Батыр777: Мені «Головкиннің ізбасары» деп атағаны қуантады, бірақ...

6790

Батыр Жүкембаевты неліктен GGG-ға теңейді

Батыр Жүкембаев
Фото: из личного архива
Батыр Жүкембаев

Батыр Жүкембаев - Канададағы жарқын жекпе-жектерінің арқасында, сол құрлықтағы болашағы зор саналатын боксшылардың біріне айналды. Алдағы мақсаты - АҚШ-тың бокс нарығына өту. Беделді ESPN телеарнасының журналисті - Стефан Эспиноза, Батырды "Головкиннің ізбасары" деп атаған еді. Қазіргі таңда Батыр IBO International және WBC Continental Americas белбеулерінің иегері. Кәсіпқой бокста 14 жеңіске жетіп, 12 нокаут тіркеді. Forbes.kz тілшісі Батыр Жүкембаевтың алдағы жоспары туралы сұхбат алды.

F: Батыр, соңғы жекпе-жек қалай өтті. Қарсылас қаншалықты мықты болды?

- Менің соңғы жекпе-жегім Канаданың Монреаль қаласында, Квебек деген шаһарда өтті. Бұл күні қазақ боксшыларынан мен ғана шықтым. Қарсыласым мексикалық Патрисио Морено болды. Рейтінгі жоғары, 20 жекпе-жек өткізіп, 2 кездесуде ұпаймен жеңілген. Ал оның шыққан қарсыластары өте мықты, Ресейдің, Арменияның мықтыларын жеңген, өте тәжірибелі боксшы. Бірақ мен намысқа тырысып, оны жетінші раундта нокаутқа жібердім.

F: Қазірде біз сенің жекпе-жектеріңзді тек ғаламтор арқылы ғана көреміз. Сенің кездесулеріңді Қазақстан арналары арқылы трансляциялау мәселесі көтерілді ме?

- Иә, соңғы трансляция Канадада және бірқатар мемлекеттерге таратылды. Ал өз елімізде тарату мәселесіне келсек, қазір келіссөздер жүріп жатыр. Бүгінгі таңда «Қазспорт» телеарнасы тарапынан ұсыныстар түсіп жатыр. Бұйыртса алдағы уақытта отандық арналардан көріп қаласыздар деген ойдамын.

F: Келесі қарсылас кім? Қай кезде өтуі мүмкін?

- Қазірде күні нақты қарсылас анықталған жоқ. Кезекті жұдырықтасу 2018 жылдың аяғында немесе басында болуы мүмкін. Бүгінгі күні келісімдер жүріп жатыр. Бір айдың ішінде өтетін кездесудің уақыты және қарсылас белгілі болуы тиіс.

F: Батыр Жүкемаев Канадада қаншалықты танымал? Жергілікті тұрғындардың қазақ боксышысына деген құрметі қандай?

- Канададағы танымалдығымыз күн өткен сайын артып келеді. Жергілікті жанкүйерлер жекпе-жектің алдында болсын, жеңістен кейін болсын жақын келіп суретке түсіп жатады. Монреаль көшелерінде серуендеп жүрген сәтте танып жататындар көп. Әрине, мен олардың қолдауын сезінемін. Әсіресе, Квебек қаласында рингке шыққан сәтте маған өз елімдегідей құрмет, қошемет көрсетіп, жақсы қарсы алып жатады. Олар боксты жақсы көреді, қызығушылығы өте мықты, сүйіспеншілігі керемет, зал үнемі лық толады, тіпті кейде билет болмай қалатын кездер көп болады.

F: Қарсыластарыңның барлығын дерлік нокаутпен жеңесің. Бұл негізі неге байланысты? Өз тактикаңа ма, әлде жаттықтырушының стратегиясына ма? Себебі кез келген боксшы қарсыластарының бәрін бірдей құлата бермейді.

- Мен ойлаймын әр боксшының өз стилі болады. Біреу ойын стилімен жұдырықтасады, енді біреу тек соққы дарыту стилімен бокстасады. Мүмкін біздің стиліміз соңғысына жақын болса керек, бұл дайындығың мен бабыңа байланысты, әрине рингке шыққанда қарсыласты бірден құлатып тастаймын деген нақты жоспар болмайды. Сәті келген кезде, осал тұсы белгілі болған жағдайда,уақытты ұтымды пайдаланған кезде нокаутқа кетіп жатады.

F: Кейбір боксшылар қарсыласын нокаутпен жеңетінін алдын ала жариялап жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?

- Әрине, бұл үлкен қате деп ойлаймын. Өйткені сен рингке шыққан сәтте жоспарың орындалмай қалуы мүмкін, ойлағаның жүзеге аспай қалады. Бокс болғандықтан рингте бәрі басқаша болуы ықтимал. «Тайминг» деген бар. Яғни, бұл дегеніміз секундтар, дәлірек айтсақ, өзіңе жасалған соққы кезінде жедел әрі дұрыс әрекет ету арқылы қас қағым сәтте қарсы соққы жасай білу маңызды. Әсіресе, бұл әдісті Геннадий Головкин өте мықты пайдаланады. Бұл көп тәжірибе арқылы келеді.

F: Геннадий демекші, сені Головкинмен салыстырып жатады. Генаның стилін қаншалықты ұстанасың?

 - Әрине, «Генаның ізбасары» деп атағаны қуантады. Дегенмен, менің өз стилім және өз жолым бар. Тарихта қазақ боксының жаңаша үлгісін көрсеткен чемпион ретінде қалғым келеді. Басты мақсат осы. Сонымен қатар Қазақстанда жекпе-жек өткізсем деген үлкен арманым бар.

F: Қазір командада кімдер бар? Тағы қандай боксшылар бар?

- Қазір командада жергілікті бірнеше боксшы бар. Оның ішінде әйгілісі Дэвид Льеме, Жан Паскаль, бәріміз бір залдамыз. Ал, қасымдағы қазақ боксшыларына келсем, бірге дайындалып жүрген былғары қолғап шеберлері бар. Олар Абылайхан Құсайынов,Садреддин Ахметов, Мырзат Сабиров деген жігіттер. Олардың да алар асулары әлі алда деп ойлаймын.

F:  Канададағы күн тәртібі қандай? Монреальдағы жаттығудың ерекшелігі неде?

- Қазақстандағы жаттығудан ерекшелігі, бұл режимге байланысты деп ойлаймын. Жаттығудан бас көтермейміз, күніне екі мезгіл жаттығу жасаймыз. Бір сөзбен айтқанда ұйқы, тамақтану және жаттығу. Ең бастысы осылар және одан басқа ештеңе жоқ. Таңғы сағат 9:00 жаттығу басталады және бұл 2-3 сағатқа жалғасады, ал кешкі жаттығу сағат 17:00 басталады. Бір бәсекеге 2-3 ай дайындаласын және рингке шыққанша тыным болмайды.

F: Жазда елге келгеніңді білеміз? Қазақстан қалай қарсы алды, қолдау бар ма? Демеушілер табылды ма?

- Әрине, туған жер ерекше қарсы алды. Қазақ халқы қарсы алуды, құрмет көрсетуді жақсы біледі. Ал менің спорттық мансабыма демеушілік танытамын дегендер болған жоқ. Әрине, көмек беретін азаматтар бар, бірақ нақты демеуші деген жоқ. Егер, ұсыныстар болып жатса бас тартпаймыз. Қазір осы мәселе бойынша бір азаматтармен сөйлесіп жатырмыз, бірақ әлі нақты емес.

F: Чемпиондық белбеуге жету үшін не қажет, қанша уақыт керек?

- Ең алдымен мықты дайындық керек, дайын болу керек. Кем дегенде тағы 3-4 жұдырықтасу керек және 10-12 раундтық кездесулер болуы тиіс. Рейтингі жоғары, кем дегенде 15-ші орындағы қарсыластар керек. Мен Жаратушы жазып, осының бәрінде жеңіске жетіп жатсам, онда мен чемпиондық бәсекеге толық дайын боламын деген сенімдемін. Иә, мен чемпион болғым келеді және сол үшін «Батыр777» командасы барынша жұмыс істеуде. Қазіргі таңда өз дивзионымда әлемдегі үздік 30 боксшының арасына кіріп тұрмын. Бұл титулды айқастар өткізу үшін жақсы мүмкіндік

F: Батыр Жүкембаев қаншалықты табысты? Жеңіс артқан сайын табыс қаншалықты өседі?

- Дәл қазіргі жағдайда үлкен табыс туралы айта алмаймын. Қазіргі кездесулерден онша көп табыс бомайды. Бұл күнделікті шығындардан артылмайды десем болады. Егер, үлкен жекпе-жек болса үлкен сыйақы болып жатады.

F: Қазірде мұхит асқысы келетін қазақ боксшылары көп. Оларға қаншалықты қолдау білдіресің?

- «Батыр777» командасы ретінде кәсіпқой боксты жаңадан бастаған бауырларыма барынша көмектескім келеді. Өйткені олардың көпшілігі мұхит асқан соң алданып жатады немесе сәтісіз келісімшартқа отырып жатады. Бұл спортшыны өсірмейді. Сондықтан бокс дейтін бизнесте сауаттылық керек. Жақсы промоутер мен білікті менеджер – сәттіліктің кепілі. Жалпы қазақстандық кәсіпқой боксшылар жақын уақытта әлемді жаулайды. Көздеген нысанамыз да айқын. Қолдан жасалған, жарнамасы жер жарған «батырлардың» заманы өтті. Енді қазақтың нағыз Батырларының ел намысын ту ететін уақыты келді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить