Мақсатым-биіктерді бағындырып, әлем елдерінде көк туымызды желбірету

15984

10 жасында қара белбеу иегері атанған Еркін Кемел байрақты бәсекелерден 32 медаль олжалап үлгерді

Ауыл баласы каратэ-до шотоканға қалай келді, халықаралық жарыстарға қалай шықты, алда қандай бәсекелер күтіп тұр? Бұл туралы Еркін Кемел Forbes.kz сайтына берген сұхбатында айтады.  

F: Еркін, каратэ- шотоканмен қай кезден бастап айналыса бастадың? Неге бұл спорт түрі таңдалды?

- Жалпы каратэге дейін де, каратэмен қатар да спорттың бірнеше түрімен қатар шұғылдандым десем де болады. Мектепке келгенге дейін атам мен апамның баласы болып ауылда – Көктөбеде тұрдым. Ол Есік жақта. Сөйтіп, балабақша мен нөлінші сыныпта сол жақта болдым. Ол жақта жүргенде мен бой бермеген соң атам бокс пен кикбокске жазып қойды. Бірақ атам шаруасында, әкем Алматыда жұмыс істеген соң жаттығуым жүйелі болмады, спортты аңсаумен жүрдім.  Әлі есімде, жаңа үй салып ескі үйді бұзып жатқан кезде әкемнің ескі қағаздары жиналған бір үлкен қорап тауып алғанбыз. Ол әкемнің мектептегі қағаздары екен. Назарымызды аударғаны газет, журналдың қиынды суреттері еді. «Ласковый май», «Митхун» сияқты суреттерді жай ысырып қойып 1989, 1990 деген жазуы бар папкадағы көздері от шашқан, кіл бұлшық еттері шиыршық атқан жігіттерге қадалып қарап қалыппыз. Осылайша: Мұстафа Өзтүрік, Брюс Ли, Боло Ёнг, Чак Норрис, Жан Клод Ванн Дамм секілді кумирлеріммен таныстығым әкемнің журнал қиындыларындағы суреттерден басталды. Әрине, олардың фильмдерін бірін де қалдырмай, тіпті он қайтара қайталап көріп шықтым. Тек, Мұстафа Өзтүріктің фильмдері жоқтығына қынжылдым. Осыдан кейін менің спортқа деген қызығушылығымды бірден аңғарған әкем мені Алматыдағы мектепке берді. Алматыға келгесін мен барлық спорт түріне барамын деп қиғылық салдым. Осылай 2013 жылы 1 сыныпта 6 жасымнан интернеттен іздеп жүріп әкем мені ең алдымен Брюс Ли стилі болып саналатын – Джит Кун До спортына берді. Көп ұзамай аралас жекпе жек – ММА-ге жазып қойды. Осы екеуіне үлгермейтін боларсың деген әкемнің сөзіне, «бұл екеуі де маған аздық етеді» тағы да жаттығуым керек, ендігі керегі каратэ дегенім есімде. Сөйтіп, каратэнің годзи рю, шито рю, вадо рю, айки каратэ, кёкушин каратэ секілді көптеген түрлерінің ішінен каратэ-до шотоканды таңдадық. Бұны таңдағанымыз ол жай каратэ емес каратэ-до. Өзінде бүкіл ілімді қамтыған, спорттық каратэ болып саналады әрі Олимпиада бағдарламасына енеді екен. Сөйтіп 1 сыныптың өзінде спорттың осы үш түрімен айналыстым. Айтпақшы, футбол үйірмесіне де қатысқан екенмін. Екінші сыныптан бастап сабақтардың күрделенуіне байланысты екі спорт түрін кейінге қалдырып, осы күнге дейін тек каратэ-до шотоканға ғана қатысып келемін.

F: Қай жерде жаттықтың, алғашқы жаттықтырушың кім?

- Бірінші сыныптан осы күнге дейін тек бір жерде Дүниежүзілік шотокан каратэ-до федерациясының Алматыдағы өкілдігінде, яғни WSKF-те (World Shotokan Karate-do Federation) жаттығып келемін. Алғашқы да қазіргі де жаттықтырушым Шолпан сенсей. Шолпан Бегендікова, қара белбеу, 4 дан иесі. Константин Тигай сенсей де ұстазым.

F: Каратэмен айналысудағы басты мақсат қандай болды? Қорғану үшін бе, әлде осы бір спорт түрі бойынша белгілі бір белестері бағындыру болды ма?

- Қалай десем екен? Екеуі де. Қорғану үшін ғана емес, қорғау үшін де. Үйде төртеуміз. Мен үйдің тұңғышы болғандықтан іні қарындастарыма қамқор, қорған болу менің парызым. Айтпақшы, артымнан ілескен бауырларым да спорт жолында. Кенел інім Есікте бокспен айналысады. Құрмет інім мен Парасат қарындасым Алматыда «Арлан» клубында Кёкушинкай-кан каратэмен айналысып жүр. Әрине, екіншісі биік белестерді бағындырып туымызды өзге елдерде желбірету. Шетте жүргенде тұғырда ту жамылып тұрғанымда еріксіз көзден жас шығып кететін сәттер жиі болады. Бұл ерекше сезім! Шіркін, Олимпиада осылай туымызды желбіретсем деген үлкен арманым бар. Тегінде, каратэ бізге бөтен емес сияқты. Бәлкім ата бабаларымыз осы тектес жекпе жекпен айналысқан да болар. Мен мұны іштей сезем. Құдды бір бұрыннан ақ каратэмен айналысқандаймын. Бұған қоса айтар болсам көбіне каратэмен айналысқандар салмақты, сымдай тартылған, сымбатты, түп-түзу болып келеді. Осыған да қызықтым.

F: Қара белдеуді қай кезде алдың? Оны беру тәртібі, ережесі қандай? Кімдерге беріледі, сен қалай ие болдың?

- Қара белбеуге жету жолында 4 жыл жаттықтым. Осылайша 2017 жылы он жасымда қара белбеуге, 1 данға ие болдым. Қара белбеуге жету жолында Грузиялық Нодар сенсейдің қостауын, Жапониялық Касуя сенсейдің мақұлдауын алдым. Сөйтіп, білімімді, техникамды, тактикамды тексеріп барып, физикалық, психологиялық, моральдық жағымнан әбден елеп-екшеп барып, одан кейін жасаған «ката» әдістерім мен «кумитэдегі» шеберлігіме баға берілген соң қара белбеуге жеттім. Бұл жерде дан беру тәртібі де бар. Мысалы, екінші данға жету үшін 4 жыл дайындалу керек, үшінші данға жету үшін 5 жыл керек, төртінші данды алу үшін 7 жыл жаттығу керек. Басқа да тәртіптері бар.

F: Алғашқы жеңісің есінде ме? Бұл қай кезде болды?

- Алғашқы жеңісім оңай тиді. Себебі, оған өзіміздің федерация ұйымдастырған өз қаламда қатыстым ғой. Осы кейінгі жеңістерге жол ашып берсе керек. Сол бірінші сыныпта, алты жасымдағы кез ғой. Әкем мені мойнына көтеріп алды.  Жарыс бітісімен медалімді тағып, грамотамды құшақтап бірден Есікке – атам мен апама зымырай жөнелдік.

F: Халықаралық жарыстарға қай кезден бастап шыға бастадың? Алғаш қай елде болдың, қандай нәтиже көрсеттің?

- Халықаралық жарыстарға екінші сыныптан бастап шыға бастадым. Алдымен халықаралық, бірақ Қазақстан ұйымдастырған осындағы халықаралық жарыстарға қатысудан бастадым. Тараз, Шымкент, Семей, Көкшетау, Қарағанды секілді еліміздің әр түкпіріндегі қалалардан жүлделі орындар алдым. Шет елге шығуды алғаш Қырғыз елінен бастадым. Онда да бір мезгілде бұл елге төрт бес реттен бардық. Бірақ мұнда үшінші, екінші орыннан аса алмадым. Одан кейін Ресей, Әзірбайжанға барып екінші орынмен қайттым. Аралықта Португалия, АҚШ елдеріне баруға жақсы дайындалған едім бірақ қаржылық жағдайға, қолым сынып қалуына т.б. байланысты ондағы жарыстарға қатыса алмадым. Армениядан үшінші, Грузиядан төртінші орын алдым. Жапониядағы Әлем Чемпионатында «ката» бойынша үшінші, «кумитэ» бағдарламасы бойынша үшінші орынға ие болдым.

F: Жалпы осы күнге дейін қанша елде болдың? Қандай жүлделер иелендің? Қай елден қандай медаль олжаладың?

- Алдында айтып кеткенімдей алты елде болған екенмін. Қай елден қандай жүлде алғанымды жалпылама айтар болсам осы уақытқа дейін 32 медаль, 36 диплом, сертификат, мақтау қағазына ие болған екенмін.

F: Қазір қайда жаттығасын? Жаттықтырушың кім?

- Сол жоғарыда айтқан Шолпан сенсейімде жаттығамын. Дегенмен қазір каратэмен қатар бұрынғы барған аралас жекпе жек – ММА-ге қайта барсам деп жүрмін. Кезіндегі Джит Кун До спортында Хурриат апай мен Шыңғыс ағайдың үйреткендері мен Темірлан клубындағы ММА-ден Халил ағайдың үйреткенін әлі ұмытқан жоқпын. Бірақ қалай болғанда да каратэні ешқашан тастамақ емеспін.

F: Ең ерекше есте қалған кездесу. Кіммен болды,қай жерде?

- Бұл Стамбулда болған испандықпен кездесу еді. Қол аяғы ұзын қарсылас-тын. Кәдімгідей жүрексіндім. Осы кез көз алдыма «Кикбоксер» фильміндегі Танг Пу елестеп, бар қайратымды салып, күшім мен әдісімді сарқа төктім. Дұға мен әруақ қолдап жеңіп кеттім.

F: Алдағы жоспар қандай?

- Алдағы жоспарды айтсам жаңа жылға дейін Алматы, Кентау, Шымкент, Тараз қалалары мен Бішкектегі халықаралық жарыстарға дайындалу. Жаңа жылдан кейін Ресей, Украина, Түркия, Корея, Ұлыбританиядағы болатын жарыстарға дайындалу және қатысу. Әлбетте, кейінірек Олимпиадаға жолдама алатын лицензиялық жарыстарға дайындалу басты мақсат.

F: Спорттан басқа қандай қызығушылықтарың бар?

- Негізі адамға қатысты барлық нәрсеге қызығушылығым зор. Сурет саламын, дизайн жасауды ұнатам. Өлең жазуға талпынам. Бизнеске де қызығам. Тіпті архитектураға да қызығам. Сегіз айымда жүрген екенмін. Үш жасымда әріп таныдым. Бірінші сыныпта жүргенде ата-әжеме бара жатқанда Есік қорғандарына қарап:

Еркін Кемел есімім,

Атамның немересімін,

Көктөбе алтын бесігім,

Ұлы қорған Есігім, - деген шумақ шығарғанмын. Ақындыққа қызығып әкеме айтып жатып бала ақын Жамбылмен танысқанмын сол кезде. Архитектураға қызығып домбыра пішінді биік «небоскребтың», көп қабатты киіз үй пішіндес кешеннің чертежін де салғанмын. Екінші сыныпқа көшкенімде бұл Бейсен Құранбек ағаның «Айтуға оңай» хабарынан да Ерекше бала айдарымен көрсетілген. Таңшолпан да түсірді. Мектеп мерейі, Періште журналы, Жетісу газеттерінде де маған қатысты мақалалар берілді. Бірақ, үйдің іші әрнеге қызыға берме, назарыңды тек басты нәрсеге аудар, қалғаны кейін өз икемдеріңе қарай өзінен өзі белгілі болады дейді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить