Нұр-Сұлтанда Атырау мен Жамбыл облыстары тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
Елордада ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі жалғасуда. Бүгін өз өнімдерін Атырау мен Жамбыл облыстары ұсынды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Жәрмеңке дәстүрлі түрде санитарлық талаптарды сақтай отырып, «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда өтуде. Жәрмеңкеде өңірлер түрлі өнімдерді ұсынуда. Жалпы алғанда екі облыс елордаға 336 тонна өнім әкеледі, ол нарық бағасынан 10-15% төмен бағамен сатылып жатыр.
«Бұл ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне Атырау облысы жалпы алғанда 152 тонна өнім әкеліп отыр. Оның ішінде 36 тоннадан астам балық және балық өнімдері, 20 тоннадан астам ет және ет өнімдері, үш тоннадай сүт өнімі бар. Атырау облысының тауар өндірушілері жеткізген өнімдерді алуға шақырамын», – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев.
«Мен жәрмеңкеде сиыр етін сатып жатырмын. Сатып алып жатқан халықтың саны көп. Себебі біз арзан бағаға сатуға тырысамыз. Әкелінген етіміз жас малдікі, жұмсақ және дәмді. Кешке дейін барлығы өтіп кетеді. Халықтың етке деген сұранысы көп болғандығы бізді қуантады», — деді сатушы Шоқан Турабаев.
Ал Жамбыл облысы елордаға 18 тонна ет (жылқы еті, сиыр еті, қой еті және құс еті), 3,5 тонна шұжық өнімі, 12,1 тонна сүт өнімі, 5,4 мың дана жұмыртқа, 1 тонна кондитерлік өнім, 3 тонна макарон өнімі, 5 тонна қант, 0,3 тонна тұз, 4 тонна балық, 2,7 тонна өсімдік майы, 2,5 тонна бал, 1 тонна кептірілген жеміс, сондай-ақ 128,6 тонна көкөніс пен жеміс жеткізіп отыр.
Айта кету керек, бүгінгі жәрмеңкеге жүздеген қала тұрғындары мен қонақтары келді. Нарық бағасынан төмен тауарлар - бұл астаналықтар үшін өз қорларын толықтыруға және түрлі облыстың азық-түлік дәмін татуға тамаша мүмкіндік.
«Маған жәрмеңкеден сауда жасаған ұнайды. Себебі бағалары қолжетімді әрі таза өнім алуға болады. Әсіресе маған ұнағаны сүт өнімдерінің арзан бағада болуы. Мен жәрмеңкеге әр демалыс сайын келемін. Келген сайын әр облыстың өнімдерінің дәмін татып, өз бағамды беріп отырамын. Осындай халыққа тиімді жәрмеңкені ұйымдастырғандарға рақметімді айтқым келеді», — деді қала тұрғыны Нұркен Тойғанбаева.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтандағы апта сайынғы жәрмеңке 31 қазанға дейін жалғасады.
Вам может быть интересно: «ҚР Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты»