Димаш Ниязов Нью-Йорк полицейлерінің табысы мен бокстағы келісім-шарттары туралы айтып берді

Кәсіпқой рингке қайта оралған қазақ жігітінің кезекті жекпе-жегі қашан және қайда өтеді?

F: Димаш, біз жуырда сенің рингке қайта оралып, кәсіпқой бокста кезекті жеңіске жеткеніңді көрдік, қуандық. Үлкен үзіліске не себеп болды?

- Иә, менде біраз үзіліс болды. Себебі соңғы кездесуден кейін арқа тұсымда проблема бар екенін білдім. Онда омыртқа аралық жарық табылды. Сол себепті 2017 жылдан бері рингке шықпадым. Бір жылдай терапия жасадым. Мен үшін жаттығудың өзі қиынға соқты. Қатты ауырды. Қалыпқа келу қиын болды. Дегенмен, кейін бәрі дұрысталды, мен 2020 жылы боксқа қайта оралу туралы шешім қабылдадым, бірақ бұл кезде пандемияға байланысты бүкіл бизнес, казинолар, шоу-бизнес тоқтап қалған еді. Сондықтан бокс кеші де кейінге қалды.

F: Кезекті қарсылас белгілі ме? Кездесу қайда өтуі мүмкін?

- Кезекті кездесуді алдағы айға жоспарлап отырмыз. Бұл жұдырықтасу да Флорида штатының Майами қаласында өтетін шығар. ­Өйткені қазіргі күні тек осы қала ғана ашық және онда қажетті аудиторияны жинауға болады деп ойлаймын. Қарсылас туралы әзірге ештеңе білмейміз. Оны іздеумен менің командам айналысуда. Сондықтан жуырда рингте қайта кездесеміз!

F: Сенің промоутерің бар ма? Белгілі компаниялармен келісімдер жасалған ба? Қазір қандай базада жаттығасың?

- Иә, менің өз промоутерім бар. Оның есімі Сол Мисумэчи. Ол Нью-Йорктан шыққан танымал промутер, бұған дейін үлкен шоулар ұйымдастырған, оның ішінде Қытай мен Еуропа елдерінде өткізген, оның қолынан көптеген чемпиондар шықты. Келісім-шарт мәселесіне келсек, менде бірқатар менеджерлер мен промоутерлермен жақсы байланыс орнатылған, келісім жасалған, олардың ішінде, Боб Арум, Эдди Хирн, Элвис Гренд бар. Бірақ олармен анау айтқандай белсенді жұмыс істемейміз. Себебі біз ең алдымен олар ұсынатын шарттардың маңыздылығына қараймыз, егер бізге қызық болса, тек сонда ғана шоуларына қатысамыз. Ал базаға келсек, мен осында, Нью-Йоркта жаттығамын. Мені өзімнің әкем Исмат Ниязов жаттықтырады. Сонымен қатар Ақмал Закиров деген екінші жаттықтырушым бар. Ол кикбоксингтен әлем чемпионы. Онымен бала кезімнен жаттығып келемін. Оның техникасын жақсы көремін, маған рингте беретін кеңестері ұнайды. Менің ойымша бізде мықты команда қалыптасты. Олар менің отбасым сияқты. Ақмалдың өз залы бар, әкемнің өз залы бар. Осылай жаттығып келемін, менің бүгінгі базам осындай.

F: Қазіргі көрсеткішің қандай? Титулды жекпе-жектерге қанша уақыт, қанша кездесу керек?

- Қазіргі күні менде 14 жеңіс тіркелген, оның ішінде 6 нокаут бар. Бір жеңіліс болды. Ал титулды жекпе-жектерге не қажет? Әрине, ең алдымен бәрі промоутерлерге байланысты, командаға байланысты. Бұл шоу-бизнес, сондықтан ең алдымен жақсы командамен бірге үлкен бюджет керек. Егер, біз өзімізді одан сайын жігерлендіріп, дайындықты күшейтіп, бәрін ойдағыдай іске асырсақ, жеңіс тұғырынан көрінсек, бір екі кездесуден кейін чемпиондық титулға қол жеткіземін деген сенімдемін. Америкада полицейлер арасындағы, жалпы тұңғыш полицей-чемпион атанамын деген үміттемін. Әрине, бұл күнге жетсек, бұл өз алдына бір тарихи оқиға болайын деп тұр. Біз осылайша көк туымызды тағы бір желбіретеміз.

F: Америкаға келген кездегі негізгі мақсат қандай еді? Бокс биігінен көріну ме, әлде полиция қызметкері атану ма еді?

- Америкаға алғаш келгендегі мақсатым-білім алу еді. Мен биологияны жақсы көрдім. Алғаш медицина саласы бойынша білім алдым. Бірақ көп ұзамай менің таңдауым өзгерді. Мен негізі кішкентай кезімнен полиция болуды армандаған едім. Кішкентай кезімде «Крепкий орешек» фильмін көріп, сол голливудтық кино маған ерекше мотивация берді. Сол сияқты қаһарман болып, адамдарға көмегімді бергім келді, құтқарғым келді. Иә, бұл мүмкін болды, мен дегеніме жеттім. Мен дәл сол фильмнің кейіпкерін ойнаған Брюс Уиллис сынды Нью-Йорктың үздік полицейі атандым. Академияға түсіп, арманым орындалды. Ал бокспен бала кезден шұғылдандым. Алғаш Қазақстанда бастадым, Шымкентте Абай саябағында, Қажымұқан стадионында олимпиада бапкері Нұрғали Сафиулиннің қолында жаттықтым. Қазақстан құрамасында өнер көрсеттім, Қытай олимпиадасында Қазақстан атынан шығуым керек еді, екі ай ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиындарында болдым, бірақ олимпиадаға бара алмадым, себебі бұл кезде екі елдің азаматтығымен жүруге тиым салу туралы жаңа ереже енді, сондықтан, маған қазақстандық төлқұжатты тапсыруға тура келді, яғни бұл кезде менде АҚШ азаматтығы болды. Сол себепті жаттығуды Америкада жалғастырдым, осында көштім, осында өнер көрсеттім, көп ұзамай Нью-Йорк бойынша №1 боксшы атандым, араға уақыт салып кәсіпқой боксқа бет бұру туралы шешім қабылдадым. Мақсат-чемпион атану еді.

F: Нью-Йорктың ең үздік полиция қызметкері атаныпсың. Бұл атақ қандай жетістігің үшін берілді? Бұл табысыңа, дәрежеңе әсер етті ме?

- Нью-Йорк қаласының «Үздік полиция қызметкері» атағы қауіпті қылмыскерді қолға түсіргенім үшін берілді. Ұзақ уақыт бойы мен жұмыс істейтін ауданда есірткі саудасымен айналысқан танымал наркобаронды тұтқындадық. Біз серіктесіміз екеуміз ерекше тактиканы әзірлеп, оны ақыры қамауға алдық, одан көптеген есірткі түрлері тәркіленді. Осылай үздік атандым, бұл туралы жергілікті басылымдар жарыса жазды, оның ішінде әйгілі «Wall Street Journal» болды, олар мен туралы өте қызық әрі үлкен мақала жазды. Мені Қазақстаннан шыққан эмигрант, боксшы және полицей ретінде көрсетті және бұл матриал өзге эмигранттар үшін мотивация берді, яғни, Америкаға келген қарапайым адамның үлкен мақсаттарға жете алатыны туралы болды. Алайда бұл марапаттар менің жалақыма, табысыма әсет еткен жоқ. Себебі бұл жерде ондай жоқ. Әрине, олай болса артық болмас еді.

F: Табыс демекші, жалақы қалай төленеді? Тәртіп сақшыларының табысы қалай белгіленеді? Бұл неге байланысты?

- Полиция қызметкерінің жалақысы қызмет пен тәжірибеге байланысты төленеді. Мысалы, егер сен патрульдағы полиция қызметкері болсаң, онда жылына ең көп дегенде $100 000-$120 000 табасың, ал егер сержант болсаң бір жылдық табыс $125- $150 мың аралығында болады, ал лейтенант шеніндегілердің жалақысы жылына $150-$160 мыңға дейін жетеді. Ал егер капитан шеніндегі қызметкер болса, олар одан жоғары алады. Ал жалпы полиция қызметкерлерінің бәрі бірдей алады, сен көшеде, метрода, тікұшақпен ұшасың ба, әлде күре жолдарда істейсің бе, бәрібір.

F: Саған демеушілік көрсететін компаниялар бар ма? Ұсыныс білдіргендер, сен арқылы жарнама бергісі келетіндер бар шығар?

- Қазіргі күні менің екі демеушім бар. Олар маған полицияда, спортта барынша қолдау көрсетеді. Біріншісі-Headrush brand, бұл канадалық компания, олар спорттық киімдерді және көшеге арналған күнделікті киімдерді шығарады. Бұл компания бұған дейін Хабиб Нурмагомедовпен жұмыс істеген, қазіргі күні Дастин Порьемен және менімен істейді. Мені олар бұрынан біледі, біз көптен бері серіктеспіз, олар мені Қазақстанда өткен кездесу кезінде, Экспода жақсы қолдады, біз өте жақсы байланыстамыз. Екінші компания-RX Water, олар атлеттерге арналған арнайы су шығарады, яғни, бұл гидратты, ауыр жаттығулардан кейін ағза жүйесін қалыпқа келтіруге көмектесетін, денеге арнайы минералдар беретін табиғи өнім. Олармен жуық арада жұмыс істей бастадым. Бірақ кездесулер алдында өзге де демеушілерді іздеймін, барлық жарнама берушілер мен бизнес өкілдерімен ашық жұмыс істеймін. Олар қаржылай немесе моральдық қолдау көрсетуі мүмкін. Мысалы, мен рингке шығарда әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында, телеарналарда мен туралы миллиондаған қаралымдар жинайтын үлкен ақпараттық көрсетілім жүреді. Ал бұл көптеген кәсіпкерлер үшін, бизнес үшін керемет мүмкіндік. Сондықтан мен жергілікті немесе Қазақстан компанияларымен жұмыс істеуге және жаңа ұсыныстарға әзірмін, оларды қуана қабыл аламын.

F: Өзің жұмыс істейтін Нью-Йорк қаншалықты қауіпсіз? Қалада қылмыс деңгейі қандай?

- Қала полицейлері өте жақсы жұмыс істейді. Соңғы бес жылда қылмыс кәдімгідей түсіп кеткен еді. Бірақ соңғы сайлау қаладағы жағдайды күрт өзгертіп жіберді. Қылмыс көп, кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл, ұрлық көбейді. Қала және оның кейбір аудандарында қауіп артты. Мысалы мен істейтін ауданда 2020 жылы өте көп атыс болды, кісі өлтіру көп тіркелді, маған да оқ атқан кездер болды, өткен жылдың өзінде мені үш рет нысанаға алды, маған қарай үш рет оқ атты, бірақ бәрі ойдағыдай аяқталды.

F: Туған інің де академияға оқуға түскен екен. Қазір жұмыс істей ме?

- Иә, менің інім де екі жыл бұрын полиция қызметкері атанды. Ол да академияға түсіп, оны сәтті аяқтап, қазір метрода істейді, Бруклин ауданындағы станцияларда патрульде жұмыс істейді.

F: Қазақтың мақтанышы, әнші Димаш Құдайбергенмен түскен суретіңді байқап қалдық. Бұл қай кезде болған кездесу?

- Димаш Құдайбергенмен алғаш Нью-Йоркта, оның концертіне дейін кездестік. Өйткені ол алғаш өзі келді, кейін концертке келді. Мен сол кезде Димаш орналасқан қонақ үйге жақын жерде патрульде болдым, бұл бір керемет, естен кетпес күн болды, біз алдын ала хабарласып, жұмыстан кейін жүздестік, Нью-Йоркта жұмыс істейтін танымал Димаш пен әлемге әйгілі, қазақстандық екінші Димаштың кездесу бізге де, өзгелерге де қызық оқиға болды. Мен оны құрметтеймін, адам ретінде, әртіс ретінде өте жоғары бағалаймын, оның өнерімен мақтанамын, бұл туралы өзіне де айттым, оған сәттілік тіледім. Біз өзара әңгімелестік, ол менің жұмысым туралы сұрады, мен оның шығармашылығы туралы сұрадым. Ал екінші рет келгенде концертіне бардым, онымен сахна сыртында кездестім, керемет кеш өтті. Маған өте ұнады. Мен және менің жаттықтырушым да оның кезекті концертін тағатсыздана күтудеміз. Себебі Димаштың дауысы оған да қатты ұнады. Біз оның осында қоныс аударып жатқанын естідік. Бұл біз үшін керемет жаңалық болып отыр.

F: Осыдан біраз уақыт бұрын шаңырақ көтергеніңіді естідік. Жарыңды қалай кездестірдің?

- Иә, менің үйленгеніме 3 жыл болды. Біз бір-бірімізді 10 жылдан бері танимыз. Жолдасыммен колледже таныстым. Қазіргі күні осында медбике болып істейді. Ал оның негізгі мамандығы адвокат еді, бірақ бұл жұмыс оның көңілінен шықпады, сондықтан, медицина саласына бір жола бет бұрды. Ол Словакияда туып өскен, Малацки деген жерде дүниеге келген. Мен онда барып қайттым. Маған өте ұнады, өте ыстық көрінді, себебі Шымкентке қатты ұқсайды екен.

F: Қазақстанмен қандай байланысың бар? Шыментке келіп тұрасың ба?

- Қазақстанға жиі барып тұруға тырысамын. Жылына екі рет, кем дегенде бір рет барамын, бұл әрине мүмкіндікке, уақытқа байланысты. Қазақстанмен қандай байланысым бар? Мен елімізді жақсы жаққа өзгертуге үлес қосқым келеді, жыл сайын Қарағандыдағы полиция мектебіне барамын, Түркістан облысында боламын, бірде «TED Talks» жиынында сөз сөйледім. Осылайша өзімнің тәжірибемді Қазақстанның жас полицейлерімен бөліскім келеді, оларға қолдан келгенше мотивация бергім келеді. Өйткені құқықорғау саласына реформа керек, мен бұл бағытта өз идеяларым мен ұсыныстарымды беріп келемін. Ең бастысы-полицияға деген сенімді арттыру керек және бұл бағытта көмегімді беруге әзірмін. Полиция имиджіне кері әсер ететін негативті ақпараттан құтылу керек және оны жақсы жаққа бұру керек. Осылай бір- екі жылда көп нәрсе өзгереді деп ойлаймын.

F: Америкада қазақтар қаншалықты көп? Олармен байланысың бар ма? Қазақтар онда негізінен қандай мақсатпен келеді?

- Америкада қазақтар өте көп. Бұл әрине қай қалада, қай штатта тұратыныңа байланысты. Мысалы, Нью-Йоркта қазақтар өте көп. Орталық Азиядан өзбек, қырғыздар бар, ТМД елдерінен орыс тілді азаматтар көп. Мен көптеген қазақстандықтармен араласып тұрамын, оларға қолдан келгенше көмек беремін, көбі тіл білмейді, жұмыс іздейді, мен барынша қолдауға тырысамын, себебі біз санаулы ғанамыз және олардың бәрі өмірлерін өзгерткісі келеді, сол үшін келеді, табыс тапқысы келеді, үйлеріне, Қазақстандағы отабсыларына жібергісі келеді. Бұл өте дұрыс!

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
7758 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
9 мая родились
Мурат Байсынов
член правления АО «Altyn Bank»
Кайрат Мами
председатель Конституционного совета Республики Казахстан
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить