Елде ұн мен нан бағасы күрт өсе ме - министр жауап берді

Биыл астық түсімінің аздығына байланысты Қазақстанда дәнді дақыл өнімдерінің бағасы қымбаттайды деп күтілуде. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осы жағдайға қатысты болжам айтты, деп хабарлайды Sputnik.

«Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бойынша орташа өнім әр гектардан 10 центнер деңгейінде 16 миллион тонна көлемінде болады деп күтілуде (2020 жылы – 13 центнер/га, 20 миллион тоннадан астам бастырылды). Жиналған астық ішкі сұранысты қанағаттандыруға жетеді деп сенімді айта аламыз. Бізде белгілі бір көлем бар – шамамен екі миллион тонна бидай тұқым ретінде қолданылады, мал шаруашылығында мал жемі ретінде пайдаланылады. Өткен жылғы астықтан 3,5 миллион тонна бидай қалғанын ескерсек, экспорт әлеуеті 6-6,5 миллион тоннаны құрап отыр», - деді министр Ербол Қарашөкеев.

Ауыл шаруашылығы министрі бидай, оны қайта өңдеу өнімдері мен ұн бағасы әлемдік конъюктураға байланысты болатынын айтты. Дүниежүзілік ФАО ұйымы орта мерзімді перспективада баға өседі деп болжап отыр.

«Кейбір өңірде өнім төмен болып, фермерлердің шығыны көп болғанын ескерсек, бидайдың өз бағасы да өсті. Бір жағынан осыған байланысты астық бағасының қымбаттауы біздің шаруалардың, астық егумен айналысатын кәсіпорындардың қаржы жағдайына оң ықпал етеді. Олар келесі жылға дайындалуы керек. Алдағы жылғы көктемгі егіс жұмыстары үшін де қаражат қажет болады», - деп түсіндірді министр.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, әлеуметтік санаттағы нан - бірінші сұрыпты ұннан дайындалатын салмағы 550 грамм бөлке нанның бағасы маңызды мәселе болып отыр.

«Нан бағасын тұрақты ұстап отыру үшін іс-шаралар кешенін қабылдап жатырмыз. Ең алдымен, әлеуметтік нан дайындайтын барлық кәсіпорынды қажетті бидай, ұнмен қамтамасыз ету. Ол үшін біз заңнамаға өзгертулер енгізіп, азық-түлік корпорацияларының мемлекеттік резервтегі арзан бидайды әлеуметтік нан өндіру үшін ұн тартатын кәсіпорындарға жөнелтуі қарастырылып жатыр», - деді Ербол Қарашөкеев.

Ол үкімет бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап отырғанын айтты.

«Азық-түлік корпорациялары форвордты сатып алу есебінен шамамен 680 мың тонна бидай сатып алуды жоспарлап отыр. Осы астықтың 60%-і қазірдің өзінде форвардты сатып алу бойынша жеткізілді. Өткен жылғы резервті ескерсек, мемлекеттік резервте шамамен 400 мың тонна астық жатыр. Бұл нарықты тұрақтандыру үшін жеткілікті. Әлеуметтік нан бағасының күрт өсуіне жол бермейміз. Ол үшін бізде қажетті барлық құрал бар - резервте бір миллион тоннаға жуық бидай сақтаулы. Мұны мал шаруашылығы кешенін қолдау үшін де пайдаланамыз», - деді министр.

 

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
1111 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить