Forbes Kazakhstan акционерлерінің бірі жаңа радиостанцияны іске қосуда

LUX FM Қазақстанның бірнеше қалаларында хабар тарата бастады

Тимур Сатыбалдин
ФОТО: Андрей Лунин
Тимур Сатыбалдин

2019 жылдың 13 тамызынан бастап Қазақстанда LUX FM (RadioLux) аталатын жаңа радиостанциясының хабар таратуы басталды.  Оны Forbes Kazakhstan акционерлерінің бірі-кәсіпкер Тимур Сатыбалдин іске қосып отыр. Жаңа медиа жобаның  ерекшелігі неде,  интернет дәуірі қарыштап дамып жатқан кезеңде радио қызметі бүгінгі заманның ақпарат айдынында қалайша медиалық формат ретінде қалып отыр? Бұл туралы жоба жетекшісінің сұхбатында кеңінен айтылатын болады.

F: Тимур, жаңа жобаның іске қосылуымен құттықтаймыз. Жаңа радиостанция қай өңірлерде хабар тарататынын айтып өтіңізші.

- Рахмет! Иә,  LUX FM радиосының хабар таратуы алғаш 13 тамызда Алматы қаласынан басталды,  бірнеше күннен кейін біз Шымкент, Атырау және Қызылорда қалаларында ісе қостық. Сонымен қатар, жуық арада бізді Түркістан, Талдықорған және Өскемен қалаларының тұрғындары тыңдайтын болады.  

F: Сіздер неліктен бұл қалаларды таңдадыңыздар?

- Бастапқыда біз Қазақстанның барлық ірі қалаларына бағытталған болатынбыз. Өйткені, коммерциялық тұрғыдан алғанда техникалық жабыны жағынан барынша әрі толық қамтылған  радиостанция бизнес-модель ретінде тиімді. Қызық жағдай болды: - LUX FM сигналының таралу географиясы негізінен еліміздің оңтүстігін қамтиды. Себебі, біз эфирді бағдарламалау кезінде  аудиториямызды біртектес менталдық ортада сезіне аламыз. Сонымен қатар,  біздің еліміздің оңтүстігінде тұрғындардың тығыз қоныстанғаны белгілі,  сондықтан LUX FM техникалық тұрғыдан алғанда мемлекет халқының 47%-ын  қамтиды.

Сондай-ақ, жақын арада біз интернет сайт арқылы, IOS және Android ұялы қосымшалар бойынша онлайн хабар таратуды іске қосамыз. Сонымен қатар, стримингтік онлайн-хабар тарату жолға қойылады. Әрине, қазіргі радиостанцияда болуы тиіс коммуникациялардың барлық арналары мен әлеуметтік желілер жақын арада іске қосылады.

F: Тимур, неге LUX FM?

- Қазақстанда радиостанция ашу туралы ниетімізден бұрын, түрлі форматтарды қарастырдық, сонымен қатар көп ойланумен болдық:  бастапқы өнімді іске қосқан дұрыс па, жоқ әлде  франшиза бойынша жұмыс істейміз бе деген мәселені айқындап алдық. Екі нұсқа да Қазақстанның радио нарығында белсенді қолданылады. Ұзақ талдау жасадық, бірқатар мамандармен кеңескеннен кейін біз өзімізге франшиза жолы дұрыс деген түйін жасадық, өйткені ең алдымен бұл бізге дайын және бұрын аудиторияда қолданылған  шешімдерді береді.

Біраз уақыт бойы ресейлік нарықты зерттедік, бірнеше ірі медиатоптармен келіссөздер жүргіздік. Бірақ, нәтижесінде біз бір нәрсені түсіндік. Рейтингі   ең жоғары ресейлік радиостанциялар Қазақстанда біраздан бері жұмыс істеп келеді,  ал қалғандары біздің көңілімізден шықпады, өйткені біздің бағытымыз -нарық көшбасшыларымен ынтымақтастықта болу еді.

Сол кезде біз басқа елдердің тәжірибесіне таразылап, таңдауымызды Украинаға жасау туралы  шешім қабылдадық. Себебі, бұл елде медианарық өте серпінді дамуда,  ал оның жанында украиндықтар тәжірибе жинақтап жүрген бірқатар Еуропа елдері тиіп тұр. Жалпы,  Киевте 30-дан астам радиостанция бар. Сондықтан  біздің таңдау құрамына LUX FM кіретін LUX ТРК медиахолдингіне түсті. Бұл радио  ұзақ уақыттан бері Украинадағы  ең үздік радиостанцияларының  топ-2 (GfK Ukraine мәліметтері бойынша) қатарында кіреді. 

LUX ТРК медиахолдингіндегі  әріптестеріміз бізге франшиза бойынша дайын шешімді ұсынды, ол бізге қысқа мерзімде іске қосылуға мүмкіндік берді. Жалпы, біз келіссөздерді  2019 жылдың мамыр айының ортасында жүргізе бастадық, ал техникалық тұрғыдан Қазақстанда тамыз айында іске қосылып үлгердік. Бұл негізінен ұлттық нарықтың барлық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жергілікті бірегей өнім құруға мүмкіндік беретін стандартты емес франшизаның нұсқасы болып табылатынын айрықша атап өткім келеді.

ФОТО: Андрей Лунин

F: LUX FM іске қосу арқылы қазақстандық нарыққа не бере аласыздар?

- Біз нарықта жастар аудиториясына бағытталған позитивті радиостанцияны таратқымыз келеді. Қазір Қазақстанда қызықты үрдіс қалыптасты: көшбасшылар рейтингісінде 40+жастағы тыңдаушыларға танымал радиостанциялар орналасқан.

Менің ойымша, Қазақстанда әзірге  музыка мен қалжыңның сәтті комбинациясы бар,  әзілге басымдық беретін  радиостанция жоқ. Ал   LUX FM  украиналық радионың дәл осы форматы болып табылады. Біз радиолық нарыққа дәл осындай формат арқылы  ерекше ырғақ, шаттық сыйлау керек деп санадық.

Ең бастысы: LUX FM-бұл өз тыңдаушыларына ерекше  көңіл-күй сыйлайтын радиостанция. Бізде саясатқа, қылмысқа қатысты  және өзге де жағымсыз жәйттармен байланысты жаңалықтар болмайды. Біздің эфирде тек жақсы жаңалықтар ғана беріледі. 

Қазақстандағы LUX FM радиосын қолдау және дамыту үшін біз украиналық  серіктестерімізбен бірге LuxFmPartyTour өткізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша  бізге Украина сахналарының жұлдыздары келіп, қазақстандық музыканттармен бірге бірқатар концерттер беретін болады.   Айтпақшы, біздің аудиториямыз эфирге қойылған украиндық әндерге  оң бағаларын беріп үлгерді, олардың көпшілігі Қазақстанда алғаш ұсынылуда, эксклюзивті деп айтуға болады.

F: Қазіргі жастар радио тыңдайды ма?

- Былай айтайын: 15-20 жас аралығындағы  жастар радио тыңдамайды. Ал одан жоғары жастар аудиториясы музыкалық хит форматын жақсы көреді, бұл 25-42 жастағы адамдар. Дәл осы буын  белсенді болып табылады, саяхаттайды, тапқан ақшаларын саудаға жұмсайды, отбасын құрады, несие алады және жалпы әлеуметтік тұрғыда белсенді. Бизнестің логикасы тұрғысынан дәл осы аудиторияға басымдық жасау керек.

Жалпы,  бүкіл әлемде радио бұқаралық ақпарат құралынан қарағанда ойын-сауық индустриясына айналды деген қорытынды жасалды, себебі станцияларға жаңалықтар порталдарымен бәсекелесу өте қиын болды. Қазіргі заманғы радиолардың міндеті қарапайым-жақсы көңіл-күй сыйлау және адамдарды топтарға біріктіру.  Иә, осыдан он жыл бұрын Батыста және бүкіл әлемде радионың дәуірі бітті деп санаған еді. Алайда, қазір сол АҚШ-та  радионың танымалдығы күн өткен сайын артып келеді.  Қазіргі трендке сай, адамдар музыканы өз гаджетіне жүктеп, оны өздері тыңдай береді. Бірақ, бұл  қарым-қатынасқа негізделген өмірлік маңызы бар ішкі қажеттіліктерді толық қанағаттандырмайды. Ал  шоу болған кезде сіз  радиоға қоңырау шала аласыз, онда сіз әлеуметпен байланыс жасағаныңызды сезіне аласыз. Бұл тұрғыда радио әлі де тартымды бола алады.

F: Сіздерде негізінен қандай контент болады?

- Иә, негізінен музыка, креативті ойын-сауық бағдарламалар, жағымды жаңалықтар, ұтыс ойындары, эпатаждық акциялар мен науқандар болады. Қыркүйек айында  біз хайпқа толы акциялар өткіземіз, біздің аудитория  оны бағалайды деп ойлаймын.

Біз кадрларға баса назар аудардық. Ең үздік қызметкерлерді, сонымен бірге біздің аудиториямызды жақсы сезінетін жас қызметкерлерді таңдап алуға тырыстық. Біздің мақсатты аудиториямызды жақсы білетін, олардың не қалайтынын жақсы түсінетін команда іріктелді. Бұл тұрғыда біз украиндық әріптестерімізбен бірге жүреміз. Себебі, олар бір орында тұрмайды, үнемі бірдеңемен таңқалдырады және нарықты дамытуда.

F: Украиналық  мамандар кеңес беру үшін Қазақстанға келіп тұра ма?

- Иә, біздің әріптестеріміздің  іскерлік тәсілі ерекше: олар кешенді қызмет   ұсынады.      Бізге  украиндық кеңесшілер – бағдарламалық директор, креативті продюсерлер үнемі келіп тұрады.  Сондай-ақ,  қашықтықтан  жұмыс жүргізілуде. Олар Украинада өз жемісін беріп үлгерген өздерінің маркетингтік жұмыстарын ұсынды. Айтпақшы, біздің радиостанциямыз  олардың алғашқы франшизалық  жобасы болып табылады.

F: Сіздердің нарықтағы инвестициялық және өтемділік  бойынша үлестеріңіз қандай болмақ? Не күтесіздер?

- Біз сөз жоқ, нарықтағы үлесімізді қамту үшін күресетін боламыз. Біз украиндық серіктестермен бірге өзіміздің алдымызға міндет қойып отырмыз. Кем дегенде бірінші жылдың жұмыс нәтижесі бойынша аудитория үлесі жағынан нарық көшбасшыларының бестігіне кіруді көздейміз. Біздің бағалауымызша, Қазақстанда алғашқы бестіктің құрамындағы радиостанциялар коммерциялық тұрғыдан табысты. Ал, инвестицияға келетін болсақ, біздің болжамды есептеуіміз бойынша, Қазақстанның 7 қаласында желіні дамыту және жылжыту шығындары шамамен $ 1,5-2 млнды құрайды, бұл техника мен маркетинг шығындарының ең жоғары баптарын ескере отырып жасалған қорытынды. Біздің бағалауымызша, радиостанция ұзақ дағдарыстан кейін жарнама нарығында байқалған  жандануды есепке алғанда алдағы 2,5-3 жыл ішінде өзін-өзі өтеуі тиіс.

Біз үшін бұл – тек коммерциялық жоба болып табылады. Қазақстандағы радиостанциялар саны әлі шыңына жеткен жоқ және нарық жаңа жобаларға дайын. Онымен біз де,  біздің украиндық серіктестеріміз де келісіп отыр. Сондықтан, біз  өз тыңдаушыларымызды табатынымызға сенімдіміз.

LUX FM Алматыда 87,7 FM, Шымкентте - 103,1 FM, Атырау - 104,8 FM, Қызылордада - 106,4 FM, Түркістанда - 106,1 FM, Талдықорған - 102,4 FM, Өскеменде-107,4 FM жиілігінде хабар таратады.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
7407 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторах:
Загрузка...
15 октября родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить