Қазақстанда кітап бизнесін дамыту үшін не қажет

«KITAP FEST 2019» фестивалі қалай өтті, қандай туындылардың тұсауы кесілді

Бұл сауалдарға еліміздегі ең ауқымды кітап фестивалінде Forbes.кz тілшісіне сұхбат берген авторлар  жауап береді. 

2019 жылдың 25 тамызы. Астаналық Арбат. Бас қалада алғаш ең ауқымды «KITAP FEST 2019»  фестивалі болып өтті. Іс-шараны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Астана жастары» мемлекеттік коммуналдық мекемесі, «Baurzhan» жеке қоры, «ABAYbooks» баспа үйі ұйымдастырды. Жобаның бас үйлестірушісі Майра Әлжанованың айтуынша жастар жылына орайластырылған жобаның басты мақсаты - оқырман мәдениетін қалыптастыру, жазушылар мен оқырмандарға бірыңғай алаң ұсыну, жастар мен балаларды кітапқа баулу.

KITAP FEST Нұр-Сұлтан қаласында алғаш өтіп отыр.  Бұған дейін Алматыда 5 жыл қатарынан ұйымдастырып келдік. Жобаға  25 астам кітап дүкендері қатысты.  Фестиваль аясында елорда тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шыққан 10-нан астам акция өтті. Олардың қатарында танымал тұлғалардың танымдық сұхбаттары, жаңа туындылардың тұсаукесерлері, I BOOK YOU кітап алмасу дәстүрі, кітап жәрмеңкесі, архивтік фотосуреттер көрмесі және т.б. ба. -дейді Майра.

«Жазушылар шатырында» оқырмандар сүйікті қаламгерлерімен кездесіп, жаңа кітаптардың таныстырылымына қатысты. Атап айтқанда, танымал пианист, Қазақстанның Халық әртісі Жәния Әубәкірова «Вариации на темы» кітабын, Еңбек сіңірген журналист, философия ғылымдарының кандидаты, зерттеуші Зира Наурызбаева «Четыре облака» атты еңбегін, жазушы, продюсер, режиссер, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Айдие Айдарбеков «Мое море – твое небо» атты өлеңдер жинағын, Халықаралық Өнер фестивалінің лауреаты, ақын Айжан Табаракқызы «Сен жыламашы» кітабын, балалар жазушысы, сценарист Зәуре Төреханова «Амина Туран в стране номадов» романын, жазушы, «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты Тинкай Кретова «Казахстанец» шығармасынжас жазушы, экономика және бизнес магистрі Әсел Қайратқызы «Қыз өссе елдің көркі» атты туындысын таныстырды.

- Фестивальдің бұл бөлігінде сондай-ақ, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Серікзат Дүйсенғазы жинағына енген жырларын ортаға салса, экономика ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мырзагелді  Кемел «Кітап – рухани құндылық» тақырыбында ой толғады, - дейді жобаның  бас үйлестірушісі.

Ал актриса Альмира Тұрсын Жазушылар шатырының арнайы қонағы атанып, жазушы Болат Жандарбековтың «Томирис» шығармасынан үзінді оқып берді.

Мен бұндай шараларды үнемі қолдаймын және олар өте қажет. Меніңше кітап фестивалі балалар мен үлкендер арасында оқу мәдениетін кеңінен қалыптастырудың, насихаттаудың бірден бір жолы. Қазір ақпарат заманы, бәрі алдыңда, қалағаныңды оқуға болады. Бірақ, кітап мазмұны мен мағынасының тереңдігі жағынан баға жетпес қазына болып қала береді. Өзім оқығанды өте жақсы көремін, бұл бір өз алдына ерекше әсер қалдыратын дүние, кітап оқу арқылы  өте ақылды адаммен тілдескендей, өзге әлемге тап болғандай  әсерде боласың. Сондықтан, мен бұл шараға қуана қатысудамын, бәрін түгел аралап шықтым, кітаптар алдым.   Жалпы, мен қазақ тілді кітаптарды сатып алғанды жақсы көремін, себебі олар орыс тілді туындыларға қарағанда көп кездесе бермейді. Маған негізі тәжірибелі психолгия, көркем әдебиет, оның ішінде көркем әдебиетке жасалған сараптамалық туындыларды оқыған ұнайды. Балаларым да оқығанды жақсы көреді, кейде өзім алып беремін, кейде өздері таңдау жасайды, - дейді Альмира Тұрсын.

«Кітап жайлы оффлайн» атауы берілген шатырда қоғам қайраткерлерімен, журналистермен, пікір көшбасшыларымен, табысты кәсіпкерлермен кітап тақырыбындағы өзекті мәселелер талқыланды. Шақырылған қонақтардың арасында Өркен Кенжебек, Айна Досмахамбетқызы, Динара Болат сынды белгілі блогерлер, саясаттанушы, ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Талғат Қалиев,  «Jеff Tailor» ерлерге арналған тігін ательесінің иесі Гаухар Өтелбаева, I Book You кітап порталының негізін қалаушы Марина Шарипова, медиажаттықтырушы Ақерке Берлібай, журналист, балаларға арналған ертегілер жинағының авторы Гулжазира Берікқызы болды. Олар «Кітап және спорт – табысты өмірдің қуатты қозғалтқышы», «Ақпараттық ағымда немесе соңғы 10 жылда БАҚ пен отандық әдебиет қалай өзгерді?», «Мені шабыттандыратын кітаптар», «Кітаптың жеке брендті қалыптастыруға қосатын үлесі», «Кітап оқуға қалай уақыт табуға болады?» деген тақырыптарда тұшымды пікірлерімен бөлісті. Ертегілер жинағының авторы Гүлжазира Берікқызының пікірінше кітап жазу арқылы табыс табуға болады, тек нақты жоспар қажет, зерттеу жасау керек, ең алдымен аудиторияны айқындап алған маңызды.

- «Гүлжазираның ертегілері» жинағына 13 ертегі енді. Тиражы 1500 дана. Кітаптың 90% әлеуметтік желідегі парақшам арқылы саттым.  Сонымен қатар, «7 books » және «Алматыкітап» Нұр-Сұлтан мен Алматыда біраз бөлігін сатылымға шығарды. Жалпы, бізде балаларға арналған әдебиеттер кенже дамып келе жатыр. Бірақ,  мен осы жағдайға байланысты белсене түрде  ертегілер жазуды қолға алдым  дей алмаймын.  Балалар туындыларын бала күтімі кезінде, жолдасымның берген кеңесі бойынша, бос уақытты пайдаланып осы жұмысқа кірісіп кеттім. Алдымен идеясын жаздым, жалпы өзіме 13 саны сәтті болғандықтан заманға сай 13 ертегінің тізімін жасап шықтым. Оның ішінде «Смартфон ұстаған мыстан кемпір», «Кәсіпкер кірпі» деген ертегіні атауға болады және достық, жануарлар, құстар, табиғат әлемі, адамдар арасындағы сыйластық, спорт, қазіргі фаст-фуд тақырыптарына өз ойымды қостым.  Ал қаражат отбасылық бюджеттен шықты.  Ертегілерді  шығару өзге әдебиеттерге қарағанда әлдеқайда қымбат, себебі оның салынатын суреттері көп, баяаулар сапасы, қауіпсіздігі тағы бар. Суретшіні де өзім таптым, идеясын да өзім ұсындым. Мен ертеглілерді тек  жазбаша ғана емес, аудио нұсқасын шығарып, әлеуметтік желі арқылы тараттым. Әрине, кітап арқылы табыс табуға болады, бизнес жасауға болады, бірақ оған уақыт керек. Бірнішіден, жазуға, сатуға уақыт кетеді, себебі бұл тұтынушылар күнделікті сатып алатын тауар емес. Екіншіден, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру керек, бұл ең алдымен ана-анаға байланысты. Қазір балалардың бәрі телефонға әуес, сондықтан кітаппен дос болу керек, тек ертегілер ғана емес, өзге де танымдық кітаптарды оқуға баулу қажет, дейді ертегілер топтамасының авторы  Гүлжазира Берікқызы

Шараға қонақ ретінде шақырылған жас жазушы, режиссер  Айдие Айдарбековтың ойынша қазіргі күні кітап бизнесін дамыту үшін  тек дүкендер саудасын ғана емес, ғаламтордағы алаңдарды тиімді пайдалану қажет. Бұл аудиторияны көптеп қамтудың және қомақты табыс табудың бірден бір жолы болып табылады.

-Қазір мен 2 кітаптың- «Спуститься с Небес» деген фэнтези- романның және «Мое Море Твое Небо» өлеңдер жинағының авторымын. Алайда, осы күнге дейін өзімді ресми жазушы  санаған емепсін. Ал «Kitap Fest» кітап фестиваліне қонақ ретінде қатысуым маған сенімділік берді. Екі кітабым  кезінде Google Play-дың ТМД бойынша Топ-10 үздік кітаптар қатарына кірген болатын.  Бірақ, соған қарамастан менің көздегенім ақша табу болған жоқ.  Иә, алғаш интернетке жариялаған кезде, Google мен Apple серіктестік бағдарламасы бойынша маған ақша түсіп тұрды.  Платформаның табысы әр түрлі - орта есеппен 50% белгіленеді.  Мысалы,  Google-да автордың пайдасына 52%. Кейін мен оларды ақысыз түрде  жасадым. Әрине, жазушылықпен өзімді дамыту үшін айналыса бастадым. Бірақ, болашақта бұл саланы мықтап қолға алсам деймін, оның үстіне бұл бағытта тәжірибем бар. Қазір біз Tengri Comics баспасымен АҚШ-та, Amazon медиа алыбына  тиесілі Comixology платформасында өзіміз жасаған комикстарымызды табысты сатудамыз, сондай-ақ оларды Қазақстан дүкендерінен де сатып алуға болады. Қазіргі кезде бірнеше туындыны шығаруды жоспарлап отырмын.  Олар:  комикстен романға бейімбелген «Ермек Батыр», «Романтика» аты әңгімелер жинағы және қазақ тіліндегі «Сенің, Сенім» повесі-дейді Айдие.

Спикерлер, сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының рухына тағзым етіп, ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған өлең оқу эстафетасына қатысты.  Фестиваль алаңында құрылған кітап жәрмеңкесінде 20-дан астам кітап дүкені, баспа үйлері мен интернет дүкендері өз өнімдерін сатуға қойды. Жәрмеңкеге «Фолиант», «Muqaba», «Эрудит», «Cамға», «Қазақ университеті» баспа үйлері мен «Meloman», «FoxBOOKS», «Мама, почитай», «Sevenbooks», «Big dream» кітап дүкендері қатысты.

Шарада ақын-жазушылар мен ХХ ғасырдың басындағы оқу үстіндегі қазақтардың сирек фотолары қойылған архивтік фотосуреттер көрмесі, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы, бетбелгі жасаудан тегін шебер-сыныптары ешкімді бейжай қалдырмады.

- Осы уақыт аралығында фестиваль шағын кітап алмасу дәстүрінен қаланың ауқымды мәдени-танымдық іс-шарасына айналып, халықтың ықыласына бөленіп үлгерді. Жыл сайын кітап фестивалі мыңдаған кітапсүйер қауымды, талантты ақын-жазушылар мен табысты блогерлерді, қоғам қайраткерлері мен белсенділерінің басын біріктіреді. 5 жыл ішінде «KITAP FEST» алаңында авторлар мен баспа үйлерінің қатысуымен 130-дан астам кітаптың таныстырылымы өтті, қонақтарға 20 мыңға жуық кітап сыйланды, 70-тен аса кітап дүкені жәрмеңкеге қатысып, 45 блогер өздерінің сүйікті кітаптарымен бөлісті. Бұл жолы I BOOK YOU акциясына 100-ге жуық адам қатысып, 600-ден астам кітап алмасты, - деді Майра

Айта кететін жәйт, Жастар жылы аясында «Астана жастары» МКМ жобаның жалғасы ретінде биылғы жылдың соңына дейін елордалық кітапсүйерлерге арналған оқу алаңдарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ал әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысатын «Бауыржан» жеке қоры бұл фестивальді Нұр-Сұлтан қаласында дәстүрлі түрде өткізуді көздейді.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
19968 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
3 апреля родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить