Балық ресурсын қорғау: 1800-ге жуық бұзушылық анықталды

2021 жылдың басынан балық ресурстарын қорғау саласында 1800-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықталды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бағдарламаны іске асыру жөніндегі жұмыстармен қатар, балық ресурстарының табиғи популяциясын сақтау және ұлғайту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, браконьерлікпен күрес, балық аулауды реттеу және балық ресурстарын жасанды түрде көбейту жүзеге асырылуда. 2021 жылдың басынан бастап мемлекеттік инспекторлар 1800-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, 23,2 млн теңге айыппұл салды», - деді Н. Жүнісов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен қатар ол көктемгі кезеңде еліміздің батыс өңірінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу кезеңінде қолайлы жағдай жасауға бағытталған жыл сайынғы кең ауқымды «Бекіре» балық қорғау акциясы өткізілгенін еске салды. Аталған акция ҚР ІІМ және ҚР ҰҚК Шекара қызметі бөлімшелерімен бірлесіп өткізіледі. Қалған өңірлерде «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы өткізілді.

«2021 жылы «Бекіре» акциясы барысында әкімшілік жауапкершілікке 862 адам тартылып, 56 қылмыстық іс қозғалды. Заң талаптарын бұзғандарға 15,4 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 31,1 тонна балық, 851 балық аулау құралы, 68 жүзу жабдығы және 21 көлік құралы тәркіленді. Келтірілген залал үшін 13 млн теңге сомасына талап-арыз жолданды», - деді комитет басшысы.

Оның айтуынша, «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы барысында 683 әкімшілік хаттама толтырылып, 11 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте