Тимур Спатаев: Бәрі де мүмкін, табысқа жету үшін тек талпыну қажет

17812

Қол күрестен Қазақстан және Азия чемпионы күштік экстримді қалай меңгерді

Әскери қызметкер қалайша әмбебап спортшы атанды? Қауіпті қойылымдар қалай және қанша уақыт дайындалады? Қазақстандық рекордтар кітабіне (КИнЭС) қалай енді?  Бұл өнер түріне деген қызығушылық қандай, қаншалықты бағаланады?  Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген Тимур Спатаев айтып берді.

F: Тимур, Сіздің әскери екеніңізді білеміз? Қандай құрылымдарда қызмет еттіңіз, қазір қорғаныс саласына қатысыңыз бар ма?

- Иә, әскерде біраз жыл қызмет еттім. Бірақ, қазір қарулы күштер қатарында емеспін. Дегенмен, өзімді әлі де сапта жүргендей сезінемін. Ал,  шыдамдылықты, намысшылдықты, отаншылдықты, бір сөзбен айтсақ бәрін  әскерден үйрендік. Меніңше, әрбір қазақ баласы әскери өмірді көру керек. Мен негізі әскери борышымды Семей өңірінен бастадым, сосын Алматыға ауыстым,  өзім негізінен спорт ротасында, барлау ротасында, әуе десантшылар бөлімінде істедім, яғни офицер шенінде. Әскерден кейінгі жоғары білімімді Алматыдағы Құрлық әскерлері әскери институтында алдым. Қазір астаналықпын. Осында қорғаныс істері жөніндегі департаментте қызмет еттім, жедел қызметтің басшысы болдым. Бөлім басшысы қызметіне дейін еңбек етіп, өзімнің оспарларым болғандықтан 2017 жылы келісімшартты үздім. Ал қорғаныс саласына кез келген уақытта оралуға болады.

F: Сізді сегіз қырлы, бір сырлы деп жатады. Спорттың қандай түрлерімен шұғылдандыңыз?

- Әскерде жүріп халықаралық дәрежедегі спорт  шебері атандым, шаңғыдан, судың астында жүзуден чемпион атандым, қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер болдым. Қол күресті де әскерден бастадым. Әскерде жүріп қарулы күштер арасында чемпион болдым, Қазақстан бойынша чемпион болдық.

F: Армрестлингтен, яғни қол күрестен Қазақстан чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шеберісіз. Қандай елдерде, қанша мемлекетте болдыңыз, қандай нәтиже көрсеттіңіз? Ерекше есте қалғаны қайсы?

- Қол күрестің арқасында біраз шет мемлекеттерде болдым,  Иран қаласында Азия чемпионы, Өзбекстанда Азия чемпионы атандым, Ресей, Қырғызстанда өткен жарыстарға қатыстым, Еуропада өткен әлем чемпонатында  Қазақстан намысын қорғадым. Ерекше есте қалғаны Иранда, Тегеран қаласында,  онда мен алып ирандықты жеңген болатынмын, сол кезде көк байрақты желбіреткен жергілікті қазақтардың  мені қолдап, жеңісіме қатты қуанғанын көрдім және олар керемет қарсы алып, шығарып салды.

F: Қай өңірде дүниеге келдіңіз? Қайда жаттықтыңыз?

Мен Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылында дүниеге келдім. Біз жақта спортшылар өте көп, солардың ішінде Ардақ Назаров, Жасұлан Қыдырбаев сынды әлем чемпиондары бар.  Онда спортпен айналыспау мүмкін емес, себебі, қыста қар қалың жауады, оны күн сайын күреу бар, өйткені ауылымыз таудың етегінде орналасқан, үйдің,  малдың шаруасы тағы бар, оларды жайылымға айдау керек.  Сондықтан, балалық шағым табиғат жағдайында жүгірумен, шынығумен, жаттығумен өтті. Бір сөзбен айтқанда мені ауыл мен әскер жаттықтырды.

F: Жалпы Қазақстанда қол күресі қаншалықты дамыған? Деңгейі қандай? Бұл спортқа қаншалықты көңіл бөлінуде? Кімдерді атап өтер едіңіз?

Қазақстандағы қол күрес өте жоғары деңгейде дамыған. Біз, яғни жолдасым екеуміз  армрестлинг федерациясынының  астаналық президентіміз. Әйелім де қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен чемпионатта бірінші орын алды.  Отбасымызбен шұғылданамыз, жарым да, балам да, қызым да спортта.  Қазір бұл қол күреске барынша көңіл бөлінуде, федерациясы бар, Қазақстанның әр аймағында керемет дамыған. Соның ішінде Түркістан облысындағы  Шардара деген ауданды ерекше атап өту керек, сол жерде өте керемет дамыған, Қазақстанмен бірге Қытай, Өзбекстан, Қырғызстаннан сонда барып  жаттығып жатады. Аймақтағы қол күрес спортының негізін  Арман Қарыспаев деген ағамыз қалаған, бір ғана ауылдан шамамен 10 астам әлем чемпионы бар, 20 шақты Азия чемпионы бар, көптеген спорт шеберлері шыққан. Біз бұл спорт түрі бойынша Ресейден кейінгі екінші орындамыз.

F: Ал енді қол күрестен күштік экстримге қалай ауыстыңыз? Қазақстанда танымал рекордшы Сергей Цырульниковпен бірге өнер көрсетіп жүргеніңізді көрдік. Бұл палуанмен қандай байланысыңыз бар?

- Біріз уақыт бұрын қала мектептердің  бірінде Сергей Цырульниковпен бірге өнер көрсеттік. Сонда оның өнеріне қатты қызықтым, соол кезде  оның істегенін мен неге істей алмаймын деген ой келді. Иә, сырт көзге  оның жасағанын қайталау мүмкін емес сияқты көрінеді.  Әрине, оның салмағы 120 кг, менікі 80 кг, үлкен айырмашылық бар.  Бірақ, мен намысқа тырыстым, алдыма мақсат қойдым, тынымсыз жаттықтым, уақыт өткенде Сергейдің байлаған шегесін мен де байлайтын дәрежеге жеттім, оның майыстырған темірлерін мен де майыстыра алатын болдым, оның көтергенін мен де көтердім, тек оған белгілі бір уақыт керек болды.  Бұның бәрі маған қатты қиындық туғызған жоқ, себебі мен 20 жылдан бері спорттамын, ең бастысы ішкі жан дүниені дайындау керек. Мысалы, грелканы үрлеп жаруға көп уақыт кетпеді, себебі мен су астында жүзуден чемпион болдым, ал шынжыр үзу әрине қиындау болды, оған арнайы изометриялық тұрғыда дайындалдым. Ал, Сергей айтып жүрген изометрияны қазір қарап отырсам сонау әскерде бастаған екенмін, яғни, кереуетте жатқан кезде білегімді қатыру үшін оны белбеумен тартып қойып ұйықтайтынмын. Ал оның изометрия екенін кейін білдім. Сол мектептегі қойылымда мен екі шегемен дене көтеру жаттығуын жасадым, ал оны көрген Сергей таңқалды, қалай жасадың, мыған былай жасау өте қиынға соғады деген болатын. Дәл осы кезде маған күштік экстрим түрлерін жасау туралы идея келді және екі шегемен жаттығып бастадым. Өздеріңіз көргендей 2018 жылы үш шегенің үстінде тұрып, дене жаттығуын жасап, Қазақстанның рекордын орнаттым. Ол негізінен екіжүздік шегелерді байлайтын, ал мен биыл  үшжүздік шегелерді 1 минут 36 секундта  байладым. Осыдан кейін Сергей шақыра бастады, бірге қойылымдар көрсеттік, осылайша онымен Қазақстанның әр аймақтарында өз өнерімізді көрсете бастадық, екеуміз және Әмір Махметов деген тағы бір жігіт бар, ол  әлемнің үш дүркін рекордшысы,  джиу-джитсудан әлемнің екі дүркін  чемпионы. Алты жасар баламды да бірге алып жүремін, сол төртеуміз қазір еліміздің әр аймағында, арнайы шақырту бойынша халықтың алдында шығып  жүрміз.    

F: Үш шегенің үстінде тұрып рекорд орнаттыңыз. Ал оны қайталағандар бар ма?    

Иә, бұл қойылымды жасауға талпынғандар болды, бірақ мен өзім әлі көрген жоқпын. Маған бейнекөріністерін жіберген болатын. Бірақ, онда екі шегемен жасауға тырысқандар болды, бірақ үш шегемен орната алмады. Егер, болашақта ондай жігіттер шығып жатса, менің жолымды жалғастырып жатса,  мен оған тек қуанамын.

F: Демек, Сергеймен бәсекелес емес, керісінше серіктес болдыңыздар ғой? 

Иә, Сергеймен байланысымыз өте жақсы. Ең алдымен  екуміз де әскери қызметкерміз. Жүрегі кең, отаншыл,  қазағым деген жігіттердің бірі, оны жақсы білесіздер. Жақсы қарым-қатынастамыз, бұрыннан доспыз,  отбасымызбен жақын  араласамыз. Қайда жүрсек те бір-бірімізге қолдау көрсетіп, бар өнерімізді халықпен бөлісуге әзірміз. Алдағы уақытта жоспарлаған біраз іс-шараларымыз бар. Соның бәріне бірге жетеміз деген ойларымыз, жоспарымыз бар. Бұйырса оны да көресіздер. 

F: Қазір қандай трюктарыңыз бар? Оларды қалай дайындайсыз?

- Әрине, қазір халықты таңқалдыру оңай емес. Жұрт алдында жәй нәрсе көрсету үшін шықпайсың. Қойылымдарымыз өте көп, сондықтан халықтың алдына шаққан кезде жаңа, ешкімнің қолынан келмейтін жаңа дүниелерді көрсеткіміз келеді. Сол үшін көп дайындаламыз.

F: Әншілікпен бірге ақындық өнеріңіз бар екен. Қандай өлеңдер жазасыз, қандай әндер орындайсыз. Бұл өнеріңізді көпшілік назарына ұсынатын мүмкіндіктер болды ма?  

- Менің жазған біраз өлеңдерім бар. Бірақ, оларды арнайы кітапқа енгізу үшін шығармаймын. Ойыма келген кезде жазып отырамын, бірақ олар жарыққа шыққан жоқ. Кім білсін, болашақта шығатын да шығар. Негізінен, отан, жастар, патриоизм туралы жазамын. Ән саламын, домбыра, гитара тартамын, себебі жігіт «сегіз қырлы, бір сырлы» болуы тиіс. Сондықтан, өнер, білім, спорт, осы үшеуін бірге алып жүру керек деп ойлаймын.   Үш жыл қатарынан патриоттық әндер фестиваліне қатысып,  төртінші жылы «Қазақстан» деген ән жазып, әскерилер арасында жүлделі орынды жеңіп алдым. Бұл жерде де намысқа тырыстым. Бұның бәрі  қанмен берілген қасиет шығар, себебі әкем палуан, анам әнші болған.

F: Жалпы Сізді көбінде кімдер шақырады? Қайда шақырады? 

- Біз бұған дейін Тюмень қаласында өнер көрсетіп қайттық. Күні кеше ғана Өзбекстанның Қоқан қаласында болдық, онда қыркүйектің  10 мен 15 аралығында 72 мемлекеттің қолөнершілері келді. Қазақстаннан 20 астам шебер барды. Екі мемлекеттің мәдениет министрлігі  қатысқан шарада өнер көрсеттім, 25 келілік қылышпен біраз қойылымдар жасадым. Екі елдің тарихын, байланысын  айттық. Содан,  есімім Тимур болғандықтан өзбектер Қазақстаннан Әмір Темір келді деп,  барынша қошемет көрсеттті, марапаттар берді. Ал екі министр алдында екі мемлекеттің достығын паш ету үшін,  екі шегені  ажымайтындай етіп бір-біріне байлап, өзбек жағына сыйға  тарттым. Бұл қойылым оларды ерекше қуантты.

F: Киноға, клипке түсуге, жарнамаға шақыра ма? Шоу-бизнесте қаншалықты белсендісіз? 

- Иә, шақырып тұрады.  2018 жылы  олимпиада чемпионы Бахитяр Артаевпен бірге халықаралық «The Nomads»  реалити-шоуына түстім. Мен онда батырдың рөлін айнадым. Бағдарламада әлемнің 12 мемлекетінен келген қатысушылар  бақтарын сынайды. Жарнамаға үлкен ұсыныстар түсіп жатқан жоқ, дегенмен, спорттық тағамдарды жарнамалауға шақырады. Шоу-бизнестің ішінде  ақырындап белсенділік  танытып келеміз. Танымал болған сайын көп шақыруда, түрлі фестивальдерге қатысамыз, телевизиялық жобаларға түсудемін. «Ұлы дала көшпенділері», «Этнофест», шет мемлекеттерге, қазақтар қауымдастығы, әскери бөлімдерден ұсыныстар түседі және барлығында өз өнерімді көрсетуге тырысамын.

 

F: Сіз үшін бұл сала қаншалықты табысты? Жалпы орнатылған рекорд, көпшілік алдында көрсетілетін өнер кіріс әкеле ме?

- Әншілер, жыршылар сияқты  белгілі бір бағамыз жоқ. Себебі, менің бұдан бөлек табыс әкелетін күнделікті жұмыстарым  бар. Ал бұның бәрі қосымша, қазақстандықтардың, жастардың   рухын көтеру үшін жасалатын дүниелер. Әрбір қойылым үшін осындай баға болады деп айта алмаймын. Дегенмен, еңбегімізді өте жақсы, жоғары бағалайтындар бар, табыс жоқ емес, себебі бұл өнерге қызығушылық артып келеді. Алдағы уақытта әлі талай рекордтар жасап, отандастарымызды, шет мемлекеттерді таңқалдырамыз деген жоспарым бар.

F: Жалпы сіз орнатқан рекорд саны қанша? Cоңғысы қандай?  

- Жалпы, Қазақстанның төрт дүркін рекродшысымын.  Алғашында үш шегенің үстіне жаттығу жасадым, кейін оны жаңарттым, үшжүздік шегелерді байладым,  одан кейін әлгі үш шегенің үстінде уақытқа яғни, 18 минут көлемінде тұрдым.  Кеше ғана жаңа рекорд жасалды, ол қазақстандық КиНЭС кітабына ресми түрде енді. Мен  бұл жолы екіжүздік 7  шегеден 5 фигура жасадым. Ал уақыты 1 минут 35 секунд.  

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить