Мадияр Әшкеев: Америкада ешкім құшақ жайып қарсы алған жоқ

13150

Лос-Анджелесте жүк тасумен табыс тапқан қазақ боксшысы чемпиондық белбеулерге қалай қол жеткізді

Мадияр Әшкеев
Мадияр Әшкеев

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев айтып береді.

Мадияр Әшкеев - 1988 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келген. Салмағы 69,9. Әуесқой бокста 250 жекпе-жек өткізген, оның ішінде 230 кездесуде жеңіске жеткен. Жастар арасында Азия чемпионы, ересектер арасында өткен Қазақстан біріншілігінің күміс, қола жүлдегері, 2013-2015 жылы «Astana Arlans» командасының құрамында әлем чемпионы, кәсіпқой бокста 13 кездесу өткізіп, 6 жекпе-жекті нокаутпен аяқтаған. Қазір Америкада тұрады және жаттығады.

F: Мадияр, бокспен қай кезден бастап айналысып келесің? Таңдау қалай жасалды?

- Бокспен 2000 жылдың мамырынан бастап шұғылдана бастадым. Былғары қолғапты киюге алғаш өзімнің ағам әрі бапкерім болған Ғани Әшкеев себеп болды. Ағам кезінде бокспен айналысқан, бірақ бұл кезде шаршы алаңмен бір жола қош айтысып, бапкерлікке ауысып жатқан еді. Мені мектеп бітірген сәтте қолымнан жетектеп, «менің жетпеген арманыма сен жет», -деп боксқа алып келді. Осылайша үлкен спортқа алғаш қадам жасадым.

F: Әуесқой бокста қандай белестерді бағындырдың? Кәсіпқой боксқа қалай қадам бастың?

- Әуесқой бокста біраз жетістіктерге жеттім. «Astana Arlans» командасында өнер көрсеттім, Қазақстан біріншіліктеріне қатысым, жастар арасында біраз белестерді бағындырдым, бірақ әлем чемпионаттары, олимпиада ойындарына жолым түспеді. Уақыт өте кәсіпқой боксқа деген қызығушылық пайда болды. 2013 жылы «Astana Arlans» құрамында олимпиада чемпионы, кубалық Иглесиас Сотолонгоны жеңген соң Нью-Йорк командасының промоутерінен бір жола кәсіпқой боксқа ауысу туралы ұсыныс түсті. Мен келісімімді бердім, олар маған виза ашып, келісімшарттарын жіберіп үлгерген болатын. Бірақ, мен білетін жігіттер, оның ішінде украиналық боксшы Сергей Деревянченко және Сергей Корчинский онда бармауға кеңес берді, себебі алданып қалуың мүмкін деген еді, сондықтан мен бұл ұсыныстан бас тарттым. Осылайша Нью-Йорк емес, бокстың отаны атанған Лос-Анджелес қаласына билет алып, аттанып кеттім. Бұл 2015 жылдың қыркүйек айы болатын.

F: Америка қалай қарсы алды?

- Америкада ешкім құшақ жайып қарсы алған жоқ. Мен онда бармас бұрын интернет арқылы бокс залдары туралы мәліметтер жинаған болатынмын. Қазақстанда жүрген кезде бір жаттықтырушымен танысып, тіпті жергілікті заңға сай әрбір кездесуден түсетін табыстың 10%-ын беріп отыруға келісіп қойған едім және ол мені күтіп алуы тиіс еді. Алайда, жолға шығып, оған Мәскеуден хабарласқан кезімде түрлі проблемаларын, несиесі барын айтып, қосымша пәтерге аптасына 500$ төлейсің деді. Бірақ, мен оған келісімімді бермедім, себебі жағдайым көтермеді, ал кейін оның мақсаты тек қалтаны қағу болғанын түсіндім. Ал мен болсам алған бетімнен қайтқан жоқпын. Тез ойланып, әуежайдан Америкада жаттығатын украиндық боксшы, әлем чемпионы Тарас Шелестюкпен хабарласып, мұхит асып кеттім, әлгі жігіт мені әуежайдан күтіп алатын болды. Өйткені мен бұл езде мүлде тіл білмейтінмін. Америкаға алғаш осылай келдім.

F: Қандай қиындықтар кездесті? Қайда тұрдың?

- Алғаш өте қиын болды. Әр жерді паналауға тура келді. Америкада өзгенің үйінде тұра алмайсың. Алғаш барған кезде күніне қонақ үйге $150-$200 төлеп тұрған кездерім болды, кейін одан арзанын тауып, әр жерде жүрдім. Бірнеше бокс залына бардым. Себебі, Калифорнияда залдар көп және ондағы менеджерлер әртүрлі. Олардың келісімшарттары, проценттері әртүрлі, сондықтан өзіме ыңғайлысын іздеп, бір жарым айдай жүрдім. Көлік жоқ, арендаға алу қымбат, оның үстіне мендегі жүргізу куәлігі онда жарамайды, сондықтан велосипедпен аралауға тура келді.

F: Қазір қандай промоутерлік компаниядасың? Жаттықтырушың, менеджерің кім,

 - Қазір «Main Events» деген промоутерлік компаниядамын, директоры Кэти Дува деген америкалық әйел, әкесі кезінде Майк Тайсон, Заб Джуданың промоутері болған, кейін оның ісін қызы жалғастырып әкетті, жаттықтырушым Бадди МакГирд, кезінде әлем чемпионы болған, менеджерім болса атақты Эгис Климас, біраздан бері «жылдың менеджері» атанып келеді.

F:  Кәсіпқой бокс үлкен қаржыны талап етеді. Саған кімдер қолдау көрсетті, демеушілер болды ма, қаржы жағы қалай шешілді?

- Әрине, бокс үлкен қаржыны талап етеді. Мен осыдан 4 жыл бұрын бар ақшамды жинап, астымдағы көлігімді сатып кеткен болатынмын. Америкалық компания тұратын жеріңді, күнделікті тамағыңды ғана қамтамасыз етеді. Басқа қолдау жоқ.

F:  Америкаға алғаш барғанда қосымша жұмысқа шығып, жүк тасыған кездерің болған екен. Бұл қаншалықты рас? Қайда істедің және қанша табыс таптың?

- Иә, ондай жағдайлар болды. Америкада үйдің мүлкін көшірумен айналыстық. Мысалы, дүйсенбіден жұмаға дейін жаттығумен болсақ, сенбі, жексенбі күндерді жүк тасумен өткізетінбіз. Лос-Анджелесте үй көшірумен айналысатын компаниялар бар, біз оларға өз ұсыныстарымызды беріп қоятынбыз. Ал олар тапсырыс болған кезде бірден хабарласып, шақырып тұратын. Үй көшіргенің үшін сағатына $20-$30 төлейді, осылайша күніне $100-$200 тапқан кездеріміз болды.

F: Демеушілер табылған жоқ па?

- Әзірге демеушілер жоқ. Қаржылай көмек беретіндер, келісімшарт жасағандар болған емес. Өзімде де, қасымдағы жігіттерде де осылай. Тек ағаларым, туыстарым қолдарынан келген көмектерін беріп тұрады.

F: Қазақстандық боксшылардың кейбірі Америкаға барғанда алаяқ компанияларға ұрынып қалып жататындарын айтады. Өзіңде ондай жағдай болған жоқ па?

- Иә, шыны керек онда алаяқтар өте көп. Бірақ, менің ондайлармен байланысым болған жоқ. Неге олай болып жатады? Себебі белгілі. Қазақстанда кәсіпқой бокс бар, бірақ дамымаған, сондықтан көбі шет мемлекеттерге аттанып кетеді. Ал өз бетінше кеткен қазақстандықтар бокс әлемі туралы толық білмегендіктен түрлі жағдайларға ұрынып жатады.

F:  Америка сені қаншалықты өзгертті? Спорттық мансабың қаншалықты өзгерді? Қазақстанмен айырмашылығы неде?

- Америка менің өмірімді қатты өзгертті. Соңғы 3-4 жыл ішінде түбегейлі өзгердім. Әуесқой бокста 10 жыл бойы жете алмаған жетістіктеріме кәсіпқой бокста жетіп, үлкен шоулар жасап, өзімді көрсетуге мүмкіндік туды. Сондықтан, мен Америкаға келгеніме өкінбеймін. Себебі, халық танып жатыр, атқарған еңбегім, жұмсаған күшім, төгілген тер ақталып жатыр. Қазақстанмен айырмашылығы жер мен көктей. Бізде мықтылар көп, бірақ шоу ұйымдастыру, боксшыларды қолдау жағы дұрыс жолға қойылмаған.

F: Қазіргі жетістіктерің қандай? Үлкен бокс кештеріне қатысу үшін, чемпиондық кездесулер өткізу үшін қанша қажет?

- Қазір NABF тұжырымы бойынша Солтүстік Америка чемпионымын, бұл Мексика, Америка, Канада аймақтары және екіншісі NBА деген әлемдік белбеу, яғни Ұлттық бокс қауымдастығының тұжырымын соңғы кездесуде 2019 жылы Алматы қаласында жеңіп алдым. Әзірше екі белбеу.

F: Кәсіпқой бокс үлкен бизнеске айналды. Ал осы бизнестен қаншалықты табыс тауып жатсың? Сенің үлесің қалай белгіленеді?

- Иә, кәсіпқой бокс бизнестің бірі. Бірақ, қазіргі кезде үлкен қаражат тауып жатқан жоқпын. Себебі, қазіргі промуотерлерім мен үшін жұмыс істейді, олар менің қарсыласыма төлейді, менің пәтеріме, күнделікті тамағыма төлейді. Сондықтан үлкен чемпиондық белбеулерге, чемпиондармен шықпағандықтан және рейтингте елуден жоғары көтерілмегенше үлкен табыс болмайды. Америкадағы кездесулерге аздап төленеді, бұл күнделікті қажеттіліктерден артылмайды.

F: Алдағы жоспар қандай? Америкаға қашан аттанасың?

- Жоспар көп. Алдағы 28 тамызда отбасыммен Америкаға ұшамыз. 1-2 ай дайындалып, қазан айында телеарна арқылы көрсетілетін кезекті кездесу болуы мүмкін. Қарсылас әлі белгісіз. Бұл бағытта промутерлік компания жұмыс жүргізіп жатыр. Алда 12 рауындтық кездесулер болады. Соған дайын болу керек.

F: Менеджерлік, промоутерлік компания ашу ойыңда бар екен. Бұл үшін не қажет?

- Иә, Қазақстан тарапынан менеджерлік компания ашқым келеді. Демеушілер, қолдау көрсететіндер болса отандық промоутерлік компания ашуға болар еді. Америкада жүргендіктен оның жүйесін, қалай жұмыс істеу керек екенін толық білемін. Промоутерлік ұсыныстарды қалай жасау керектігін, тілді меңгеріп алдым. Бірақ, оны әзірге болашақтың еншісіне қалдыру керек. Себебі, оның жұмысына 100% берілу керек. Әрбір боксшыға жағдай жасау керек, демеуші табу керек. Ал маған қазіргі кезде үнемі дайындықта болу керек. Сондықтан, бәрін уақыт көрсетеді, бұйыртса ашамыз деген жоспарым бар.

F: Қасыңда қазақ жігіттерінен кімдер бар? Жалпы Америка қазақ боксын қалай бағалайды?

- Қасымда қазір Мейірім Нұрсұлтанов, Асхат Уәлиханов, Сағадат Рахманқұл, Бобыржан Момынов, Дәулет Дәукен бар. Тамыз айының аяғында тағы Олжас Сәттібаев деген жігітті алып барамын, ол да бағын сынап көрмекші. Қазақ боксшыларына барынша көмек беруге тырысамын, тек бәрі боксшылардың өздеріне байланысты, кейбірінің жолы болмай басқа жұмыс істеп, кейбірі кері қайтып жатады. Жалпы Америка қазақ боксын өте жоғары бағалайды. Себебі, бізде талантты боксшылар өте көп. Әрине, кейбіреулер олардың бағасын түсіріп, пайдаланғысы келеді. Сондықтан, қазірде осындай жағдайларға қатты мән беріп, қазақ жігіттеріне қолдан келгенше көмек беруге тырысамын.

F: Отбасы мүшелері қайда тұрады?

- Отбасым өзіммен бірге Америкада тұрады. Менің бір ұлым, екі қызым бар. Әйелім Қарлығаш, менің Америкадағы қолдаушым әрі диетологым, массажистым, екпелерімді салып беретін дәрігерім десем болады және психологым болып табылады, себебі бокста психологиялақ тұрғыда дайын болмаса қиын, сондықтан психологиялық жаттығулар жасап тұрамыз, бірақ оның негізгі мамандығы басқа, аударма ісінің маманы болып табылады.

F: 2017 жылы саған жасалған операция салдарынан денсаулығыңа айтарлықтай зиян келген екен. Бұл кезде боксты бір жола тастап кету туралы ой болған жоқ па?

- Иә, бұл жылы менің мұрныма операция жасалып, америкалық дәрігерлердің салғырттығынан көп наркоз салынып, салдарынан 5 сағат ұйқыға кетіп, әрең оятып алған болатын. Сол кезде қатты қиналып, бүкіл органдарымның қызметі істен шығып, тіпті қолдарым мен аяқтарым қозғалмай, кәдімгідей ауыр халге түскен едім. Осылай бір жыл бокстаса алмадым, жоспарланған 2-3 кездесуден бас тарттым. Америкада біраз емделіп, кейін онда қаржы көп кететін болғандықтан Қазақстанға оралып, Сарыағашта емделіп, іш құрылысты тазартып, аяғымнан қайта тұрдым. Әрине, бұл кезде боксты тастау туралы ой болды, бірақ Америкаға өз күшіммен барып, чемпион болуды мақсат еткендіктен оған намысым жібермеді. Қайта еңсе тіктеп, барынша дайындалып, нәтижесінде екі белбеуге қол жеткіздім, енді олармен шектелмей, әлемдегі барлық белбеулерді алсам деген жоспарым, арманым бар. Тек өзімді ғана ойламай, қасымдағы жігіттерге қолдау көрсетіп, олардың биіктен көрінуіне ықпал етсем, қысқасы қазақ атын әлемге асқақтасақ деген жоспар болды. Бұйыртса бұл деңгейге де, бұл күнге де жетеміз деген ойдамын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube