Уақыт- ақша: Қазақстанда сағат бизнесін жолға қойған жас миллионер тағы қандай жобаларды қолға алды

12457

Арман Тосканбаев неліктен жасыл технологиялар мен криптовалютаға бет бұрды

Forbes.kz тілшісі бәрін жоқтан бастаған қарағандылық кәсіпкердің жетістіктері мен жаңа жобалары жайында сұхбат алды.

F: Арман, OTAN сағат бренді қалай қалыптасты? Бәрін жоқтан бастау қиын болған жоқ па?

- Мен бұл бизнестің идеясын алғаш достарыма айтқан едім. Бірақ, олар менің бастамамды ақылға қонымсыз нәрсе деп бағалаған еді. «Арман, қандай сағат?! Сен не айтып тұрсың?!»- деді бәрі. Алайда, сіз революция орнату үшін, сананы және адамдардың қарым-қатынасын өзгерту үшін тусаңыз, онда өз идеяңыз үшін күресу керек. Маған біреудің қолдағаны қажет емес еді, мен осы ісім оңға басатынына сендім. Шамамен жарты жылда белгілі сағат фабрикаларымен келіссөздер жүргіздім. Ағылшын тілін білмегендіктен, барлық хатты google translate бойынша жаздым. Бірақ, бұл аударма арқылы көбі мені түсінбеді. Мен қисынсыз хаттарды қаптатып жазумен болдым. Бұрын желілік маркетингпен айналысқанда, бізге былай үйрететін: «жоқ» дегенді көп жинасаң, кейін «иә» дегенге жетесің. Сондықтан, шетелдің сағат өндірушілерінің менімен келіспеуіне қиналған жоқпын.

F: Серіктес қайдан табылды? Қандай компания?

- Иә, осылайша менің эскизіммен сағат жасауға келісім берген фабриканы таптым. Таңқаларлығы сол, Майамидағы сағат компаниясының негізін қалаушылар бұрынғы қазақстандықтар болып шықты. Маған оңай жолмен, тапталған жолмен жүрген ұнамайды. Базарда көп және белгілі механизмі бар және соларды қолданып, оңай табысқа жетуге болатын бизнес мені шабыттандыра алмайды. Мен ойлы-қырлы жолы бар, басыңды ауыртып ойға салатын, маркетингті оқып-білетін, ешкім зерттеп көрмеген жаңа бір іспен айналысқанды қалаймын. Бұған менің сағат брендім тамаша мысал бола алады.

F: Команда қалай құрылды? Алғашқы өніме сұраныс қалай болды?

- Маған дейін осы сияқты істі ешкім істеп көрмеген. Бастапқыда мен эскиздерді өз бетіммен сыза беретінмін, сағат жасайтын материалдарды өзім таңдайтынмын. Кейін әрбір жаңа коллекцияны жасап шығаратын маман дизайнерлер алдым. Біздің алғашқы тапсырыс – 100 дана сағат жылдам өтіп кетті. Мен ойлағандай, Қазақстанның рәмізі бар сағат жоғары сұранысқа ие болды. Cағат брендін жасауда біз табыс табуды ғана емес, қазақстандықтар арасында өз еліне деген мақтаныш, патриоттық сезім оятуды да көздедік.

F: Қазіргі кіріс қандай? Сатылым көлемі қаншалықты жоғарылады?

- Иә, сағаттардың сатылуы геометриялық прогрессиямен өсуде. Ай сайын 130 мыңнан 1 млн теңгеге дейін 100 сағаттан артық сатып отырмыз. Клиенттерге біздің сағаттарымыз ұнайды. Біз үнемі сервисті жандандырып отырамыз, мысалы, заттарымызды терминал арқылы төлеу мүмкіндігін жасадық, бұрын тек банк картасы арқылы ғана болатын. Бұған қоса біз сервис орталықтарын аштық, біздің сағаттарда ақау болып қалған жағдайда курьер келiп, сағатты алып, жөндеп, оларға ыңғайлы уақытта әкелiп береді.

F: Қазақстанға сырт мемлекеттерден жеткізілетін сағаттар көп? Нарықтағы бәсеке қандай?

- Негізі маған дейін бұндай бизнес жобамен ешкім айналыспаған. Бұл еліміздегі алғашқы жоба. Бірақ, кейбіреулер бұл таза отандық өнім емес, шет елде әзірленген дегенді айтып жатады. Біз сағат бауын қазақстандықпен алмастырдық,бірақ бағасы екі есеге таяды. Қазір тіпті ресейлік атақты алыптардың өздері сағаттарына Швейцария механизмдерін алады. Сондықтан, таза қазақстандық сағат жасау туралы сөз қозғау қазіргі жағдайда жөнсіз деп санаймын.

F: Қазақстандық сағаттарды Қытай жасап шығара бастады деген мәлімет тарады. Бұл қаншалықты рас?

- Иә, рас. Біздің сағаттарымызды қытайлық бәсекелестер қайталап жасап шығара бастады. Олар көшірмені 5-10 мың теңгеге сатады. Сыртқы түрі мен техникалық жағдайы біздікімен салыстыруға келмейді. Басында менің көңіл күйім түсіп кетіп еді, бірақ кейін түсіндім: міне, табыс, міне, атақ! Егер бізді қытайлар жасай бастаса, онда біздің өніміміздің көлемі мен нарықтағы қажеттілігі бар деген сөз.

F: Криптовалютаға бет бұрғаныңды білеміз? Бұл қызмет түрі қалай жұмыс істейді?

- Иә, 2017 жылы «Unionminers» компаниясын негізін қаладық, Айбек Есенов деген әріптесіммен бірге. Қазіргі күні біздің компанияда 2000 жуық клиент бар. Тек Қазақстан ғана емес, Ресей,Германия,Өзбекстан елдерінің азаматтары біздің қызметті пайдаланады. Яғни, кім майнингпен айналысқысы келеді, мәселен критовалютаны дамытқысы келсе, біз сол адамдарға өзіміздің серверіміз арқылы мүмкіншілік береміз. Бұл дегеніміз компаниямыздың серверлік қуаттары бар,сол арқылы криптовалюта дамытылады. Ал біз адамдарға серверлердің қуатын жалға береміз. Қазіргі күні Қазақстан бойынша,ТМД бойынша ең үлкен компания болып табыламыз.

F: Қаржы технологиясынан бөлек, жасыл технологины қолға алуда екенсін. Жобаның ерекшелігі неде|?

Менде бұдан бөлек «Жаңа жасыл технологиялар» деген компания бар.Мал азығын дайындайтын гидропоникалық қондырғыларды шығарады. Бұл істі 2014 жылы бастадым, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге грант алдым. Кішігірім цех ашып, жергілікті әкімдікпен бірге жұмыс бастадық. Оның басты ерекшелігі арпа, бидай дақылдарынан жасыл шөп өсіруге мүмкіндік береді. Қазіргі күні бұл бизнесті дамытып қана қомай, қондырғыларды Ресей, Арменияға экспортқа шығарамыз. Бұл ауыл шаруашылығында болмаған бірегей жоба деуге болады.

F: Бұдан бөлек жылыжай жобасының жаңа жүйесін қолға алдың? Онда не өсіріледі, тиімділігі неде?

- Иә, тағы бір жоба жасап жатырмыз. Бұл компания «Зертес» деп аталады. Аэропоникалық технологияны қолдана отырып, жылыжайларды салу. Қазақстанда, мысалыға салаттағы базелик, мята, жалпы ресторан тағамдарында қолданылатын басқа өсімдіктер мен шөптердің 80% Израильден жеткізіледі. Бізде ондай шөптер аз мөлшерде ғана өсіріледі. Бұл жүйе ТМД елдерінде аз дамыған. Біз Қазақстан бойынша, ТМД бойынша бірінші компаниямыз. Технологияны өзіміз ойлап таптық, климаттық жағдайға икемдеп жасадық. Қазіргі күні Қарағандыда «3030» деп аталатын жылыжайымыз бар.

F: Сен жастарды үнемі бизнеспен айналысуға шақырасын. Ал оларға қолдау көрсету,тәжірибеңмен бөлісу ойда бар ма?

- Иә, мен бизнес бастаймын деген азаматтарға қуана көмек беруге әрдайым әзірмін. Егер сіз зергер немесе IT маманы болсаңыз немесе қолыңыздан өзге іс келетін болса мен жол сілтеуге, таланттарыңызды одан әрі дамыту дайынмын. Бұл жөнінде әлеуметтік желілерді айтып, жазып келемін. Жуырда алғашқы кітабым шығады, «Идеядан бизнеске дейін» деген онда өз тәжірибеммен бөлісемін, бизнестің Қазақстан үшін маңыздылығын толығырақ ашып, жазамын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить