Елімізде екі миллионнан астам зейнеткер бар

2380

2022 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша қазақстандықтарға 939,3 млрд теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді, деп хабарлайды ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2022 жылғы сәуірде республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 234,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді: оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге 71,3 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге 163,1 млрд теңге.

2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша еліміздегі зейнеткерлер саны 2 млн 245 мыңнан асты. Осы кезеңге сай зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) елімізде 105 193 теңгені құрады.

Ескеретін жайт – 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, әрбір зейнетақы алушыға жеке тағайындалады. Бұл тұрғыда, 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса немесе мүлдем жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды. Ал бұдан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артып отырады.

Мысалы, егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, ал 30 жыл болса – 94%-ын құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, зейнетақы сомасы күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді.

Егер бір айдың ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды. Яғни, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты әрі толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері де соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде, азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы еңбек өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнетке шыққанға дейінгі орташа айлық табысына орай қалыптасады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить