Айнұр Ақын: «Ұлы дала-көшпенділер әлемі» халықаралық фестивалінің болашағы зор

16212

Боралдайдағы халықаралық этно-мәдени шара қалай өтті, несімен ерекшеленді

2019 жылдың 7-8 маусым күндері  Алматыда «Ұлы дала-көшпенділер әлемі» халықаралық этно-мәдени фестивалі  дүркіреп өткен болатын. Қала әкімдігінің мұрындық болуымен 4 -ші рет ұйымдастырылған фестивальге  кімдер келді? Ол неге соңғы 3 жылда «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық кешенінде өткізіліп жүр? Қандай халықаралық сайыстар болды? Аламан бәйгеге тігілген тұлпарды кім тізгіндеді? Бұл сауалдарға Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген «Ұлы дала-көшпенділер әлемі» халықаралық этно-мәдени фестивалін ұйымдастырушы компанияның директоры Айнұр Ақын жауап береді.

Айнұр Ақынның айтуынша бұл аймақ бекер таңдалған жоқ, себебі тарихтың талай құпиясын ішіне бүккен қорғандар Алатау ауданында, Үлкен Алматы мен Боралдай өзендерінің арасында орналасқан. Оның үстіне Қазақстанның 100 киелі нысанының қатарынан ойып тұрып орын алған Боралдай археологиялық Сақ қорғандарын болашақта ең ірі кешенге айналдыру қолға алынып жатыр. Алматы аймағында ежелгі сақтардың қорымдары мен бұрынғы тұрғын жайлар жиі кездеседі, әсіресе Боралдай аумағында қорғандар көп шоғырланған. Боралдай сақ қорғандары - ерте темір ғасырынан сақталған бірегей ескерткіш. Мұнда сақтардың тұрғын жайлары мен қорымдары кешен күйінде сақталған , оның тарихы 2 жарым мың жылдан асып жығылады. Археологиялық кешен 47 сақ және үйсін қорғандарынан тұрады.

- «Ұлы дала-көшпенділер әлемі» халықаралық этно-мәдени фестиваліне биыл 17 елден 140-қа тарта өнерпаз келді. Фестивальді қазір біраз мемлекеттер біліп қалды. Негізінен өз ата-тегін көшпенді деп есептейтін ұлыстардың қызығушылығы жыл өткен сайын артып келе жатқандығы қуантады. Мысалы, биыл украиндық ағайындар өздері сұранып келді. Өткенге үңілсек, қазақтың тамыры тереңде. Бабалар жүріп өткен сүрлеуі мол соқпақты жолды жадымызда тоқу – әрбір Қазақстандықтың парызы. Осының бәрін екі күндік шарада қамтып көрсетуге, яғни тарих дөңгелегін өткенге бұруға тырыстық. Көшпенділердің жауынгерлік ойындары, сол кездердегі қару түрлерін пайдалануы, саятшылығы, ат баптауы, асы, қолөнері т.б көптеген тұрмыс-тіршілігі  жаңғыртылып көрсетілді. Мұндай іс-шара Ұлы дала  мұрагерлерінің  санасында жаңғырып тұруы керек, бұл сіз бен біздің тарихымыз . Біз Ұлы Даланың мұрагерлеріміз, - дейді Айнұр.

Дүбірлі той аламан бәйгесіз өтпеді. Автокөлік тігілген ат  жарыста Республиканың 7 облысы және 3 қаласы бойынша 34 шабандоз бақ сынады. Мәре сызығын бірінші болып қиып өткен Алматының «Қарқын» атты тұлпары болды. Ол 2017 жылы Қазақстан бойынша аламан бәйгеде бас жүлде алған сәйгүлік. Сонымен қатар, сан түрлі ұлттың басын қосқан шараны жамбы ату, садақ ату сайыстары қыздыра түсті.

- Араб тарихшылары: «Түркілер садақты атпен шауып келе жатып алға да, артқа да, оңға да, солға да, жоғары да, төмен де ата береді. Араб-харидтер бір оқты садағына салғанша, олар он оқты атып үлгереді. Түркінің төрт көзі бар – екеуі алдында, екеуі артында», – деген мағлұмат береді. Қазақ батырлары да «оғын жүзіктің көзінен өткізетін», «құралайды көзге атқан» садақкерлер болған. Біз осындай асылдардың сынығымыз ғой. Көшпенділер фестивалі болғандықтан міндетті түрде жыл сайын халықаралық деңгейде садақшылар мен жамбы атушылар сайысы өтеді. Биыл «Ұлы дала-көшпенділер әлемі» халықаралық этно мәдени фестиваліне арнайы шақырылған  қонақтардан тыс Қырғызстан, Мажарстан сынды бірнеше елдерден өз қаражаттарымен арнайы сайысқа келген адамдар болды, - дейді спикер.

Айнұрдың айтуынша ерлер арасындағы жамбы ату сайысында (шауып келе жатқан ат үстінде садақ ату) Қазақстандық спортшылар  алғашқы екі орынды өз қанжығаларына байлады. Үшінші орынға Монғолия жамбышысы шықты. Ал жамбышы қыздарымыз тіптен ерледі, олар үш орынды да өз қоржынмызда қалдырды. Ал садақшылар сайысында (ерлер мен әйелдер) екі жыл қатарынан Қырғызстандық мергендер бас жүлдені ешкімге бермей  тұр. Екінші, үшінші орындарды Украина және Башқұртстан спортшылары бөлісті.

- «Ұлы дала-көшпенділер әлемі» халықаралық этно-мәдени фестивалінің болашағы зор. Себебі, жыл өткен сайын Алматылықтар ғана емес, Республиканың түпкір-түпкіріндегі халықтың қызығушылығы артып жатыр. Сондықтан, мұндай мәнді де мағыналы жобаларды Алматы қалалық әкімдігі қолдайды және жүзеге асыруға ат салысады. Негізінен барлық іс-шара халық үшін жасалады ғой. Дегенмен де атап айтар болсақ, Алматы қалалық әкімдігі  екі күн бойы мегаполистің 4-бұрышынан фестивальге келушілер үшін Боралдай сақ қорғанына қатынайтын арнайы автобустар жасақтады, - дейді ұйымдастырушы компанияның директоры.

Биылғы фестиваль қазақстандықтармен бірге шетелдік қонақтарға ерекше ұнаған. Ұйымдастырушылар бұл фестивальді қызықты, пайдалы әрі есте қалатындай етіп өткізуге тырысқан. Сол үшін 40 ақшаңқан үй тігіп, этно ауылға бие байлаған, көпшілік бие баудағы биені сауу үрдісімен танысып, саумалдан ауыз тиді. Көшпенділердің жерге, шоққа көміп, дайындайтын ет, нан өнімдерін әзірленді, сүт тағамдарын дайындалды.

- Ашылу салтанаты көпшіліктің жүрегін тербеп, көзіне жас алғандықтарына өзімізде куә болдық. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Жарты сағаттық қойылымға біз көшпенділердің Ботай дәуірінен бастап  Жібек жолына дейінгі басты-басты өмір тарихын, жетістігін сыйдыруға тырыстық. Ашылу салтанатына 300 –ге жуық бишілер мен әртістер тартылды. Бар мақсатымыз көптің көңілінен шығу болды, шүкір мақсатымызға қол жеткізген сыңайлымыз, - деді сұхбат беруші.

Фестивальда балалар демалысына ерекше мән берілген. Айнұрдың пікірінше  өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз ұрпақ тәрбелейміз десек, осындай тағылымы мол дүниелерді көрсетіп, танытып өсіруге міндетке айналуы тиіс. Сондықтан балаларға арналған кішкентай киіз үйлерді жығу, тігу, оның жабдықтарымен таныстыру үшін арнайы мамандарды тартылған. Ұлттық ойындар ойналып, сайыстар ұйымдастырылып, қуыршақ театры шақырылып,  атракциондар жұмыс істеді. Сонымен қатар, қолөнершілер, зергерлер мен ұсталар шараның көркін кіргізді

- Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек...Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қол өнерлі — қазақтың төресі сол – деген ғой, Абай атамыз. Былтырдан бері, «Ұлы дала-көшпенділер әлемі» халықаралық этно-мәдени фестивалі бітіп жатқан күні қолөнершілер келесі жылға жазылып қоюды әдетке айналдырып алды. Өз елімізден ғана емес Өзбекстан, Қырғызстан, Бурятия, Саха сынды елдерден де келіп, өз бұйымдарын ортаға салып жатқан шеберлер бар.

Шараға алыстан арнайы келген қонақтардың бірі антрополог Андраш Биро. Ежелгі Ғүн, Түркі әлемі, Көшпенділер өмірін зерттеумен айналысып келе жатқан мажарстандық ғалымның пікірінше бұндай фестивальдердің маңызы зор және оның ауқымы жыл санап кеңейіп келеді.  

- «Ұлы дала -көшпенділер әлемі» халықаралық этно мәдени фестивалі біздің Құрылтайды өкшелеп келе жатқан жобаның бірі. Жыл өткен сайын ауқымы да мән-мағынасы да кеңейіп жатқандығына куә болып жүрміз. Біз бұл фестивальдің басты қонақтарының бірі болғандығымызды мақтан етеміз. Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек мырзаның және оның командасының ұстанып отырған бағыты дұрыс деп есептеймін, себебі бұл көшпенділер ұрпағына керек жоба. Бұл біздің ортақ тарихымыз. Тарихты ешкім ұмытпауы керек, - дейді Биро.

Украинаның халық әртісі Олег Григорьев бұл шараға алғаш қатысып отыр. Запорожье тұрғыны  бұндай деңгейдегі фестивальді бұрын-соңды көрмегенін айтады. 

- Мен «Ұлы дала -көшпенділер әлемі» халықаралық этно мәдени фестиваліне бірінші рет келдім. Алған әсерімді тілмен жеткізіп айта алар емеспін. Фестиваль өткізілген аймақ қандай әдемі, қала Алатаумен астасып көрінеді. Ашылу салтанаты керемет әсерлі өтті, адамдар жылап тұрды өз көзіммен көрдім. Мен әлемді аралап талай фестиваль, құрылтайларға қатысып жүрмін ғой, бірақ мынадай ауқымды қамтып, мынадай деңгейде өткен жобаны көрген емеспін. Бұл мен көрген ең мықты фестиваль дер едім.

Саха Республикасының халық әртісі Юлиана Кривошапкинаның да бұл мерекеден алған әсері ерекше. Алматының аспанын әнге бөлеген Якутиялық әнші Боралдайға келген бұқараның өнерге деген сүйіспеншілігін, ұйымдастыру деңгейін айрықша атап өтті.     

- Мен өз басым бұл фестивальді өте жақсы көрем. Музыкаға деген халық сүйіспеншілігі, бауырмалдылығы, жанашырлығы өте қатты сезіледі, өз үйімде жүргендей сезімде боламын. Алматы өте әдемі қала. Ұйымдастырушылар өте биік деңгейде шақырылған шетелдік қонақтарға да қарапайым фестиваль келушілеріне де қызмет жасап жүгіріп жүреді. Бұл әрине, сені келесі жолы тағы осы фестивальге қайтып оралуыңа итермелейді, - дейді Юлиана.

Айнала тігілген киіз үйлер, ұлттық киім киген түрлі ұлт өкілдері, он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері, тіл үйірер дәмді тағамдар, делебені қоздырар аламан бәйге, ат құлағында ойнаған шабандоздар мен палуандар, құралайды көзге атқан мергендер мен әр елден келген  күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілерді көрген халық ежелгі дәуірге саяхат жасап қайтқандай күйге түскен. 

- Біз фестивальге отбасымызбен екінші жыл келеміз. Немерелеріме қатты ұнайды. Неге бұл үйлер осылай тұра бермейді? - деп ренжиді. Этно ауылда  тас диірмен тартып, келі түйді. Бұндай нәрсе баланың жадында мәңгі сақталып қалады ғой. Сондықтан мұндай фестивальдің ұрпаққа берер тағылымы мол, рухты көтереді. Алматыға этно ауыл соғып қойса, ол жыл он екі ай жұмыс жасап тұрса керемет болар еді, – дейд шараға келген Алматылық зейнеткер Бақыт Кәрібаева.

 

Жүздеген, мыңдаған адамның басын қосқан  фестиваль осылайша қала тұрғындары мен қонақтарына  қайталанбас көңіл күй сыйлады. Ал, дүбірлі той қалыптасқан дәстүрге сай алдағы жылы қайта ұйымдастырылады және оның маңызы мен ауқымы одан сайын арта бермек.   

- «Ұлы дала-көшпенділер әлемі» халықаралық этно-мәдени фестиваліне биыл барудың сәті түскеніне қуандым. Бір жерде, концерт, бір жерде ат ойнап аударыспақ болып жатыр, бір жерде қымыз сапырылып, шоқта нан пісіп жатыр, осы көріністерді, осы сәтті мен қатты сағынып аңсап жүр едім. Қазіргі қазақтың тойларына көңілім толмайды, себебі жасандылық көп. Қаншама шетелдік қонақтар жүр, жәй жүрген жоқ өнерін көрсетіп жатыр. Бұндай іс-шаралар халықты рухтандырады, асфальтта өскен балаларға қазақтың кім болғандығын таныту үшін өте қажетті шара. Ұйымдастырылу өте биік деңгейде болды, қатты ұнаған бір тұсы ашылу салтанаты да концерттерде тек қазақ ағылшын тілдерінде өтті. Болашақ қазақ тілі еккендігін дәлелдеді, өзім қатты рухтанып қайттым, - «Мінбер» журналисттерді қорғау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы.  

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить