Made in KZ: Құрғақ саумал әлем нарығына шығарыла бастады

13529

Қазақстандық өнімге сұраныс қандай

Экспорт қайда бағыт алды   

Қарағанды  облысында «Saumal» сауда белгісімен шығарыла бастаған құрғатылған бие сүті алғаш болып Ресей нарығына жеткізілді. Forbes Kazakhstan экспорт әлеуетіне шағын шолу әзірледі және отандық өндірістің  болашағына қатысты болжам жайында баяндайды. Саумал өндірісімен айналысатын «Евразия Инвест LTD» ЖШС директоры Ғалымжан Мерамбековтың айтуынша 2017 жылы Мәскеу қаласына алғаш 3 тонна өнім жеткізілген.

Ресейлік компания  арасында жасалған келісімге сәйкес бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта беретін болады. Болашақта бүкіл Ресей Федерациясының аймақтарын қамту жоспарда тұр. «Қазір серіктес компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алда Ресейдің басқа аймақтары тұр. Сұраныс бар. Бұған біздің мүмкіндігіміз жетеді. Зауыт 2017 жылы 15 тонна  құрғатылған сүт әзірлеп шығарды. 2018 жылы  бұл көрсеткіш айтарлықтай өседі, жыл аяғында 40 тоннаға жеткіземіз деген жоспарымыз бар»-дейді компания басшысы.

Компания директорының мәлімдеуінше қазақстандық брендті  шет елге шығару бағытында көптеген жұмыстар атқарылды.  Әлемнің бірқатар елдерінде ұлттық өнімді таныстыру  рәсімі  өтті, компания «KAZNEX INVEST»  экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ арқылы Дубай, Шанхай, Гонконг қалаларында өткен халықаралық көрмелерге қатысып, бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. Жақында Гонконг компанияларының бірімен шарт жасалып, тараптар 1 тонна көлеміндегі құрғақ сүтті  жеткізуге келісті және алда бұл көрсеткішті  тек  арттыру жоспарланған. Ендігі жерде Тайвань, Жапония, Корея нарығына шығу жоспарда тұр, қазір қазақстандық компания аталған елдердегі серіктестерімен келіссөздер жүргізуде. Сонымен қатар қазақстандық өндіруші әлемге әйгілі Американдық  Amazon халықаралық электронды сауда  желісіне шығып,  ұлттық өнімнің интернеттегі сатылымын жолға қойды. Қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы  «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы арқылы көтерме және бөлшек саудасы қолға алынды. Келешекте Еуропа елдері, Қытайдың жалпы нарығына шығу міндеті тұр, бұл үшін тек өндіріс көлемін еселеу керек. Себебі саумалға деген сұраныс, оған деген қызығушылық төрткүл дүние тарапынан артып келеді. 

Қазақ өнімі, неміс технологиясы  

Қазіргі күні Еуропада бие сүтінің өндірісімен  айналысатын 30 астам зауыт бар. Олар Германия, Франция, Австрия, Бельгия және Каталонияда орналасқан. Аталған мемлекеттердегі зауыттар Еуропа және АҚШ нарығына жұмыс істейді. Қарағанды өңіріндегі зауытты салуға, ондағы технологияның  негізін қалауға   неміс кәсіпкері, Kurgestüt Hoher Odenwald компаниясының басшысы Ганс Цольман қолдау көрсетті,  оның Германияда өз зауыты бар, 400 астам жылқы ұстайды, бие сүтінен түрлі тағам, түрлі өнім шығарады.

Айта кету керек, аталған ферманың негізін соғыс жылдары кеңестер қолына тұтқынға түсіп, бертінде қазақ жеріндегі лагерьде жұмыс істеген неміс жауынгері Рудольф Шторх қалаған болатын.  Оның тағдыры мен тарихы да өте қызық. Әскерилер сол кезде құрт ауруына шалдығып, өлім аузында жатқан немісті енді адам болмайды деген оймен жергілікті қойшының қолына табыстап кетеді. Себебі, сарбаздың қатарға тұрмақ түгілі, жүруге мүмкіндігі болмаған. Алайда әлгі шопан оған үнемі саумал беріп, ақырында аяғынан тік тұрғызады. Дертінен айығып, еліне дін аман оралған тұтқын  1959 жылдан бастап жылқы бағып, сауын цехын ашады. Қазіргі кезде  зауытты басқарып отырған Ганс Цольман сол майдангердің күйеу баласы әрі мұрагері. Енді міне, сол бір қызықты оқиғаның желісі қазақ елімен қайта байланысып отыр. Өйткені,  қазақстандық зауыт әлгі тұтқын негізін қалаған  кәсіпорынның кеңейтілген әрі инновациялық үлгісі болып табылады. Ал серіктестер бертінде,бейбіт күні іскерлік байланыс орнатты.   «Ең алдымен біз бұл жобада нені қалай үнемдеп қалу керектігін ойлаған жоқпыз.  Біз әлемдік стандартқа  сай болу керектігін жоспарладық. Ең алдымен  биелер түнде құлындарымен бірге жайылуына жағдай болу  үшін кәсіпорынды елдімекендерден алшақ орналастырдық. Судың сапасын ескере отырып, жылқыларға бар жағдай жасауға көп көңіл бөлдік, яғни оларды бағу, экологиялық таза жемі мен шөбін әзірлеу, денсаулығын қадағалау өз алдына бір бөлек.  Сондықтан да Германиядан тиісті талапқа сай металл конструкцияларын әкелуге тура келді. Сондай-ақ, түрлі құрал-жабдықтар мен зертхананы да осында алып келдік», - дейді Ганс Цольман.

Сұраныс пен сапа

Саумал-жаңа сауылған бие сүті. Ұлы даланы мекендеген көшпенділердің дәстүрлі сусыны сан түрлі дертке шипалы екенін тарихта талай тұлғалар жазып кетті, айтып кетті, қазірде оны әлем ғалымдары мойындап отыр. Оның құрамында организмге қажетті барлық элементтер мен витаминдер бар. Әсіресе, балалар үшін ерекше пайдалы, тіпті оның құрамы мен қасиеті  ана сүтімен тең келеді екен. Өйткені,  онда ағзаға қажетті 40 астам билогиялық компонент бар, А,B,С,D дәрумендері мен микроэлементтердің тобы басқа жануарлармен салыстрығанда әлдеқайда көп.  Дәрігерлер оны мүмкіндігінше сауылған кезінде ішкен жөн деген кеңес береді, ал олай болмаған жағдайда сусынның құрамы өзгеріп, санаулы сағаттардан кейін қасиетін жоғалтады.

Ал сублимация дегеніміз не? Бұл бірнеше сатыдан тұратын әдіс, сол бойынша сауылған сүттің құрамындағы су вакумдық құрылғыда буға айналады, қалған құрамы криасталданып қалбыр түбінде қалады, осыдан кейін кептірілген ұнтақ арнайы құтыға салынып, қапталады. Ал  кептірілген 500 граммға қайта су араластырған кезде 5 литр саумал алуға болады. Мерзімі 3 жылға дейін жарамды, бастысы сапасы мен құрамы өзгермейді және кез келген уақытта пайдалануға болады. Яғни, бұл ең алдымен өнімді ұзақ сақтауға, тасымалдауға ыңғайлы болу үшін және әлем нарығына шығу үшін қажет. Қазақстандық дәрігерлер жүргізген клиникалық зерттеулер оның көптеген қатерлі ауруларға, оның ішінде асқазан, ішек, өт жолдары, созылмалы вирустық гепатиттерге, ісік ауруларына, бауырдың циррозына және т.б дертке дауа екенін дәлелдеді.

Бағалы өнім және баға

Қазіргі күні  құттыдағы 500 грамм саумалдың бағасы 30 мың теңгеге бағдаланады. Әрине, бұл соманы қарапайым тұтынушының қалтасы көтере бермейтіні анық. Себебі, біріншіден өндіріс технологиясы қымбат, екіншіден  ұнтақ түріндегі саумал негізінен жаппай тұтынушыға емес, шет ел нарығына арналғанын айта кетеу керек. Ал әлемде  оның бағасы одан сайын жоғары және емдік қасиеті бар құнды өнім саналады.  Ал қазақстандықтар үшін мейлінше жаңа сауылған саумалды ішкен дұрыс және бұл кез келген аймақта қолжетімді әрі тиімді. Бірақ,  компания басшысы Ғалымжан Мейрамбеков ұнтақталған саумалға деген ішкі сұраныстың артуын ескере отырып, жаңа форматтағы қаптамаларды шығаруды қолға алғандарын айтады және алдағы уақытта өнім көпшілік үшін қолжетімді бола береді. «Мәселен біз осыған дейін 500 граммдық өнім шығарсақ, енді 250 граммдық құтыларды шығара бастадық, тиісінше бағасы төмен, қазір бұдан шағын, кіші қаптамаларды, бір рет қолдануға  лайықталған ұнтақ түрлерін шығаруды бастадық. Зауыт жанынан қосымша желі ашып жатырмыз, бұл ең алдымен өндірісті арттырады және бағаға әсер етеді, оның үстіне сүттен өзге де өнімдер, атап айтқанда ағзаға қажетті «метабиотик»  капсулаларын   шығара бастаймыз. Бұл жалпы өндірістің 40% құрайтын болады»-дейді компания басшысы. Қазіргі күні шаруашылықта 1,5 мыңнан астам жылқы болса,  жуырда жергілікті тұрғындардан сүт қабылдау мәселесі жолға қойылды. Бұл  өндірушілер үшін де, ауыл тұрғындары үшін де тиімді деген сөз. 

Бабалар мұрасы-бірегей бренд

Қазақстандағы өндіріс орнының ТМД, Орталық Азия бойынша теңдесі, баламасы жоқ. Еуропалық зауыттардың өзі түрлі өнім шығарып жатқанымен, жалпы өндіріс көлемі бойынша отандық кәсіпорынға ілесе алмайды. Сондықтан, еліміздің орталығындағы зауыт әзірге әлем бойынша қуаты жағынан көш бастап тұр десек болады.

Кейінгі жылдары елімізде жылқы басы артып келеді, соңғы статистикаға қарағанда Қамбар баба төлінің басы   2 млн 113 мыңға жеткен. Сарапшылар есебі бойынша, егер сублимация әдісін қолға алып, аймақтарда саумал өндірісін жаппай қолға алған  жағдайда мұнайдан артық пайда табуға болады екен. Бұл үшін елімізде жайылым да, жылқы да жеткілікті. Forbes Kazakhstan тілшісіне сұхбат берген неміс бизнесменінің айтуынша бұл тек бастамасы ғана болуы тиіс, алда бұдан да биік белестерді бағындыруға болады. «Бұдан бөлек мынадай кең алқапта, шырайлы өлкеде 100 мың биені жайып, сауу деген ешқандай қиындық  тудырмайды. Бұл үшін арнайы стандарттар жасалуы керек. Мемлекет мейлінше қолдау көрсетуі қажет. Қажетті деген табиғи ресурстардың барлығы да бар. Тек қана адамдардың ықыласы ғана қажет. Мәселен, біз қазір жұмыс істеп отырған компанияны алсақ, олар мал басы санын көбейтті. Биыл біз 3 есе көп, яғни мыңнан аса биені саумақшымыз. Сондықтан бұған кәсіби тұрғыдан келу керек.  Қазақстанның  шет ел нарығын жаулап алуына толық мүмкіндігі бар», - дейді Ганс Цольман

Серіктестердің пікірінше  ұлттық өнім сапасы әлемдік талаптарға толық сай, халықаралық сертификаттаудан өткен, экологиялық таза және қауіпсіз.   Демек, оған деген сұраныс алдағы уақытта да арта беретіні анық.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить