Тұран Баһадүр түркиялық кинокомпаниялар мен әншілерді қалай қызықтыра білді

10653

Ыстамбулдық қазақ шебері тері өндірісін қалай жолға қойды, әлем нарығына қалай шықты?

Бұл туралы түркиялық кәсіпкер Тұран Баһадүр Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында кеңінен айтады. 

F: Сіздің аталарыңыз, әкеңіз қай жерде дүниеге келді? Түркияда қай кезден бастап тұрасыздар?

- Мен өзім Түркияда туып өстім. Осында мектепке барып, білім алып, жұмыс істеп келеміз. Біз Найман руынан тарағанбыз, менің арғы аталарым  Семей жақтан болады, олар ел басына күн туған қиын жылдары көппен бірге Қытайға көшкен. Кейін Қытайда соғыс басталған кезде атам, әкем бұл елден  кетіп,  Пәкістанның Кашмир деген жерін паналаған. Жалпы Қытайдан 20 мыңдай адам шыққан, соның ішінде Түркияға 1800 адам ғана жеткен екен. Көбі бірнеше жылға созылған ауыр көшті, жол азабын көтере алмай жан тапсырғаны тарихтан белгілі. Білесіздер, қазақ ертеден мал бағып өскен халық, ежелден төрт түліктің терісін өңдеп, олардан бас киімдер тігетін болған. Біздің аталарымыз да осындай кәсіппен аналысқан,  қолдан тігілген бас киімдерді бастапқыда Қытайда, кейін Кашмирде сатып күн көрген. Түркия жеріне жеткен соң да осы іспен айналысқан. Қолдан жасалған бұйымдарды базарға шығарып, табыс тапты, отбасын асырады. Біз де бала кезден бастап аталарымыздың өнерін меңгеріп, олардан көргенімізді үйреніп, аталарымыздың кәсібін,  бас киім тігу ісін жалғасырып әкеттік. Себебі, кішкентайымыздан аталарымыздың қолында, олар істеген зауыттың ішінде өстік және тері өндірісін  жақсы білеміз. Кішкентай кезімізде сабақтан шыға сала зауытқа барып, әкемізге көмек беретін едік.

F: Сіздер қалай танымал болдыңыздар, алғаш кімдер тапсырыс  берді?

- Қазір менің өз зауытым бар. Сонымен қатар онда тігілген өнімдерді  сататын  өз дүкеніміз бар. Жалпы, интернет дәуіріне дейін біз өз бұйымарымызды базарда сатып келген едік. Ал ғаламтор пайда болғаннан  кейін өзіміз айналысатын әдемі бұйымдарды суретке түсіріп, сонда салып отырдық.  Сосын бізге хабарласып, киімдерге тапсырыс берушілер пайда бола бастады, оның ішінде ұлттық киімерге сұраныс артты. Алғаш хабарласқандардың ішінде  садақшылар болды, олар өздерінің киім үлгілерін жіберіп, сол бойынша тапсырыс берді. Ал одан кейін, біз өзіміз ұлттық киімдерді тігіп, оларды үнемі интернетке салып отырдық.  Уақыт өте кино түсіретін компаниялар  келе бастады, олар өздерінің  кейіпкерлеріне арнайы киім керек екенін айтып, бізге тапсырыс берді, оның ішінде ұлттық киімдер,  бас киімдер т.б.  Әрине, Түркияда бұндай кәсіппен айналысатын шеберлер көп.  Бірақ,  олардың ішінде біздің  өнімдеріміз оларға қатты ұнаған сияқты.  Осылай тапсырыс көлемі арта берді, тіпті кейін көбейіп кетті. Кейінгі жылдары біздің бұйымдарға тек Түркия емес,  әлемнің әр түкпірінен сұраныс пайда болды.   Бүгінде  Араб Әмірліктері, Ресей, Канада, Австралия, Украина және Еуропаның бірқатар елдерінде клиенттеріміз бар.   Сонымен қатар, әншілер бар, оның ішінде атап айтсақ Түркияға танымал Алперрен Кекили деген әнші,  ол өзінің сахналық киімдеріне тапсырыс берді.

F: Атап айтқанда қандай киноларға, қандай сериалдарға киім тіктіңіздер? Олар қайда керсетілді?

- Біз киім әзірлеген туындылардың ішінде «1071 belgesel», «Vecihi Hürkuş»,  «Direniş Karatay», «Hürkuş: Göklerdeki Kahraman», «Dede korkut hikayeleri: Bamsı Beyrek»,  «Salur Kazan: Zoraki Kahraman» бар. Сонымен қатар, олардың ішінде  Селжұқтар, Османдар туралы тарихи туындылар түсірген компаниялар болды, біз солардың тапсырысын орындадық.  Бұл кинолар тек Түркияда емес, бүкіл әлемде көрсетіледі, оның ішінде Қазақстанда және басқа мемлекеттерде көрермен назарына  ұсынылған.  Ал біздің киімдерімізбен киноға түскен танымал актерлардың ішінде Джелал Хюнал, Джелал Ал бар. Сонымен қатар кейбір театрларға, онда ойнайтын актерларға дайындаған кездеріміз болды.

F: Қазір сізде  қанша адам істейді? Тапсырыс көлеміне қарай жұмысшылар саны да артты ма?

- Мен жалғыз емеспін. Қазіргі күні біздің зауыттта  15-20 адам жұмыс істейді. Біз негізі алғаш бастаған кезде  былай болады деп ойлаған жоқ едік. Жұмысымыздың алға басуына негізі интернет көп ықпал етті, сол арқылы көп нәтижеге жеттік, осылай табысымыз арта бастады.

F: Зауыт қалай ашылды, қалай кеңейді, техниканы қайдан алдыңыздар?

- Біз Ыстамбулдағы Зейтінбұрын деген ауданда тұрамыз. Бұл бір үлкен қазақ ауылы сияқты. Түркияда жалпы 80 млн халық тұрса, Ыстамбулда 20 млн адам мекен етеді, ал, біздің ауданда   25 мыңдай қазақ тұрады.  Біз өзімізге қажетті технкалардың бәрін, тігін машиналарын осы жерден сатып алдық. Негізі бұл ауданда терімен айналысатындар өте көп, жергілікті  түріктер де бізден үйреніп,  бұл кәсіпті жақсы меңгеріп алды. Сол себепті бұл ауданда тері бұйымдарымен бірге, оларды әзірлеуге арналған тігін машиналары да көптеп  сатылады. Бірінің бағасы $500, енді бірінің құны $2000-3000 болады. Ал бұл бұйымдарды  тігуге біраз уақыт кетеді.  Мысалы, мен өзім, егер жалғыз істесем, шамамен бір ұлттық киімді тігу үшін 3-4 күн кетеді,   егер көп еңбек етсем, онда аптасына 2 киім тігіп шығуға болады.

F: Сіздің Түркия президенті Реджеп Тайып Еродағанмен түскен суретіңізді көрдік. Бұл қай жерде болған кездесу және онымен не туралы сөйлестіңіздер?

- Түркияда Қазақ-Түрік қауымдастығы бар. Мен онда төрағаның орынбасары болып қызмет етемін. Бірде «Этно» деген фестиваль болды. Онда Түркияның президенті Реджеп Тайып Ердаған арнайы келді. Біздің көрмемізге, стендқа келіп, онда ұсынылған жұмысымызды көрді.  Менің қасымда тұрған Серкан Динчтүрк мырза біздің төрағамыз, біз онымен бірге мемлекет басшысына  Оспан батырдың кітабын сыйға тарттық, оның қазақ тархындағы орны туралы айтып бердік. Президент өз кезегінде оның тарихын жақсы білетінін айтты, сондықтан кітапты міндетті түрде оқып шығатынын жектізді, бізге алғысын білдіріп, біздің бұйымдарымызды көрді,  біз оған өз кәсібіміз туралы, оны қалай жолға қойғанымыз жайында толық  баяндадық.

F: Сіздердің бұйымдарыңызға әлем елдерінен сұраныс бар екенін айттыңыз. Ал Қазақстанмен іскерлік байланыс бар ма?

- Қазір Қазақстанмен ешқандай байланысымыз жоқ. Өзім қазақ жерінде бір рет қана болдым, елімізге осыдан үш жыл бұрын барып қайтқан едім. Атажұртты көрейік деп Құрбан айтқа арнайы бардық, Алматыда үш күн болдық. Қаланың көрікті жерлерін аралап, Көктөбеге шықтық, Медеуге бардық, базар араладық. Алматы өте әдемі қала екен, жап-жасыл, бір орманның ішінде орналасқан шаһар сияқты, себебі айналада ағаш көп. Сондықтан қала келбеті маған өте ұнады. Оның үстіне қазіргі күні Қазақстанда жақын араласатын туыстарымыз жоқ, онда ешкім қалмаған шығар, бәлкім бар да шығар, бірақ мен олар туралы білмеймін.

F: Көрмелерге қатысып тұрасыздар ма? Сіздерді шақырып тұра ма? Қолдау көрсететіндер бар шығар?

- Біз негізінен түрлі көрмелерге, фестивалдерге қатысып тұрамыз. Садақшылармен тығыз жұмыс істейтінімізді айттым, негізінен солардың жиындарына, шараларына, жарыстарына барып тұрамыз.   Әзірге мемлекет, жергілікті үкімет немесе басқалардың тарапынан қолдау, көмек болған емес. Біз бәрін  өзіміз, өзімізге сенім артып, өз күшімізбен жасаймыз, бәрі өз еңбегіміздің арқасы деуге болады.

F: Түркияда және қазақтар көп тұратын басқа елдерде «Абай» мәдени-іскерлік үйлері ашылғанын білеміз. Сіздің пікірңізше бұл орталықтар арадағы байланысты нығайтуға қаншалықты ықпал етеді?

- Иә, 2020 жылы Абай атамыздың  175 жылдығы аталып өтуде, мерейтой халықаралық деңгейде тойлануда.  Осыған байланысты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастар» қоры әлемнің 5 мемлекетінде  «Абай» мәдени -іскерлік  үйлерін ашты және оның бірі Ыстамбулда ашылды. Бұл орталықты ашуға Қазақстандық екі ұйым, яғни Қауымдастық пен Қор өкілдері көмек көрсетті және қалғанын біз өзіміз, Түркия қазақтары бірігіп, өз күшімізбен аштық. Бірінші мақсат-Абайды таныту, салт-дәстүрді насихаттау, екінші міндет-қазақтарды Түркияға кеңінен таныту, іскерлік байланысты дамыту болып табылады. Қазіргі күні  әлемді жайлаған пандемия бұл жұмысқа  кері әсерін тигізіп отыр. Бірақ жағдай қалыпты арнаға  түсіп жатса, алдағы жылдан бастап бұл шаруаға белсене кірісеміз деген ойдамыз.

F: Сіз бұл өнерді әкеңізден меңгергеніңізді айттыңыз. Ал балаларыңыз бұл кәсіпке қаншалықты жақын?

- Менің үш балам бар. Үлкен қызым университетте оқиды, одан кейінгі ұлым мен қызым мектеп оқушылары. Жолдасым балалардың тәрбиесімен айналысады. Бірақ мен оларды зауытқа жақындатпадым. Себебі, олар білім алады, оқу үстінде. Иә, зауыт маған әкемнен мұра болып қалды, бала кезімнен әкемнің қасымда болдым,  жоғары білім алмадым, универитет бітірген емеспін, оқуды қойып, осы кәсіпті толық қолға алдым. Зауыт ол кезе шағын ғана болатын, әкеммен бірге екі үш адам ғана істейтін едік. Қазіргі өндіріс көлемін бұрынғымен салыстыруға келмейді. Әсіресе, қыс мезгіліне қарай біздің тауарларға  деген сұраныс артады, бас киімдер көп өтеді, оларды әлемнің әр түкпірінен алады. Ғаламтор арқылы Түркиямен бірге, Америка, Еуропа, Үндістанға дейін сатылады.

F: Бұл кәсіп сіз үшін қаншалықты табысты?

- Жағдайымыз жаман емес, салығымыз бар, шығынымыз бар, табысымыз бар, айына, жылына осыншама табыс табамын деп айтқан орынсыз болар,  жалпы орташа деуге болады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить