Тарихы жазылып жатқан мектеп

10643

Лепсідегі спорт интернаты чемпиондар тәрбиелей отырып, балалардың білім алуына да аса қатты мән беруде.

Бауыржан Оспанов
ФОТО: © Бақытжан Бұқарбай
Бауыржан Оспанов

Лепсіге Алматыдан баратын жол қысқа емес. Жеңіл көлікпен жеті сағатта жеттік. Талдықорғанға дейін тасжол төселген, 270 шақырымды ережені бұзбай айдап отырып үш сағатта еркін еңсересің. Облыс орталығынан Лепсіге дейін шамамен сонша шақырым жүру керек. Бірақ жолдың салынып жатқан нашар тұстары уақытты жеп, жүріс қарқынын баяулатады.

Таңғы бесте шыққан біз сағат бірден өте Лепсіге жеттік. Ауылға кіре беретін жерде иығына мылтық асынған екі әскери көлігімізді тоқтатып, құжаттарымызды тексерді – Лепсі ұлттық парктің аумағында орналасқан, ары қарай – қытай шекарасы.

Таудың бөктерінде орналасқан тарихы бай кішкентай ауылға келуіміздің себебі – осындағы мектеп-интернаттың жұмысымен танысу, оның табысты моделін басқа ауылдарға көшіруге бола ма деген сұрақтың жауабын іздеу.

ФОТО: © Бақытжан Бұқарбай

Бүгінде Алматы облысында кәсіпкер Бауыржан Оспановтың (рейтингте №49) қолдауымен жұмыс істейтін екі мектеп бар. Бірі өзінің туған ауылы Жыландыдағы физика-математика мектебі, екіншісі – Лепсідегі мектеп-интернат.

Лепсі ауылының жағдайы жақсы көрінді. «Алаш» мешіті жолда тұр. Бауыржан Оспанов бұл мешітті шағын ауыл үшін кең қылып салыпты. Жанында назар аударатын тағы үш нысан бар: біріншісі – Лепсі тарихи музейі, екіншісі – бал зауыты және үшіншісі – көпес Никита Пугасовтың қалпына келтірілген үйі. Пугасов – Ресей империясы тұсында осында кәсібін дөңгелеткен сол дәуірдің ең дәулетті өкілдерінің бірі. Лепсінің сол шақтағы жағдайы жаман емес болса керек, Алматыдағы қазіргі Назарбаев даңғылы жүз жыл бұрын кішкентай ауылдың құрметіне Лепсинск көшесі деп аталған – Лепсіден шыққан байлардың үйлері кезінде қатарынан тұрған деседі.

Бізді осында таңғалдырған алғашқы көрініс – ауылдың тар көшелерімен дөңгелекке орнатылған шаңғы теуіп, ары-бері зуылдап ұшып жүрген жас қаракөз шаңғышылар. Біріншіден, шаңғыны қар жоқ кезде де тебуге болатынын білдік, екіншіден, мұндайды қазақтың ауылынан, жарайды, еліміздің оңтүстігінде кездестіреміз деп кім ойлаған? Шығыста болса, бәлкім, бұлай таң қалмаушы едік. Соған қарамастан, бұл спорт түрінен алғашқы жергілікті жас чемпиондар да шыға бастапты.

ФОТО: © Бақытжан Бұқарбай

Біз барған күні кәсіпкер осында екен. Бауыржан Оспанов бізді өзі қарсы алды. Түскі асымызды бірге ішкен соң, алғашқы сұрақтарымызды қоя бастадық. Әрине, ең алдымен қызықтырғаны, мектептердің құрылысына қанша қаражат жұмсалды, бүгін жыл сайын қанша шығын кетіп жатыр. Кәсіпкер ұзақ уақыт өткендіктен, қазір нақты қанша шығын кеткенін айта алмайтынын, бірақ оның едәуір болғанын жасырмады. Ал қазір бір жылғы шығын орта есеппен 100 миллион теңгені құрайды екен. Бұдан бөлек оқушылар қатысатын республикалық, халықаралық жарыстардың жол шығындары да бар. Жағдайы жоқ, алыстан келген, жетім балаларға қарайласатынын айтты.

Бауыржан Оспанов жас буынның білімі мен денсаулығына өте үлкен мән береді. «Екі мектептенде сұрайтыным – баланың денсаулығы, білім деңгейі, аман-есен екендігі», – дейді ол. Бұдан басқа мектеп бітірушілердің қаншасы грантқа түскенін білгісі келеді екен. Қалғаны сондай бір маңызды емес, ең бастысы денсаулығы жақсы болып, ЖОО-ға түсіп, жақсы маман болып шықса, сол да жеткілікті екенін алға тартады. Бұл мектептер мемлекеттік болып саналады, ал кәсіпкер болса – бюджеттен бөлінген қаржы жетпеген тұсын береді екен. Бұл – көп жағдайда мұғалімдер мен жаттықтырушыларға кететін қаржы.

Расымен де, мектеп-интернаттың жанында ауданы жүз шаршы метрден асатын жер үйлер бой көтерген. Кәсіпкердің есебінен. Бұл жерде мұғалімдер мен жаттықтырушылар тұрады. Олар үйлерге кіргенде өмір сүруге керек-жарақтың бәрі болған, жаңа жиһаз, ыдыс-аяғы, техникасы – оқушыларға сапалы білім беру үшін ұстаздар тұрмыстық мәселеге алаңдамағаны дұрыс. Ішіне кіріп көруге сұрануға ыңғайсыздандық, бірақ сыртынан үйлердің жақсы деңгейде салынғаны байқалып тұр.

ФОТО: © Бақытжан Бұқарбай

«Соңғы отыз жыл ішінде әлемде өте үлкен өзгерістер болды, жаһандану процесі жүріп жатыр. Меніңше, оған қарсы тұру үшін ұлтқа керек үш нәрсе бар. Олар – салт-дәстүрді білу, жоғары білім және жақсы медицина. Егер жастарымыз жоғары білімді, қазақи салт-дәстүрмен тәрбиеленген, дені сау ұрпақ болса, Қазақстан әлемдік аренадан өз орнын алады. Қазір білімді болсаң, әлемнің кез келген еліне барып оқуға, ондағы дамыған технологияны үйреніп, өз еліңе әкеліп енгізуге болады. Адамға тек білім емес, спорт та керек, ол денсаулық, жігер, рух береді. Біз дені сау ұлт болуымыз керек. Сол үшін білім мен спортты қатар ұстаған мектептерді ашып жатырмыз», – дейді Бауыржан Оспанов.

Спорт интернатында жылына орта есеппен 150 бала жатып оқиды. Екі мектепті қосқанда 800–900 шамасында бала бар. Интернатқа жылына 30–40 бала алынады.

Кәсіпкер алғашында Қазақстаннан бөлек басқа елдерде осындай тәжірибе бар ма екен деп көріпті. ТМД елдерін бақылап, мұндай мектептер үлгісін кездестірмеген соң, өзіміз ашып көрейік деп бел буыпты. Бірінші боп физика-математикалық мектеп іске қосылған. Басында ол спорт мектебінің филиалы тәрізді болған екен. Жақсы нәтиже берген соң, кейіннен оны физика-математикалық деп ауыстырыпты. Нәтиженің жақсы болғаны сондай, балалар жүз пайыз оқу орындарына түсіп, грант иеленіпті. Осыдан соң спорт мектеп-интернаты ашылыпты. Мектеп түлектерінің алды Мәскеудегі Тимирязев атындағы мемлекеттік аграрлық университетте оқып жатыр.

ФОТО: © Бақытжан Бұқарбай

Бауыржан Оспановтың ойынша, Қазақстандағы әр ауданға физика-математикалық, спорттық бағыттағы мектептер қажет, әр өңірдегі ең жақсы ауылдардан ашу керек. Мұндағы жақсы ауыл деп отырғаны балалардың денсаулығы үшін табиғаты дұрыс, ауасы таза, ағзаға шипа болатын елдімекендер. Кәсіпкер қолдау көрсетіп отырған мектептерде тек бір өңірден ғана емес, еліміздің көптеген облыстарынан келген балалар оқып жатыр.

Кәсіпкер балалар денелерін шынықтырып отыруы керектігін айтады, өзі қолдау көрсетіп отырған мектептерде бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, шаңғы бар – барлығы да олимпиада ойындарына кіретін спорт түрлері. Ол ұлдарға күреспен айналысқан жақсы, бұл оларға өмірде жігерлі, рухты болуы үшін керектігін айтады. Олар үшін жақсы жаттықтырушыларды жан-жақтан шақырған екен.

«Біздегі міндет – Олимпиада, Азия, әлем чемпионаттарының жүлдегерлерін, чемпиондарын дайындау, ондай деңгейде дайындайтын жаттықтырушылар санаулы ғана болады. Солардың арасынан әкеліп отырмыз. Кейбірі өз спортының фанаты, барлық жағдайды жасап бердік, балаларды дайындаймыз, үйретеміз деп келіп отыр. Бірі ауылдың табиғатына, бірі жалақысына қызығады. Бірақ бастысы, бәріне бірдей жағдай жасалған. Жаттықтырушы бапкер ретінде тек баламен айналысу керек. Көп жағдайда жаттықтырушылар дайындықтан бөлек, жарыстың қаражатын да іздейді, визасын да жасайды, бар шаруамен айналысады. Ал мына жерде ондай мәселе жоқ, тек қана чемпиондар дайындау керек. Жылдық жоспар жасалады, соған сай қаржы да бөлінеді, бәрі шешілген», – деп жағдайды сипаттап беріп отыр кәсіпкер.

ФОТО: © Бақытжан Бұқарбай

Өздері шақырған мамандарға шамамен 200–300 мың теңге жалақы ұсынылады екен. «Әрине, көп ақша емес, бірақ ауылды жер болғандықтан, қаладағыдай көп шығын да шықпайды», – дейді кәсіпкер.

Спорт мектебіне физика, математика сияқты жаратылыстану пәндері бойынша да мықты мұғалімдерді сырттан әкелген. Қазір мектептердегі негізгі бес-алты пәнді ағылшын тілінде оқытатындай дайындық жүріп жатыр, ол үшін тіпті ауылға Африкадан мұғалім шақырған да екен.

«Бұл жерде мәселе инвестиция қайтаруда емес. Әрине, құйылған инвестиция қайтуы керек, бірақ қаржылай емес, оның әлеуметтік тиімділігі бар. Егер мектеп бітірген жастар жақсы маман болса, материалдық жағдайы жақсарып, отбасын құрып, өмірден өз орнын тауып кетсе, елге жаңа технологияны әкелсе, қай салада істесе де – жүз есе болып қайтты деген сөз. Ал жүз миллион салдым, ол жүз елу миллион болып қайтуы керек деген жоқ. Бұл – халық үшін, жастардың өмір жолына септігін тигізетін қайтарымсыз инвестиция», – дейді Бауыржан Оспанов.

ФОТО: © Бақытжан Бұқарбай

Кәсіпкер қазіргі заманда жастар өте жоғары білімді болуы керектігін алға тарта отырып, тәрбиенің маңызын да атап өтеді. Отырардан шыққан ғұламамыз айтқандай, бірінші тәрбие, содан кейін ғана білім болуы қажет.

Бауыржан Оспанов қыз балалардың біліміне де үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр. «Қызға білім берсең – бесеуге бересің, ұлға білім берсең – біреуге бересің», – деп мақалды еске салады бизнесмен. Жақсы тәрбиелі, жоғары білімді, мәдениетті жастар ғана халыққа жат сырттан келетін ықпалға қарсы тұра алады, дейді ол.

Ауылға кіргенде көрген жас шаңғышылар туралы сұрағанда, Бауыржан мырзаның өзі былай әңгімелеп берді: «Біздің мектебімізде шаңғыдан талантты қыз бар. Ересек жасөспірімдер қатарына өткен соң, жиындарға жиі баратын болды. Жасөспірімдер олимпиадасына қатысты, Қазақстан чемпионы болғанда қуандық. Ауылда ешкім шаңғымен жүре алмайды дейтін едік, ол бәріне көрсетті дарынын. Ары қарай олимпиадаға қатысып, 86 мемлекеттің ішінен 15-орын алып келді. Қазір он сегізге толмай жатып, ересектер қатарына өтті. Меніңше, болашақта ол қыз чемпион болады».

ФОТО: © Бақытжан Бұқарбай

Жас чемпион жиындар деп жүріп, бір оқу жылында мектепте 212 күн болмаған екен. Бірақ технология мүмкіндігі бар, қашықтан оқып, сабақтан да жақсы нәтиже көрсетті.

Бауыржан Оспанов қыздардың күреске қатысқанын ұнатпайтынын жасырмайды, бірақ қазіргі талап бойынша, олимпиадаға қатысу үшін ерлер құрамы да, әйелдер құрамы да болу керек. Бұған қоса қыздарға бапкер табудың өзі де оңай емес. Ұлдармен бірге ауылда қыздарға арналған алғашқы спорт секциясын ашқаннан кейін араларынан бірнеше қыз әлемдік деңгейде жүлдегер болды. «Соларға қарап қызықтым, олардың бәрі кейін жоғары білім алды, тұрмысқа шығып, отбасылы болды. Сондай үлгі болған соң «қыздарды алсаңдар алыңдар» деп дайындай бастадық, медальді ұл әкелді, қыз әкелді деп бөлмейді ғой, – деп күледі бизнесмен. – Мен қыздарды аяймын, нәзік жандылар, онсыз да бала тәрбиелеу, үй шаруасы дегені бар. Оның үстіне ауыр спорт түріне беріп қоюды да обал көремін. Меніңше, ауыр жүктің бәрін ер адам көтеруі керек, жауапкершілікті ерлер алуы қажет».

Жақында Лепсідегі мектепте білім алатын Әйгерім Қабдолда Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өткен бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде күміс медаль иеленіпті.

Біз білген ақпаратқа сай, еркін күрестен Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Нұрислам Санаев та жақында Лепсіге көшіп келіп, спорт интернатында жаттықтырушы болады екен. Оның арманы – ауылдан чемпиондарды тәрбиелеу. Тілекшіміз.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить