Қазақстан ғалымы Эльбрус тауына жасалған халықаралық экспедицияға қатысты

1430

2021 жылдың 29 қыркүйегінен 10 қазанына дейін бірнеше елдің, соның ішінде Қазақстанның ғалымдары Эльбрус тауына экспедицияға барды. Экспедицияның мақсаты – таудың оңтүстік беткейлерінің негізгі объектілеріне кешенді экологиялық зерттеу жүргізу.

Біздің елдің атынан «QazaqGeography» РҚБ қызметкері, ғалым, геоэколог Аида Табелинова қатысты. Аида – ландшафттану, география және ГАЖ-картографиялау саласының маманы. Оның экспедициядағы басты міндеттерінің бірі – ұлттық парктің ландшафтық ерекшеліктерін зерттеу, сондай-ақ рекреациялық сыйымдылықты азайту мақсатында аумақтарды ландшафтық жоспарлау жөніндегі бағдарламаны жасау. Рекреациялық сыйымдылық – бұл демалыс орнында бір уақытта бола алатын, табиғаттың тұрақты жайын бұзбайтын рекреант (демалушы), көлік саны.

Экспедиция кезінде бір топ ғалым Приэльбрусье ұлттық паркінің экологиялық соқпақтарын зерттеп, оның сапасын анықтау үшін су сынамалары алынды, сондай-ақ геоэкологиялық карталар жасалды. Мұндай тәжірибе еліміздегі ұлттық парктерді зерттеу үшін де пайдалы болатыны сөзсіз.

Аида Табелинованың айтуынша, Қазақстанда және басқа посткеңестік елдерде экотуризмді дамыту, онымен бірге жүретін рекреациялық жүктеме мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып қала береді. Өкінішке қарай, жүктемені мүмкіндігінше дәл анықтайтын бірыңғай, жалпы қабылданған есептеу әдісі жоқ. Ал есептен қателессек, ландшафт пен экологияға зиян тигізуіміз мүмкін. Алайда Орыс Географиялық қоғамының Қорық мектебі аясында жүргізілген зерттеулердің арқасында ғалымдар өз ұсыныстарын беруге дайын.

«Бүгінде «QazaqGeography» «Шарын», «Алтын Емел» ұлттық парктерінде экологиялық туризмді дамытумен айналысады. Сондықтан Приэльбрусьеде алған тәжірибеміз еліміздегі ұлттық парктерде осындай жобаларды зерттеу үшін негіз болады. Сонымен қатар, бұл қоршаған ортаға зиян келтірместен экотуризмді танымал етуге көмектеседі», – дейді Аида Табелинова.

«10 күндік экспедиция нәтижесінде 40 литрден астам табиғи су үлгілері жиналып, ұлттық парк аумағы бойынша 12 маршрут орындалды. Зерттеу барысында Эльбрустың оңтүстік беткейіндегі қар мен мұздықтардың кешенді әсері, туристік инфрақұрылымнан ластанған негізгі орталықтар, ұлттық паркті ландшафтық аймақтарға бөлу мәселелері анықталды. Сонымен қатар Эльбрус аймағындағы табиғи-аумақтық кешендердің экологиялық сыйымдылығына алдын ала бағалау жүргізілді», – деп қорытындылады экспедицияның ғылыми кеңесшісі, М. В. Ломоносов атындағы ММУ География факультетінің аға ғылыми қызметкері Алексей Маслаков.

ОГҚ Қорық мектебінің жұмысы кезінде алынған нәтижелер жыл соңына дейін Ресейдің Табиғи ресурстар және экология министрлігіне ұсынылуы керек есепке енгізіліп қана қоймайды, сонымен қатар Ресей Географиялық қоғамының «Geography Environment Sustainability» журналында да жарияланады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить