Серік Нұрғалиев: Әлемдік бәсекелерге қайта оралатын күн алыс емес

9625

Қазақстандық рекордшы қазір немен айналысады, кімдерді дайындауда, кино саласына қалай келді?

Серік Нұрғалиев - күш құрылымдары арасында өткен халықаралық сайыстарда 10 мәрте әлем чемпионы және рекордшысы атанып, әлемдік біріншіліктерде 31 алтын, 5 күміс және 2 қола медалін жеңіп алған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, полиция полковнигі 2002 жылдан бастап 2013 жылдар аралығында Оттава, Барселона,Лас-Вегас,Окленд,Квебек, Сан-Паулу, Аделаида, Орландо,
Ванкувер, Андорра, Нью-Йорк, Белфаст қалаларында өткен бәсекелерде әлемді аузына қаратып, құқықорғаушылар арасындағы сан түрлі жарыс түрлерінен ең үздік атанды.

F: Серік мырза, Сізді қазақстандықтар рекордшы ретінде жақсы біледі. Спортқа бала кезден жақын болдыңыз ба?

- Жоқ, мен оныншы сыныпта оқып жүргенде салмағым небары 41 келі болатын. Қатарластарымнан қарағанда әлдеқайда әлсіз болдым. Бірақ, мен математиканы өте жақсы оқыдым. Мәселен, 6-шы сыныпта оқып жүргенде 7-ші сыныптың есептерін еш қиындықсыз шығара беретінмін. Мен үнемі алға ұмтылуға тырыстым, тіпті 8-ші сыныпта 9 және 10-шы сыныптардың есебін шығаратынмын. Ал 9-шы сыныпта жоғарғы оқу орындарына түсушілерге арналған Сканави жинағындағы барлық күрделі есептерді шығарып беретін деңгейге жеттім.

F: Ал математик қалайша полицияға айналды?

- Иә, мен мектептен кейін, институтқа түскен кезде дене шынықтыру жағынан қатарластарымнан қалып қойғанымды түсіндім. Осыдан кейін еркін күреспен және ауыр атлетикамен айналыса бастадым. Осылайша математиктен палуанға, ал кейін палуаннан полицейге айналдым. ҚазССР-нің бірнеше дүркін чемпионы, КСРО және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы болдым.

F: Қазір немен айналысудасыз? Спорттан қол үзген жоқсыз ба?

- Қазір өзім жеке жаттығамын. Кезекті бәсекеге дайындалып жүрмін. Ең соңғы рет 2013 жылы Солтүстік Ирланияда Белфаст қаласындағы жарысқа қатыстым. Онда 2 алтын, 1 қола жеңіп алған болатынмын. Қазір сол кездерді қатты сағыманым. Жуырда әлемдік додаларға қайта шығамын деген жоспарым бар. Бірақ, бұл жолы 50-ден асқан ардагерлер арасында күш сынаймын. Ал қазір менің жасым 53-тен асты. Алайда кейінгі кездері жарақатым маза бермей келеді. Дегенмен, аздап жаттығу үстіндемін. Жаз айларына қарай дайын болатын шығармын деген үміттемін. Себебі, кезекті бәсеке 2019 жылдың тамызында Қытайда өтеді деп жоспарлануда. Ал қазірше жаттығумен бірге әндетіп жүрген жағдайым бар. Себебі өлең айтқан өзіме ұнайды және одан өзім керемет әсер аламын.

F: Қазіргі күн тәртібіңіз қандай? Өзгерді ме?

- Менің күн тәртібім өзгерген жоқ. Әдеттегідей таңғы 5.00 ұйқыдан оянамын. Кешке жаңалықтарды көріп болысымен, сағат 21:00, яғни ерте жатуға асығамын. Ал күн сайын 8.00 бастап 9.30 дейін әдеттегідей жаттығу жасаймын. Осыдан кейін жұмысқа аттанамын, өзімді зейнет демалысында жүргендей сезінбеймін. Менде сенбі, жексенбі, кезекті демалыс деген жоқ, тіпті үзіліс болмайды. Мен соңғы жылдары ҚР Ішкі істер министрлігінде әскери дайындық және дене шынықтыру саласына жауап берген болатынмын, сонымен бірге оқытумен қатар айналыстым. Маған бұл өте ұнайды және қазірде жастарды дайындаумен айналысып келемін. Күш қолданылатын спорт түрлерін, тапаншадан ату, пышақ лақтырудың әдістерін үйретемін.

F: Сізден сабақ алуға келетіндер негізінен кімдер? Қай саланың өкілдері? Сіз үшін бұл табыс көзі деуге бола ма?

 - Негізінен әскери адамдарды дайындаймын. Олардың ішінде құқықорғау органдарының қызметкерлері, күзетшілер мен оққағарлар бар. Негізінен қару қолдануды, атуды үйретемін. Сонымен қатар, ІІМ қызметерлерін дайындаймын, кадет класстарында жұдырықтасудың, қоян-қолтық ұрыстың тәсілдерін үйретемін. Әрине, бұл жұмысым үшін ақы төлейді. Оның үстіне мен күзетшілер мен оққағарларды дайындайтын арнайы мамандандырылған «Эгида» атты орталықтың астаналық филиалының директоры қызметін атқарамын, ал мектептерде қосымша істеймін.

F: Зейнет жасында болғаныңызбен әлі де жаттығып келеді екенсіз. Сізді жігерлендіретін не?

- Маған тынымсыз жаттығу жасау, одан сайын жетілу және өзгелерді осыған үйрету өте ұнайды. Себебі, шәкірттерімнің көз алдымда өзгергені, әрбір жатығу сайын нәтиже көрсетіп, жетістікке жетіп жатқаны ерекше қуантады. Ал, олардың алға жылжығаны маған мотивация береді, бұл кезде солармен бірге жаттығып, тіпті жарақатың мен жасыңды ұмытып кетесің. Мен демалыссыз істегеніме қарамастан өзімді керемет сезінемін, шаршау дегенді білмеймін. Өйткені мен істеген жұмысымнан рахат аламын.

F: Сіздің киноға шақырған екен. Қандай рөл ұсынды?

- Иә, жуырда киноға түстім. Фильм «Неверный ход» деп аталады. Бұл атыс-шабыс жанрындағы қазақстандық туынды. Мені онда арнайы жасақ бастығының рөлін ойнауға шақырды. Ал киноға қызымның арқасында шақырылдым. Оның есімі Алиса, ол кәсіпқой актриса, модель және менімен бірге осы фильмге қатар түсті. Бірақ, қызым жағымсыз кейіпкерді, дәлірек айтсақ киллердің рөлін ойнайды. Маған өте ұнады. Себебі мен екі жарым жылдан бері зейнет демалысындамын. Ал фильм екі аптадан кейін прокатқа шығуы тиіс. Жарнамаларға түсуге шақырып тұрады. 2018 жылы осындай бірнеше роликке түстім.

F: Сіз қаншама рекорд орнаттыңыз? Ал бұл жетістіктеріңіз қалай бағаланды? Қаржылай немесе материалдық марапат берілді ме?

- Маған осы жетістіктерім үшін пәтер берілді. Бұл 2006 жылы болатын. Мен алғаш 1997 жылы Астанаға көшіп келгенде әлемді аралап, байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп, полковник шеніне дейін қызмет етемін деп еш ойлаған жоқпын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить