Алматыдағы Универсиадаға билеттердің жартысынан көбі сатылып кетті

4506

Алматыдағы Универсиадаға билеттер кеңінен сатылып жатыр: күні бүгінге шейін 101 мың билет сатылып үлгерген, бұл жалпы билеттер санының 50%-дан астамын құрайды. Осыған дейін күтілгендей, жарыс күндері жақындаған сайын оған деген сұраныс артып келеді.

Бұрынғысынша, көрермендер ерлер арасындағы шайбалы хоккейге ең көп қызығушылық білдіріп отыр: осы жарыстарға 20 мыңнан аса билет, соның ішінде қазақстандық құраманың ойындарына арналған билеттердің барлығы сатылып үлгерді. Ал ақтық ойындарға билеттер осыдан бір апта бұрын толығымен сатылып кетті. Сатылу көлемі жағынан мәнерлеп сырғанаудан жарыстар екінші орында, ал тау-шаңғы спортының түрлері үшінші орында келеді. «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайында өтетін жарыстарға билеттердің барлығы сатылып кетті.

Сондай-ақ, жиі сатып алынып жатқан билеттердің бестігіне шорт-трек және шаңғымен трамплиннен секіру жарыстары кіріп отыр.

«Универсиада бағдарламасы аясында ашылу және жабылу салтанаты секілді екі басты оқиға өтеді. Қазір ашылу салтанатына билеттер толығымен сатылып кеткен болса, аса әсерлі өтетін жабылу салтанатына билеттер әлі сатылуда. Универсиада осы аптада басталатындықтан, билеттер өте қарқынды түрде саудалануда. Сондықтан  билеттерды сатып алуды кейінге қалдырмаған жөн!», - деп атап өтті Универсиада-2017 Дирекциясының билеттерді жүзеге асыру департаментінің басшысы Вадим Дергачев

Универсиада жарыстарының барлығына билеттер Алматы (Б.Шолақ атындағы Спорт сарайы, Республика сарайы, Мемлекеттік цирк, Меломан) және Астана (Хан Шатырдағы, «Керуен» сауда орталығындағы, «Мечта» сауда үйіндегі Меломан кассаларында, MyTown кеңсесінде) қалаларының кассаларында сатылуда. Сондай-ақ, билеттерді Kassir.kz, Ticketon.kz, Bilet.meloman.kz, Biletiastana.kz және Koncertyastany.kz билет операторларының виртуалдық платформаларында онлайн арқылы сатып алуға болады.

2017 жылдың 8 ақпанына дейін сатып алынған және жарыстар кезінде турникеттен өту арқылы іске қосылған билеттердің барлығы жүлделер ұтысына қатысады. Жүлделер ішінде Саппородағы Азия ойындарына 2 саяхат, сондай-ақ, супержүлде – «Алмалы» тұрғын ауданындағы екі бөлмелі пәтер ұтысқа салынып отыр. 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить