Мөлдір Мекенбаева: Мен үшін үлкен табыс емес, ұлттық намыс маңызды

15782

Джиу-джитсудан әлем чемпионы атанған қазақ қызының алдағы бәсекелерге деген дайындығы қандай?

Спортшы қыз қазір қайда жаттығады, оған кімдер қолдау көрсетуде, табысы қандай,  джиу-джитсудан бөлек қандай мамандықты меңгеруде, кино саласына қалай келді? Бұл жайында Мөлдір Мекенбаева Forbes.kz  тілшісіне берген сұхбатында айтып береді.

Мөлдір Мекенбаева-Джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2016 жылы Абу-Дабиде өткен байрақты бәсекеде әлем чемпионы, 2017 жылы Колумбияда өткен чемпионатта вице-чемпион атанып, күміс жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, көптеген республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Алматыдағы О. Жәутіков атындағы Республикалық физика және математика мектебінің үздік түлегі, «Алтын белгі» иегері.

Мөлдір,  сенің жаттықтырушың кім, қазір қайда жаттығасын? Жақында қандай бәсекелер күтіп тұр?

-Мені Алматыдағы «Checkmat Қазақстан»  тобында жаттығамын. Жалпы өзім  Алматыдан боламын, қазір Назарбаев университетінде оқып жүрмін.  Жаттықтырушым- Бек-Али Ержан, бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеу иегері. Ал чемпионаттарға келетін болсақ алда біраз жоспарларым бар. Ағымдағы,  яғни 2019 жылы Әлем чемпионаты, Азия чемпионаты, Grand Slam және тағы басқа жарыстар күтіп тұр. Оның әрбіріне Қазақстан бойынша іріктеу болады, әр жарысқа әр қаладан іректеу жүргізіледі.

Назарбаев университетінде қыздарға арналған жаттығу клубын ашқаныңды білеміз. Онда қанша қыз жаттығады, кімдер жаттығады, жетістіктер бар ма?

- Иә, Назарбаев университетінде қыздарға арналған арнайы ұйымым бар. Онда өзін -өзі құтқару, қорғанудың әдістері мен джиу-джитсудың базалық техникаларын үйретемін.  Бойжеткендер бірнеше топқа бөлінген  және сол  бойынша  жаттығады. Жалпы қазір онда отыздан астам қыз бар.

Жуырда АҚШ елшілігімен бірлесіп Назарбаев университетінде арнайы шара ұйымдастырылғанын білеміз. Оның мақсаты қандай болды?

Иә, оқу орнында арнайы  семинар өткіздім. Оған Назарбаев университетінің қыздары,  ұстаздардың қатысуына мүмкіндік берілді және сырттан келгендер болды. Онда да джиу-джитсу бойынша өзін-өзі қорғаудың әдістері пысықталды.

Қанша елде болып қайттың? Сен үшін ең есте қалған чемпионат қандай?

- Мен әлемнің көптеген мемлекеттерінде  болдым. Енді, ерекше есте қалғаны екі әлем чемпионаты деуге болады.  Бұл ең алдымен Абу-Дабиде, әлем чемпионы болған кезім болатын. Ал екіншісі-2017 жылы, бұл кезде негізі қатты ауырып қалған болатынмын, тіпті сол кезде дәрігерлер маған аталған жарысқа қатысуға рұқсат бермеген болатын. Жаттығуым да дұрыс болмады, қатты қиналған едім, бірақ соның бәріне  қарамастан чемпионатқа қатысып, нәтижесінде екінші орын алдым. Әрине, бір жағынан өте қиын болды, бірақ бәрібір айтулы  нәтижеге жеттім.

Спорт сен үшін қаншалықты табысты сала? Жеңістерің қалай бағаланады?

- Жалпы спорт үлкен табыс әкеледі деп айта алмаймын. Бірақ, спорт менің өмірімде үлкен орын алады. Мен ақша үшін жаттықпаймын, бұл тек өзім үшін қажет, мен үшін табыс емес, ұлттық намыс маңызды . Әрине, табыс бар, жоқ емес. Алайда, анау айтқандай үлкен емес.

Кино саласында жұмыс істеген едің. Осы күнге дейін қандай картиналарға түстің? Кімдер шақырды? Қандай гонорар ұсынылды? Алда тағы түсу жоспарда бар ма?

- Кино туралы айтатын болсам, бұл сала да маған өте ұнайды. Ең алғаш «Любовь по наследству» деген туындыға түстім, екінші түскен фильмім «Путешественник», ал үшіншісі тарихи сериал болды, «Қазақ батырлары» деп аталады, мен олардың барлығында басты рөлде ойнадым. Жалпы қазір ұсыныстар өте көп, бірақ қазіргі кезде бос уақытым көп емес. Негізі  барлығына кастингке шақырады, сол арқылы таңдайды. Гонорарлары әртүрлі болады, ал оның көлемі құпия болып қала берсін.  Дегенмен, алдағы уақытта тағы түсемін деген жоспарым бар, бірақ қазір білім алу керек, себебі Назарбаев университетінде оқу оңай емес және спорт өз алдына бір бөлек, жаттығуларым тағы бар. Сондықтан да, киноны болашақтың еншісіне қалдыру туралы шешім қабылдадым.

Әлемдік тәжірибеде спортпен жарнама қатар жүреді. Компаниялар  тарапынан ұсыныстар болып тұра ма, бренд  қалыптастыру үшін?  Кімдер шақырады?

- Компаниялар туралы айтатын болсам, мен қазір «Progress» және «Beyond» компанияларының бренд-амбассадоры болып келемін. «Progress»-Ұлыбританияның компаниясы, олар бразилиялық джиу-джитсуға арналған спорттық киімдерді шығарады,  олар менің демеушілерім болып келеді, мен олардың киімердін жарнамалаймын, ал олар маған қолдау көрсетеді. Ал, «Beyond»-қазақстандық компания, елімізде спорттық тағамдарды шығарумен айналысады. Олар да менің демеушілерім болып келеді.

 Қазір танымалдардың көбі ғаламтор арқылы табыс табуды әдетке айналдырды? Желідегі жарнамаға қалай қарайсың?

Әрине, жарнама маған табыс әкеледі. Бірақ, мен жарнаманың бәрін жасай бермеймін. Алдымен ұсыныстарды мұқият қараймын, көремін, содан кейін жасаймын. Бірақ, олардан да үлкен табыс тауып жатырмын деп айта алмаймын.

Назарбаев университетіндегі мамандығын туралы білсек. Өзің оқыған физика-математикамен қаншалықты байланысы бар? Бұл бағыттағы жоспарың қандай?

- Жалпы, мен 2015 жылы Алматыдағы О. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін алтын белгімен бітірдім. Математикадан республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысқанмын.  Маған бұл пән өте ұнады және соған сай Назарбаев университетіне «математика және компьютер сайнс» факультетіне түстім, қазір соны меңгеру үстіндемін, үшінші курста оқып жатырмын. Болашақта сол бағыт бойынша жұмыс істеймін деген жоспарым бар. Бірақ, оған дейін бакалаврды бітіріп, кейін магистратураны оқып шықсам деймін. Ал спорт болса әрдайым жанымда болады, мен оны тастамаймын, болашақта  айналыса беремін.

Жуырда Лондонға барғаныңды білеміз. Сапар миссиясы қандай болды?

- Мен негізі Лондонға демалу үшін барған болатынмын. Бірақ, мен онда тек демалып қана қойған жоқпын, сонымен қатар жаттығумен болдым.  Англияда таныстарым, достарым бар және солардың залдарына барып жаттығулар жасадым.

Алдағы бәсекелер қай кезден бастау алады. Дайындық қандай?

2019 жылың жазында еліміздің бас қаласында Grand Slam болады, тамызда Азия чемпионаты күтілуде,  ал күзде Әлем чемпионатына іріктеу басталады, одан кейін  әлем чемпионаты өтеді.  Жалпы қазір жаттығуым жақсы, күн  сайын дайындық жасаудамын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить