Әсем Шабдарова: Қазақстан нарығына қатысты өте ауқымды жоспарларымыз бар

Кішкентай ғана Арқалықта туып-өскен қазақ қызы қалайша Дубайдағы ірі аваикомпанияға орналасты

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне жеке ұшақтар сатумен айналысатын Jetex компаниясы коммерциялық департаментінің басшысы Әсем Шабдарова айтып берді.

F: Әсем, Сіз қай өңірде дүниеге келдіңіз? Қайда білім алдыңыз?

- Мен Қазақстанның солтүстігіндегі Арқалық шағын қалашығында туып өстім. Мен өмір бойы сонда тұрамын деп ойлайтынмын. Себебі, маған сол кездері алыс елдер басқа планета сияқты, қол жетпейтін арман сияқты көрінетін. Алайда, Торғай облысы жабылғаннан кейін, менің отбасым Алматыға көшуге мәжбүр болды. Сол кезде Алматы мен үшін үлкен мегаполис пен шексіз мүмкіндіктер қаласы болып көрінді. Мен мектепті өте жақсы аяқтап, кейін Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне түсіп, ағылшын және араб тілдерін үйренуді шештім. Өйткені, тілдер әлемге, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын бірден-бір жол екенін түсіндім. Оқу кезінде мен ағылшын тілін тәжірибе жүзінде қолдана отырып, баршаға танымал «Қазақстан» қонақ үйінде қатар жұмыс істедім.

F: Оқуды аяқтағаннан кейін немен айналыстыңыз? Мамандық бойынша жұмыс таптыңыз ба? Дубайға қалай және қашан бардыңыз?

- Мен университетті аяқтағаннан кейін мұнай компаниясында жұмыс істедім. Бірақ, 2008 жылғы дағдарысқа байланысты онда проблемалар басталды. Сол кезде мен оқуымды жалғастыруыма тамаша уақыттың туғанын түсіндім. Осылайша мен қысқа мерзімде туризм және қонақ үй бизнесі саласы бойынша әлемнің жетекші университеттерінің бірі саналатын Испаниядағы Les Roches International School of Hotel Management-ке құжаттарымды тапсырдым. Ұстаздардың барлығы негізінен Англиядан болды, ТМД елдерінен студенттер көп болды және олардың ішінде әлі күнге дейін жақсы араласатын достарым бар. Оқу қиын болды, себебі курс қарқыны өте жоғары болды. Ең қызығы, бұл университет әлемнің кез келген қонақ үйінде тәжірибеден өтуге мүмкіндік берді. Сол кезде менде Майами, Барселонада немесе Дубай қаласында 6 ай тәжірибеден өтуге ұсыныс болды және алдымда таңдау тұрды. Мен араб тілін оқыдым, сондықтан Дубайда тәжірибеден өтіп, өзім үйренген араб тілін одан әрі жетілдіремін деп шештім. Бастапқыда мен өзіме тәжірибеден өтіп болысымен басқа елге барамын деп уәде бердім, бірақ түрлі себептерге байланысты осында 10 жыл тұрақтап қалдым. Араб тілі де сол деңгейде қалды.

F: Сіз онда қандай салада жұмыс істедіңіз? Жеке ұшақтарды сатумен айналысатын компанияға қалай келдіңіз? Онда қандай қызметте істейсіз?

- Мен бұған дейін Hyatt, Marriott қонақ үйлері желісінде жұмыс істедім. Барлық жерде мейірімді адамдар кездесті, барлығы да маған көмектесуге дайын болды, осы уақыт ішінде мен көп нәрсені үйрендім. Соның ішінде мен үшін ең алдымен әр түрлі елдерден келген, әтүрлі дінді ұстанатын және әртүрлі ұлттармен бірге біте қайнасып өмір сүріп кеткеніміз ұнады және бұл өте маңызды. Ал Араб Әмірліктеріндегі алғашқы еңбекақым 800 дирхам болды, бұл айына $220 жалақы. Әрине, бұндай көлемдегі айлық маған жетпеді, себебі Дубай әлемнің ең қымбат қалаларының бірі болып саналады. Сондықтан, барлық жерде үнемдеуге тура келді. Бірақ, сәтін салғанда менің еңбегімді үнемі жоғары бағалап отырды және де әрбір жарты жыл сайын менің қызметім жоғарылап отырды, тиісінше жалақы өсті. Қонақ үй бизнесі саласындағы қарбаласқа толы 3 жылдық жұмыстан кейін мен жеке аваициямен айналысатын компанияға өтініш бердім. Оларға орыс тілін білетін және қызмет көрсету саласында жұмыс тәжірибесі бар қызметкерлер қажет болды. Жұмыс өте қызықты болып көрінді, өйткені қызметім жеке ұшақтармен және бүкіл әлемдегі миллиардер, миллионерлер деңгейіндегі бизнес авиациямен және оған қатысты кез келген қызметтерді ұсынумен байланысты болды. Сол кезде Jetex жеке ұшақтар нарығындағы өте ірі ойыншы атанып үлгерген. Қазір мен онда ТМД елдері, Ресей, сондай-ақ Шығыс Еуропа нарығына жауапты коммерциялық департаменттің басшысы болып қызмет етемін.

F: Сіздер сатуға шығаратын ұшақ үлгілері қандай? Олар қанша тұрады? Баға неге байланысты?

- Жалпы, жеке ұшақтар бірнеше түрге бөлінеді - жеңіл, орташа, үлкен және бизнес лайнерлер. Ең танымал модельдер- Citation, G450, Falcon 900LX, Global Express және т. б. болып табылады. Ал олардың бағасы $40 млннан бастау алады. Барлығы модельге, шығарылған жылына және жайлылығына байланысты болып келеді. Жеке ұшақтарда ұшатын клиенттер- негізінен өздеріне барынша қолайлы болып табылатын шарттарға үйренген адамдар ондай қызметтер коммерциялық ұшақтарда әрдайым қолжетімді бола бермейді. Ең бастысы-құпиялылық деңгейінің жоғары болуында.

F: Сатып алушылар кімдер? Сіз негізінен кімдермен жұмыс істейсіз?

- Мен белгілі тұлғалармен, мемлекет басшыларымен, актерлермен және жеке джеттермен ұшуды қалайтын ауқатты адамдармен тікелей жұмыс істеймін. Сонымен қатар, менің клиенттерімнің қатарында Манчестер Юнайтед, Ливерпуль, Евертон сияқты т. б. беделді футбол клубтары бар. Дегенмен, негізгі клиенттердің қатарында Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтары бола бермек. Себебі, қазір бұл аймақтағы бизнес авиация даму үстінде және ол уақыт өткен сайын қарқын алып келеді, оның үстіне Қазақстан Еуродақтың қара тізімінен шыққаннан кейін оның деңгейі жаңа сатыға көтерілді. Өйткені біздің компания тиімді әрі кәсіби серіктес болып табылатын жеке ұшақтар нарығында лайнерлерге деген қызығушылық артты, сұраныс бар. Сондықтан, мен өз жұмысымды өте жақсы көремін, өйткені жұмысқа барынша жағдай жасалған, өте ыңғайлы, әріптестердің бәрі мейірімді жандар, сондай-ақ мұнда кәсіби тұрғыда өсу бар. Бүгінгі таңда менің міндетім-осы компанияның ТМД, Ресей және Шығыс Еуропа елдеріндегі ұстанымын нығайту және бизнес авиация саласындағы сенімді әрі кәсіби серіктес болуды жалғастыра беру. Мен және менің компаниям отандастарымызға және барлық әлеуетті клиенттерге бизнес джетті сатып алуға, чартерлік тасымалдауды ұйымдастыруға және әуе бортында қызмет көрсетуге көмектесуге әзір. Сондай-ақ, компания Таяу Шығыс және Түркия елдеріндегі hondajet аталатын реактивті екі моторлы бизнес класс ұшақтарының эксклюзивті дистрибьютері болып табылады. Ал олардың құны $5 млннан басталады. Сондай-ақ, бізде алысқа ұшатын лайнерлер өте танымал болып келеді. Ұшақ бағындыратын қашықтық ұзақ болған сайын, ол соғұрлым керемет саналады. Ең алдымен жайлылық факторы өте маңызды.

F: Сіздің еңбегіңіз қалай бағаланады? Табыс неге байланысты? Сіз үшін қандай жағдай жасалған?

- Жоғарыда аталғандардың барлығын ескере отырып, мына жағдайды атап өткім келеді: Jetex-тегі менің миссиям –жоғарғы деңгейде сервис ұсыну, мұнда қателіктерге жол жоқ, себебі біз клиентеріміздің ерекшелігіне мән береміз, олар үшін әрбір уақыт -ақша болып табылатын ескеру керек. Сондықтан, компания менің жұмысымды жоғары бағалайды, жан-жақты қолдайды. Менің басшым әрі компанияның иесі Адель Мардини мырза компания үшін ең алдымен қызметкерлер қымбат екенін терең түсінеді. Себебі, олар өз кезегінде клиенттердің көңілінен шығу үшін барын салады. Яғни, қызметкерлер риза болса, онда клиенттер де риза деген сөз. Ал менің табысым бір жылдағы сату көлеміне, атқарылған жұмысқа тікелей байланысты. Негізінен мен жауап беретін аймақтар мен ондағы жылдық айналымның көлемі ескеріледі, жалпы менің еңбегім үшін жақсы төленеді деп толық айта аламын. Тіпті, Дубайдың өлшемі бойынша жалақым орташадан жоғары болып саналады. Әрине, сақтандыру, билеттер және т. б. әлеуметтік пакеттер бар.

F: Сіз түскен суреттерден Манчестер Юнайтедтің бапкері мен көпке танымал актер Пирс Броснанды көріп тұрмыз. Бұл Сіз жұмыс істеген клиенттер ме?

- Иә, атақты футбол клубтары біздің қызметімізді жақсы пайдаланады, өйткені біз қызметтердің жоғары деңгейін қамтамасыз етеміз және ұшып келу және ұшып кету кезіндегі қауіпсіздікті толығымен қамтамасыз етеміз. Көптеген клубтардың өкілдері бізді барлық орналасқан локациямыз бойынша қалаулы серіктестер тізіміне қосқан. Бұл Париж, Дубай, Барселона және т.б. Ал Пирспен тұрған суретке оның қатысуымен түсірілген жаңа фильмнің түсіру алаңында түстік.

F: Аймақта және әлемнің басқа елдерінен жеке авиацияға деген сұраныс қандай?

- Jetex Таяу Шығыстағы бизнес авиацияның бастауында тұрған компаниялардың бірі болып саналады. Біз авиациямен байланысты барлық қызметтермен айналысатындықтан, бүкіл әлемнің клиенттері қызметтерді «one stop shop» форматында алуды қалайды.

F: Қазақстандық нарықпен қандай байланыс бар? Жерлестеріміз сіздердің қызметтеріңізді пайдалана ма? Олар кімдер? Бұл компаниялар ма, әлде бизнесмендер ма?

- Қазақстандық нарық қазіргі уақытта даму сатысында және бизнес авиация үлкен сұранысқа ие. Клиенттер рейстердің ерекшелігін, жоғары кәсіпқойлықты және бұл салада тәжірибесі бар ірі компаниялармен тікелей жұмыс істегенді қалайды. Ұшатын елдерді ескере отырып, сенімді серіктес болғанын қалайды. Қазіргі уақытта клиент тікелей жеткізушілерге басымдық береді және авиациядағы озық технологияларды таңдайды. Яғни, бүгінгі күні жанар-жағар майды, чартер немесе өзге қызмет түрлерін мобильді қосымша арқылы тапсырыс беруге болады. Біздің клиенттеріміз негізінен жайлылықты талап ететін және қызметтері жеке ұшақтарды қажет ететін бизнесмендер. Біздің компания Bombardier, Gulfstream және т.б. сияқты ірі борттардың өндірушілерімен ынтымақтастықта жұмыс істейді, бұл біз үшін бортты таңдау, ресімдеу және тіркеуге көмектесу кезінде көптеген мүмкіндіктер береді. Әрине, сонымен қатар аталған әуе кемесінің рейстеріне одан әрі қызмет көрсету жұмыстары тағы бар.

F: Қазақстанға жиі келіп тұрасыз ба? Бұл негізінен іскерлік сапарлар ма, әлде жеке ме?

- Мен Қазақстанға әріптестеріммен кем дегенде екі айда бір рет келемін; өйткені біздің клиенттерімізге жақын болуды қалайыз. Әдетте әрбір сапар шамамен бір аптаға созылады және сапарымыз Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент сияқты ірі қалаларды қамтиды. Болашақта жергілікті нарықпен тығыз байланыс орнату үшін өз өкілдігімізді ашу жоспарлануда. Қазақстан нарығына қатысты өте ауқымды жоспарларымыз бар, біз өңірдегі бизнес авиация сервисін Еуропадағыдай, әлемдік деңгейге жеткізгіміз келеді.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
17048 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
4 августа родились
Тимур Сатыбалдин
акционер Forbes Kazakhstan и радиостанции LuxFM Казахстан
Бекболат Орынбеков
первый заместитель акима Жамбылской области
Анатолий Попелюшко
председатель Союза товаропроизводителей пищевой и перерабатывающей промышленности
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить