Антиваксерлермен жеке кездесуге дайынмын – Алексей Цой

1640

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина салуға қарсы тұрғындар мен Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың арасындағы келеңсіз оқиға туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдері Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға антиваксерлер мен министрлік мамандарының арасындағы келеңсіз оқиға туралы сауал қойды. Әлеуметтік желіде бірнеше тұрғынның Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің реми өкілі Ержан Байтанаевқа қол көтергені туралы видео тараған болатын.

«Антиваксерлермен кездесуге орынбасарларыңыз бен ресми өкілдерді жібергенше неге өзіңіз шықпадыңыз. Олар сіздің атыңызды атап шақырды ғой. Егер сіз шыққанда мұндай келеңсіздік болмас па еді?» - деп сұрады журналист.

«Түсіндіру жұмыстары барлық сатыда жүріп жатыр. Вице-министрлер де, мен де халықпен байланысқа шығып жүрміз. Сондықтан, кім бос болса сол кездеседі. Бұл жерде ешқандай сұрақ болмауы керек. Бізде барлық мамандар халықтың алдына шығып жүр. Кім сол маңайда болса, сол шығады. Бос болған мамандар шықты. Департамент директорларынан кейін ол топқа вице-министр де шықты. Сол кездесуге қатысқан мамандардың білім-білігі ол кісілердің сұрақтарына жауап беруге жетеді деп ойлаймын. Негізінен қойылған сұрақтың көбіне ойдағыдай жауап алғанын өздері де айтқан», - деді министр.

Министр мүмкіндік болса, антиваксерлермен жеке кездесуге дайын екенін жеткізді.

«Біз азаматтардың бәріне бірдей қараймыз. Біз үшін әрбір Қазақстан азаматының орны бірдей. Мүмкіндік болса, әрқашан кездесеміз. Әрқашан кездесуге дайынбыз. Нақты мен жеке кездесуге дайынмын», - деді Алексей Цой.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить