Бейбіт Шуменов: Қарсыласым өте мықты,бірақ біздің өз стратегиямыз бар

6524

Shumenov vs. Altunkaya жекпе-жегіне деген дайындық деңгейі қандай

Астана. 2018 жыл. 7-ші шілде. WBA тұжырымы бойынша ауыр және бірінші ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Бейбіт Шуменов осы күні Түркиялық Хизни Алтянкаймен қолғап түйістіретіні белглі. Жыл басында кәсіпқой боксқа қайта оралған жерлесіміз WBA (Regular) тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы титулын сарапқа салатын болады. Бокс кешіне деген дайындық қалай жүріп жатыр, кәсіпқой боксшының командасында кімдер бар, оның қарсыласы туралы не білеміз? Бұл туралы Астанада өткен ашық жаттығу кезіндегі шеберлік сағатында Forbes.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Бейбіт Шуменов айтып берді.

F: Алдағы бәсекеге деген дайындық қалай жүріп жатыр? Командаңызда кімдер бар, құрамы қандай?

- Иә, қазірі күні жаттығу қызу жүріп жатыр. Команда өте тәжірибелі, әлемдік дәрежедегі кәсіпқойлардан құралған. Астанаға америкалық бапкерім Радни Крислер келді, ол қазір бас жаттықтырушының көмекшісі, кәсіпқой бокста әлемнің көптеген чемпиондарын дайындаған, америкалық Хасим Рахман, Заб Джюда, Чед Доусен, нигериялық Сэмюэл Питер, және ММА жұлдызы, болгариялық Благой Иванов сияқты әйгілі спортшыларды дайындаған және дайынайды. Оның Астанаға келгеніне үш айдан асты. Сонымен қатар, физикалық жаттығу бойынша мексикалық Энджел Хередия келді, ол негізінен әлем спортшыларының элитасымен жұмыс істейді. Мәселен Усэйн Болтпен, жүгіруден бірнеше дүркін олимпиада чемпионы Мэрион Джонс, Хуан Монуэель Маркез сияқты аты аңызға айналған кәсіпқойлармен жұмыс істеген. Бас бапкерім, кубалық Исмаил Салас осында. Оның да жетістіктері жетерлік. Кубалық, әуесқой бокста әйгілі болған, 3 дүркін олимпиада чемпионы, 7 дүркін әлем чемпионы Феликс Савонды дайындаған. 1992 жылы олимпиада чемпионы болған, 3 салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Джоэль Касамайорды жаттықтырған. Жалпы, кәсіпқой бокста 19 әлем чемпионын дайындап шығарған. Қасымда жұдырықтасатын 2 серіктесім бар, бірі ауыр салмақтағы бразилиялық жігіт, екіншісі менің салмағымдағы , яғни 91 келідегі ирландиялық боксшы. Америкадан тағы біраз адам келеді, телевизия мамандары, компаниямның вице-президенті және т.б. Уақыт тығыз, кешенді жаттығу жүріп жатыр, бәрін үлгеруге тырысып жатырмыз.

F: Қарсыласыңыз Хизни Алтынкай туралы не ойлайсыз, оны қалай бағалайсыз?

- Мен өзім шынымды айтсам, қарсыласымды бір-ақ рет көрдім. Еуропалық стильде жұдырықтасады екен, алға көп ұмтылады, оң жақ қолымен бүйірге қарай жақсы жұмыс істейді екен, соққылары ауыр, енді менің бас бапкерім Исмаил Салас қарсыласты зерттеп, өзінің біраз тактикалары мен стратегияларын дайындап қойды. Соған байланысты дайындықты жүргізіп жатырмыз. Бәрі жоспарлы. Қарсыласым өте мықты, жалпы 31 жекпе-жек өткізіп, 30 жекпе-жекте жеңіске жеткен. WBA рейтингісінде 3-ші болып тұр.

F: Үлкен бокс кештері үлкен қаражатты талап ететіні белгілі. Жалпы, бұл бәсекеге қаржы көзін қайдан қарастырудасыз, ұйымдастыру жағы қалай?

- Негізінде Қазақстанда кәсіпқой бокс әлі дамымаған. Ұйымдастыру жағы қиындау, мәселен мен Америкада әрбір кездесуден табыс табамын, ал елімізде керісінше болып тұр, себебі кештің қаржысын өз қалтамнан шығарып отырмын. Бірақ, мен келешекті ойлап отырмын, осылайша кәсіпқой боксты дамытуға үлесімді қосқым келеді, жоспарым, ниетім,үмітім бар. Біраз жылда көптеген әлем чемпонын дайындауды ойлаймын, сондықтан бұл болашаққа салынып жатқан қаржы, аталған кешті өткізудің түпкі себебі де осында жатыр. WBA тұжырымы Қазақстанда алғаш, бұл тарихи, беделді де тұңғыш тұжырым, олар осы жерде регионалдық титулдарын ашып отыр. WBA Қазақстанға тағы бірнеше ел бермекші, бұл өте үлкен жаңалық. Оның тек спортшыларға берері мол, чемпиондар шығару үшін көп пайдасы болмақ, соған сенемін, күмәнім жоқ.

F: Жүлде қоры қандай, табыс қалай белгіленеді?

- Мен қазақстанда соңғы рет 2011 жылы шықтым. Ол кезде де өкінішке орай шығыным өз қалтамнан шыққан болатын. Бізде шығын көп. Америкаға аттануымның басты себебі де осы болатын, ол жақта керісінше әрбір жекпе-жекке жақсы төлейді. Телевидение, бокс өткізілетін зал, ғимарат, казино болсын олар бәрін көтереді,қаржы бөледі. Қазақстанда осы жағын дамыту керек, қолға алу керек. Бәрін бір жүйеге келтіріп, демеушілерді, телеарналар қызметін, жарнама мәселесін жолға қою керек. Көп чемпиондар шығару арқылы барлығы қомақты табыс табу керек. Бұл тек бокс үшін ғана емес, басқа спорт түрлеріне де қатысты болуы тиіс. Сондықтан, қазіргі жағдайда қомақты табыс,үлкен жүлде туралы айту ерте. Себебі, тағы да айтамын бұл кештің шығынын өзіме көтеруге тура келіп отыр. Ондайға спортшылар бара бермейді, жоқ деуге болады, тегін жұдырықтасуға барып отырған жалғыз мен ғана шығармын. Бастысы бұның бәрі келешекте кәсіпқой боксты дамытуға септігін тигізуі тиіс.

F: Рингтегі жоспырыңыз қандай? Астана тұрғындары мен қонақтары, жалпы қазақстандық жанкүйерлер шілденің 7 күні сізден не күтеді?

- Әдетте, дәрежесі жоғары, тәжірибесі мол кәсіби боксшылар қарсыласты мына кезде құлатамын немесе нокаутқа жіберемін деп айта бермейді. Олар әр спортшыны, қарсыласты сыйлайды, құрметтейді,бағалайды және кез келген жағдайға дайын болады. Егер жұдырықтасу 12 раундқа жалғасатын болса оған әзір болу керек, ал сәтін салған жағдайда, қарсылас ашылған кездер болса, сол мүмкіндікті пайдаланып мерзімінен ерте аяқтауы әбден мүмкін. Шаршы алаңда әртүрлі жағдай болуы ықтимал. Сондықтан бәріне дайын болу керек, бәрін бәсеке көрсетеді. Барлығыңызды керемет кешке шақырамын. Бастысы сіздердің демеулеріңіз маңызды, қолдау тамаша болса, нәтиже де солай болары анық.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить