Махмұт Құлментегі: Біз таңдаған саланы табыс көзіне жатқызуға болмайды

13508

Ағайынды Құлменовтердің өнері қалай бағаланады?

Ағайынды Құлменовтер-Махмұт, Айтберген, Тұрсынжан. Қазақстан Дизайнерлері Одағының мүшелері, қару-жарақ өнерінің негізін қалаушылар. Ұлттық өнерді шебер меңгерген ұсталардың шығармашылығы тек республика көлемінде ғана емес, әлем елдеріне кеңінен таныс, еңбектері республикалық мұжайлардан бастап, көптеген шет мемлекеттердің жеке коллекцияларына дейін жеткен, олар жайлы шет елдік журналистер көптеген фильмдер әзірледі, олардың түркі әлемінің рухани өміріне қосқан үлесі орасан. Олар тек шығармашылықпен ғана емес, ғылыми және танымдық жұмыстармен қатар айналысады. Шеберлердің бастамасымен «Көк бөрі» республикалық-ғылыми зерттеу және қолөнер шеберханасы құрылды, онда студент жастар сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын дайындаудың және металды өңдеудің ежелгі технологияларын жаңғырту әдістемесіз зерттейді. Бұл өнер түрі Қазақстанда қалай бағаланады, шет елдіктер үшін неге құнды? Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген Махмұт Құлментегі айтады.

F: Жуырда Алматыдағы орталық мұражайда көрме өткізгендеріңізді білеміз? Бұл қандай көрме болды? Кімдер қолдау көрсетті?

- Бұл көрме мемлекеттіміздің қолдауымен жүріп жатқан жаңғыру аясына өтті. «Ұлы даланың жеті қыры» бағдараламаның аясында ұйымдастырылған. Атап айта кеткеніміз жөн болар, кино саласында еңбек еткен Шаяхмет Имашүлы , белгілі журналист Әбдірашит Бәкірұлы сияқты өнерді бағалайтын азаматтар Жетісу әкімшілігіне ұсыныс жасап әкім орынбасары Вячеслав Вавилин және Мұхтар Тажібаев осы игі істі қолдап, орталық мемлекеттік музейінде өтуіне қолғабыс тигізді.

F: Көрмеге қандай туындылар қойылды?

- Көрменің негізгі мақсаты- өткен дәуірлердің, бағзы замандағы қазақтың арғы ата -бабасы болып келетін ұлыстардың, рулы елдердің, атап айтсақ Ғұндар, Үйсіндер, Қаңлылардың бүгінгі қазақ халқымен байланысып жатқан ұлы мәдениетінің заттай айғақпен дәлелдеу. Қазаққа тән қару -жарақтан бастап музыкалық аспаптар, шамандардың рәсімдік аспаптары, ат -әбзелдері, тұрмыстық бұйымдар сияқты көшпенді қазақ мұрасын зерттелгенде түбі арғы заманға тірелетініне көзіміз жетті. Тек хатқа түскен сөз өнерімен қоса, заттай айғақтарды зерттеу көңілге қонымды шынайы болатынын аңғардық. Археология қазбадан табылған әрбір заттың құнды жәдігер болатыны сондықтан. Бұл көрменің тағы бір ешекшелігі қару- жарақ, сауыт -сайман музыкалық аспаптар, тұрмыстық бұйымдармен бірге анамыз Нұрымқанды ұзатқанда анасы Күнжеке Дәркенқызы Шоқпар келінінің жасау ретінде тіккен, тарихы 90 жылдық 2 түскиіз, оның сіңлісі Раушан Дәркенқызының әскери байрағы, әкеміз Жетенің әкесі Омар ұстаның қолдан соққан тұлпардың кісені мен екі үзенгісі қойылды. Жалпы, ұлтымызға тән 85-ке жуық бұйым қойыды.

F: Қандай шет мемлекеттерде болдыңыздар? Туындыларыңыз қай елдерде ұсынылды?

- Кезінде ҚХР, Грузия, Ресейге сапарладық, 1985 жылы Мәскеуде дүниежүзлік жастар фестивалінде, сол жерде қолмақол білезік жасап шеберлік өнерімізді көрсеттік. Сол кезде жұрттың қызығушылығы зор болды. Тіпті халық биліктен тағы бір күн өнер көрсетуімізді сұраған болатын. Жасаған өнерімізбен АҚШ, Франция, Германия, Венгрия, Армения, Грузия көрмелеріне қатыстық. Шет елдегі ғалымдар, журналистер 40-50 минуттық фильмдер түсіріп, өз елдерінде алып кетті. Олар АҚШ, Түркия, Тунис, Венгрия, Польша, Ресей, Германия, Жапония елдері. Елімізге шет мемлекеттерден келген білікті адамдар музей аралап болған соң, осындай бай мұраны зертеп және жасап отырған адамдар бар ма деп біздің шеберханамызға асығады. Өнерді жоғары бағалайтын шетелдік адамдардың бізге көптеп келетіні осыдан. Олардың бізге қалдырған пікірлері сақтаулы тұр. Келгендердің көбі ақысын төлеп, камераға түсіруге рұқсатын сұрайды. Бірде, Сұлтанхан Аққұлұлы түнде хабарласып, сіздерді Прагада көрсетіп жатыр, рухым көтеріліп, риза болып отырмын деген еді. Осы сияқты хабарды таныстардан алып тұрамыз. Жалпы адамзатты біріктіретін, жақындататын, достастыратын өнердің құдіреті. Адам адамзатты тек өнер арқылы ғана таниды. Осылайша өткен дәуірдегі бабалар мұрасы адамзатты әлі де таңқалдырумен келеді. Таңбалы тастардағы графикалық петроглифтерді түсіне алсаң әлемді танисың.

F: Шет елдіктер талай фильм түсірді дедіңіз? Оларды ең алдымен не қызықтырады?

- Иә, шет елдіктер тамаша фильмдер жасады. Оларды ең алдымен көшпенді қазақ елінің мәдениеті мен дәстүрі, әдет- ғұрпына қатысты мұрасы. Ал олардың мұрасын жаңғыртушылар кімдер, оны жасаған шеберлер бар ма, болса қай деңгейде деген сауалдар қызықтырады. Әсіресе, қару- жарақ, сауыт- сайман, музыкалық аспап, тұрмыстық бұйымдар, көне бабалар тәсілімен жұмыс істейтін шеберлер және олардың мұрасын насихаттаушылар қызықтырады. Олардың түсіру тәсілдері де өзгеше, 2 -3 күн, 1 аптаға дейін болды. Фильмді түсіріп болғанан кейін бізге көрсетіп, еліне алып кетеді, ол жақта қай кезде көрсетілетіні бізге белгісіз.

F: Еңбектеріңізді қалай бағалайды, неге мән береді?

- Ағайынды темірші үш ұста ретінде жақсы таниды, өнерден хабары бар ғалымдар, журналистер жоғары бағасын беріп, өте кенже қалған осы саланы ұстап, дамытып отырғанымыз үшін құрметпен қарайды. Оған дәлел Польшадан келген студент Қазақ елінің шамандық аспаптары туралы мағлұматты бізден алып қорғады. Венгр зертеушісі қазақ қаруы туралы деректерді бізден алды. Өзіміздің Жүргенов атындағы өнер университетінен ғылыми- зерттеу мақалаларын жазуға келіп тұрады. Жалпы қазақ және орыс тілдерінде кітап, газет, журнал беттерінде 300- ге жуық мақала, түрлі зерттеулер шықты. Мемлекеттің қолдауымен 2006 жылы өнер баспасынан «Темірші» деген атпен ғылыми -зерттеу альбомы шығып, сол кітап үшін Түрік Дүниесі алдында сіңірген еңбегі үшін атағы берілді. Бұл атақты өнердің басқа салаларынан алғандар бар, бірақ ұсталар болмаған, яғни бір ғана атақ және ол бізге бұйырды. Қазақ өнерінің қайраткері атағы берілді, ал 2019 жылы 11 сәуірде, «Мұздай темір құрсанып...» атты көрмеде халықаралық деңгейде аты белгілі ҚРҚА президенті Аманқос Ақанаев Ағайынды темірші үш ұстаның еңбегін бағалап «Құрмет орденің иегері», ҚР мәдениеті мен өнеріне қосқан елеулі еңбегі үшін Ұлы елдің тарандысы дипломымен және медалімен марапаттады.

F: Жалпы өнерлеріңізге шетел өте қызығады екен, ал еліміздегі қызығушылық қандай?

- Біздің елде өнерді бағалау жағы кенжелеу қалған, жұртты кінәлауға болмайды. Себебі, өнерді тану үшін терең білім керек. Дамыған елдерде бұл бағытта кішкентайынан тәрбие береді. Өйткені өнер таныған адамның ой -өрісі кең, парасаты биік болатынын ғалымдар білген. Біздің елде ондай мектеп қалыптаспаған, кәдесый сувенерді өнерден ажырата алмайтын лауазымды адамдар, журналистерді көріп жүрміз. Нағыз өнерді дәріптейтін танымдық бағыттағы журнал, кітап, телехабар, фильмдер жоқтың қасы. Байқап жүрміз, сувенирлік заттар музей төріне шығып кетті, қазақ оюын кез келген жерге жабыстырып, қазақтың киім дәстүрі ауытқып, эклетикалық үрдіс белең алып барады. Ал бізді білісті музей қызметкерлері біледі, музейге қаражат түсе бізді іздестіреді, өйткені көне мүлікті, зерттеу арқылы осы нәтижиеге қол жеткіздік. Жеке коллекционерлердің сұранысына жұмыс істемейміз.

F: Сіз үшін өнер қаншалықты табыс көзі?

- Шынайы өнермен айналысқан адамдардың ішінде байып кеткендері жоқтың қасы. Иә, алыпсатарлықпен, делдалдықпен байытындар бар. Ал, нағыз өнер адамының таланты 99% болады, ондай адам ешқашан жалқау болмайды. Ондай адамдар өз ұлтына өмір бойы қызмет етеді. Ондайлар байып, ақша жасау үшін өнермен айналыспайды. Олар барша адамзаттың рухани байлығына, қызмет етуге келген жандар. Өркениетті елдерде мәдениетті заңмен қорғап, қамқорға алады. Рухани азғындық, халқына құлдық қамытын кигізеді. Біз осы өнерімізді табыс көзі ретінде қарасақ, біздің бұл дәрежеге жетуіміз екі талай болар еді. Ой еңбегі мен қара күшті талап ететін бұл өнер көп зерттеуді, тәжірбиені, ізденуіді және көп уақыттты талап етеді. Байып табыс табу жолы, тез қаптатып, жасап өндіруге қойып, сату арқылы келетін жол, ол бізге келмейді. Ондаймен айналысып жүрген адамдар жеткілікті. Біз таңдаған саланы табыс көзіне жатқызуға болмайды. Бізде бұл өнерді халықтың бай мұрасы деп түсінетін бай мырзалар әлі қалыптаспаған. Сондықтан болса керек біз көмек берген бірде бір адамды кездестіре алмадық. Біз бар тапқанымызды балаларымыз бен өнерге салып, осы жолда жүрміз. Егер, көмек болған жағдайда халқымыз үшін істейтін жоспапрларымыз көп еді. Соның ішінде тәуелсіз елдің символы болатын қару -жарақ палатасын ашу еді. Бұл бастаманы 1995 жылдан бері жариялап, көтеріп келеміз. Өйткені шынайы қару- жарақ музейі керек, ол жазушы, суретші, тарихи, кино түсірушілерге таптырмайтын керек сала. Бұл суретшілердің кинода жасаған сауатсыз жұмыстарына тосқоуыл болар еді. Біз «Темірші» кітабын сол үшін шығарған едік.

F: Сіздің шәкірттеріңіз бар ма? Бұл өнерді үйренгісі келетіндер қаншалықты көп?

- Кеңес дәуірінде қазақ елінің әр түкпірінен шәкірт болғысы келіп, үйренуге құлшыныс білдірген балалар көп болды. Елімізден бөлек, Монғолия, Қытай еліндегі қазақтар келген еді. Бірақ, 1995 жылдан кейін олардың қатары сиреді.

F: Тек қолөнермен ғана емес, ғылыммен қатар айналысады екенсіздер.

- Киелі де қасиетті теміршілік ұсталығымен айналысу арқылы ұлтымыздың, қазақ халқының тұңғиық әлеміне терең бойлап, болмысын тануымызға жол ашылды. Бағзы дәуірде империя болып, әлемді шулатқан Ғұндар, Үйсіндер, Қаңлылардың болмыс тіршілігі, мәдениетті өнері қазіргі қазақтың мінезінен табылған көрдік. Оған дәлел теңдесі жоқ эпос, жырлардың молдығы. Аңыз әңгімелер, дастандар, мифтер, ән мен күй, музыкалық мұра, мақал- мәтелдердегі философиямыз. Тәңірлік табиғи дініміз, руникалық жазуымыз, космологиялық түсінігіміз, географиялық жер тану, атау беру. Астрономия мен аспан денелеріне атау беріп, айдар тағуымыз дәлел. Генетикалық тұрғыда жетік білуіміз, мал анатомиясын жақсы білуіміз, батаникалық шөптің қасиетін танып, оларға атау беруіміз. Төрт мезгіл жер ауыстырып, мал өсіруміз және тағысын тағылар. Сондықтан, біз өнеріміздің бигігіне ғылымға сүйене отырып жеттік. Дәлел болу үшін бір ғана мысал келтірейін. Мысалы асыл қару жасау тәсілін айтайын, араб елінен, яғни Дамаскіден шықты деген қару түрін қазақта қаралы жүз деп атайды. 2 -3 немесе одан да көп темір сорттарын біріктіріп, дәнекерлеу арқылы қамырша илеу арқылы жасайды. Дәнекерлеуді қазақтар пісіруі деп атайды. Осы пісіру мен қаралы жүз Дамаскіден бұрын қалыптасқанын жапон ғалымдары анықтады. Қазақта қарала жүз, қарала қара табан, берен, құрыш, көктемір сияқты темірге тән ат түрлері тілімізде көп кездеседі. Ал осы бағыттағы «Темірші» деген танымдық альбом мемлекеттің қолдауымен кітап болып шықққанын айттық, туынды 3 бөлімнен тұрады, олар: «Қару- жарақ», «Музыкалық аспаптар» және «Тұрмыстық бұйымдар». Бұл қазақ өнерімен айналысатындарға арналған танымдық кітап ретінде жарық көрді. Онда әрбір затың атауы зерттеліп, анықталып берілген. Қазақтың құнды дүниелерін толық зерттеп, зерделеп, этнографиялық тұрмысынның қалпына келтірілген нұсқасын беріп отырмыз. Қолдау болып, қаржы табылса, тағы бір танымдық кітап шығармақ ойымыз бар.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить