Қуат Хамитов кімдермен келісім-шарт жасады, кезекті қарсылас кім?

10019

Аралас жекпе-жектің шебері спортпен бизнесті және шоу бизнесті қалай байланыстырды

Бұл туралы Қуат Хамитов Forbes. кz тілшісіне айтып берді.

F: Қуат, қазірге дейін қанша кездесу өткіздің, олардың қаншасы жеңіспен аяқталды? Бүгінгі көрсеткіш қандай? Олардың ішінде келіспейтіндерің бар ма?

- Жалпы, 26 жекпе-жек өткіздім. Оның 20 жеңіспен, қалған 6 кездесуде жеңіліс болды. Бірақ, келіспейтін кездесулер көп, мен тек олардың екеуінде ғана ұтылдым деп ойлаймын. Оның біріншісі Bushido FS чемпионы, кезінде Pride чемпионы болған атақты Гоми Таканориді   жеңген Сергей Галяевпен болған кездесу. Мен ол кезде «Алаш Прайд» қатарында болдым және бұл командамның қателігі болды деп ойлаймын, ондай қарсыласпен бір апта қалғанда ешбір спортшы келіспес еді. Бірақ мен жас болдым, қаным қызу болды.  Сол кезде мен бір рет жеңілдім, одан кейін ONE FC  спортшысы, америкалық Лоуэн Тайнанеспен кездестім.  Бұл кезде де жекпе-жекке дайындалып жүрген кезде, Тайланда мотоциклмен апатқа ұшырап,  кейін ұпай санымен жеңіліп қалдым. Одан кейін Зубайра Тухуговпен шықтым, ол да екі апта қалғанда болды. Бұл кезде маған жаттықтырушым дайын емес екенімді айтты, бірақ мен оның сөзіне мән бермей,  қандай мықты болса да мені нокаутқа түсіре алмайды, қылқындыруға шамасы жетпейді деген оймен шыға бердім.  Бұның бәрі тағы да жастықтың қателігі, жастықтың буымен болды. Осындай бір өкішішті жекпе-жектер болды, бірақ оларды жеңіліс деп есептемеймін, тек шамалы дайындалу керек еді. Сондай –ақ Жапонияда бір жағдай болды, онда бастан соғуға болмайтын еді, ал мен бір спортшы екі рет нокдаунға жіберіп, құлап бара жатқан кезінде автоматты түрде ұрып жібердім. Осындай даулы кездесулер болды,  бірақ басында бәрін дұрыс жасап, жақсы команда, жақсы менеджерлер болғанда бәрі басқаша болар еді.

F: Бала кезіңде каратэ, кейін грек-рим күресімен айналыстың. Ал бұл спорт түріне келуіңе кім себепкер болды? Таңдау қалай жасалды?

- Иә, 8 сыныпқа дейін каратэға бардым, одан кейін күреске. Грек-рим күресімен айналысып жүргенде досым екеуміз  UFС кассеталарын қарап,  жаттығудан кейін спарринге шығып жүрдік. Осылай оқуды бітірдік, студент болдық, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасында жүргенде телеарнадан  «Железная орда» деген сайыс болатын. Менің әкем ондағы жекпе-жектерді жібермей көретін және жеңіліп қалған қазақ спортшыларына  ашуланып отыратын еді. Сол кезде маған осы жерге барып неге бағымды сынап көрмеске  деген ойлар келетін, тіпті оларды жеңетінімі де сенімді болатынмын. Осылай жүргенде бізді бір үйге қонаққа шақырып, сонда бір ағамыздың танысы жазғы демалыста күрестен бөлек  «Железная орда» сайысына қатысып көруді ұсынды. Содан спаррингтерге барып, одан өтіп, солай ережесіз жекпе-жекке ауысып кеттік. Басында бәрі хобби ретінде басталды, ал оныншы жекпе-жектен кейін Лондонға барып, онда жеңіске жеткеннен кейін осы бір спорт түріне өтуді ойлана бастадым және  оны түбегейлі қолға алуды шештім.

F: Қазіргі келісім-шарт кімдермен жасалған?  Өзге елдерден, басқа ұйымдардан   ұсыныстар болды ма? Олар кімдер?

Иә, келісім-шарттарға қатысты ұсыныстар көп түсіп жатады.  Соңғы кездесуде    Fight Night тұжырымы бойынша  келісімшартым аяқталды.  Содан еркін агент болғандықтан АСВ, ACA деген  және JFC ұйымынан ұсыныстар келді, Манчестердегі WFC ұйымы тарапынан ұсыныс жасалды. Fight Night президентімен кездесіп, олармен тағы келіссөздер жүргіздік және мен осы ұйымда қалуды шештім. Қазір JFC ұйымы ашылуда және мен олармен келісімге келіп, жуық арада сонда өнер көрсететін боламын.

F: Келесі кездесу қай кезге белгіленген? Қайда өтеді? Қарсылас кім? Ол туралы  пікірің қандай?

Келесі  жекпе-жек  2019 жылдың  13-ші желтоқсанына белгіленген, кездесу  Сочиде өтеді. Қарсыласым-Нурилло Алиев, тәжікстандық спортшы, жасы 20-да, панкратионнан екі дүркін әлем чемпионы, әскери самбодан Азия чемпионы,  JFC тұжырымы бойынша чемпион,  өте мықты, атақтарына қарап оның қандай екенін айта беруге болатын шығар, бұйырса  сол чемпионмен кездесемін, қазір қарсыласты зерттеуеміз, бәрі жақсы.

F: Дайындық қалай жүріп жатыр? Қайда жаттығудасың? Қазіргі күн тәртібі қандай?

-Жаттығуымыз жаман емес. Осы Алматы қаласында дайындалудамын. Жалпы жекпе-жек болмаған кезде күніне бір рет жатығу жасасам, бұл демалыс деп саналады. Ал кездесу жақындаған кезде, бір жарым,  екі ай қалғанда екі мезгіл жаттығу болады. Бұл таңертең және кешке. Мысалы, дүйсенбі таңертең күрес болса, кешкісін  жалпы физикалық жаттығу, кроссфит. Ал сейсенбі таңертең спарринг, кешкісін күрес сынды жүйелі жаттығулар болып жалғаса береді. Тек сенбі, жексенбіде ғана демалыс.

F: Қуат Хамитов бұрынғыдай неліктен жиі шықпай кетті. Себебі неде? Лайықты қарсылас болмады ма?  Бұл негізі неге байланысты?

- Жалпы  жылына бір-екі жекпе-жек өткізу өзіме де ұнамайды. Себебі, мен жыл бойы жаттығамын, жыл бойы формада боламын. Бұл мен келісім-шартқа отырған Fight Night ұйымына байланысты, онда біраз проблемалар болды, жарыс өткізу тоқтап қалды, содан көп демалып қалдым. Қазіргі JFC  ұйымымен келісімге отырғанда оларға екі ай сайын кездесу өткізуге әзір екенімді айттым, ал олар өз кезегінде жылына 4 жекпе-жек ұйымдастыра алатындарын мәлімдеді. Ал  FN бойынша кем дегенде 2 жекпе-жек өткізсем,  келесі жылы, жалпы жылына 5-6 кездесу өткізетін боламын. Ал  шықпай қалуым маған баланысты болған жоқ. Бұл жерде бокстағы сияқты емес, өзіңе қарсылас таңдай алмайсың, жарысты белгілей алмайсың, сондықтан бәрі өзің жұмыс істейтін ұйымға байланысты. Уақытын, мерзімін солар белгілейді, сондықтан келесі жылы демалған уақыттың есесін қайтарамын.

F: Сенің жеңістерің қалай бағаланады? Ең жоғары сыйақың қандай болды?

- Сыйақы келісім-шартқа байланысты. Ал оның көлемі өзгеріп отырады. Кештің басты жекпе-жегіне берілетін ақы бөлек, титулды кездесудің көлемі басқа, өз еліңде өткізген жекпе-жекке басқаша төленеді. Келіскеніңе байланысты, кейде $20 000, кейде $25 000  болады.  Бірақ, біз тек ақша үшін шығып жүрген жоқпыз, миссиямыз ондай емес. Себебі, біз басында ережесіз жекпе-жекке ауысқанда осындай ұйымдармен жұмыс істеп, халықаралық дәрежеге шығып кетеміз  деп ойлаған жоқпыз. Біз ең алдымен жастарға жол көрсетіп, олардың үлкен дәрежеге жетуіне ықпал етсек деген оймен бастадық. Себебі, спорттан төлесе де, төлемесе де кетпейсің. Ал ақша  біз үшін сыйлық, бонус болып табылады.

F: Шоу-бизнесте белсенді екеніңді байқап жүрміз. Бұндағы мақсат қандай?

- Шоу-бизнесте ерекше белсендімін деп айта алмаймын. Бірақ, спортпен шоу-бизнес бір-біріне жақын. Бұл салада достарым көп, олар клипке, киноға, бағдарламаларға шақырып жатады. Шақырған соң барамын, сол ортада болуға тырысамын.

F: Қандай киноға, қандай клипке түстің? Кімдер шақырды, қандай киноға, қандай рөль ұсынды?

-Көп шақырды. Мысалы «Меломен» тобының клипіне түстім, Дастан Оразбековтың, Салтанат Бақаеваның клиптеріне,  жалпы 4-5 клипқа, 4-5 киноның эпизодына түстім. Қазір бір киноға түсуім керек, бірақ бұл жоба қазір тоқтап қалды. Ұсыныстар көп, бірақ мен жекпе-жек жақындағанда бәрінен бас тартамын. Тек жаттығу. Бағдарлама, той, кеш дегендер кейінге қалады.

F: Жуырда гонорары жоғары бір фильмге шақырғанын айтып едің. Бұл қандай туынды? Кімді ойнайсың, табыс көлемі қандай?

- Мен киноға шақырғандар негізінен таныстарым болғандықтан ақшасына көңіл бөлмейтінмін. Жуырда шоу-бизнестегі достарыммен  бір жобаға қатысты әңгімелестік, бағасы туралы айттық, олар ұсынған және мен айтқан ақыға  келістік. Өте жақсы ұсыныс болды, көңілден шығады. Сондықтан, түсіру басталғанда көреміз, әзірге фильмді түсіру уақыты басқа кезге шегерілді.

F: Жалпы әлемдегі спорт жұлдыздары жарманада белсенді. Саған компаниялар тарапынан ұсыныстар болып тұра ма? Кімдер тарапынан жасалды?

-Иә, жарнамаға қатысты да ұсыныстар түсіп жатады. Қандай компаниямен, қандай жарнама жасау керек туралы шешімді менеджерім қабылдайды. Жарнамамен айналысамыз, олардың ішінде энергетикалық, букмекерлік компаниялар болады, спорттық және кәдімгі тағамдар бойынша, оның ішінде сусындар, энергетикалық сусындарға қатысты ұсыныстар болады.  Біреулермен келісеміз, кейде келіспей жатамыз, бұл ұсынысқа байланысты, жалпы оларды қабылдауға дайынбыз.

F: Майк Тайсонмен  кездескеніңді  байқап қалдық? Бұл қай кезде болды, онымен қай жерде жолықтың?

Иә, бұл 2017 жылы Питер Куиллимен болған кездесуден кейін болды. Сол кезде Алматы-аренаға  Майк Тайсоннның келетіні туралы айтылды. Ал, менің жекпе-жектен кейін аяғым ісіп, қатты ауырып, ақсап қалған едім. Бірақ, кішкентай кезімнен көріп өскен әйгілі боксшымен бетпе-бет кездесу үшін ештеңеге қарамастан, сонда  қарай асықтым. Бұл бір керемет күн болды, керемет кездесу болды. Ол өзінің керемет әңгімелерін айтты, пайдалы  ақылымен бөлісті.

F: Аралас жекпе-жектегі кез келген спортшының арманы UFС алаңында өнер көрсету. Бұл дәрежеге жету үшін қазір не қажет? Бұл бағыттағы  мақсатың қандай?

Енді UFС- ға шығу үшін бір 3-4 жекпе-жек керек. Сол кездесулерде жеңіске жеткеннен кейін, оның менеджерлерімен кездесуге болады. Қазір олар бұрынғы КСРО елдеріне енді ғана кіріп жатыр. Сондықтан, қазір UFС-ға кіру біраз жеңілдеді, себебі бұрын олар тек Америка, Еуропада өткізіп келсе, енді Азия, Орталық Азия елдеріне қарай бет алып келеді. Өйткені осында кездесулер ұйымдастыруға қызығушылықтары жоғары, сондықтан 3-4 жекпе-жекте жеңіске жетіп жатсақ, одан кейін бұл ұйыммен келісімшартқа отыруға болады деп есептеймін.

F: Қолыңда қомақты қаражат болса немесе алдағы жекпе-жектерден үлкен көлемде табыс түскен жағдайда оны қай бағытқа, қандай бизнеске салар едің? Ойлап жүрген жобаң бар ма?

- Иә, Алматының шетінен спорт кешенін салу ойымда бар. Қазір Іле ауданында әке-шешем тұрады, біз алдағы көктемде сол жерден ауыл балаларына арнап  кешен  ашсақ деп жоспарлап отырмыз. Барлық қаражат соған кетеді, бұйырса.  Спорттан бөлек өзге жобаларым бар, бұған дейін жақсы бизнеспен айналысқан кездерім болды, достарыммен бірге істедік, бірақ кейін олар банкротқа ұшырады. Себебі, бизнесте бірде былай, бірде басқаша болып жатады. Сондықтан, алдағы жекпе-жектен қомақты ақша түссе, оны спорт кешенінің құрылысына саламыз.

F: Қандай бизнеспен айналыстыңдар?

- Ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыспен айналыстық. Қазір бауырларыммен бірге автоматон деген бизнесті жүргізудеміз, бұл ММ Group, терезелермен айналысамыз. Болашақта «Найман» жауынгерлік клубтарының желісін ашу жөнінде мақсат қойып отырмыз.

F: Менің спорттағы жетістіктерім әлі алда деген едің. Бұл жерде жасқа  шектеу бар ма? Мансабыңды қай кезге дейін жалғастырасың?

-Спортта бәрі денсаулыққа байланысты. Қазір америкалықтар 40 жасқа дейін өнер көрсетіп жүр. Сондықтан, менде бәрі дұрыс болса, алда әлі 5 жылдай өнер көрсетсем деген ойым бар. Қазір менде 26 кездесу болса, болашақта Мұхаммед Әли сияқты көп жекпе-жек өткізіп, рекорд жасап,  спорттан жалпы 47 кездесу өткізіп кетсем деген ниетім бар.  Себебі, бізде жасқа байланысты шектеу жоқ, сондықтан алға осындай мақсат қойып отырмын және соған жетуге барымды саламын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить