Елімізде Халықаралық автомобиль тасымалдарын дамыту перспективалары Ақтау қаласында өткен конференция барысында талқыланды. Іс-шара Транскаспий бағытында автомобиль тасымалдарын дамыту жөніндегі ірі жобаның негізін салды.
Айта кетерлігі, бұл жоба ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясының тұрақты Хатшылығының және АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) Орталық Азиядағы сауда жөніндегі бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылған.
Конференцияға Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстаннан 50-ден астам өкіл қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, теңіз порттары мен кеме қатынасы компанияларының, автомобиль тасымалдаушыларының және Ұлыбритания, АҚШ, Финляндия және Франция елшіліктерінің өкілдері болды.
"Ел аумағы арқылы 6 автокөлік және 5 теміржол халықаралық дәліздері өтеді. Бес теміржол дәлізі бүгінгі таңда ерекше қызығушылыққа ие Транскаспий халықаралық көлік бағытын қамтиды. Бүгінгі таңда транзиттің, оның ішінде контейнерлік транзиттің тұрақты өсуі байқалады. Осылайша, 2021 жылы транзиттің жалпы көлемі 23,8 млн тоннаны құрады, бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 4,8 пайызға артық", – деді ҚР ИИДМ өкілі.
Сонымен қатар, спикердің айтуынша, 2021 жылы автомобиль көлігімен транзит көлемі 2,79 млн тоннаны құраған, бұл да өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Бүгінгі таңда автомобиль тасымалы саласында 42 үкіметаралық келісім жасалған.
Бұған дейін хабарланғандай, ТХКБ бойынша жүк тасымалын дамыту үшін "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағының базасында "Контейнерлік хаб" құру жоспарлануда. Бұл ретте инвесторды анықтау бойынша халықаралық конкурс өткізіліп, PSA Group, Maersk, MSC сияқты әлемдік контейнерлік операторларды тарту көзделіп отыр.
Кездесуді қорытындылай келе, ҚР ИИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Данияр Қоспабаев пен "Құрық порты" ЖШС Бас директоры Серік Ахметов шекараларды кесіп өту тәртібі мен Қазақстан аумағы бойынша тасымалдауды жүзеге асыру үшін қажетті өзге де рәсімдерге қатысты сұрақтарға жауап берді.
Вам может быть интересно: «Қазақстан америкалық компаниямен дауда жеңіске жетті»