Подкаст ненің нышаны?

12905

The meteoric rice podcasting ресурсының 2020 жылғы 1 қарашасындағы дерегі бойынша, қазір әлемде 30 млн эпизод таратып үлгерген бір миллионнан астам подкаст жобалар бар екен: 2018 жылы олардың саны 550 мың шамасында болатын

Ресейлік Interactive Advertising Bureau халықаралық сараптама қауымдастығының мәліметінше, 2019 жылдың бір айында подкаст тыңдаушылар саны орташа есеппен 5,1 млн адамды, ал 2020 жылы – 10,5 млн адамды құраған. 2024 жылы подкаст тыңдаушылар саны 27,9 млн адамға жетеді деген болжамдар бар. Қазақстанда подкаст аудиториясын, оның нарықтағы даму деңгейін көрсететін қандай да бір толыққанды зерттеу жоқ. Бірақ пандемия кезінде отандық подкастерлер қатары ойламаған жерден арта түскені байқалған.

Подкаст неден басталды?

Өзінің даму тарихын әлемде 2001 жылдан бастайтын подкастинг саласы Қазақстанда араға 15–16 жыл салып таныла бастады. Әйтсе де подкаст дегеніміз не және оның радиохабардан қандай айырмашылығы бар – аудиоформат түріндегі өнімдерді қалың аудитория әлі де дұрыс ажыратып отырған жоқ. Подкаст – RSS арқылы тарайтын аудио форматындағы жазба. Оны тікелей онлайн, не алдымен жүктеп алып, кез келген ыңғайлы уақытта арнайы платформалар арқылы тыңдауға болады. Әдетте подкаст тақырыптары да, форматтары да алуан түрлі болып келеді.

Уақыты және эпизодтар саны бойынша рекордсмен деп танылған қазақ тіліндегі подкаст өнімінің авторы Талшын Тоқыжанова, 2020 жыл «отандық подкастингтің дамуына елеулі үлес қосты, бірақ біз әлі де подкаст саласының кіріспе фазасындамыз» деген пікірде. Ал Қазақстандағы подкаст нарығының даму барысына шағын зерттеу жүргізген сарапшы Марина Шарипованың айтуынша, биыл пандемия аясында отандық 16 подкаст өнімі іске қосылған. «Әдетте подкаст жобалардың аудиториясы жұрт жолға шыққанда, не спортпен шұғылдану барысында қалыптасып жатады. Әлемдік тенденция қалай өрбігенін білмедім, бірақ қазақстандық подкаст сегментінде биыл көптеген жаңа жобалар пайда болды», – дейді қазақстандық подкастер Бэлла Орынбет. Ал Марина Шарипованың пікірінше, отандық подкастингке деген сұраныстың артуына «подкаст тыңдау әдеті қалыптасқан шетелде оқитын студенттердің елге оралуы» және Spotify, Яндекс.Музыка сынды платформалардың осы салада қарқындап дамуы септік етсе керек.

Бүгінде елімізде қазақ және орыс тілдерінде шығатын 90 шақты подкаст бар және олардың қатары күн санап өсіп келеді. Соның ішінде 20%-ы таза қазақ тіліндегі өнімдер. Бірақ подкастың бірнеше эпизодын шығарып, үнсіз қалатын авторлар да жоқ емес. Бұл тұрғыда подкастер Эльдар Құдайбергенов: «Подкаст спринт емес, ол – марафон. Подкаст жасап бастаған соң, оны тастамауға тырысу керек», – деп ескертеді. Подкастинг сегментіндегі авторлардың бірқатары бүгінде қазақ тіліндегі өнімдердің дамуы қуантады деп отыр. Аудитория кеңейген сайын өнім сапасына да жаңа талаптар қойылып, бәсекелестік артуда. Қазақша подкаст тақырыптары да біртіндеп өзгере бастаған, мысалы, бұған дейін қалың көпшілік арасында аса талқыға шыға бермейтін жыныстық сауат, психологиялық талдау, сол сияқты заманға сай бала тәрбиесі, эко-өмір салты, шетелде білім алу сынды өзге де тақырыптар өміршеңдігін көрсете алған.

Монетизация мүмкіндігі: Асар

Бүгінде АҚШ-та ел халқының 50%-ы подкаст тыңдауды әдет еткен, ал TIBURON Research мәліметі бойынша, Ресейде интернеттің әрбір төртінші қолданушысы кем дегенде айына бір рет подкаст тыңдауға дағдыланып алған. Осы сынды зерттеулер подкаст нарығын монетизациялауға мүмкіндік жасайды. Сарапшы Марина Шарипованың зерттеуінше, қазақстандық подкастерлердің 92%-ы өзінің подкаст өнімін хобби ретінде қарастырады. Бүгінде подкаст саны артқанымен, нарықтағы жағдай айтарлықтай өзгерген жоқ, яғни бұл сегменттен қандай да бір табыс тауып жатқан подкастерлер Қазақстанда жоқтың қасы.

Әлемде подкаст өнімін монетизациялауда – patreon, яғни контент өндіруші авторға асар жасап, қаржылық тұрғыдан қолдау көрсету дегендей краудфандинг әдісінің өзіндік түрі кең тараған. Patreon қаражатын жоба авторы өз өнімінің техникалық жағдайын жақсартуға, дизайн мен музыканың сапасын арттыруға, SMM жүргізуге жұмсай алады. Қазақстанда patreon әдісі орыс тілді подкастерлер арасында жақсы дамыған. Қазақша подкастинг авторлары әдетте үкіметтік емес ұйымдардың гранттарына көбірек жүгінеді. Бірақ бұл арадағы басты тәуекел – грант мерзімі аяқталған соң, подкаст жұмысы да тоқтап қалуы әбден мүмкін. Содан да болар, отандық подкастерлердің бірқатары подкаст жасау бойынша ақылы курстар мен тренингтер өткізіп, өз тәжірибесінен қаражат табуға ден қойған. Кей подкастерлер серіктестік негіздегі подкаст жобаларды жүзеге асыруға мән беруде.

Подкастинг нарығына әлемдік деңгейде көз жүгіртсек, 2000-жылдардың басында АҚШ-та жекелеген авторлар хобби түрінде бастаған аудиоформаттағы жаңа өнім сегментіне алғашқы қаражат легі 2014 жылы бағыт алған, оның өзінде, журналистік зерттеу негізіндегі жобалардан бастап. Ал көрші Ресейде алғашқы подкаст 2004 жылы шыққанымен, монетизация өзектілігі тек 2017 жылдан мүмкін болған. «Подкаст – аудио форматындағы медианың бірі, сондықтан оны жылжыту үшін медиада қолданатын әдіс-тәсілдің бәрін де қолдануға болады», – дейді сарапшы Марина Шарипова.

Бүгінде Ресейде көптеген ірі БАҚ өз подкаст өнімдерін іске қосқан. Олардың ішінде, мысалға, Forbes, «Коммерсант», РБК, Meduza, «Афиша», т.б. бар. Бұл сегменттен ресейлік ірі компаниялар да қалыс қалып жатқан: бірқатар банктер мен бизнес компаниялар бүгінде өз подкаст өнімдерін шығаруды қолға алған. Қазақстанның медиа нарығы подкаст өндіруде әзірше салғырттық танытуда. «Күнделікті контентін еш бейімдемей подкаст деп аудио түрінде таратып жүрген медиалар баршылық. Былай қарасаң, оларда ресурс та жеткілікті, бірақ бұл өнімдер тыңдарман тартатындай тартымды деуге келмейді», – дейді подкастер Бэлла Орынбет.

Подкаст – жас та болса, өзіндік «дауысы» бар отандық жаңа медианың бір сегменті. Оған қызығып та, күмәнмен де қарауға болады. Ең бастысы, бүгінде бұл сегментті әрі қарай жандандырып, дамытуға ниет еткен подкастерлер қатары күн санап өсіп келеді. Өз кезегінде, подкастинг аудиториясы Қазақстан нарығын дүр сілкіндірер тақырып, тыңдарманды ойға салар подкаст күтуге әзірлік танытуда. Кім білсін, мұндай өнім нарық ішін шын мәнінде «сергітіп» жатса, асар жасауға ниет етер тыңдарман қатары да ұлғая түсер.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить