Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-чех үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысы өтті.
Комиссия отырысы Қазақстан Республикасы сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев пен Чех Республикасы Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Мартина Тауберованың төрағалығымен өтті. Комиссиясының тең төрағалары отырысқа қатысушыларды екіжақты сауданың жай-күйімен таныстырып, ү.ж. Қазақстаннан Чехияға экспорт 15,8 пайызға өсуінің арқасында қазіргі таңда тауар айналымының ұлғаюы байқалып отырғанын атап өтті.
Үкіметаралық комиссия аясында өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, нано-технологиялар, денсаулық сақтау, білім беру және т.б. бағыттар бойынша жұмыс топтарының отырыстары өтті. Тараптар атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық, жаңартылатын көздерден энергия өндіру, машина жасау саласындағы жаңа технологияларды жеткізу, ҚР аумағында бірлескен өндіріс, сондай-ақ түрлі салаларда тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ бағдарлама аясында «ҚР және ЧР арасындағы инвестициялық ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, оған екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес-топтарының өкілдері қатысты. Чех тарапы еліміздің инвестициялық ахуалымен, шетелдік инвесторларды қолдау шараларымен және қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық перспективаларымен танысты.
Отырыс барысында Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Марат Тәжин «Еуропа Қазақстан үшін көп жылдар бойы негізгі сауда және инвестицияның белсенді мүшесі болып табылады. Қауымдастық ретінде біз іскерлік байланыстарды одан әрі жандандырып, бірлескен жұмысымызда өсудің, жаңа мүмкіндіктерін анықтай алатынымызға сенімдіміз» деп мәлімдеді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері индустриялық-инновациялық жұмыс тәсілдерімен таныстырып, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметі туралы айтып берді, сондай-ақ тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты және ҚР-да ЖЭК дамыту мәселелерін талқылады.
Қазақстан-чех үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысының соңында бірнеше құжатқа қол қойылды.
Вам может быть интересно: «Қазақстанда 20 жыл ішінде кедейлік деңгейі 9 есеге жуық төмендеді»