Абылай Жакашов америкалық киноиндустрияны қалай бағындырды

8786

Қазақстандық режиссер қалайша Los Angeles Festival of Cinema жүлдегері атанды

Бұл туралы Абылай Жакашов Forbes. кz тілшісіне берген сұхбатында айтады.

F: Абылай, мектепті бітірген соң Алматы энергетика және байланыс университетіне түскен екенсің. Бірақ, таңдау неліктен режиссураға жасалды, мамандықты ауыстырудың себебі неде?

-Актер болу. Бұл менің мектеп жасындағы алғашқы арманым болатын. Мақсатыма жету үшін үнемі «Қазақфильм» студиясындағы кастингтерге қатысып, тіпті кейін бір киноға түсуге шақырту алған болатынмын. Бірақ, бұл кезде бойымда ұялшақтық қасиет басым болғандықтан, түсіру алаңына бару туралы шешімді қабылдай алмадым. Кейінірек режиссер болуды ойладым, бірақ оған уақыт жетпейтін. Мен мектепте қиялшыл бала болдым, химия, физика және математика сабақтарында отырып, түрлі әңгімелерді ойдан шығарып айтып беретінмін. Бұл режиссура үшін маңызды бір ғана қасиет болатын. Неге режиссура? Мен бойымдағы шығармашылық қабілетімді, өз көзқарасымды күллі әлеммен бөліскім келді. Адамдарға күнделікті күйбің өмірде көре бермейтін өзге әлемді сыйлау болатын. Иә, мен Алматы энергетика және байланыс университетіне түстім, себебі онда менің ата-анам оқыған. Сонымен қатар, мен физика-математикаға басымдық беретін мектепті бітіргендіктен, актер болу оңай болмас еді, оның үстіне ата-анам техника саласының мамандары. Мен оқуға түсерде киноға баратынымды білдім, бірақ ата-анама қарсы шыққым келмеді, сондықтан энергетикаға баруды шештім. Бірақ, грантқа түскен кезде осы оқуды армандаған немесе оқу ақысын төлей алмағандықтан осы жүйе бойынша білім алғысы келетін өзге біреудің орнын тартып алғанымды түсіндім. Осыдан кейін жедел әрекет етіп, құжатымды қайта алып, АҚШ-қа қарай асықтым.

F: Америкаға қашан және қалай кеттің? Шетелдегі өмір неден басталды? Сені онда қалай қарсы алды? Қайда тұрдың және жұмыс істедің?

- Мен мектеп бітіргеннен кейін арманыма жету үшін Америкаға барамын деп шештім. Бұл маңызды қадамды жасау кезінде маған қолдау білдірген жақындарыма рахмет. Мен айтқанымнан қайтпайтын адаммын, сондықтан ата-анам да басқа амал болмаған сияқты. Мен небары 17 жаста едім. Бұл кезде беймәлім елде не күтіп тұрғанын елестете алмадым, бірақ бұлыңғыр болып көрінген бұл жағдай мені тек алға жылжытты. Бір сөзбен айтқанда отбасым үшін Американы ашқан Колумб сияқты болдым деп айтуға болады. Алайда, алғаш ұшып келгенде АҚШ мені керемет күтіп алған жоқ, бұл жерге келгенде көңілім түсіп, көзқарасым өзгерді, жағымсыз әсер алдым және бәрі ойлағандай болмады. Мен «Америка-мүмкіндіктер елі» дегенді көп естідім, бірақ шынында олай емес, бәрі тек адамға байланысты екен. Онда барысымен ең алдымен қаржылық қиындықтарға тап болдым. Қалтамдағы бар ашқамды оқуға төлеп, алғашында даяшы болып жұмысқа тұрдым. Осылайша мен үшін ересек өмір тез басталды, себебі көмек беретін ешкім болған жоқ, өз өміріңе өзің жауапты боласың. Тұрғын үй мен тамақ үшін өзің төлейсің, болашағыңа әсер ететін маңызды шешімдерді де өзің қабылдайсың. Тіпті бір кездері қаржыны дұрыс жұмсай алмаудың салдарынан екі аптадай баспанасыз қалған кездерім болды. Бұл Америкада әлі түк көрмеген және үйді аңсап жүрген күндерім болатын. Ал, ата-анам маған: «Бағынды сынап көр, үйге кез келген уақытта оралып үлгересің», деп айтты. Америка осылайша қатал қарсы алды, бірақ бұның бәрі кейін өзінің тиімділігін көрсетті, себебі, мен бірқатар сынақтан өттім, шыңдалдым. Мен бір сәтте есейіп, өз бетімше үлкендер сияқты шешім қабылдауды үйрендім.

F: Бәрі неден басталды? Оқуға қалай түстің? Қай қалада және қандай мамандық бойынша оқыдың? Қандай негізде? Оқу ақысы қанша тұрады?

- Барлығы Пасаден қаласының колледжіне түсуден басталды. Мен білетін ағылшын тілі мектеп деңгейінде болды және маған тілдесу қиынға соқты. Бірақ, онда түрлі ұлт өкілдері көп болғандықтан ондай жағдайды басынан кешкен жалғыз мен ғана болған жоқпын. Маған онда түсу қиын болған жоқ, себебі ағылшын тілінен және математикадан небары екі базалық тест тапсыру қажет болды. Пасадендегі бір семестрді оқып болған соң, Санта Моника қаласындағы колледжге ауысуды шештім, себебі мұнда кино саласы бойынша жақсы білім алуға болатынын білдім. Ал ондағы оқу ақысы халықаралық студенттер үшін жылына $10,000 ал жергілікті азаматтар үшін $2000 болды. Мен оқу кезінде өз мамандығымды бірнеше рет ауыстырдым. Тіпті, кейде бейне ойын бағдарламаларының әзірлеушісіне оқыдым, мультипликатор болу үшін анимация кластарына қатыстым. Мен нақты немен айналысқым келетінін білмедім. Бір күні EA Games-те өз ініммен бірге әзірлеген бейне ойынның тұсаукесер рәсімін өткіздік. Таныстыру кезінде жақсы адамдармен танысып, олар 4 жылдан кейін өз көмектерін ұсынып, «Battlefield 1» аталатын бейне ойындарынан саундтрекке лицензия берді.

F: Абылай, сен оқудан басқа логистикамен қатар айналысып, тіпті мотоциклдерді құрастырумен айналысқан екенсің. Бұл қалай мүмкін болды? Оны ашуға бастапқы қаражатың болды ма?

- Бәсекесі күшті индустрия орталығында отырып, бір сәтте режиссер немесе актер атану оңай шаруа емес. Бұл былайша айтқанда «Кезектің соңына бар» деген жанрдың бірі бойынша өмір сүру сияқты және кезегің келгеннің өзінде сенің қалауың орындалатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал ондайда амалдап өмір сүру керек, оның үстіне жағдайды тіл білімі күрделендіріп жіберді. Мен Америкада көп оқып, көп уақыт тұрған сайын, жақсы өмір сүру үшін соғұрлым жақсы табыс табу керек екенін түсіндім. Менің түрлі салаларда істейтін көптеген таныстарым бар және логистика ең қарапайым және табысты істердің бірі болды. Өкінішке орай, бұл кезде мен режиссураны ұмытып, ақшадан басқа ештеңені ойламайтын адамға айналдым. Бірақ, мен бұл жұмыспен шамамен бір жылдай ғана айналыстым және бұл іс мені дамытпайтынын және бір орында тұрып қалғанымды түсіндім. Мен 22 жасымда өзіме ұнаймайтын іспен айналысып жүргенімді сезіндім. Қолымдағы белгілі бір капиталмен өмірімді басқа нәрсемен қамту үшін ізденуді жалғастыра бердім. Ал оқу болса біртіндеп екінші орынға ауысып, бұл жолы мен гаражда түнейтін механикке айналдым. Мені мотоциклдер қатты қызықтырып, кейін адамдарға қарағанда олармен көп уақыт өткізетін болдым. Маған бала кезімнен ойыншықтарды бөлшектеп, қайта құрастырған ұнайтын. Ер азаматтар үшін балалық шақтың ең қиын кезеңі алғашқы 40 жылдығында болады деп бекер айтпаса керек. Сондықтан, мен бір жарым жыл өмірімді мотоцикл мен серфингпен өткіздім. Менде мотоциклдар өте көп болды, мен оларды сатып алып, бөлшектеп, модификацияладым және сатумен айналыстым. Ал осындай қарқынмен араға жарты жыл салып мотоциклшылар арасында танымал механик атандым. Осылайша мотоциклдердің бірін көпке танымал актер Омар Сиға жинап берген кезім болды.

F: Енді шығармашылық туралы айтсақ. Режиссерлік жұмыс қалай басталды? Арманың қалай орындалды? Қандай жобалармен және кімдермен жұмыс істей бастадың?

- Мен киноиндустрияның ортасына келгеннің өзінде шығармашылықтан біраз алыс болдым. Мен алдымен дронның пилоты болдым. Бұл шығармашылық емес, техникалық жұмыс. Неге дрон? Сол кездері дрондар жаңадан пайдаланыла бастады және оның көмегімен әр түрлі жобаларда жұмыс істеу мүмкіндігін арттыра аламын деп шештім. Бәрі де бюджеті төмен немесе қаржысы жоқтың қасы болған тегін жобалардан басталды. Мен үшін дрон операторы ретінде «Ханна» деген лақап атымен белгілі әншіге арналған Блэкстар жобасы соңғы болды. Мен «Пули» және «Те Амо» клиптеріне қатыстым. Осы кезде мен продюсерлермен танысып, өзім де продюсер болуды қолға алдым. Бұл өте маңызды жұмыс, бірақ, дегенімен шығармашылықпен байланысты емес. Продюсер-бұл ұйымдастыру және бюрократия. Күні бойы қаптаған қағаздармен, келісім-шарттармен айналысу керек. Ал бір жылдан кейін мен өзімді режиссер ретінде сынап көрдім. Мен басында қатты қорықтым, уайымдадым, себебі режиссерға үлкен жауапкершілік жүктеледі және фильмнің сапасы тек соған байланысты. Қалай болғанда мен режиссер болуды армандадым және сол көптен күткен сәт ақыры туды. Осылайша менің режиссерлік жолым M. I. А фильмінен басталды және ол жайында төменде толығырақ айтамын.

F: 2017 жылы Broken Cage Studio компаниясының негізін қалаған екенсің. Бірінші жоба қалай аталды және онда қандай актерлер түсті?

-Иә, 2017 жылы менің басымнан өткен оқиға өмірімді түбегейлі өзгертіп жіберді. Сол жылдың сәуір айында мен мотоциклмен ауыр апатқа ұшырап, салдарынан көптеген ашық сынықтар мен басқа да жарақаттар алдым. Осыдан кейін мен уақытымды босқа кетірмей, өз компаниямды ашу үшін барымды салып, арманымды жүзеге асыруды шештім. Мен төсек орынға таңылып жатқан кезде онлайн оқып, үй жағдайында оқуға көштім десем болады. Осылайша көптеген кітаптар мен оқулықтарды сатып алып, киноиндустрияның теориясын зерттеуге кірістім. Ал 2017 жылдың тамыз айында мен америкалық серіктесіммен бірге Бурбанк қаласының орталығынан студия аштым. Бұл қала киноиндустрияның жүрегі болып табылады және біз Warner Bros, Walt Disney, Cartoon Network, Nickelodeon, Blizzard және Universal студиясына 5 минуттық жақын жерде орналастық. Кеңсеміздің орналасқан жері бізді ерекше ынталандырады, өйткені мен терезеден әлемдегі ең ірі кинокомпаниялардың кеңселерін көремін. Менің теориялық білімімді бастан-аяқ тексерудің бір ғана жолы болды. Бұл үшін мен өз фильмімді түсіруді шештім. Сол жылдың қазан айында бізге қызықты сценарий ұсынылды, біз үшін бұл өте қызық болды және көп ұзамай оған деген дайындықты бастап кеттік. Ал біз жариялаған кастингке Бэйли Коппола келді. Алғашында оның тегі маған өте таныс болып көрінді, ал алғаш көрген кезде оның әйгілі Френсис Копполамен және актер Николас Кейдж арасында байланыс бар екеніне күмән келтірмедім. Сәл кейінірек оның Николас Кейджтың жиені екенін білдім. Ал Бэйли біздің фильмде ойнады, ал туынды «Alone» деп аталады және қазір Electric Entertainment компаниясының әлемдік прокатында.

F: Компания құрылғаннан кейін режиссер және продюсер ретінде қанша лента түсірдің және қандай жанрда? Оларды қайдан көруге болады?

-Қазіргі уақытта біздің компанияның есебінде 2 толықметражды фильм бар. Бірі қорқынышты фильм болса, екіншісі драма жанрында. Мен екі фильмде продюсер болдым. Бізде екінші фильм әлдеқайда көлемді болды. Оның бюджеті $ 1,5 миллионды құрады. Фильм Америкадағы иммигранттар туралы болды, біз оны Тбилисиде және Нью-Йоркте түсірдік. Мен осы картинада Қазақстаннан келген бір кейіпкердің болғанын және ондағы рөлді біздің актер Төлепберген Байсақаловтың ойнағанын талап еттім. Ал Төлепберген болса фильмнің режиссерлері мен продюсерлерін бірден бауарап алды. Ол өте керемет ойнап шықты және мен онымен мақтанамын. Бұл картинаның режиссері Леван Когуашвили, ал операторы Федон Папамайкл болды (В Погоне за Счастьем, Небраска, Форд против Феррари). Біз тіпті жақында экранға шығатын «Форд феррариге қарсы» фильмінің түсіріліміне қатыса алдық. Онда көпке танымал Мэтт Дэймон мен Кристиан деген актерлер ойнады. Мен үшін бұл фильмде жұмыс істеу үлкен абырой болды. Бұл фильмдерді жақын арада көруге болады, олар жуырда кинотеатрлардың экранына жол тартады. Сонымен қатар, біз толықметражды фильмдерден басқа, бірнеше қысқа метражды фильмдер мен клиптерді түсірдік. Олардың арасында қазақстандық «Бастау» тобының клипі болды және мен олардың домбырада керемет ойынағандарына таңқалдым және Америкадағы ұлттық аспаптың үнін есту мен үшін бақыт. Сонымен бірге, біз ресейлік әнші Кирилл Мойтонға арналған «На пополам» және «По Радио» деген клиптер түсірдік.

F: Сенің соғыста хабарсыз кеткен американдық сарбаздар туралы M.I. А аталатын қысқаметражды фильмің Los Angeles Festival of Cinema-ның триумфаторы атанғанын білеміз. Бұл қандай номинация және байқауға қалай тап болдың? Фильм туралы айтып берсең.

 

- Фильмнің шағын тарихын айта кетейін. Мен АҚШ Қорғаныс министрімен кездейсоқ таныстым және өзара кездесуде біз әлемдегі қуатты державалардың бірінің әскери күштері үшін жауапты болу қандай екен деген мәселені талқыладық. Оның айтуынша американдықтар әскерде қызмет еткен және қызмет етіп жүрген қарапайым жігіттерге алғыс айтуы керек. Ал мен әңгіме барысында өз мемлекеті үшін жанын берген және және хабар-ошарсыз кеткендерді еске түсіріп, із-түзсіз жоғалған сарбаздар туралы фильм түсіруді ұсындым. Министр менімен толық келісті және бұндай фильмнің қажет екендігін айтты. Мен оның сөзінен кейін шабыттана отырып, қысқаметражды фильмнің идеясын ұсындым. Біз сценарий жазып, оны пысықтадық және толықтырдық. Осыдан кейін біз жазылған сценарийді Пентагонға жібердік және олардың мақұлдауын күттік. Бір айдан кейін маған Қорғаныс Департаментінен жобаның мақұлданғаны туралы хат келді және біз фильмнің өндірісіне кірісіп кеттік. Картинаның бюджеті анау айтқандай көп болған жоқ, бірақ бізге АҚШ әскері өз ресурстарын пайдалануға мүмкіндік берді. Ал музыкалық сүйемелдеуді бейне ойындарды өндіру бойынша жетекші компаниялардың бірі саналатын EA Games компаниясы берді. Мен үшін бұл дебютты жоба болуы тиіс деген шешім қабылдадым. Ал фильмдегі іс-әрекет орны- Ирак, 2003 жыл. Бұл ондағы операциялардың бірінде із-түзсіз жоғалып кеткен ағайынды екі жігіт туралы оқиға. Біз хабарсыз кеткен сарбаздардың туыстарынан сұхбат алдық және ресми расталған деректер бойынша олардың тарихын жазып шықтық, өйткені шынайы оқиға желісін олардан басқа ешкім айтып бере алмас еді. Фильмнің негізгі айтпағы: «Біз ешқашан ести алмайтын тарих» деп аталады. Біз фильмді аяқтаған соң оны бірнеше фестивальдерге жолдадық. Нәтижесінде мен Los Angeles Festival of Cinema байқауында «Үздік режиссер» марапатын жеңіп алдым. Артынша біз Sacramento International Film Festival фестиваліне іліктік, онда біз «Үздік фильм» марапатына лайық болдық. Шараға Сакраменто қаласының мэрі жеке өз келді және көптеген ардагерлер қатысты. Соғыс көрген ардагерлердің біздің фильмге жақсы пікір білдіргені біз үшін мәртебе болды. Ал фильмнің соңында барлық ардагерлер тік тұрып, картинаға ерекше құрмет көрсеткенде ерекше тебірендік. Мен осылайша Ирак соғысындағы атмосфераны жеткізе алғаныма өте қуанышта болдым.

F: Болашақта қандай фильмдерді түсіруді жоспарлап отырсың? Қазақстанда түсіру ойда бар ма, болса қашан және кіммен?

-Қазіргі уақытта біз бірнеше фильмдер мен телехикаяларды қарастырудамыз. Біз әлемнің әр түкпірінен инвесторлар тобын жинаумен және «Нетфликс» стримингтік платформасымен келіссөздер жүргізумен айналысудамыз. Бұл жобаларға Қазақстан инвесторларының қатысы болғанын қалаймыз және бұл арқылы Қазақстанның мәдениетін әлеммен бөлісуге мүмкіндік туар еді. Қазақстанда бірнеше толықметражды фильмдер мен сериалдар кіретін жобаларды түсіруге дайындық жүруде. Біз қазір үлкен голливудтық фильм үшін белсенді түрде және барымызы салып жатырмыз. Ал оның атауын әзірге жария ете алмаймыз. Біздің компания Қазақстанға осындай дәрежедегі фильмдерді тарту үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда, өйткені біз Қазақстанды Голливуд танитындай көп нәрседен өттік.

F: Сенің пікіріңше, қазақ киносы қалай дамып келеді?

- Қазақ кинематографы қарқынды даму үстінде. Мен біздің режиссерларымыздың жұмыстарын мақтан тұтамын. Біздің халық мәдениетімізді байытатын тарихи фильмдерді ерекше жақсы көреді. Біздің мемлекетің кинематографияның дамуын қолдайды және шығармашылық адамдар үшін барынша жағдай жасауда. Бұл әрине қуантады және біз оны сезінудеміз, себебі кино халықпен қарым-қатынас жасаудың бірден бір тәсілі.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить