Шетел азаматтары кіргізген көліктерді шығару 30 қыркүйекке дейін ұзартылды
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов ЕАЭО аумағына шетел азаматтары кіргізген көліктерге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ішкі істер министрлігіне шетелдік автомобильдерді шығаруға қатысты мемлекеттік кірістер органдары таратқан ақпарат бойынша тиісті сауалдар келіп жатыр. Кеден заңнамасына сәйкес, шетел азаматтары Қазақстанға және ЕАЭО-ның басқа елдеріне кеден баж салығын төлеместен автокөлікті уақытша кіргізе алады. Яғни, бұл көліктер ЕАЭО-ға кірмейтін басқа елдерде тіркелген. Осы жағдай Ресейден, Қырғызстаннан, Армениядан, Беларусь елінен емес, басқа үшінші мемлекеттерден кірген автомобильдерге қатысты», - деді С. Түсіпов онлайн брифингіде.
Оның айтуынша, мұндай мүмкіндікті негізінен Қазақстанда жұмыс істейтін шетел азаматтары пайдаланады.
«2020 жылы және биылғы кезеңде (коронавирусқа байланысты) елдер арасында шекаралар жабық болғандықтан, шетелдіктер уақытша кірген автомобильдерін ЕАЭО аумағынан тыс шығара алмады. Осыған байланысты ЕАЭО аумағында шетелдіктерге тиесілі көліктердің болуы мерзімін Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі 2021 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартты», - деп түсіндірді ведомство өкілі.
Сонымен қатар ол елімізде шетел азаматтары кіргізген 3 мыңға жуық автомобиль бар екендігін айтты.
«Мемлекеттік кірістер органдары ақпараты бойынша, елімізде шетел азаматтары кіргізген 3 мыңға жуық ЕАЭО елдеріне тиесілі емес шетелдік автомобиль бар. Олар Қазақстанда болу мерзімі өткеннен кейін ел аумағынан шығарылуы тиіс. Осы арқылы ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден автомобильмен келген шетел азаматтары үшін 30 қыркүйекке дейін тиісті мерзім бергіленді», - деді Серік Түсіпов.
Вам может быть интересно: «Әлемнің бірқатар елінде коронавирустың таралуы бойынша тәуліктік антирекорд тіркелді»