алты ірі инвесторлары қатарына кіреді. 2005 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде Ұлыбританиядан Қазақстанға тікелей инвестициялар ағыны 16 млрд құрады. 

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
1987 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить