Жәнібек Әлімханұлы: Америкада алғашқы жекпе-жек өткізетін күн алыс емес

7925

Тайсонның экс-жаттықтырушысы, әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясы және 2017 жылдың үздік менеджері жерлесіміздің жұлдызын жандыруға атсалысады

Әуесқой бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы, Азия ойындарының жүлдегері, Азия чемпионы, Қазақстан чемпионы, «Astana Arlans» Құрамында өнер көрсеткен Жәнібек Әліманұлы 2018 жылы біржола кәсіпқой боксқа ауысып, Америкаға аттанған еді. Талантты спортшы қай кезде қолғап түйістіреді, дайындық қалай жүріп жатыр, әлемге әйгілі үштікпен келісім қалай жасалды? Forbes.kz оның алдағы жоспары мен жаттығуы жайында және алғашқы жекпе-жек туралы сұрап білді.

Жәнібек, Америкадағы шаруаларыңның сәтті басталғанына қуаныштымыз. Кәсіпқой бокстағы ең беделді промоутер Боб Аруммен келісімшартқа отырған алғашқы қазақсың. Осы тарихи сәт қалай болды?

- Әрине, атақты промоутер Боб Аруммен жұмыс істесу мен үшін үлкен қуаныш. Top Rank промоутерлік компаниясының телеарна түсіретін бокс шоулары өте көп. Көптеген әлем чемпиондары осы компаниямен келісімшарт жасасқан. Атақты Мұхамедәли де кезінде Боб Аруммен бірге жұмыс істеген. Екеуі бірге биік белестерді бағындырғаны көпшілікке таныс. Командамызбен Қазақстаннан Америкаға аттанбас алдын жоспар құрғанбыз. Мақсатымыз чемпион болу. Чемпиондыққа жету үшін мықты менеджер, мықты промоутер мен жаттықтырушы керек. Осы үштікті таңдауда қателеспеуіміз шарт, жақсысын таппай ешкіммен келісімшарт жасаспаймыз деп айқын мақсатпен бардық. Эгис Климаспен менеджерлік келісім шарт жасасқан соң, оған тек мықты промоутермен келісімшар жасаймыз деп мақсатымызды айттық. Көптеген ұсыныстар айтылды. Бізге ұнағаны осы Top Rank промоутерлік компаниясының ұсынысы болды. Лас Вегасқа барып, Боб Аруммен жүздесіп, Top Rank-тіктермен таныстық. «Отбасымызға қош келдің Қазақ жауынгері, саған үлкен сенім артамыз» -деп жылы қарсы алып, сенім білдірді. Біз де сенімді ақтаймыз, бұйыртса. Top Rankтен бөлек маған бүкіл қазақ елі сенім артып отырғанын білемін. Бұйыртса барлығы алды деп ойлаймын. Қазақ бокс мекебінің мықты екенін дәлелдеп, өзімізді көрсетсек Top Rank әлі талай қазақ жастырымен келісімшартқа отыратын болады. Ең бастысы есігі ашылды.

Сені бокс мамандары кәсіпқой бокста ең сәтті келісімшартқа отырған боксшы деп баға беріп жатыр. Промоутерің әйгілі Боб Арум, менеджерің 2017 жылдың үздік менеджері атанған Эгис Климас және де бапкерің атақты Тайсонды жаттықтырған Бадди МакГирд. Мұндай командамен 1-2 жылда чемпиондық жекпе-жегіңді де көріп қалатын шығармыз?

- Сіз айтқан үштіктен бөлек біздің командада мықты PR маманы бар. Берік Сұлтанның да жұмысы өте маңызды. Себебі, Америкада жарнамаң жоқ болса ешқашан бокс шоуының басты жекпе-жегінде өнер көрсетпейсің. Сенің шоуыңа ешкім билет сатып алмайды. Тіпті телеарнадан да тамашаламайды. Жанкүйер мен боксшының арасын жалғап, байланыстырып отыратын маман боксшыға бапкер мен промоутер сияқта ауадай қажет деп есептеймін. Біздің командада, Аллаға шүкір әрқайсысы өз саласының нағыз мамандары. Оны талай дәлелдеген. Бұйыртса, маған да кәсіпқой бокста қандай боксшы екенімді көрсететін, өзімді дәлелдейтін уақыт келеді. Маған рингте “тірі қапшықтарды” құлату қызық емес. Оны бұрын да айтқанмын. Қазір де айтамын. Тәжірибелі боксшылармен жұдырықтасқым келеді. Әрине, мені бірінші немесе екінші жекпе-жегімде чемпиондық белбеуге шығара қоймас. Бірақ, промоутерім мен менеджерім ұзақ созбай чемпиондық шоу ұйымдастырамыз деп уәде берді. Чемпиондық белбеуге жұдырықтасу оңай еместігін боксты түсінетіндер жақсы біледі. Сен сол салмақтың чемпионымен шығасың. Шыққан соң ұту керек. Ұту үшін өте жақсы дайындық керек. Жақсы боксшылармен спарринг жасап, тәжірибе алмасу қажет. Бапкерің айтқан ескертулермен жұмыс жасап, өзіңді шыңдау керексің. Сонда ғана нәтиже болады. Рингте дайындығы мықты боксшы жеңеді. Айды аспаннан бір-ақ шығарымын деп асығыстық жасап, шала дайындықпен рингке шығып кетуге де болмайды. Бұйыртса барлығы жоспар бойынша болады. Кемі бір жыл өзімді кәсіпқой рингте шыңдауым керек. 1 жылдан соң барлығы белгілі болады.

Америкадағы жаттығуың қалай өтіп жатыр? Бадди Макгирдтың дайындау тәсілі ұнады ма? Неге таңдау осы бапкерге түсті?

- Жаттығу өте керемет өтіп жатыр. Екі мезгіл дайындалып жатырмын. Таңға дейін темір көтеріп, шыдамдылық пен күшті арттыру жаттығуларын жасаймын. Ал түстен кейінгі екі сағатым рингте өтеді. Бадди МакГирт өзі кәсіпқой боксшы болған. Екі тұжырымда әлем чемпионы атанған. Одан бөлек өзіңіз білетіндей көптеген чемпиондарды дайындаған. Боксшының рингтегі көңіл күйі мен не ойлап тұрғанын ринг сыртанда отырып-ақ біліп тұратын нағыз маман. Бір тәсілді үйретсе, неге бұлай жасау керектігін, олай жасамағандағы зиянды қоса түсіндіреді. Екеуміз бір-бірімізді түсініп жұмыс жасап жатырмыз.

Жекпе-жек уақыты белгілі болды ма?

- Бұйыртса, күзге дейін бір жекпе-жек болады. Амандық болса, жылына кемі 4 жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырмыз. 1-2 аптаның ішінде Америкадағы дебютымның нақты уақыты да белгілі болып қалады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить