«Финдер де, қазақтар да хоккейге деген сүйіспеншілігімен танымал»

2236

Мамырдың 13-де Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 30 жыл толды. Мерейтойға орай ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Финляндияның Қазақстандағы Елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист екі ел басшылығы атынан құттықтау хаттарымен алмасу рәсімін өткізді.

Өзінің құттықтау хатында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «тарихи тұрғыда айтарлықтай қысқа мерзім аралығында біздің елдер екіжақты ынтымақтастық қатынасты қарыштап дамыта алды» дегенді жеткізді. Ал Финляндия президенті Саули Ниинстё елімізді 30 жылдық мейрейтоймен құттықтап, Қазақстан халқына одан әрі өркендеуді тіледі.

Сол секілді, екі елдің сыртқы істер министрліктерінің басшылары Мұхтар Тілеуберді мен Пекка Хаависто да өзара құттықтауларымен алмасып, халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

Айта кету керек, Қазақстан мен Финляндия арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық жыл өткен сайын дамып келеді. Өткен жылдың соңында Финляндия Скандинавия аймағы бойынша Қазақстанның сауда серіктесі ретіндегі жетекші позициясын сақтап қалды (302,7 млн АҚШ доллары), ал еліміздің экономикасына инвестиция бағыттауда (379,6 млн АҚШ доллары) Швециядан кейінгі екінші орынға шықты. Бүгінде Қазақстанда фин заңды тұлғаларының 45 бірлескен кәсіпорны, филиалдары мен өкілдіктері тіркелген, олардың ішінде Nokia, Metso, Wartsila, Vaisala, Kone, Honka, Tikkurila, Reka, Lindstrom, Onninen және т.б. бар.

Екіжақты ынтымақтастықты дамытуда Қазақстан-Финляндия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы мен энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және білім саласындағы мамандандырылған жұмыс топтары маңызды рөл атқарады. ҮАК тең төрағасы, Финляндияның сыртқы сауда және халықаралық даму министрі Вилле Скиннаридің 2021 жылғы 13–14 мамырда өткен жұмыс сапары екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастыққа жаңа серпін берді.

Халықаралық рейтингтерде жетекші орынға ие Финляндияның білім беру жүйесі ерекше қызығушылық тудырады. Осылайша, Хельсинки университеті 2021–2023 жылдарға арналған «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылған университеттер тізіміне енді. Бүгінгі таңда Финляндияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 40-қа жуық маман білім алды.

Қазақстандық мейірбике мамандарын даярлау жүйесін реформалау аясында 2013 жылдан бастап JAMK қолданбалы ғылымдар университеті ҚР денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық серіктесі болып табылады. Ынтымақтастық аясында мыңнан астам денсаулық сақтау саласының мамандары қатысқан бірлескен іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылды.

Роман Василенко Елшімен кездесуде атап өткендей, «Қазақстан мен Финляндияның ортақтас тұстары көп: мысалы, финдер де, қазақтар да хоккейге деген сүйіспеншілігімен танымал». Осы орайда қазақстандық дипломат Финляндияда басталған шайбалы хоккейден Әлем чемпионатын сәтті өткізуді, ал екі елдің құрамаларына әсерлі жеңіс және сәттілік тіледі.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить