Жаңа деңгей: Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев беделді компаниямен келісімшарт жасады

Канададан Америкаға қоныс аударған былғары қолғап шеберінің алдағы жоспары қандай?

ФОТО: личный архив

Батыр Жүкембаев- бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде – WBA Continental, IBF Inter-Continental IBO International, WBC Continental Americas чемпиондық титулдарының иегері. «Batyr 777» лақап атымен кеңінен танымал боксшы, кәсіпқой рингте 18 жекпе-жегінің бәрін ұтып, 14 кездесуін нокаутпен жеңген (18-0;14 КО). 

F: Батыр, сізді жаңа командамен құттықтаймыз. Келісімшартқа қай кезде қол қойылды? Бұл қалай мүмкін болды? Оған кімдер атсалысты, жалпы бұл дәрежеге жету үшін қанша уақыт кетті?

- Үлкен рақмет! Келісімшартқа осы жақын күндері қол қойылды. Маған көптеген ұсыныстар келіп түскен еді. Бас-аяғы екі-үш аптаның ішінде жаңа менеджерім, бапкерім және промоутеріммен барлық мәселелерді талқылап, ортақ әріптестік орнату жайлы мәмілеге келдік. Әрине бұл – BATYR777 командасының 2016 жылдан бері төккен терінің жемісі. Жаңа команда, жаңа деңгей, жаңа мақсат! Енді осы ұстаным – АҚШ пен жаһандық бокс нарығын бағындыру жолындағы менің ұраныма айналмақ. Енді аянбай тер төгіп, чемпиондық үлкен жекпе-жектерге шығуға ұмтыламыз. Бізді қызықты да шытырман жол күтіп тұр...

ФОТО: личный архив

F: Сіз жұмыс істейтін «Eye Of The Tiger Management» промотуерлік компаниясы туралы кеңірек айта кетсеңіз. Бұл компанияға қалай шықтыңыздар, олар тағы кімдермен жұмыс істейді?

- «Eye Of The Tiger Management» компаниясымен 2015 жылдан бері жұмыс істеймін. Бұл канадалық компанияға, жеке промоутерім Камиль Эстефан басшылық етеді. Мен кәсіпқой боксты бастаймын деп шешім қабылдаған кезде, шетелдік компанияларды қарастыра бастадық. Сол кезде осы канадалық промоутерлік ұйым ұсыныс жасап, келісімге келдік. Қазіргі таңда аталған компания Нұрзат Сабыров, Садриддин Ахмедов секілді қазақ боксшыларымен де жұмыс істейді.

F: Бапкеріңіз Мэнни Роблес туралы айтып өтсеңіз. Бұған дейін қандай боксшыларды тәрбиелеген, танымалдылығы қандай?

- Қазіргі бапкерім Мэнни Роблес есімді, бокс әлемінде кеңінен танымал білікті жаттықтырушы. Ол бұған дейін аса ауыр салмақта әлем чемпионы болған Энди Руизды, және жақында жартылай жеңіл салмақта чемпион атанған Оскар Вальдесті жаттықтырған. Боксқа қызығатын кез-келген жанкүйер, бұл бапкер жайлы хабардар деп ойлаймын. Осындай деңгейі жоғары жаттықтырушымен жұмыс бастауым – менің кәсіпқой мансабымдағы жаңа белеске қадам жасауым.

ФОТО: личный архив

F: Менеджеріңіз Рик Мириджан екені айтылды. Оның негізгі міндеті қандай? Кәсіпқой бокс әлеміндегі тәжірибесі қандай?

- Ал жаңа менеджерім Рик Мириджан – әлемдік деңгейде қызмет етіп жүрген бокс маманы. Рик, кәсіпқой рингтегі көптеген әйгілі боксшылармен жұмыс істейді. Олардың ішінде кіші Верджил Ортис, менің салмағымдағы әлем чемпионы Хосе Карлос Рамирес бар. Енді кәсіпқой рингтегі чемпиондық жорығымда, ол менің жеке мүддемді қорғайтын болады. Мұндай тәжірибелі мамандар командамның жұмысын жетілдіріп, кәсіби деңгейінің өсуіне серпін бермек. Бәріміз бірден тіл табысып кеттік. Алла бұйыртса, осы құрамдағы «Batyr777» командасы – бокс әлеміндегі жаңа бір тарихтың бастаушысы болады.

F: Әлеуметтік желідегі парақшаңызда «МТК-Global» компаниясын кеңесші ретінде атап көрсетіпсіз. Бұл компанияның рөлі қандай?

- Қазіргі менеджерім Рик Мириджан – беделді MTK Global менеджерлік компаниясының өкілі. Сондықтан, автоматты түрде MTK Global менің кәсіпқой мансабымдағы «кеңесші компания» ретінде қызмет істейді. Яғни, жекпе-жектерімді ұйымдастыруға қатысты істерге араласып, өз ресурстарын ұсынатын болады. Тәжірибесі мол әрі беделді компания болғандықтан, бұл әріптестік үшін мен өте қуаныштымын.

ФОТО: личный архив

F: Қазір қайда, қай қалада тұрып жатырсыз? Америкадағы өмір қалай басталды, алып ел қазақ боксшысын қалай қарсы алды?

- Қазіргі таңда АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тұрып, осында жаттығудамын. Америка қазақ боксшылары үшін таңсық емес. Бұл жақта бауырымыз Мадияр Ашкеев бұрыннан бері тұрып келеді. Сондықтан, бұл елдің қыр-сырымен таныстыратын адам бар. Абылайхан Құсайынов бауырымыз да қазір жанымызда. Туған елді, отбасымызды сағынғанымыз болмаса, жалғыз емеспіз. Американың бокс нарығында бағындыру үшін, осы жаққа қоныс аудардым.

F: Канададағы командамен қалай қоштастыңыздар? Қазір олармен қандай байланыс бар? Бұл ел сіздің мансабыңызға қандай өзгеріс әкелді?

- Канада менің кәсіпқой бокста тұсауым кесілген жер. Бұған дейінгі жекпе-жектерімнің басым көпшілігін сол елде өткіздім. Қаншама жыл сол елде тұрып, тер төгіп, рингте өнер көрсеткендіктен, Канада мен үшін ыстық. Қазір АҚШ-қа ауысқаныммен, ол жақпен байланыс үзілген жоқ. Өйткені менің промоутерлік компаниямың бас кеңсесі сол мемлекетте. Боксшының мансабына қарай, жаттығатын және тұратын жерінің ауысып тұруы - бұл қалыпты үрдіс.

F:  Жаттығу базасы қайда? Бүгінгі режим қандай? Кімдермен жаттығасыз, зал қаншалықты танымал, ол жақтан шыққан әйгілі боксшылар бар ма?

- Жаттығу залым Мэнни Роблестің кешені. Бұл жерде жоғарыда атап өткендей көптеген танымал боксшылар шыққан. Залдағы атмосфера өте керемет, адам ретінде мені бірден баурап алды. Мэнни Роблес – кәсіпқой боксшы ретінде менің шыңдалып, чемпиондық деңгейге шығуыма септік бола алатын бапкер деп ойлаймын. Мэнни маған бірден қызығушылық танытып, қол астында жыттығуды ұсынды. Осылайша оның жинаған тәжірибесі менің кәсіпқой боксшы ретіндегі деңгейім спорттық тандемге ұласуда. Алла бұйыртса, үлкен нәтиже күтемін.

ФОТО: личный архив

F: Кезекті кездесу қай кезге белгіленген? Қайда өтуі мүмкін?

- Келесі жекпе-жектің уақыты алдағы уақытта белгілі болады. Қазір АҚШ-қа келіп орналасып, толыққанды жаттығу процессіне кірістік. Менің мақсатым жақсы формаға келіп, жақын уақытта рингке шығу. Бұл үшін бапкерім де, менеджерім де қызу жұмыс істеп жатыр.

F: Пандемия кезінде боксшылардың бәрі дерлік отандарына оралды. Сіз қайда болдыңыз, карантин кәсіби дағдыға кері әсерін тигізген жоқ па? Қайда жаттықтыңыз?

- Пандемия кезінде елде болып, отбасымның ортасында болдым. Қазақстанда да жаттығу үзілген жоқ. Әркез жарау аттай даяр жүру үшін, күніне кем дегенде екі мезгіл жаттығу залына бас сұғып тұрдым. Кәсіби дағдыма карантиннің ешқандай зияны тимеді деп ойлаймын. Керсінше, кәсіпқой мансабыма қатысты оң өзгерістер жасалып, BATYR 777 командасы жаңа деңгейде жұмыс істеуге кірісті. 

F: Қазір қандай сатыдасыз? Кәсіпқой бокстағы рейтінг қаншалықты өзгерді?

- Қазіргі таңда бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде, әлемдік рейтингтерде өте жақсы позицияларда тұрмын. Мысалы IBF және WBC тұжырымдарының рейтингінде – 8-ші, WBA бойынша – 14-ші орындамын. Сонымен қатар беделді бокс сайты BoxRec-тің рейтингінте, өз дивизионымдағы екі мыңға жуық боксшының тізімінде – 15-ші сатыға орналасқанмын. Яғни, таяу келешекте осы тұжырымдар бойынша чемпиондық белбеуге таласуға үлкен мүмкіндіктер туып тұр.

ФОТО: личный архив

F: Америкаға барысымен «Даңқ аллеясындағы» Мұхаммед Әлидің жұлдызына құрмет көрсетіп, суретке түсіпсіз? Бұл боксшылардың қалыптасқан дәстүрі ме?

- Мұхаммед Әли – бокс әлеміндегі ерекше орны бар бірегей тұлға. Лос-Анджелестегі оның есімі жазылған жұлдызды тақтайшаға барып, мен де құрметімді білдіріп суретке түстім. Бұл – тек боксшылардың ғана емес, жалпы Әлиді құрмет тұтатын адамдардың қалыптастырған дәстүрі. Бәріміз сол кісінің бокстағы жеткен жетістіктеріне ұмтылып, жүріп өткен жолына ұқсап бақсақ дейміз.

F: Трансляция мәселесі қалай болады? Бұл мәселе шешімін тапты ма? Біз сіздің кездесулеріңізді қай арнадан көре аламыз?

- Менің жекпе-жектерімді отандық телеарналар көрерменге ұсынады. Бірақ, өкінішке орай шетелде өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшылардың көбіне – трансляция бақыты бұйырмайды. Отандық телеарналар бюджет қаржысынан күн көреді ғой. Бірақ осы мемлекеттік ресурс, ел абыройын асырып жүрген спортшыларына ақпараттық қолдау көрсетуге келгенде әлі де әлсіздеу. Бұл проблема келешекте оң шешімін табар деген үміттемін. Менің жекпе-жектерімді Қазақстанда трансляциялау мәселесі бойынша, PR менеджерім Серік Ноянға хабарласуға болады. Промоутерім мен менеджерлерім әріптестік орнатуға әрқаша дайын. Алдағы уақытта жаһандық беделді стримингтік платформаларда жұдырықтасып, АҚШ пен әлемде танымалдықты арттыра түсу – басты жоспарымыз.

F: Бұған дейін сіздің шаңырақ көтергеніңіз туралы ақпарат тараған еді. Қазақ боксшысының жүрегін жаулаған ару кім? Америкаға бірге аттандыңыздар ма, әлде жарыңыз елде қалды ма?

- Иә, мен 2019 жылдың шілде айында отбасын құрдым. Жарымның есімі Гауһар, Тараз өңірінің тумасы. Былтыр Алланың қалауымен ұлды болдым. Қазіргі таңда жанұям Қазақстанда, болашақта оларды да АҚШ-қа алып келу ойымда бар. Кәсіпқой мансабымда жаңа бір белеске көз тіккен уақытта, олардың жанымда болып, мені қолдағанын қалаймын.

ФОТО: личный архив

F: Қазақстан тарапынан қолдау болды ма? Демеушілер бар ма?

- Қазақстандық кәсіпқой бокс федерациясы тарапынан, жеке маған ешқашан қолдау болған емес. Бүгінгі күнге дейінгі жетістіктерімізге ең бірінші Алланың қалауымен, екінші өзіміздің еңбегімізбен жеттік. Бәлкім отандық кәсіпқой спортшыларға деген ресми федерациялардың көзқарасы, уақыт өте оңалатын шығар. Боксшыларды шетелге экспорттау қажеттігі жайлы дұрыс бизнес түсінік елімізде енді пайда болуда. Мысалы жалғыз Геннадий Головкиннің шапан киіп, ту көтеріп рингке шығуы – жаһандық деңгейдегі Қазақстанның жарнамасы ғой. Және кәсіпқой бокс – табысты бизнес моделі. Келешегі зор, талантты спортшы ұл-қыздар елімізде өте көп. Оларды тек дамытып, дер кезінде демеу керек.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
8140 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
14 июня родились
Марат Альменов
председатель правления АО «AltynBank»
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить