Жәнібек Әлімханұлы: Мен жәй ғана әлем чемпионы емес, атақты чемпион болғым келеді

«Qazaq Style» аргентиналық қарсыласын қалай құлатты, оның алдағы жоспары қандай?

Фото здесь и далее: Top Rank/ Mikey Williams

Бұл туралы Лос-Анджелестегі жарқын жеңістен кейін Forbes.kz тілшісіне  сұхбат берген  былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы  айтып берді.

Жәнібек Әлімханұлы – кәсіпқой боксшы. 27 жаста. Әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясымен келісім-шарт жасаған тұңғыш қазақ. Промоутері – Боб Арум. Менеджері – Эгис Климас. Рекорды – 9-0(5 KOs). WBO global, WBC continental Americas чемпиондық белбеуінің иегері. Кәсіпқой бокста «QAZAQ STYLE» стилінің негізін қалаушы. Орта салмақта [72 кг] жұдырықтасады. Солақай. Бойы – 182 см. Жаттығу базасы - АҚШ, Калифорния штаты. Лос-Анджелес қаласы. Әуесқой бокста Қазақстанның 9 дүркін чемпионы. Әлем чемпионы. Азия және Азия ойындарының чемпионы. Рио олимпиадасының қатысушысы.

F: Жәнібек, сізді тамаша жеңісіңізбен құттықтаймыз! Ерекше дайындықпен шыққаныңыз бірден көрініп тұрды. Қарсыластың қалай нокаутқа түскеніне барша қазақ елі, күллі әлем куә болды? Бұл жекпе-жектің  жоспары қалай құрылды, дайындық қалай өтті? Пандемия кедергісін келтірмеді ме?

- Шынымды айтсам, рингті қатты сағынып қалыппын. Пандемия салдарынан наурыздағы жекпе-жегіміз өтпей қалғанын білесіздер. Ол кезде де жақсы дайындық болған еді. 90 раунд спарринг жасап, үлкен шоуда жарқын өнер көрсетуге сақадай сай болғанбыз. Бірақ, бір апта қалғанда бұл жекпе-жектің өтпейтіні туралы хабар естідік. Тек біздің кездесу ғана емес, көптеген үлкен шоулар тоқтатылды. Әрине, бұл өкінетін, мұңаятын жағдай емес. Денсаулық бірінші орында. Сол уақыттан бері тынымсыз дайындалып жүрміз. Жекпе-жек жоқ деп құр жатпадық. Шеберлікті шыңдап, өз кемшіліктерімізбен жұмыс істедік.

F: Осы жекпе-жекке бір апта қалғанда қарсыласыңыз өзгерді. Екі ай бойы басқа қарсыласқа дайындалып жүріп, табан асты басқа боксшымен жұдырықтасу жоспарға қаншалықты кері әсерін тигізді?

- Мен кез келген боксшымен жұдырықтасуға дайынмын. Мұны бұрыннан айтып жүрмін. Тіпті, сол күні қарсыласым өзгерсе де кездеуге әрдайым әзірмін. Әуесқой бокста үш жүзге  жуық жекпе-жек өткізіп, біраз додаларды көрген тәжірибем бар. Қарсылас оңқай ма, солақай ма ол мен үшін мәселе емес. Әрине, бір қарсыласқа жоспар құрып, соның кемшілігін зерттеп, соған қарсы жұмыс істеу жақсы. Бірақ, біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Дайын болғанда ғана келеңсіз жағдайлар саған ауыр соққы болып тимейді. Өзіңді жоғалтпайсың. Біз әрдайым менеджерге де промоутерлерге де мықты қарсылас беріңдер дейміз. Сол талабымызды ескеріп, бұл жекпе – жекке жеңілмеген қарсылас берген болатын. Ол да солақай еді. Бірақ, ол жаттығу барысында жарақат алып, жұдырықтасудан бас тартыпты. Бір апта қалғанда аргентиналық қарсыласты берді. Ол өз салмағы бойынша елінің нөмірі бірінші боксшысы. Рекорды да жаман емес, рейтингте де жақсы орында болды.

F: Гонсало Кория жекпе-жек алдында арналардың біріне сұхбат беріп, сіз туралы пікірін айтқан екен. Қарсылас не деді, ол өзіне қаншалықты сенімді болды?

- Кез  келген боксшы рингке жеңемін деп шығады. Қарсыласымның жеңуге үміті болған соң келісім-шартқа қол қойып, аренаға келді. Дайын келді. Мені зерттеп келгені көрініп тұрды. Оның мен туралы не айтқанын оқымадым, көрмедім. Боксшы кейде қарсыласына психологиялық шабуыл жасау үшін әртүрлі сөздер айтады. Бұл да кәсіпқой спорттың  жазылмаған заңы. Жалпы қарсылас не айтса да, қандай қылық жасаса да мен еш қызбалыққа салынбаймын. Бар ойым, уақытында рингке шықса екен деймін. Ал ары қарай маған айтылған сөздердің  жауабын тек рингте беремін!

F: Бірінші раундта нокдаун, екінші раундта нокаут болды. Қарсыластың осал тұсын тауып, оңтайлы сәтті пайдаландыңыз ба, әлде қандай да бір жоспар болды ма?

- Мен ешқашан рингке құлатамын деп шықпаймын. Мен үшін бокс тек құлату емес. Бокс-үлкен өнер. Рингке шыққанда бар өнерімді көрсетемін деп шығамын. Ал, құлату, құлатпау ол жекпе-жек барысында реттелетін шаруа. Бұл жолғы жекпе-жектің жауапкершілігі бұрынғыдан өзгерек болды. Себебі, басты кездесудің алдында өнер көрсеттім. Шоуды америкалық ESPN арнасы тікелей эфирде көрсетті. Қазақ стилін күллі америкалықтарға көрсетуге үлкен мүмкіндік берілді. Сол мүмкіндікті жіберіп алмай, барынша сәтті әрі сауатты жұдырықтасу негізгі жоспарымыз болды.    Біз осылайша қазақ стилін тарихта қалдыру үшін еңбек етіп жүрміз. Қазақ стилін әлемге әйгілеу жолында барымызды салудамыз. Жаттығуда пысықтаған, спаррингтерде шыңдаған соққылардың барлығын рингте көрсеттім. Күні кеше ғана тамаша жаңалықтан хабардар болдық. Менің нокаутымды «Жыл нокауты» атағына үміткер ретінде тіркепті. Осылай қазақ стилін тарихта қалдыру белесіне тағы бір қадам жақындадық.

F: Соңғы жеңіс бүкіләлемдік бокс рейтингіндегі дәрежеңізді қаншалықты өзгертті? Жәнібек Әлімханұлы  қазір қандай сатыда?

- Әлемдік тұжырымдардың рейтингтері енді жаңарады. Бұйыртса бірнеше саты жоғарылаймыз. Қазір WBO тұжырымында әлем бойынша 4 орындамын, WBC - де 9, IBF - те 11, WBA тұжырымы бойынша үздік 15 - темін. Бар жоғы 9 жекпе-жек үшін бұл өте жақсы көрсеткіш. Құдай қаласа, жақын уақытта чемпиондарға міндетті қарсылас атанамыз. Сол күнді асыға күтіп жүрмін.

Осы жекпе-жектен соң шетелдік журналистер, бокс сарапшылары жанкүйерлері өзіңіз туралы жарыса жазды. «Орта салмақтың болашағы», «кез келген чемпионмен шығуға дайын», «чемпиондарға қауіпті боксшы»- деп атағандар болды. Өзіңіз де жекпе-жектен соң шетелдік басылымдарға чемпиондармен жұдырықтасқым келеді деп сұхбат бердіңіз. Кімдермен шығуға  дайынсыз?

- Мен 100 пайыз дайынмын. Әркім өз деңгейін, өз шамасын жақсы біледі. Мен қазір кәсіпқой бокс мансабымның өте шыңдалған деңгейіндемін. Жасым 27-де. Құдайға шүкір, денсаулығым жақсы. Жарақат жоқ. Өз салмағымның кез келген чемпионын ұруға, белбеулерін тартып алуға шамам толық жетеді. Күніне 2 мезгіл, 6 сағат жаттығу залындамын. Әртүрлі спарринг қарсыластармен жұдырықтасып, мамандармен ақылдасып, мықтылармен кеңесіп дайындық жасап жүрмін. Жұма күні жекпе-жек өткіздім, дүйсенбі залға келіп жаттығуымда қайта бастадым. Маған демалу, қыдыру деген қызық емес. Менің бар ойым чемпиондық белбеу. Соған қол жеткізбейінше тоқтамаймын. Канело? Оған қарсы менде ондаған айла-тәсіл бар. Шыңдап, дайындап қойғанмын. Чарло? Оның Деревьянченкoмeн жұдырықтасуын көргендер оныншы раундта шаршап қалғанын да көрді. Андраде? Ашық бокстасады. Жақтарын  ашық ұстайды. Қарсы соққыға оңай түседі. Мен жәй бір-екі мысал ғана келтіріп отырмын. Барлық чемпионға тактикалық тұрғыдан дайынбыз. Залда құр тер шығарып, энергиямды тауысып жүрген жоқпын. Күн сайын  чемпиондарға дайындаламын.

F: Әрине,  дайын екеніңізге күмән жоқ. Бұл жанкүйер ретіндегі сөзіміз емес, сіз туралы талай бокс мамандары да айтып жүр. Барлығымыздың асыға күткен чемпиондық жекпе-жек қашан болуы мүмкін?

- Жекпе-жегімнен соң промоутеріммен сөйлестім. Рингке келіп, жеңіспен құттықтады. Тамаша өнер көрсеткенімді, келесі жылы чемпиондық кездесу ұйымдастыруды жоспарлап жүргенін айтты. Біз дайынбыз дедік. Құдай қаласа келер жылы әлемді шулатымыз. Қазақ стилін танытамыз.

F: Жәнібек сіздің рингтегі іс-қимылыңыз да, сөйлеуіңіз де, сұхбатыңыз да басқа боксшыларға ұқсамайды. Сіздің шетелдік басылымдарға берген сұхбаттарыңызды оқып жүрміз. Әлеуметтік желідегі жазбаларыңдызды да қараймыз. Жұдырықтасуыңыз қазақ стилі, ал сөйлеу мәнеріңіз  америкалық стилге көбірек келеді. АҚШ сізді  өзгертті ме, әлде өзгеру керек болды ма?

- Бізде де қазаққа тән ұяңдық, ұялшақтық бар. Оны көрсететін жер болады. Ал, Америкада кәсіпқой бокста жүрген соң, барынша осы жақтың толқынында болуың керек. Бұл саланың  жазылмаған өз заңы мен ережесі бар. Шапқан соң шаңғытып шапқанға, ұшқан соң биікке самғағанға не жетсін?! Мен жәй ғана әлем чемпионы болғым келмейді. Мен атақты әлем чемпионы болғым келеді. Сен сөйлемесең, айтпасаң, сен туралы жанкүйерлер қайдан біледі? Үндемей жүріп те тірлік жасауға болады. Бірақ маған бұл жол қызық емес. Мен кәсіпқой боксшымын. Мен жекпе - жекке шығатын жауынгермін. Мен қарсыласты ұрамын, құлатамын. Осындай салада жүріп, тым жұмсақ сөйлеген жараспас. Қазаққа тән жауынгерлік  мінезді, ұлттық рухты таныту керек деп ойлаймын.  Ешкімнің жеке басына қатысты ауыр сөз айтқан емеспін. Айтпаймын да. Әрине, қарапайымдылық, кішіпейілдік мен үшін әрдайым бірінші орында. Достарым, ағайын - туысым, көршілерім менің қандай екенімді өте жақсы біледі.

F: Сізді әйгілі Джеймс Тонимен бірге көріп тұрамыз? Аты аңызға айналған  боксшымен қандай байланыстарыңыз бар?  Командаға қатысы бар ма? Оның сіз туралы пікірі мен сізге деген сенімі қандай?

- Джеймс Тонимен бір залда жаттығамыз.  Ол қазір бапкерлік қызметте. Өзінің боксшылары бар. Таныса салып жақын араласып кеттік. Менің бокстасу мәнерімді жақсы көреді. Спаррингтерімді көргенді ұнатады. Үнемі  «Сен болашақ чемпионсың» - деп қанаттандырып жүреді. Әйгілі чемпионнан, аңыз боксшыдан мұндай қолдау сөз есту мен үшін үлкен мәртебе. Залға журналистер келсе де біз туралы жақсы пікірлерір айтып, бізді жігерлендіріп жүреді. Өткенде ғана  «Жәнібек Канелоны құлатады, мен Жәнібек пен Чарлоның жекпе - жегін көргім келеді. Сол қызық болады»- деген сөзін де естідіңіздер. Бұл пікір америкалық жанкүйерлердің де қызу талқысына түсті. Мұндай кісілердің қолдауы біздің әлемге ертерек танылуымызға, Қазақ стилін одан сайын танымал етуге жақсы мүмкіндік. Джеймстің балаларымен да жақсы араласамыз. Өте тәрбиелі, қарапайым. Бекең анда - санда оларға лапа ұстап, чемпионның балаларын шыңдап жатады!

F: Қазір қайда тұрасыздар? Демеушілермен жұмыс жүйеленді ме? Сіздерге кімдердің тарапынан қолдау жасалады?

- Калифорния шататы, Лос - Анджелес қаласында тұрамыз. Жаттығу базамыз да сол жерде. Зал үйден қатты алыс емес, көлікпен он минуттық жер. Үлкен компаниялармен әлі келісім - шарт жасап, серіктестік орнатпадық. Дегенмен, алаңсыз жаттығу жасауымызға қолдауын көрсететін ағаларымыз жоқ емес. Кеше ғана Шымкенттен белгілі меценат Әлімқұл Молдасейітов ағамыз хабарласып, жеңісімізбен құттықтап, дайындығымызға қолдауын көрсететінін айтты. «Көк тудың желбіреуіне қосқан үлесім болсын»- деп қажетті қаражатты аударып жіберді. Қазір дайындық жоспарын құрып жатырмыз. Әр жекпе - жек сайын өсуіміз керек. Бізге енді жеңіл қарсыластар берілмейді. Сол үшін де дайындық лагерін күшейтуіміз керек. Америкада дайындыққа аз ақша кетпейді. Спарринг қарсыластарға әр раундына ақша төлейсің, онымен қоса олардың жататын жері, ұшақ билеті, тамағының шығыны да шақырушы тараптың мойында. Қазір көп зал жабық. Басқа штаттан шақыртуға тура келеді. Витаминдер, бапкерлер шығыны бар.

F: Сіздің гонорарыңыз қалай белгіленуде? Оның көлемі неге байланысты?

- Гонорар, раундқа байланысты беріледі. Әлі 100 мың доллорлық гонорарға шықпадық. Әзірге алатын гонорарымыз пәтеріміздің, көлігіміз бен ас-ауқатымыздың шығынын жабады. Бұйыртса үлкен гонорар алып, өзіміз де артымыздан еріп келе жатқан інілерге демеуші бола алатын күнге  жетеміз деп ойлаймын

F: Жәнібек, алда қандай жоспарыңыз бар? Биыл тағы бір жекпе - жек өткізесіз бе?

- Өткізуге барынша әрекет жасап жатырмыз. Менеджермен сөйлесіп, промоутерлерден хабар күтіп отырмыз. Қараша немесе желтоқсанда жұдырықтасуға дайынбыз.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
10232 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
30 ноября родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить