Жақсылық Есельбаев тұтынушы мен бизнес арасын байланыстыратын Sagi жобасын іске қосты

18732

Қосымша қалай жұмыс істейді, тараптар үшін тиімділігі неде?

Бұл туралы «Болашақ» бағдарламасының түлегі, IT маманы Жақсылық Еселбаевтың Forbes.kz сайтына берген сұхбатында айтылады.

F: Идея қалай және қашан пайда болды, кім ойлап тапты?

- Жаңа технология нарығын зерттеп, оған деген  қызығушылығым бұрыннан басталды. Өзім кәсіпкер болғандықтан, бизнесті жүргізуді жеңілдетіп,  тұтынушылар мен кәсіпкерді де қызықтыратын  жолдарды да қарастырып жүрдім. Өзімнің отбасым, балаларым бар. Кейбір кездері  жұмыс жасаумен қатар, бір күн ішінде бірнеше дүкенге баруға тура келеді. Мысалы, етті бір жерден, балаға киім, тағамды одан алшақ жерден алуға барасын. Яғни, кейде дүкен аралауға жарты күннен аса уақыт кетіп қалады.  Сонда неге барлық сатып алатын тауарлар мен қызметтерді бір жерде, үйден шықпай алуға болмайды деп сұрақ қойдым. Сөйтіп, 2018 жылдың басынан бастап нарықты зерттеп, оңтайландыру жасап  Sagi мобилді қосымшасын құру идеясы пайда болды. Sagi cөзі   - араб тілінен аударғанда «алға ұмтылу» деген мағынаны береді.

Өз ісімді бастамас бұрын мен американдық  қор биржасында акциялармен және басқа да қаржылық құралдармен дейтрейдер болып  сауда жасадым. 2014-2017 жылдары көптеген стартап компаниялар IPO-ға шыға бастады. Стартап компаниялардың  табысты болуы үшін миллиондаған адамдардың  проблемаларын шешіп, қажеттілігін қанағаттандыратын өнім ойлап, жүзеге асыру қажет. Сонымен қатар, өнім жеңіл масштабталатын, дамып жатқан нарықта шығып, жаһандық нарыққа шыға алатын болуы керек. Осымен шабыттанып, өз ақшамды қордан шығарып алып, жаңа стартап идеяларын іздей бастадым. Кішкентай кезімнен бастап миллиондаған адамға пайдалы, осы әлемді жақсы жағына өзгерте алатын өнім шығарсам деп армандағанмын. Нарықты зерттеп, бірнеше гипотезаны тексергеннен  кейін жаңа өнімді құрастыра бастадым. Әрине, қателіктер мен көптеген шығындарға да ұшырадым. Дегенмен, өз өнімізді дамытып, жүзеге асырдық.

F: Жоба қай кезде іске асты, қай кезде қолданысқа бердіңдер?

- Sagi мобильді қосымшасын жаппай қолданысқа бергеніне міне  бір-ақ ай уақыт болды, оған қарамастан қолданушылардың саны күннен-күнге өсуде, қосылған бизнес саны да артып жатыр.

F: Қалай жұмыс істейді, басқа қосымшаларға  қарағанда оның ерекшелігі неде?

- Sagi мобилді қосымшасы платформа негізінде құрылған бизнес. Бұл тұтынушылардың да, кәсіпкерлердің де өмірін жеңілдетеді. Бұл шешімнің көмегімен көптеген бизнес үрдістері автоматтандырылады. Қазіргі таңда қосымшада келесі функциялар қосылған:   Онлайн мәзір/каталог, онда  тауарлар мен қызметтер туралы шынайы ақпарат берілген.  Sagi-мен қолданған кәсіпкерге қымбат pos терминалды сатып алып, орнату қажет емес. Себебі  қосымшада орнатылған интернет эквайринг бар.  Қосымшада алшақтан төлем жасау функционалы бар. Сонымен қатар, QR код арқылы төлем жасау мүмкіндігі де қосылған.  Кез келген бизнес  бейілділік бағдарламасын орнатуға мүмкіндік алады, яғни ұсынатын тауарлар мен қызметтеріне кэшбэк бере алады. Sagi-де тауарлар мен қызметтер туралы шынайы тұтынушылардың қалдырған ой-пікірін көруге, Push-хабарландырулар алуға, карта бойынша навигация қызметін қолдануға болады.

F: Кәсіпкерлер мобилді қосымшаға қалай қосыла алады?

- Біріншіден, www.sagi.kz сайтында өтінім  қалдырады. Бұл өтінімді алғаннан кейін біздің менеджер хабарласып, клиентті тіркейді. Одан кейін клиент верификация өтіп, қосымшамен қалай жұмыс істеу керек жөнінде оған оқу-әдістеме жүргізіледі.   Ал тұтынушылар Sagi қосымшасын жүктеп, сонда тіркеледі. Болды. Ары карай тауарлар мен қызмет түрлерін таңдап,  сауда жасап, төлемін төлейді.

F: Бұл сатып алушылар мен кәсіпкерлер үшін пайдалы екенін айттыңдар. Несімен пайдалы, кімдер үшін ұтымды?

- Тұтынушылар үшін артықшылығын айтып кететін болсақ. Біріншіден, Sagi  қосымшасын қолдану арқылы енді тауар мен қызметті сатып алып, ақша үнемдеуге болады. Бұл дегеніміз, Sagi арқылы сатып алынатын тауар мен қызметтерге кэшбэк беріледі, яғни берген сомаңыздың бірнеше пайызы өзіңізге қайтып келеді. Тұтынушылар сатып алған тауарларынан кэшбэк алып, сол үнемдеген ақшасын садақаға беруге не мұқтаж адамдарға аударса болады. Екіншіден, бұл барлығы бір жерде. Қазірдің өзінде кез-келген тұтынушы Sagi  маркетплейс фунционалы арқылы тамақ, гүл, балалар тауарларын, ет және сүт өнімдерін және т.б. тауарлар мен қызметтерге үйден шықпай тапсырыс беріп,  оны төлей алады.  QR төлем жасау функционалы кезекте тұрмай не даяршыны күтпей, QR суретін сканерлеу арқылы уақытты үнемдеп, тез арада төлем жасауға болады. Ал қашықтан төлем жасау функционалы сол мекемеде тұрмай-ақ төлем жасауға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлер үшін Sagi қосымшасының артықшылығы туралы айтсақ.  Кіші-орта бизнесте кем дегенде он адам жұмыс жасайды. Оның 9-ы өндірісте қызмет жасаса, ал жетекшінің рөлі сату, маркетинг, аналитика, тұтынушылармен жұмыс жасау және т.б. тапсырмалар бар. Біз бизнеске былай айтамыз: өз шаруаңызбен айналысыңыз- тамақ дайындаңыз, шаш қиыңыз, бояңыз, емдеңіз т.б., яғни қолынан не келеді, соны жүзеге асырыңыз. Ал біздің сервис сіздің тауарларыңыз бен қызметтеріңізді нарықта дамытады. Біз IТ компания ретінде сіздің бизнесіңізді жүргізуді, жаңа тұтынушылардың, қайта сатып алу санын ұлғайтып,  белгілі бір уақыттағы статистиканы – сатылым, тапсырыс беру, тұтынушылар санын есептеп кез келген уақытта көрсете аламыз.   

Біз Uber төлем технологиясын қолданамыз, яғни тұтынушы банктік картасын тіркеп төлем жасағаннан кейін, келесі төлем жасағанда қайта тіркелуді қажет етпейді.  Бұл тұтынушы мен бизнеске де уақытты үнемдеуге, қолма-қол ақшаны, карталарды тасып жүрмеуге  көмектеседі. Себебі, қазір телефонның өзі шилан, барлық төлемдерді телефон арқылы жасауға болады. 

F: Қазір қолданушылар бар ма? Оларды несімен қызықтырды?

- Қолданушылар саны күнде артуда, бұл қосымшаның қолданыста қолайлылығы, ыңғайлылығы мен тұтынушыларға пайдалы екенін көрсетеді. Әрине, қосымша уақыт өте көптеген түзетулер мен жаңғыртулардан өткізіледі. Жаңа функционалдар қосылады. Қолданушыларға әлі керемет жаңалықтарымыз бар.

F: Қазір қосымшалар өте көп, бәсеке қандай?

- Бұл нарықта бәсеке көп деп айта алмаймын. Себебі, мобильді төлемдер, қаржылық технология саласы нарықта енді-енді дамып келе жатыр. Қазіргі таңда бірнеше бәсеке компаниялар қызмет етеді, дегенмен, менің ойымша, нарықта адамдарға шын мәнінде тиімді, қолдануға оңай, пайдалы қосымшалар ғана қалады. Біздің қосымша бизнеске айтарлықтай көп шешім мен мүмкіндік береді, ал тұтынушылардың тауар мен қызметтерді сатып алу  үрдісін жеңілдетеді.

F: Сендердің табыстарың қалай белгіленеді?

- Тұтынушыларға Sagi  қосымшасын жүктеп, қолдану тегін. Ал кәсіпкерлер Sagi  қызметімен жұмыс істегеніне аз мөлшерде комиссия төлейді. Тек Sagi арқылы келген тұтынушылардан ғана пайыз алынады.

F: Бұл жобаға бастапқы қаражат қажет болды ма? Қанша инвестиция талап етті?

- Әрине. Кез-келген бизнесті бастау үшін қаражат қажет. Sagi мобильді қосымшасын құрастыруға өзімнің жеке қаражатымды салдым. Бірақ болашақта қосымша инвесторларды тартуды көздеп отырмын.

F: Бұл қосымшаның баламасы бар ма? Қай елдерде қолданылады?

- Бұндай қосымшалар шет елде қолданыста өте кеңінен таралған. Ең танымал өнімдер – Alibaba, Amazon,UberEats, PayTm, WeChat, AliPay және Grab. Мысалы, интернет магазин функционалы бар қосымшалар, не QR кодпен төлем жасау қосымшасы, не тамаққа тапсырыс берип-жеткізу т.б.  Бірақта дәл біздің қосымша сияқты барлық функционалдары бар қосымша айтарлықтай жоқ десе де болады.

F: Қазір командада кімдер бар? Ұжым кімдерден құралған?

- Біздің командада IТ  мамандары, сату бөлімінің менеджерлері, маркетинг мамандары жұмыс жасайды. Барлығы 18 адам.

F: Бұған дейін дәрігер мен пациент арасын байланыстыратын қосымша   шығарған едіңдер. Онлайн жоба нарыққа шықты ма? Нәтижесі қандай?

- Алдыңғы жобалар сәтті орындалып, өз жемісін әкелуде. Телемедицина саласындағы жобаға $500 мың  жуық инвестиция тартылды.  Қазіргі таңда онлайн кеңес алу қызметі жүзеге асып жатыр. Жаңа дәрігерлерді жүйеге қосып жатырмыз.  Оның алдындағы дрон жобасы 150 есенің шамасындағы көлемде табыс әкелді.

F: Алдағы жоспар қандай?

- Sagi мобильді қосымша әзірше Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс 3 істейді. Бір-екі ай уақыт шамасында Қазақстанның басқа да қалаларына, тіпті ТМД мемлекеттеріне шығуды көздеп отырмыз. Қосымшаның артықшылығы сонда – ол белгілі бір жерге бекітілмеген, яғни әлемнің кез-келген нүктесінен тұтынушылар мен кәсіпкерлер  жұмыс жасай алады.  Сонымен қатар,  сапасын арттырып,  редизайн жасауды, жаңа функционалдарды қосуды  жоспарлаймыз. Алда қосымша инвестиция тартып өнімді әрі қарай дамытамыз, әрі жаңа жұмысшалар алып, сату мен маркетингке бас көңіл аударамыз.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить