Жәнібек Әлімханұлы: Америкалықтар мені Qazaq Style деп атап кетті

13439

Қазақстандық кәсіпқой боксшы қос бірдей титул үшін жұдырықтасады

Жәнібек Әлімханұлы - әуесқой бокстан Азия, Азия ойындары мен әлем чемпионы. Кәсіпқой бокста 5 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Атақты “Top Rank” промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқан тұңғыш қазақ. Промоутері - Боб Арум, менеджері - Эгис Климас, Бапкері - Бадди МакГирдт. Команданың PR директоры Берік Сұлтан. Жаттығу базасы - Америка, Калифорния штаты, Нортридж қаласы. Алдағы жұдырықтасуға деген дайындық қандай? Қарсылас кім? Америкадағы қазақ бокс стилінің ерекшелігі неде? Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген Жәнібек Әлімханұлы айтып береді.

Берік Сұлтан, Жәнібек Әлімханұлы
Берік Сұлтан, Жәнібек Әлімханұлы

F: Жәнібек, кәсіпқой бокстағы әр қадамыңды бақылап отырамыз. Америкаға бара салып, атақты Боб Аруммен келісімшарт жасастың. Чемпиондары көп менеджер Эгис Климас менеджерің болды. Тайсонды жаттықтырған Бадди МакГирд бапкерің. Енді міне бар жоғы алтыншы жекпе-жегіңде қос бірдей титулға жұдырықтаспақсың. Бұл үлкен жетістік екенін білеміз. Біреу демеушілік жасап, команданы алға сүйреп жатыр ма?

- Ең алдымен сіздерге көп алғыс айтқым келеді. Кәсіпқой боксқа ауысамын деген күннен бастап, ақпараттық қолдау көрсетіп келесіздер. Шетте жүрген бізге бұл үлкен қуаныш. Бұйыртса 12 сәуірде Лос Анджелес қаласында WBO Global және WBC Continental Americas чемпиондық белбеулері үшін жекпе-жек өткіземін. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Жетістік деп қалдыңыз ғой. Бұл белбеулер мен армандаған, мен мақсат еткен белбеулер емес. Менің мақсатым бірнеше салмақта әлем чемпионы болу. Бұл белбеулер құрлықтық белбеулер. Нәсіп етіп, жеңсем әлемнің ең мықты 15 боксшысының рейтингіне кіреміз. Сосын, әлем чемпионы белбеуіне жұдырықтасуға жол ашылады. Бұл шаруаларды ешқандай демеуші атқарып жатқан жоқ. Біздің әлі демеушіміз жоқ. Бұл біздің команданың еңбегі. Ағам Берік Сұлтанның, менеджерім Эгистің, промоутерімнің жұмысы.

F: Жәнібек, демеушіміз жоқ дейсің. Әлі бір кәсіпкер серіктестік жасауға ниет білдірмеді ме әлде өздерің демеушісіз жұмыс жасағыларың келеді ме?

- Америкада тұрып жатқанымызға бір жыл болды. Жекпе-жектен алатын ақшаны үнемдеп, бір бөлігін пәтерімізге, бір бөлігін тамаққа енді бір бөлігін бапкерлер мен витаминдерге жеткізіп жүрміз. Алты раунд пен он раундттың дайындығы бөлек болады. Қосымша бапкерлерге, спарринг қарсыластар мен сапалы витаминдерге біраз қаржы керек екенін енді сезіндік. Он екі раундқа дайындықтың шығыны одан көп. Командамыздағы мамандар қазір барлық құжаттарды реттеп, серіктестер үшін жарнамалық жобаны дайындап қойды. Бұйыртса осы жекпе-жектен соң демеушілермен серіктестік орнатуға дайын боламыз.

F: Алғашқы титулдық жекпе-жекке дайындығың қалай өтіп жатыр? Әлі құламаған тәжірибелі мексикалық Кристиан Оливасқа алғашқы нокаут сыйлауға дайынсың ба?

- Реті келсе кез-келген боксшы қарсыласын құлатқысы келеді. Бірақ, бокс мен үшін тек нокаут емес. Бокс үлкен өнер. Мен рингке бар өнерімді көрсетуге шығамын. Рингте еркін жүре алатынымды, қорғана алатынымды, шабуылдай алатынымды, раунд сайын өзгере алатынымды жанкүйерлерге көрсеткім келеді. Солай есте қалсам деймін. Әр жекпе-жек менің тарихым. Бокс тарихым көрсе көз қуанатындай, біреу айтса қызығы тыңдайтындай болса деймін. Генерал болғысы келмейтін солдат болмайды дегендей, тарихта қалғысы келмейтін боксшы болмайды. Тарихта тек ерекшелер ғана қалатынын жақсы білесіздер.

Бір сарынды емес, әртүрлі мәнерде, әртүрлі тактика қолдана жүріп жұдырықтасу Америкалық жанкүйерлерге өте қызық. Жанкүйерің болмаса мұнда ешкім емессің. Америкада менің салмағымда мыңдаған боксшы бар, жылына жүздеген шоулар ұйымдастырылады. Жүзден жүйрік болып көзге түсу өз қолыңда. Тыңғылықты дайындалып, күн сайын өзіңді дамытып отыру керексің. Болмаса әркімге бір спарринг қарсылас болып, рекордың жақсы болса мықтының чемпион болуына саты болып беріп, мансабыңды аяқтайсың. Таңдау өзіңде. Бұл жолғы дайындықта командада бірқатар өзгерістер жасадық. Физикалық жаттығу базамызды өзгерттік. Өз саласын ғылыми тұрғыда меңгерген, чемпиондарды дайындап жүрген бапкермен он күн жаттықтық. Өзіме қатты ұнады. Біраз нәрсе үйрендік. Қазір спарринг уақыты. Аптасына үш күн 8 раунд спарринг жасап жатырмын. Спарринг қарсыластарым да жекпе-жектегі қарсыласым сияқты жұдырықтасатын боксшылар. Бұйыртса еңбектің нәтижесін рингте көрсетемін.

F: Бұрын соңды кәсіпқой бокста “QAZAQ STYLE” дегенді естімедік. Осы сөзді бірінші боп сендер айта бастадыңдар. Қазір біршама танылып, әржерде жазылып жүр. Өздерің танытып жүрген бұл стильдің ерекшелігі неде?

- Бізде өкінішке қарай “советская школа” деген сөз көп айтылды. Уақыт өте қазақ бокс мектебі жанданды. Оны тарихтан білесіздер. Мен де сол қазақ бокс мектебінің түлегімін. Қазақ бокс мектебінің әр боксшысының өзіне сай стилі бар. Әрқайсысы әтүрлі мәнерде жұдырықтасады. Сол сияқты менің де өз жұдырықтасу мәнерім бар. Кәсіпқой боксқа ауысып, Америкаға барарда Бекең: “Қазақ бокс мектебінің боксшысысың, әлемде мексикалық стиль танымал. Сенің стиліңді шетелдің айтып жүрген стилдерімен байланыстырмай, “Қазақ стилі” QAZAQ STYLE деп атасақ қалай болады деп ұсынысын айтып, солай атап кеттік. Қазір Америкада мені бәрі QAZAQ STYLE деп атайды. Мүмкін алдағы уақытта лақап атыма да айналып кетер. Мүмкіндігіміз барда кәсіпқой бокста неге қазақ атын, қазақ стилін насихаттамасқа? Мексикалық стиль сияқты әлемге танымал қылуға бар күшімізді саламыз!

F: Әр жекпе-жек сайын бір деректі фильм шығаруды әдетке айналдырдыңдар. Үш бірдей деректі фильм шықты. Мұның бәрі жарнама ма үшін жасалып жатқан дүниелер ме?

- Ағылшын тілінде америкалық боксшылар туралы деректі фильмдер өте көп. Олардың дайындығы, тамағы, бапкерлерінің кеңесі, өмір салты толық көрсетіледі. Ауылда жатқанда бір нәрсе үйренсек деп соларды субтитр арқылы көріп, бірін түсінсек бірін түсінбей қиналатынбыз. Бізге Америка, мұндағы кәсіпқой бокс өте қызық әрі жұмбақ әлем болатын. Қазір өзіміз осында жүрміз. Талай чемпиондарды шығарған бапкермен жаттығу жасап жатырмыз. Бекең екеуміз ауылдағы қаракөз інілерімізге әр жекпе-жекке дайындығымызды көрсетейік, түсіндірейік, шабыттандырайық, қызықтырайық деген ниетпен басталған іс қой. Болып, толып болған соң ғана емес, мүмкіндікке қарай мейлінше қазірден бастап пайдалы іс жасағанға не жетсін. Қазір төртінші фильм түсіріліп жатыр. Әр фильмде Америкадан үйренгенімізді, мұнда келудің ешқандай қиындығы жоқ екенін, тіпті демеушісіз-ақ келіп орнығуға болатынын айтып, жаттығу процестерін көрсетеміз. Бір жастың арманына қанат бітірсек, бізге сол олжа.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить