Әуе такси: Астана аспанынан бастап халықаралық тасымалға дейінгі қызмет

11643

40 мың теңгеден бастау алған бизнес қалай қалыптасты

Әуе таксидің жолаушылары кімдер, бизнес қалай жолға қойылды, тасымал құны қанша, бұл қызметті пайдаланатындар кімдер, әуе және халықаралық жеке тасымалдар қолжетімді болуы мүмкін бе, Астана көгінде, қала және әлемдік тасымалды ұйымдастырған Астаналық кәсіпкер туралы не білеміз. Forbes.kz Astana Business Aviation компаниясының директоры Қайсар Шыныбаевпен тілдесті.

F: Сіз қазір Astana Business Aviation және «Әуе такси» аталатын қос компанияға жетекшілік етесіз? Бизнес қалай басталды?

Қайсар Шыныбаев
Қайсар Шыныбаев

- Жалпы, бұл кәсіпті 2014 жылы бастадық, Astana Business Aviation деген компанияны құрып, түрлі ұшақтармен тапсырыс бойынша Қазақстан және сырт елдерге тасымалдау бастадық. Содан әрі клиенттерден тікұшаққа ұсыныс түсе бастады. Артынан ой келді, неге осындай қызмет жасамасқа деген. Содан «Әуе такси» деп аштық, компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуге, келісім шарттарға отырдық, сұраныс көп бола бастады. Бірақ нарық кішкентай болды. Пайдаланатындар тым көп емес, санаулы болды. Кіріс кейде жоғарылады, кейде болмай қалатын кездер де болды.

F: Мамандығыңыз авиамен байланысты ма, әлде басқа сала ма?

- Менің негізгі мамандығым инженер, Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірдім. Сан түрлі салада еңбек еттім, кейін кәсіпкер ретінде көп салада бизнес жасап көрдім, соның біреуі ауруханаларды медициналық жабдықтармен қамтамасыз ететін өз кәсібім болды,бірақ бұның бәрі уақыт өте жалғасын таппады. Содан, ойлана келе осы істі қолға алдым.

F: Алғаш 40 мың теңгеден бастаған екенсіз. Бұл қаржы неге жұмсалды?

- Иә, небары 40 мың теңгемен бастадым. Бұл ақша сайт ашуға кетті, интернеттен украиналық жігітті тауып, алғаш жарнама бердім,әлеуметтік желіге шығардым. Содан ақырындап журналистерге, клиенттерге таныла бастадық. Қиын сәтте бастадым, мойнымда несие болған, тәуекелге бел будым, тек отбасым қолдады. Бастысы бәрін плюске шығардым. Қазір табыс бар.

F: Сіздерде ұшақ паркі бар ма, әлде жалға аласыздар ма? Әуе таксидің бағасы қандай?

- Маркетинг деген бар. Біздің жұмысымыз негізі ұйымдастыру. Ең алдымен қаланың сыртында, әуеде қыдыру бойынша бастадық,кейін Астананың үстінен ұшуға сұраныс бола бастады. Бірақ, бұл бірден мүмкін болмады. Себебі,арнайы рұқсат керек екен. Біз жаңадан бастағандықтан білмедік. 2017 жылы соны қолға алып, ұшуға болатын қажетті технкаларды таптық. Төтенше жағдайларға қарасты ұшақтар бар екен, олар тек мемлекеттік емес, коммерциялық тапсырыстарды да жүзеге асыратын болып шықты. Содан, біраз уақыт жүріп арнайы органдардың рұқсатын алып, қаланың үстімен ұша бастадық. Бір жылға жуық уақытта 160 адамға қызмет көрсеттік. «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде көп тасымалдадық. Бағасын қолжетімді етуге тырыстық. Басында 37 мың теңге болды, адам басына, яғни қала үстімен 20 минут ұшу. Қазір 55 мың теңге. Жалпы «Әуе такси» қызметі 2014 жылдан бері істеп келе жатыр, ал қаланың үстімен ұшу қызметі 2017 жылдың жазынан басталды.

F: Демек табыс тек сіздерге емес, екіге бөлінеді ғой...

- Бұл жерде бірнеше бағыт бойынша. Біз қатынас және келісім шарт негізінде жұмыс істейміз. Қазақстанда бар авиакомпаниялармен эксклюзивті шарттар жасалады. Біздің күшіміз маркетинг және сатылымда. Бұл ең алдымен олар үшін жақсы, шығындалмайды, ол жағын біз өзімізге аламыз. Екіншіден әуе кемесі бар жеке тұлғалар бар, оны иелену шығын, сондықтан оны қамтамасыз етуді бізге береді, біз клиенттер табу арқылы дамытамыз, пайда табамыз. Яғни, меншікте тік ұшақ жоқ, тек эксклюзивті келісім негізінде.

F: Тікұшақ маркалары қандай, қай елдердің техникасы? Бұл қызметті негізінен кімдер пайдаланады?

 

- Қазақстанда шығарылатын Eurocopter -145, Американдық Robinson, Bell, Итальяндық Agusta, Eurocopter, МИ бар, солармен тасымалдаймыз. Астана үстімен ұшуға тек Қазақстанда шығарылған тікұшақтар жарайды. Көбіне қаладан қалаға, Бурабайға барамыз, делегациялар келеді, кен орындарына баратын кәсіпкерлер бар, аңға шығатындар бар, тіпті ауылға барып қайтатындар да кездеседі. Қазір бағаны көтеріп отырмыз, себебі техниканы қалпында ұстау үшін шығын көп, ал саймандар құны долларға тікелей байланысты, бізге жеткенше қымбаттап кетеді, қызмет көрсету жоғары.

F: Табыс көлемі қандай, бұл бизнес қаншалықты кірісті?

- Біздің негізгі табысымыз авиа компаниядан түседі, себебі онда Қазақстан және шет елдерге,оның ішінде Афирка, Токио, Нью-Йоркқа дейін ұйымдастыра аламыз. Бұл негізінен уақытты үнемдейтін бизнесмендерге арналған.

F: Ал бұл тасымалдың құны қанша?

- Әртүрлі болып келеді. Әрине, құны әуе таксиден әлдеқайда жоғары, себебі бұл халықаралық тасымал. Бұл елдің қашықтығына, ұшақтардың класына, деңгейіне байланысты болады. Негізінде халықаралық тасымалдар болады, әртүрлі ұшақтар бар, соңғы модельдер. Қатынайтын адамдар әр түрлі, делегация, бизнес өкілдері, шетел жұлдыздары, инвесторлар бар Қазақстанда істейтін.

F: Әрине, әуе таксиге мініп, қаланы үстінен тамашалау көпшілік үшін қызық. Ал бұл қызмет болашақта баршаға қолжетімді болуы мүмкін бе?

- Жуырда Дубайда болдым, олардың бағасы бізден әлдеқайда жоғары, әрине онда өмір сүру деңгейі басқа, бірақ тік ұшақ түрлері тура біздегі сияқты. Жалпы алғанда бізден $600 қымбат келеді. Бізде әлдеқайда төмен, көбі түсіне бермейді, қымбат деп ойлайды. Сондықтан біз баршаға жарнамаламай өз тұтынушыларымыз бар, солармен жұмыс жүргізе береміз. Бізде негізінен тек серуен ғана емес, мерекелік шараларда немесе өзінің сүйктісіне аспанда ұсыныс жасау сынды тапсырыстар көбейіп келеді.

F: Әуе такси қай елдерде дамыған? Шет ел тәжірибесін зерттедіңіз бе?

- Әуе такси барлық үлкен мегаполистерде, үлкен қалалардың барлығында дерлік бар. Дубай, Лононда, Мәскеу, Қытайда, Токида жақсы дамыған,яғни дамыған елдерде. Біз ашпай тұрып, әлемдік тәжірибені қарадық. Ресейге барып сұрадым,сөйлестім. Қазір әуе таксиді Алматыда дамытуды жоспарлап отырмыз, қаншалықты қолдау табарын білмейміз, таныстыру рәсімі дайын тұр, егер ол ашылса тағы бір сатыға көтерілеміз. Бұл ең алдымен Алматы туризміне әсер етеді деп ойлаймын. Бастысы қызмет көрсету сапасы жоғары болуы тиіс.

F: Нарықта бәсекелес бар ма?

- Әуе такси бойынша бізде бәсекелес жоқ. Біз қала үстімен ұшатын жалғыз компаниямыз. Ал халықаралық тасымалда көп, бұл негізінен Мәскеу, Лондон, Дубай, Рига компанияларының Қазақстандағы өкілдіктері. Әрине, кез келген салада бәсеке бар. Бастысы оған сай болу керек, дайын болу қажет.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить