«Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумы

1126

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов Душанбеде Корея Республикасы, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан сыртқы саяси ведомстволары басшыларының қатысуымен өткен «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумының 14-ші отырысына қатысты.

Басқосуда тараптар орман шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрлық технологиялар және энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Министрлік кездесуге қатысушылар Орталық Азия мемлекеттерінің Оңтүстік Кореямен орман шаруашылығы саласындағы және климаттың өзгеруіне бірлесіп ден қою жөніндегі өзара іс-қимылының контурын белгіледі, сондай-ақ көпжақты ынтымақтастықты, оның ішінде Азия орман ынтымақтастығы ұйымы (AFoCO) желісі бойынша кеңейтуге мүдделілік танытты.

Энергетика саласында делегациялар басшылары баламалы көздерге көшу, энергетикалық қуаттарды жаңғырту және осы салада тәжірибе алмасу процесіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.

Денсаулық сақтау саласында делегация басшылары COVID-19 пандемиясынан кейінгі кезеңде өзара іс-қимылды жалғастыру маңыздылығын қолдады. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын кеңейту қажеттілігі туралы келісімге келді, сондай-ақ COVID-19-ға қатысты бірлескен іс-қимыл жүргізу мақсатында дәстүрлі дәрілік заттар индустриясын дамыту, вакцина өндіру және тарату бойынша ынтымақтастыққа мүдделілік білдірді.

Цифрлық технологиялар саласында тараптар қатысушы елдердің пандемиядан туындаған экономикалық рецессияны еңсеру үшін экономиканы цифрлық трансформациялау саласында бірлескен шаралар қабылдау мүмкіндіктерін талқылады.

Форум аясында Хатшылық Кеңесінің отырысы өтіп, Хатшылықтың алдағы жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды.

Жалпы, Орталық Азия мемлекеттері мен Корея Республикасы арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты өзара құрмет пен пайда негізінде жандандыру өңірдің ортақ мүдделеріне жауап береді және орнықты дамудың маңызды факторы болып табылады.

Форум қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері мен Корея Республикасы сыртқы істер министрлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

Форум аясында М.Сыздықов Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Чонг Ёнгпен кездесу өткізді. Әңгіме барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, елдер арасындағы қатынастарды одан әрі дамыту мен нығайтуға әлеует бар екен атап өтті.

Қазақстан мен Республика Корея арасындағы үкіметаралық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 10-шы отырысын өткізу мен цифрлық инфрақұрылым және фармацевтика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить