Жәнібек Әлімханұлы: Қазақтың Боратқа еш қатысты жоқтығын жақсылап түсіндірдік

16314

Қазақстандық кәсіпқой боксшы әлем чемпиондарымен жұдырықтасуға әзір

Күні кеше ғана канадалық қарсыласы Стюарт МакЛелланды нокаутқа жіберіп, кәсіпқой рингте жетінші жеңісіне қол жеткізген Жәнібек Әлімханұлы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берді.

Жәнібек Әлімханұлы – кәсіпқой боксшы. Жасы 26-да. Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқан тұңғыш қазақ. Промоутері – Боб Арум. Менеджері – Эгис Климас. Рекорды – 7-0(3 KOs). WBO global, WBC continental Americas чемпиондық белбеуінің иегері. WBO тұжырымының рейтингінде әлем бойынша топ 15 боксшының тізімінде. Кәсіпқой бокста “QAZAQ STYLE” стилінің негізін қалаушы. Орта салмақта [72 кг] жұдырықтасады. Солақай. Бойы – 182 см. Жаттығу базасы - АҚШ, Калифорния штаты. Лос-Анджелес қаласы. Әуесқой бокста Қазақстанның 9 дүркін чемпионы. Әлем чемпионы. Азия және Азия ойындарының чемпионы. Рио олимпиадасының қатысушысы.

F: Жәнібек, бұл жолы біз рингте мүлде басқа Жәнібекті көрдік. Қарсыласыңа деген ашу-ыза әр соққыңнан көрініп тұрды. Үшінші раундта-ақ құлаттың. Бесінші раундта жекпе-жек аяқталды. Рингтегі бұл ерекше мінезің, өнерің қарсыласыңның сені мазақтағынанын әсері ме әлде дайындық өте жақсы болғанынан ба?

- Біреу мазақтаса, артымыздан сөз айтса, сынаса, жамандаса уайымға беріліп, оған жауап беріп, ашуланатын төмен деңгейде емеспіз. Әркім өз тәрбиесіне, түсінігіне қарай өмір сүреді. Біздің тәрбиеміз басқа. А дегенге Б деп, үргенмен қоса үріп, Әуезов айтқандай адамдық аузымыздың қасиетін құртпаймыз. Үлкен спортта қарсыластың жекпе-жек алдында психологиялық шабуыл жасауы, сенің көңіліңді түсіріп, жаттығуыңа кері әсер тигізетін әртүрлі құйтырқы әрекеттер істеуі бұрыннан бар. Болашақта да бола береді. Мұны өте жақсы білеміз. Қарсыласымның айтқан сөзіне, өзінің әлеуметтік желісінде Борат деп мазақтағанының жауабын рингте бердік. Өнерімді қарсыласым сияқты инстаграмда фоллоуерлердің алдында емес, рингте жанкүйерлерімнің алдында көрсеттім. Біз үшін маңыздысы осы. Жекпе-жек біткен соң қарсыласым келіп, сурет үшін арнайы кешірім сұрады. Қазақтың Борат еместігін, Қазақстанның Бораттағыдай еместігін түсінді. Қазақтың Боратқа еш қатысы жоқтығын жақсылап түсіндірдік. Жекпе-жекке дайындық өте жоғары деңгейде өтті. Мықты спарринг қарсыластармен жұдырықтасып күн сайын шеберлік шыңдадық. Рингте жалғыз жұдырықтасқаныммен, жеңгенде менің ғана иығыма ту жамылып, менің ғана қолым көтерілгенмен бұл жеңіс тек менің ғана жеңісім емес. Бокс командалық спорт. Бұл команданың жеңісі. Көзге көрінетін, көрінбейтін қаншама іс атқарылып жатыр. Командамның барлық мүшелеріне алғыс айтқым келеді. Біз бұйыртса әлемді бағындырамыз.

F: Бұл жолғы қарсыласың да өте тәжірибелі болды. Кәсіпқой бокста 33 жекпе-жек өткізіп, оның тек 3-еуін ғана ұтылған. Бірақ рингте ешнәрсе істей алмады. Саған чемпиондармен шығатын кез келген сияқты.

- Рингте ешнәрсе істей алмау бар, ешнәрсе істетпеу бар. Бірінші раундтан-ақ бізге қарсыластың айла-тәсілі, тактикасы белгілі болды. Тіпті баспен қабағымды жарғысы келетін құйтырқы әрекеті де бірден көрінді. Бапкерім Бадди МакГирд тактика қою, қарсыластың тактикасын қимылынан оқып алудың нағыз шебері. Алғашқы нокдауннан кейін ақ жекпе-жекті аяқтауға болушы еді. Қарсыласымның көзі кетіп, дайын болып тұрған. Бірақ, Борат үшін бұл соққылар аз деп шештім. Асыға күткен жекпе-жектен жанкүйерлердің де айызы қансын дедім, өзім де ләззат алғым келді. Әрине чемпиондармен жұдырықтасатын кез келді. Оны жекпе-жектен соң америкалық телеарнаға берген сұхбатымда да айттым. Канело, Чарло, Дмитриус сияқты атақтылармен жұдырықтасу маған да жанкүйерлерге де қызық. Мұның бәрі промоутерге байланысты екенін бәрі жақсы түсінеді. Мүмкін келер жылдың соңында бәріміз асыға күткен шоулар болып қалатын шығар.

F: Рингте түрлі қимылдарды көп жасайсың. Бұл жанкүйер жинаудың бір тәсілі ме?

- Мұның екі себебі бар. Біріншісі, әрине мұндай шоулар жанкүйерлерге қызық. Америкада жанкүйерлер ішпыстырарлық жекпе-жектерді ұнатпайды. Рингте жанбасаң, жалындамасаң ешкім сені көруге келмейді. Мейн эвенттің емес, андеркардтың боксшысы боласың. Сені тек төрешілер ғана тамашалайтын болады. Америкада жүрген соң мұндағы жазылмаған заңдар мен өзіндік қағидаларын ескермесең ол сенің және командаңның кәсібилігінің төмендігі. Реті келіп тұрған жерде шоу көрсеттік, болашақта да көрсетеміз. Бұл мақтану емес. Бұл заңдылық. Мұны жанкүйерлер өте жақсы түсінеді. Екіншісі себебі қарсыласың саған рингте әртүрлі құйтырқы әрекеттер жасап, өзін рингтің қожайынындай сезе бастағанда сенде де жауап болу керек. Сені мазақ қылып, өзі бұрышта тұрып алып сені кел деп шақырып тұрса соған үндемей барып, үндемей өнер өрсете беруді құп көрмеймін. Рингте әр қимыл қарсыласқа әсер етеді. Ринг қожайыны сен екеніңді сезіндіру кейде тек соққылармен ғана емес әртүрлі шоу әрекеттермен де көрсетілуі керек деп есептеймін. Қарсыластың толқынына түсіп кетпеу керек.

F: Қазақстанда QAZAQ STYLE өте танымал болып қалды. Жәнібек десе бірден QAZAQ STYLE еске түседі. Бір жылдың ішінде керемет бренд жасадыңдар. Америкалықтар арасында QAZAQ STYLE қаншалықты танымал болып жатыр?

- QAZAQ STYLE менің лақап атым. QAZAQ STYLE менің стилім. Мұны Америкада да танымал болуына бар күш салып жатырмыз. Берік ағам қатты еңбектеніп жатыр. Өзге залдарға спаррингке барсақ, спарринг алдында залдағыларға айқайлап қазір сіздерге QAZAQ STYLE-ды көрсетіміз, бұл стиль әлемде нөмірі бірінші стиль дейді. Осы сөздерден соң жақсы жұдырықтаспай көр. Спарингтен соң бапкерлерден, қарсыластардан қазақ стиль ұнады ма қалай, бұйыртса бұл стиль өте танымал болады деп шегелеп кетеді. Шетелдік журналистер залға келіп сұқбат алғанда да осы стильді айтамыз. Біздің мақсат өз стилімізді «мексикалық стиль» сияқты әлемге танымал ету. Халықаралық брендке айналдыру. Осыны жасасақ қазақ кәсіпқой боксына қосқан үлкен үлесіміз болар еді. Бұйыртса жасаймыз!

F: Бұл жолғы жекпе-жекте шортыға командаласың ресейлік Максим Дадашевтың суретін тіктіргендеріңді білеміз. Бокстың өте қатыгез спорт екенін Дадашевтың өлімінен соң тағы да айқындала түскендей. Бұл оған деген құрметтің белгісі ме? Бұл оқиға жекпе-жекке дайындығыңа, көңіл күйіңе қаншалықты әсер етті?

- Макс бауырымыз өте ақкөңіл, қамқор жігіт еді. Өзі ресейге кеткенде көлігін бізге тастап кетіп, міне тұрыңдар деп бауырмалдылығын көрсетіп еді. Бір залда жаттықтық, бір бапкерде, бір промоутерде, бір менеджерде болдық. Өкінішке қарай, соңғы жекпе-жегінде сәтсіздікке ұшырап, жарақат алып, жан тапсырды. Жап-жас жігіт. Артында отбасы қалды. Әрине, көңіл күйің түседі, әрине мұңаясың. Әр боксшы бұл спорт ешкімді аямайтынын жақсы біледі. Боксшы ол жауынгер. Ринг - соғыс майданы. Өлім ол ажал. Біреу төсекте жатып жан тапсырады, біреу қартайса, біреу сәби кезінде аттанады. Бұл адамның қолдан жасайтын ісі емес. Қазақ «жазымыштан озымыш жоқ»- дейді. Макс бауырымыздың отбасына сабыр тілейміз. Еңбекқор, батыр жауынгер болғанын еске алайық деп, оған деген ереше құрметімізді білдірейік деп шортыға суретін тіктірдік.

F: Жәнібек сенің Америкадағы дебютыңа әлі бір жыл болған жоқ. Бір жыл болмай бес жекпе-жек өткізіп, екі бірдей белбеу жеңіп алдың. Онымен қоса әлемнің ең үздік топ 15 боксшысының қатарындасың. Қарсыластарың да өте тәжірибелі. Келесі жекпе-жек қашан өтеді? Биылға тағы бірнеше жекпе-жек бар шығар?

- Ниет, тілегіңізге көп рақмет. Бұйыртса, екі апта демалып алып жаттығуға қайта кірісеміз. Әзірге нақты уақыты белгілі емес. Бірақ қазан айының соңы немесе қарашаның басында рингке қайта ораламыз.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube