Дәстүрлі садақ ату: ұлттық спорттың ең либералды түрі

24782

Ресми емес есептеулер бойынша, бүгінде елімізде дәстүрлі садақ ату спортымен айналысып жүрген әлеуетті мергендердің қатары үш мыңға жуықтап қалған. Сарапшылардың айтуынша, ұлттық спорттың бұл түріне, әсіресе, қыз-келіншектер көбірек қызығушылық танытуда

Айтпақшы, 2024 жылы Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізілмек. Дәстүрлі садақ атудан Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшелері, алдағы «дүбірлі додаға қатысып, бақ сынасуға дайынбыз» деп отыр...

Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық еселеп арта түскен. Оның ішінде, мысалға, дәстүрлі садақ ату спорты қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан спорттың бірі. Ал ұлттық спорттың бұл бағытын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан ұйым «SADAQ ATÝ» қоғамдық бірлестігі.

«SADAQ ATÝ» Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың шілдесінде ҚР әділет министрлігінде ресми тіркеліп, жұмыс істей бастады. Осы ұйымның бастамасымен 2022 жылы Дәстүрлі садақ ату спорты Ұлттық спорт қауымдастығының олимпиадалық емес спорт түрі бойынша тіркеуден өтті.

Дәстүрлі садақ атумен айналысатын отандық спортшылардың айтуынша, садақ атудың дәстүрлі және классикалық түрлері бар және бұл екеуінің арасындағы айырмашылық әжептәуір.

Солдан оңға қарай: Бақберген Сәлімов, ҚР садақ ату бойынша спорт шеберіне үміткер, Айым Тілепберген, Қазақстанның дәстүрлі садақ ату құрамасының мүшесі, Диас Ахметов, дәстүрлі садақ атудан ҚР аға жаттықтырушысы
Солдан оңға қарай: Бақберген Сәлімов, ҚР садақ ату бойынша спорт шеберіне үміткер, Айым Тілепберген, Қазақстанның дәстүрлі садақ ату құрамасының мүшесі, Диас Ахметов, дәстүрлі садақ атудан ҚР аға жаттықтырушысы

Мысалы, классикалық садақ ату – ХХ ғасырдың дәл басында, 1900 жылы Олимпиада ойындарының тізіміне енген спорт түрі. Жиырмасыншы жылдары ол бұл тізімнен түсіп қалып, жетпісінші жылдары қайта қосылған. Олимпиада ойыны ретінде оған әйелдер де, ерлер де қатыса алады. Бүгінгі күні онымен айналысатын спортшылар қатары әлемнің 140 елін қамтыған.

Қазақстанның дәстүрлі садақ ату құрамасының мүшесі Айым Тілепберген: «дәстүрлі садақ ату – біздің елде былтырғы жылға дейін ұлттық ойын түрі деп танылып келген мергендік өнері» дегенді айтады. 2022 жылы дәстүрлі садақ ату Қазақстанда ұлттық спорт түрі деп бекітілді.

– Атын алғаш естіп, сырттан қарап отырған адамға екі спорт түрін ажырату, бір қарағанда қиын болуы мүмкін, – дейді Айым Тілепберген. – Қолыңда садағың бар, көздейтінің бір нысана дегендей. Алайда, бұл екеуінің арасында әжептеуір айырмашылық бар. Классикалық садақ ату – олимпиадалық спорт түрі. Онда қолыңдағы садағың да темірден жасалған. Классикалық садақ атуда спортшылар ақ-қара болып, бәрі бірдей киінеді. Ал дәстүрлі садақ атуда әркім өз аймағына сай ұлттық киім киіп келеді: шашбау, саптама етік, дәстүрлі садақ, ағаш оқ дегендей. Ұлттық музыка, ұлттық киім, байтақ далада дәстүрлі садағыңды тартып, ағаш оқпен нысананы көздеп тұрған сәтің бойыңа ерекше рух, шабыт береді. Классикалық садақ атуда маған жетпегені де осы болса керек.  Негізі, садақты керіп, бір тартқанда 16 келіге дейінгі салмақты тартасың. Әрине, әркім өз дене бітіміне, салмағына қарай садақ таңдайды. Десек те, бұл кәдімгідей физикалық дайындықты, қара күшті талап ететін дүние.

Айым Тілепберген
Айым Тілепберген

F: Айым, өзіңіз мәдениеттану саласының маманы екенсіз, дәстүрлі жолмен садақ атуға қалай келдіңіз?

– 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өтіп жатқан жазғы Олимпиаданың классикалық садақ ату жарысына жанкүйер болдым. Сонда комментаторлардың бірі айтқан: «Садақ ату спортымен 7 жасар баладан 70 жастағы қарияға дейін айналыса алады. Олимпиадаға қатысу үшін де кәмелеттік жастан ассаңыз болды, одан кейін жас шектеуі жоқ» дегенді естіп, қызығып кеттім. Сөйтіп, «Астанада садақ ату үйірмелері бар ма?» деп іздей бастадым. Алдымен классикалық садақ ату спортына келдім. Бірақ оған бір барып, бір бармай, тастап кетуге қимай, «өзімді таппай», біраз жүрдім. Ал 2019 жылы дәстүрлі садақ атуға аңсарым ауып, сонда ауыстым.

F: Садақ ату десе көз алдымызға еріксіз ер азаматтар елестейді ғой, бірақ бүгін спорттың бұл түріне қыз-келіншектер көбірек қызығуда деп естиміз...

– «Тоғызқұмалақ», «қазақ күресі», «асық ату», «дәстүрлі садақ ату» сынды ұлттық спорт түрлерімен бізде қыздар да, жігіттер де айналысып, бақ сынай алады, жалпы, спорттың бұл түрлеріне қатысты гендерлік шектеулер жоқ біздің елде. Мысалы, «көкпар», «теңге ілу», «құсбегілік» сынды ұлттық ойындарға жігіттер жағы қатысады. Бірақ бұл тұрғыда «қыздарға қатысуға болмайды, «бұл тек ерлердің ойыны» деген ешқандай шектеу жоқ. Тарихи солай қалыптасқан – жігіттер қатысатын спорт түрі болып кеткен және оған, меніңше, ешкімнің таласы жоқ. Ал дәстүрлі садақ атуға келетін қыздардың қатары өте көп, әсіресе, соңғы кездері.

Жалпы, спорттың бұл түрімен айналысу үшін адамның жасына, жынысына, денсаулығына қатысты қандай да бір шектеу жоқ. «Көзім нашар көреді», «қан қысымым бар», «салмағым аз» деген сылтаулар жүрмейді мұнда. Бірақ бұл техникалық тұрғыда өте күрделі спорт, соны ескеру қажет: садақ ату барысында денедегі барлық бұлшық ет жұмыс істейді. Мұнда жүрек қағысын ретке келтіріп, дұрыс тыныс алу өте маңызды. Садақ атудың дәстүрлі форматында ату қашықтығы да, садақ салмағы да әртүрлі болады. Тұрақты түрде кәсіби айналысамын деген адамдар өздеріне лайықтап садақ пен оқ жасатып алады. Садақ қолдың ұзындығына лайықтап жасалады.

Дәстүрлі садақ ату балалар мен жасөспірімдер үшін өте пайдалы спорт түрі. Омыртқаның дұрыс қалыптасуына әсер етіп, адамдардың ойлау, көру қабілетін жақсартады. Жақын әрі алыс қашықтыққа садақ ату арқылы спортшылардың көз жанары жаттығады. Сондықтан да, өз басым, бұл – әр адам ыңғайын таба алатын спорт түрі дер едім. Дәстүрлі садақ атуға келген адамға қойылатын жалғыз талап – ол сабырлы, ұстамды бола білуі керек.

F: Ал мұндағы жарыс талаптары қандай?

– Бұл спорт түрінің жарысы да өзгеше өтеді. Бірінші кезеңде жарысқа келген барлық қатысушылар бір сапқа тұрып, бірге ата бастайды. Үздік нәтиже көрсеткен 16 адам екінші кезеңге өтеді және негізгі бәсеке де осы екінші кезеңде басталады.

Былтыр Ыстамбұлда өткен Х Фетих кубогы халықаралық жарысында мен 14-ші орында тұрақтадым. Бұл – жақсы нәтиже. Бізде осы уақытқа дейін алғашқы «16 мерген» кіретін үздікке ілінген қыздар болмаған. Себебі, қыздар жарыстарға енді ғана бара бастадық. Биыл Фетих кубогы осымен 11 рет өткелі жатыр және бұл жолы мен нәтиже үшін күресуге «білегімді түріп», дайындалып жүрмін.

F: 2024 жылы Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізіледі деп мәлім етілді...

– Ия, былтыр Түркияның Изник қаласында өткен дүние жүзілік төртінші дода соңында Түркі қоғамдастығы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2024 жылы Қазақстанда өткізу туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Жалпы, Түркияда өткен былтырғы додаға 102 елден үш мыңнан астам спортшы қатысып, көшпенділер спортының 13 түрі бойынша сайысқа түсті. Бұл сайыс барысында біздің спортшылар үш алтын, төрт күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Оның ішінде, былтыр Көшпенділер ойындары аясында өткізілген «көкпар» да бар, бұл жарыста біздің спортшылар чемпион атанды. Сол сияқты, «дәстүрлі садақ атудан» және «жамбы атудан» күміс жүлделерді иеленді.

Әрине, дәстүрлі садақ ату бойынша ұлттық құрама командасы бұл додаға тиісті деңгейде дайындалып, еңбектеніп, жүлделі орындардан көрінуге үмітті. Бұл ойындарға ең үздік спортшылар іріктеледі деп ойлаймын әрі бұл тұрғыда мемлекет тарапынан да қолдау бар. Ұлттық ойын жанкүйерлерінің сенімінен шығуға бар күшімізді саламыз деп айта аламын.

F: Қалай ойлайсыз, жалпы, спорттың бұл түрімен айналысу қымбатқа түсе ме?

– Бүгінде Қазақстан бойынша дәстүрлі садақ ату спортымен тұрақты түрде айналысып жүрген адамдардың саны үш мыңға жуықтап қалды. Жаттығулар ақылы өтеді. Айталық, Астанада бір сағаттық жаттығудың құны – 2 500 теңге шамасында.

Дәстүрлі садақ ату спорты визуалды спорт дер едім. Киген киімің, саптама етігің, ұстаған садағың, оғың – бәрі маңызды. Оның бәрі арзан дүние дей алмаймын. Десек те, өзім киім үшін арнайы қаражат бөліп көрмедім, бәрін үйде бар киімдерімнен жасақтадым. Менің негізгі шығындарым – тапсырыспен шетелден алдыратын садақ пен оққа қатысты. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін түрлі шараларға жеке қаражат бөліп, барып жүрдік.

Дәстүрлі садақ ату ұлттық спорт ретінде бекітілгендіктен, Астана қаласы әкімшілігі тарапынан спортпен айналысу үшін дайындалатын жер мен ұлттық құрамаға кіретін спортшыларға жарыс киімдерін беру қарастырылған. Қазіргі таңда, ерлер, әйелдер, 18–23 жас аралығындағы жастар және балалар санаттары бойынша ұлттық құрамада 36 адам бар, соның тең жартысы Астанаданбыз.

...Негізі, адам белгілі бір жасқа келгенде «мен кіммін?», «мен не істеп жүрмін?» деген ой-толғаныстарға бой алдырады ғой. Көрші елдерде болып жатқан жағдайларға байланысты, соңғы уақытта замандастарымыздың арасында ұлттық болмысын, салт-дәстүрін біліп-түсініп, ана тілінде еркін сөйлегісі келетіндердің қатары артуда. Кез келген адамның бойында ұлт тарихына, әдебиетіне, мәдениетіне деген талпыныс, ерекше ықылас сезілуде. Федерацияның, ұлттық құраманың мүшесі ретіндегі менің мақсатым – дәстүрлі садақ ату спортын насихаттау, оған қалың көпшілікті тарту. Бұл тұрғыда, мен, дәстүрлі садақ ату өз болмысыңмен қауышуға көмектесетін спорттың өзіндік ерекше түрі деп нық сеніммен айта аламын.

Фотосуреттер Айым Тілепбергеннің жеке архивінен алынды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить