Қазақстанда тек мұнайдан ғана емес, бал өндірісінен үлкен табыс табуға болады

11421

Саяси және қоғамдық жұмыстың белсендісі болған Анатолий Добровольский қалайша дауншифтер атанды

Астанадан Ақмола облысынағы Аршалы ауданына  қоныстанған жас кәсіпкер неге  бал шаруашылығын таңдады, одан түсетін табыс қандай, бұл кәсіптің болашағы қаншалықты баянды. Forbes.kz  осы және өзге сауалдарға қатысты Анатолий  Добровольскийден сұхбат алды.  

F: Анатолий, бұл кәсіпті қалай бастадың? Қаладағы жұмысыңды неліктен ауылға ауыстырдың?

-Иә, мен бұған дейін Астанадағы «Жас отан» жастар қанаты филиалында қатардағы белсендіден бастап, атқарушы хатшы лауазымына дейін қызмет еттім. Бірақ, бүгінгі  кәсібім алған біліміме байланысты емес, мен алғаш техник-механик, яғни электровоз машинистің көмекшісі болдым, кейін заңгер мамандығы бойынша  жоғары білім алдым, ал магистратураны  мемлекеттік және жергілікті басқару бойынша бітірдім.  

F: Демек бұл хобби емес, өзің таңдаған кәсіп қой?

 

-Мен кәсіпкер  болуды ойладым. Ал таңдау бал өндірісіне түсті. Бұл хобби емес, мақсатты кәсіп. Бір сөзбен айтқанда таза бизнес. Мен ауылда өстім. Ауылға оралғым келді, туған жерге пайдалы болғым келді. Бұл үшін бәрін  жоқтан бастауға тура келді.

F: Негізі бұл кәсіпті бастау үшін қанша қаражат керек? Сен қанша салдың?

-Әрине, оңай шаруа емес. Бал өздігінен келмейді. Ара асырау үшін ара сияқты еңбек ету керек. Бастысы ниет керек. Ал үйрену үшін, алғашқы жабдық және бал араның ара ұясы үшін  150 мың теңге жеткілікті. Менің алғашқы бюджетім 250 мың теңге болды. Ал оны көбейту үшін қосымша қаржы керек. Менің жолым болды. Мен Ұлттық омарташылар одағының басшысы Сергей Терещенкомен таныстым. Ол маған қолдау көрсетті, содан Израильге барып оқып қайттым.

F: Израильдің бұл бағыттағы тәжірибесі қандай?

-Мен онда 20 күн тәжірибеден өттім. Онда негізгіннен  балдың көлеміне емес, алқапты тозаңдандыруға  көңіл бөледі. Осы арқылы өндіріс көлемін 25-30% дейін  арттыруға болады. Бірақ, Қазақстанда  бұл  нақты бағаланбаған. Мәселен, Израильде бұл саланың дамығаны соншалық, онда шектеу бар.   Жалпы елде балұясын 100 мыңнан асыруға болмайды. Егер бір ормарташы пайда болса, келесі кәсіпкерге нарықтан шығуға тура келеді. Оның үстіне елдің аумағы оны кеңейтуге мүмкіндік бермейді.      

F: Сенің қазіргі көрсеткішің қандай, бал ұялары ұлғайды ма?

- Алғаш бастаған кезде, яғни 5 жыл бұрын  25  ұядан  бастадым, қазір олардың саны 150 жетті.  Болашақта оны 3 есеге арттырамын деген ойдамын. Біз қазір балдың 3-4 түрін шығарамыз. Ал бренд қалыптастыру үшін көлемді арттыру керек. Біз қазір  осы бағытта жұмыс істеудеміз. О баста одақ басшысы айтқан еді, сен осы саланы жолға қойсаң айына $200 000 табыс табасың деп. Мен басында сенген жоқ едім. Қазір оған көзім жете бастады.    

F: Сен Президентпен кездескенде Қазақстанда тек мұнай емес, бал өндірісін арттыру керектігін айтып едің? Бұл сала қара алтыннан  қарағанда қаншалықты табысты?

-Рас, бұл сала  табысты. Оны дамыту арқылы үлкен кіріс табуға болады. Әлемде бал шаруашылығына қолайлы саналатын 5-6 мемлекет бар. Соның ішінде Қазақстан да бар. Иә, мен Президентпен кездескенде айтқаным бар. Мәселен, қазір  мұнай баррелі $70 төңірегінде. Ал балдың баррелі $700 бағаланады.  Бал сортына байланысты бұл баға $1500 дейін жетеді.  Оның үстіне бұл салада дағдарыс деген болмайды.  Сондықтан, бал шаруашылығын кешенді түрде дамыту керектігін ұсынған болатынмын. 

F: Яғни, өндіріс көлемін арттыру керек қой...

 

-Алдағы уақытта бал көлемін  8 мың  тоннадан  1 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Алматыда кездескен омарташылар  2050 жылға қарай осы көрсеткішке жету туралы міндет қойды және бал өнімі әрбір үйдің дастарханында болуы тиіс деген ұран тастады. Бұл дегеніміз  экономикаға  $10 млрд табыс, 200 мың жұмыс орны деген сөз. Меніңше бұған жетеміз, жетуге болады.  

F: Қазақстан балына сұраныс қандай? Шетел нарығына шығу жоспарда бар ма?

-Иә, былтыр Қазақстан мен Қытай арасында бал экспортына қатысты  келісім жасалды.  Олар бізден жылына 5-8 мың тоннаға дейін алуға дайын. Бұл негізгі нарық олады және оны игеру  басталып кетті, алда Үндістан, Пәкістан, Араб елдері, Еуропаға жоспар бар.   Қазақстандық балдың дәмін бір көрген адам, басқасын алмайды. Себебі бізде өсімдік түрлері көп және бәрі табиғи,экологиялақ таза,бастысы сапалы. Менің оған көзім жетті.  

F: Тегіңде омарташылар болды ма?

-Жоқ, менің туыстарымда омарташылар болмаған. Бірақ, неге екені белгісіз, осы саланы  таңдадым. Маған бұл сала өте қызық.  Өзім негізі ауылда туып өскенмін. Біріншіден балға деген сұраныс жақсы. Дәмді өнімнен ешкім бас тартпайды. Екіншіден оның пайдасы көп, денсаулыққа орасан көмегі бар, бұл өнімдегі табиғи қанттың  99% ағзаға сіңіп кетеді және адамның бойына қуат береді. Себебі құрамында барлық пайдалы элементтер бар. Ал қанттың басқа түрлерінде олай емес. Керісінше зияны көп. Бұл дәлелденген. 

F: Бал шаруашылығына қандай факторлар кері әсерін тигізеді? Тәуекелдер бар ма?

-Кез келген ауыл шаруашылығы сияқты бұл саланы дамытуға көптеген факторлар әсер еттеді.  Бұл ең алдымен ауа райының қолайлылығы.  Содан кейін ара түрлері және ара материалы.  Осының бәрі үлкен көлемге әсер етеді. Бізде қазір көшпелі бал шаруашылығы дамыған, жалпы конвейрлер жасау қолға алынуда. Омарташылар қызметі Солтүстік, Оңтүстік облыста, Алматы аймағында жақсы дамыған. Ал балдың нағыз ортасы Шығыс Қазақстан.    

F: Демек басқа салалардан тиімді ғой..

-Өте тиімді бизнес,тағы айтамын. Мәселен 1 га  алқаптан 20-30 центнер,  2-3 тонна бидай алуға болады. Оның тоннасы 40 мың теңге болса, 120 мың теңге пайда. Ал осынай көлемді өсімдік алқабынан 600 кг бастап 1 тоннаға дейін бал алуға болады. Бір келісін $5 есептей беріңіз.  Көбі бұл шаруашылықтың маңызын түсіне бермейді. Ал шетелде өте жоғары бағалайды.

F: Сен бұл көрсеткішті арттыру үшін не істейсін? Алда қандай жоспарың бар?

-Мен омарташылар одағының мүшесімін. Астана мен Ақмола облысындағы өкілі болып табыламын.  Олармен тығыз жұмыс істейміз және жоспарларымыз бар. Алда 400 га жерге орналасқан бал өндірісі жөніндегі жаңа конвейерді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл саланы дамытуға мемлекет қолдау жасап отыр, жеңілдікпен несие береді. «Атамекен» ҰКП демеу жасауда. Қазір шектеу жоқ. Бастысы жалқау болмау керек.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить