Елімізде қолма-қол ақшасыз төлемдердің 84%-ы онлайн негізде жүргізіледі

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) сараптамалық орталығы 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы қолма-қол ақшасыз карточкалық операциялар бойынша өз шолуын жария етті.

Түйін

• Қазақстанда қолма-қол ақшасыз транзакциялардың өсу қарқыны баяулап кетті, бұдан жасар түйін – нарық іші аталған құрал түрімен барынша қанығып, шекті деңгейге жақындап қалса керек.

• Мәселен, қолма-қол ақшасыз транзакциялардың өсімі ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 52%-ды (ж/ж) құрады, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 124%-ға жеткен болатын.

• Абсолютті мәнде алғанда, биыл бірінші тоқсанда қолма-қол ақшасыз транзакциялар ауқымы бұдан бір жыл бұрынғы 12,5 трлн теңгеден 19,1 трлн теңгеге дейін өскен.

• Бұл тұрғыда қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі ел бойынша 74,3%-дан 80,9%-ға дейін өскен (ж/ж)

• Ал өңірлер бойынша алғанда, «цифрлық деректер алуандығы» анық байқалады, мәселен, Алматыда мұндай операциялардың үлесі 90%-ды құраса, СҚО-да – 63%, ШҚО-да – 67% шамасында.

• Айта кету керек, қолма-қол ақшасыз төлемдердің басым бөлігі елімізде интернет- және мобильді-банкинг негізінде жүзеге асырылады: 84% немесе 16,1 трлн теңге (2021 жылдың үш айында 81,9% немесе 10,2 трлн теңге) ауқымында.

• Айналымдағы дебеттік (+19%, 44,9 млн-ға дейін) және кредиттік (−10%, 10,9 млн-ға дейін) карталар санындағы бағыт динамикасы әртүрлі.

• Ел бойынша 100 адамға шаққанда, айналымдағы дебеттік карталар саны өткен жылғы 201-ден 234-ке дейін өскен, ал кредиттік карталар саны былтырғы 64-тен 57-ге дейін қысқарған.

• Карточкалар санының азаюы жалпы экожүйенің белсенді негізде дамуына байланысты болуы мүмкін, оның сыртында нарық ішіндегі ірі ойыншылар тауар бағасын бөліп төлеу сынды құралдарды кеңінен ұсынуда.

• Кредиттік карточкаларға деген сұраныс барынша сақталған жалғыз өңір Алматы қаласы (ж/ж +1,5 млн карточка). Бұл арада – кредиттік карточкалардың бірнеше түрі кеңінен ұсынылуы және қаржылық сауаттылық деңгейі септік етуі ықтимал.

Кезең бойынша қысқаша қорытынды

• Елімізде төлем нарығы белсенді түрде дамып жатыр, дегенмен, қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсу қарқыны үш таңбалы сандардан екі таңбалыға дейін азайған.

• Қолма-қол ақшасыз төлемдердің ұлғюымен бір мезгілде айналымдағы қолма-қол ақшаның көлемі де айтарлықтай өскен (+9,5% ж/ж). Бұған ықпал еткен факторлар: геосаяси жағдай, көлеңкелі экономиканың жоғары үлесі және қаңтар оқиғасының салдары болса керек.

• Отандық банктердің экожүйесі белсенді негізде дамып, тауарлардың бағасын бөліп төлеу ұсыныстары белең алған тұста кредиттік карточкалардың көлемі азая түскені байқалуда (ж/ж -1,2 млн бірлік). Мұның себебін, ішінара, тұтынушылардың тауар бағасын бөліп төлеу ұсынысын «әділ баға» деп қабылдауымен түсіндіруге де болады, көп жағдайда, олар тауардың бағасын бөліп төлеу мен бірден төлеу арасында еш айырмашылық жоқ деп есептейді.

• Отандық банк секторында көрініс берген өзгерістер сипаты ішкі нарықтағы айналымдағы карточкалардың жалпы санына (әсіресе, дебеттік карталар санына) тиісті деңгейде ықпал етуі мүмкін, ал қолма-қол ақшасыз тарнзакциялардың енуіне – бейтарап негізде.

• Өңірлер аясында алып қарағанда, қолма-қол ақшасыз төлем бойынша «цифрлық дерек айырмашылығы» айтарлықтай жоғары. Соған сәйкес, қолма-қол ақшасыз транзакциялар үлесі төмен дейтін өңірлерде өсім әлеуеті жеткілікті деп түйіндеуге болады. Теориялық тұрғыда, көрсеткіштердегі мұндай алшақтықты қысқарту мүмкіндігі жоқ емес, айталық, ақшаның үшінші формасы түріндегі цифрлық теңгені енгізу негізінде. Аталған жобаны әзірлеушілердің жоспарына сәйкес, цифрлық теңге интернетке қосылмай-ақ төлем жасау мүмкіндігін бермек. Цифрлық теңге жобасын талқылауға ҚҚҚ да атсалысуда. Айта кетейік, ақшаның үшінші форматын енгізу қаншалықты орынды деген мәселе бойынша елімізде жыл соңына дейін тиісті шешім шығарылады деп күтілуде.

ҚҚҚ талдау орталығы

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте