Бельгия Сенаты Төрайымымен кездесуде Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды

978

Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Бельгия Сенатының төрайымы Стефани Д’Оузпен екіжақты және парламенттік ынтымақтастық бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Отандық дипломат сұхбаттасушысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамалары туралы ақпарат берді.

Партияаралық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылай отырып, Елші Д’Оузты партияның мерейтойымен құттықтады: биыл Бельгияның ең көне саяси партияларының бірі «Фламанд ашық либералдары мен демократтары» (Open Vld) өзінің 175 жылдық мерейтойын атап өтуде.

«Open Vld» партиясының өкілі Д’Оуз екі ел арасындағы парламентаралық байланыстардың оң динамикасын атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Бельгия парламенті екі палатасының спикерлерімен 2021 жылдың қыркүйегінде Венада өткен үшжақты кездесуі парламентаралық диалогқа қосымша серпін берді. Парламентаралық дипломатия шеңберінде 2021 жылдың қазанында екі парламенттің халықаралық істер жөніндегі комитет төрайымыларының Брюссельдегі кездесу, сондай-ақ парламенттік достық топтары деңгейіндегі тұрақты байланыстар атап өтілді.

Экономикалық ынтымақтастық аясында тараптар Қазақстан экономикасына Бельгиядан тікелей инвестициялардың өсу динамикасын (соңғы 15 жылда 9 млрд. АҚШ долл. астам) атап өтті, сондай-ақ 2021 жылы қарашада AWEX және FIT инвестициялық агенттіктерінің қолдауымен жоспарланған Бельгия кәсіпкерлерінің Қазақстанға алдағы іскерлік миссиясын қолдады.

Тараптар, сонымен қатар, халықты вакцинациялау аясында Қазақстан мен Бельгияда жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы пікір алмасты. Елші М. Баймухан бельгиялық спикерге қазақстандық «QazVac» вакцинасын өндіру мен дистрибуция туралы ақпаратты кеңінен ұсынды.

Көпжақты бағытта аймақтық қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ Қазақстанның аймақтық мәселелерді шешуде рөлі, атап айтқанда, БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) Алматыға уақытша орналастыру және т.б. мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, Елші 2021 жылғы 11 қазанда Брюссельде өткен «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 18-ші отырысының нәтижелері туралы айтып берді.

Стефани Д’Оуз 1831 жылдан бері Бельгия Сенатының ең жас төраймы болып есептеледі. Ол 39 жасында Бельгия Корольдігі жоғарғы палатасының спикері болып тағайындалды. Бельгия Сенатында 60 сенатор бар.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить