Берік Сұлтан: Кәсіпқой боксшыға PR ауадай қажет

10819

Белгілі былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы мен оның жаңа PR-менеджері Америкаға аттанбақ

Жәнібек Әлімханұлы
Жәнібек Әлімханұлы

Forbes.kz Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, Азия, Азия ойындары мен Әлем чемпионатының жеңімпазы, жуырда кәсіпқой боксқа ауысқан Жәнібек Әлімханұлынан және Берік Сұлтаннан алдағы жоспар жайында сұхбат алды.

Берік, осыған дейін Қанат Исламның PR –менеджері болдың, қазір Жәнібек Әлімханұлымен жұмыс бастадың. Жалпы, сенің журналистикадан спорттық пиарға бет бұруыңның себебі неде?

 

Б: Әрине, себеп бар,белгіленген мақсат бар. Бала кезден Тайсон, Мұхамедәлиге еліктеп өстім. Рас, кезінде әуесқой боксшыларымыз олимпиададан соң спортты тастап кетіп жатты. Ал кәсіпқой бокс күннен күнге дамып барады. Елімізде бокс шоулары азайды. Мақсатым –спортшыны насихаттау арқылы, кәсіпқой бокстың дәрежесін артыруға күш салу болды. Бұл бағытта Қанат Исламмен нәтижелі жұмыс істедім, көп шаруа атқардым деп айта аламын. Қазір Қанаттың танымалдығы өте жоғары деңгейде. Атақты менеджермен келісімшартқа отырып, бүгінде Америкада жаттығуын жасап жүр. Қанат сияқты елдің атын шығаратын, бокс кешіне адам жинай алатын кәсібилігі жоғары боксшылар біздің елге ауадай керек. Сол мақсатта Жәнібек Әлімханұлымен жұмысты бастап кеттім.

Жәнібек, бокс мамандары мен жанкүйерлер сені әлем чемпионатынан соң бірден кәсіпқой бокстан көргісі келіп еді. Өзіңе де ол сәтте көп ұсыныс жасалған шығар. Бұл шешім қалай қабылданды?

Ж: Әлем чемпионы атанған соң, мендегі келесі мақсат олимпиада алтыны болды. Меніңше кез келген әуесқой боксшы солай ойлайды. Сол жолда еңбек еттім, лицензия алып олимпиадаға бару да нәсіп болды. Бірақ, алтын бұйырмады. Ары қарай еңбек етіп, өзіңді дәлелдеу керек болды, артынша Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсеттім. Қарсыласымды бірінші раундта құлаттым. Одан кейін ұлттық құрамамен қайта жаттығуға кірістім. 81 келі салмаққа ауысып, ел біріншілігінде алтын алдым. Кәсіпқой бокстың аурасын бір сезінген соң ауысқым келіп жүрді. Бір жылдан соң Астанада өткен кәсіпқой бокс кешінде тағы өнер көрсеттім. Бұл жекпе-жегімде қарсыласпен алты раунд әртүрлі мәнерде жұдырықтасып, шыдамдылығымды, қорғанысымды тексердім. Жекпе-жектен соң түбегейлі кәсіпқой боксқа ауысуға дайын екенімді түсіндім. Сәті мен реті енді келді.

Таңдау неге Жәнібек Әлімханұлына түсті? Жалпы, алдағы уақытта оның Қанат Исламдай танымал болу үшін не қажет?

Б: Әрине, барлығын уақыт көрсетеді. Жәнібек Әлімханұлы қазірдің өзінде бокста өзіндік орны бар, ешкіммен салыстыруға келмейтін жолы бар боксшы. Қазақстанның 4 дүркін чемпионы. Әлем чемпионы. Азия және Азия ойындарының алтынын алған, олимпиадаға қатысқан тәжірибелі спортшы. Жәй боксшы емес, Жәнібек - пaнчер. Болашақта Қанат Исламнан асып түспесе, кем болмайды деп ойлаймын. Ермахан Ибрагимов, Жанат Жақиянов, Бақтияр Артаев сынды бокстың жілігін шағып майын ішкен ағаларымыз Жәнібектен үлкен үміт күтіп отырғанын айтты. Меніңше Головкин мен Қанат Исламнан соң көшбасшылықты Жәнібек Әлімханұлы өз қолына алады. Себебі, Жәнібектің боксы өте қызық, салмағында да атақты боксшылар көп. Жәнібек тек қазақстандықтар үшін ғана емес әлемдегі барлық бокс жанкүйерлерінің сүйікті боксшысына айналуға толық мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде әлемнің мықты-мықты промоутерлері мен менеджерлерінен түрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Олар жайлы сәл кейінірек айтатын боламыз.

Промоутерден бөлек жаттықтырушының да маңызы өте зор екенін білеміз. Әуесқой бокс пен кәсіпқой бокстың дайындығы екі бөлек. Жәнібек сен кімнің қоластында жаттыққың келеді.

Ж: Әрине, жаттықтырушының рөлі зор. Ринг те боксшылар үшін майдан алаңы. Ол жерде де 5 қаруың сай болмаса ұтыласың. Бокстың 5 қаруы мен үшін - жылдамдық, шыдамдылық, аяқта көп қимылдау, қорғаныс пен шабуыл. Бұл қаруларды дайындайтын ұста ол жаттықтырушы. Ол әлсіз болса, боксшы чемпион болмайды. Оның үстіне 12 раундқа дайындық мүлде басқа. Бір жаттықтырушылар болады, боксшыны түбегейлі өзгертем деп өсірудің орнына өшіріп алады. Енді бір бапкерлер боксшының жұдырықтасу мәнеріне сай өзі өзгереді. Маған мені түбегейлі өзгертетін бапкер емес, әуесқойдағы бапкерім Мұрат Сиқымбаев қойып берген мектепті бұзбайтын бапкер керек. Себебі сол мектеппен нәтижеге жеттік. Қазір Андре Уорд пен Майки Гарсияның жұдырықтасу стилін қарап жүрмін. Бес қаруы сай боксшылар. Қай раундта қанша күш жұмсау керектігін жақсы біледі. Раунд сайын өзгереді. Мүмкін АҚШ-та осы боксшылардың бапкерлерімен жаттығу жасап көретін шығармын.

Өзің де жақсы білесің, кәсіпқой бокс қазір бизнеске айналған. Мықты болмасаң жұтылып кету қауіпі бар. Бұл үшін менеджер мен промоутерің де мықты болу керек. Саған жасалып жатқан ұсыныстар көп екені белгілі. Таңдау жасадың ба?

Ж: Иә, қазір кәсіпқой бокстың бизнеске айналғанын көп естиміз. Бірақ мен кәсіпқой боксқа бизнес үшін ауысқан жоқпын. Сондай-ақ бұл салада боксты түсінетіндер мен бокстың шын жанашырлары көп деп есептеймін. Әрине, ақша табу үшін, бірді екіге құрау үшін жүргендер де бар шығар. Мендегі бар ой қазір жақсы менеджер және промоутермен келісім шарт жасасу. Ұсыныстар өте көп. Біреу ақшамен қызықтырғысы келеді, енді бірі сені пайдаланып ақша тапқысы келеді. Тағы біреуі барлық жағдайды жасаймыз дейді, бірақ бір де бір чемпионы жоқ дегендей. Қазір командаммен бірге кімдермен келісім жасау керектігін нақтылап жатырмыз. Маңызды шешімді асығыс қабылдағымыз келмейді. Жылдамырақ чемпиондық жекпе-жек ұйымдастыра алатын, үлкен шоуларды жасап жүрген тәжірибелі мамандармен жұмыс жасасқым келеді. Маған әлсіз қарсыластарды құлатқан қызық емес.

Берік, Жәнібек табиғатынан қарапайым жігіт. PR маманы ретінде айтшы, кәсіпқой бокс дайындықтан бөлек болмысты өзгертуді талап етеді ме?

Б: Иә, Жәнібек өте қарапайым және мәдениетті боксшы. Қарсыластарына құрмептен қарайтын, жеңіліп жатса құшақтап, рингтен шығарып салады. Бұл әуесқой бокстың стилі. Ал, кәсіпқой бокстағы жанкүйерлер үшін шоу көрсете алатын боксшылар қызық. Батыста солай, сол үшін де билет сатып алады. Оның үстіне қазір күннен күнге жанкүйер талғамы өзгеріп барады. Ондай сұраныс бізде де бар. Әрине, шоу деп ұлттық танымымызға жат қылықтар жасауға болмайды. Бірақ, жасына лайықты белгілі бір деңгейде өзгереді.

Демек, боксшының мықтылығы оның танымал болуына ықпал ете бермейді ғой...

 

Б: Иә, бұл үшін 1-2 мысал келтірейін. Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев қазір қайда жүр? Неге ұмытылып барады? Ал кеше ғана екі тұжырым бойынша әлем чемпионы болған Жанат Жақияновты неге көпшілік білмейді? Отыз минут жұдырықтасып, алтын белбеуді жеңіп алу танымал болу үшін жеткіліксіз. PR-ы жоқ боксшы қанаты жоқ құспен тең. Себебі боксшы танымал болмаса жарнама берушілерге де қызық болмайды. Қолдау болмайды, телеарналар да жанкүйерлер де қызықпайды. Сол үшін кәсіпқой боксшыға PR ауадай қажет.

Жәнібек, кәсіпқой бокстың аурасы, атмосферасы, талабы мүлде бөлек? Команда қаншалықты дайын?

Ж: Кәсіпқой бокс кешенді дайындықты талап етеді. Сол үшін қазір рингтің ішіндегі ғана емес, сыртындағы жұмыстардың да жоспарын жасап жатырмыз. Бұл да өте маңызды. Командамызда белгілі PR маманы Берік Сұлтанның болғаны қуантады. Себебі, кәсіпқой бокстың қыр- сырын өте жақсы біледі. Өз саласының білікті маманы. Бұйыртса тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр елінде жанкүйерім болу үшін еңбек етеміз. Бұл командамыздың негізгі мақсаттарының бірі.

Жәнібек жалпы сапар алдындағы сенім,сезім қандай,дайындық қалай жүріп жатыр?

Ж: Бәрін қырамын, жоямын деп мақтануды ұната бермейтін, тәрбиеміз бөлек халықпыз ғой. Бұйырғаны болады дейміз. Әрине, бғындыру керек белестің барлығын бағындырамыз, бұйыртса. Сол жолда аянбай еңбек етеміз. Қазірден дайындықты бастап кеттік. Әлемді жұдырығына қаратқан чемпиондардың жекпе-жектерін көріп, түрлі техникалар мен тактикаларын  қайталап, үйреніп жатырмын. Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube