Маңғыстау облысының жұмыстары төмен деңгейде жүргізілуде - ҚР АШМ

2861

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров Маңғыстау облысы тұрғындарының ауыл шаруашылығы жануарларын мал азығымен қамтамасыз ету және мал жаю үшін жайылымдардың қолжетімділігі мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Іс-шараға Маңғыстау, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімдері, ғылыми-зерттеу институттарының, азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.

Жиында ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының м.а. Қайрат Мұтаев, «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры Айбын Төреханов баяндама жасады.

Бірінші вице-министр атап өткендей, «Қазгидромет» болжамына сәйкес, ағымдағы жылы Маңғыстау облысында құрғақшылық күтілуде. Өңірде өткен жылы да құрғақшылық болып, салдарынан мал өлімі фактілері тіркелген.

«Үкіметтің жедел қолдау шараларының арқасында, мал азығымен қамтамасыз ету саласындағы жағдай тұрақтантырылды. Көрсетілген болжамдарды ескере отырып, бізге қазірден бастап азықпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуді бастау және өткен жылғы жағдайдың қайталануына жол бермеу қажет. Азықпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстың негізгі бөлігі жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылуы тиіс», - деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Үкімет өз тарапынан жағдайдың қайталануын болдырмау үшін 2022 – 2025 жылдарға арналған жемшөп өндірісі саласын дамыту жөніндегі Жол картасында көрініс тапқан жүйелі шараларды қабылдады.

Қайрат Мұтаев Маңғыстау облысындағы ауыл шаруашылығы мал басы санының динамикасы туралы баяндады. Оның айтуынша, облыста 31,3 мың бас ірі қара бар, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2% - ға артқан.

Түйе саны 95 мың басты құрады, өсім 10,6%. Жылқы саны 144,6 мың басты құрап, өсім 16,5%.

Облыста қой саны 6,1% - ға азайып, 430,6 мың басты құрады. Айта кету керек, жалпы облыс бойынша қой басы төмендегенімен, Жаңаөзен қаласы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарда екі есе өсуі, ал Мұнайлы ауданында шаруа қожалықтары қой санын 30% - ға арттырған.

Кеңес барысында проблемалық мәселелер де айтылды. Өткен жылғы қуаңшылыққа қарамастан, мал басының өсуіне байланысты жергілікті атқарушы органдар жемшөп базасын дамыту және жайылымдық алқаптарды жақсарту проблемаларын шешу бойынша әлсіз жұмыс жүргізуде.

Аудандық әкімдіктер бекіткен жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлар формальді сипатта болды, бұл олардың практикалық іске асырылуына теріс әсер етеді, жерді қайта бөлу жұмыстары жүргізілмейді.

«Айта кету керек, облыстың агроқұрылымдарының көпшілігінде мал азығын дайындау техникасы жоқ. Тиісінше жем-шөп дақылдарын егу бойынша жұмыстар жүргізілмейді», - деп хабарлады департамент директорының м.а.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы және қоғамдық пайдалану қажеттіліктері үшін бөлінген жайылымдық жерлердің ауданы шамамен 3,2 млн га құрайды, оның жартысынан көбі, 1,7 млн га тозған.

«Сонымен қатар, облыста 8,6 млн га жуық босалқы жер бар, оларды суландыру проблемаларын шешу арқылы жайылым ретінде пайдалануға болады. Жемшөп өндірісін дамыту мәселесі бойынша жұмыс белсенді лык байқалмайды немесе мүлде жүргізіліп жатқан жоқ деген қорытынды жасауға болады», - деп түйіндеді Қайрат Мұтаев.

Өз кезегінде, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары және аудан әкімдері сумен жабдықтауды дамыту және жем-шөп дайындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, шалғайдағы мал шаруашылығын пайдалану жоспарлары туралы айтып берді.

Айдарбек Сапаров шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту мен жайылым инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ суарудың заманауи әдістерін енгізу қажеттігіне тағы да назар аударды.

Сондай-ақ, кеңесте көршілес өңір әкімдерінің орынбасарлары сөз сөйлеп, Маңғыстау облысының фермерлік шаруашылықтарына шөп шабу мен жайылым үшін жер беруге дайын екендіктерін жеткізді.

Бірінші вице-министр Жол картасының іс-шараларын орындау бойынша жұмысты жандандыруды, жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөлу, мал шаруашылығы мен жемшөп өндірісін дамытудың облыстық бағдарламасын әзірлеп бекітуді, сондай-ақ жемшөп өндірісі бойынша жобалар құру мәселелерін пысықтауды тапсырды.

«Облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімдері малдарды көршілес облыстарға көшіру тәжірибесін қарастыруды және жем-шөп дайындауды ұйымдастыру мақсатында арнайы шабындық бригадаларын құру мүмкіндігін қарастыруы тиіс», - деді Айдарбек Сапаров.

Жалпы, азық дайындау мәселесі ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты бақылауында, жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить