Адамның мүмкіндігі шексіз: Күш пен қуат қорын басқарудың құпиясы неде

14480

«Isometrik power» жүйесі туралы не білеміз, бұл жобаны қолға алған Сергей Цырульников Америкаға кетуі мүмкін бе, алда қандай рекорд күтеміз

Сергей Цырульников
Фото: архив пресс-службы
Сергей Цырульников

Сергей Цырульников – Қазақстан және әлем бойынша бірнеше дүркін рекорд орнатқан палуан. Атақты Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ізін басқан жерлесіміз үшін шынжыр үзіп, шегелерден өрнек жасау, тістерімен тас көтеріп, тонналаған көліктерді тартып әкету, тіпті төрт тарапқа ұмтылған төрт бірдей тұлпарды тырп еткізбей ұстап тұру еш қиындық тудырмайды. Қауіпті қойылымдарымен кеңінен танылған Астана тұрғыны ҚР Мемлекеттік күзет қызметінен неге кетпек, шетел оған қандай ұсыныс жасады? Бұл жайында Сергей Цырульников Forbes.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында айтады.

F: Әскери жұмысан кетуді жоспарлап жүр екенсіз. Алдағы жоспарыңыз қандай?

- Иә, мен жуырда мемлекеттік күзет қызметінен кететін болдым. Себебі, басқа жолды таңдап отырмын. Атап айтқанда, изометриялық жүйені дамытқым келеді. Бұл қауіпсіздік құрылымдарында қолданылған әдіс, бұрын құпия болған, негізінен 1958 жылдан бастап КГБ құрылымары қолданған. Яғни, бұл әдіс арқылы адамның ішкі мүмкіндігін ашуға және дамытуға жағдай жасайды. Ондай жаттығу жүйесін кезінде Қажымқан мен Балуан Шолақ сынды атақты палуандар және өзгелер меңгергенін білеміз.

F: Жақсы. Сіз бұл жүйені өз бетіңізше дамытасыз ба, әлде сізге ұсыныс жасалды ма?

- Маған ұсыныс көп жасалады. Әсіресе, шет мемлекеттерден. Жуырда Америкадан шақырту болды. Бір айта кетері бұл бағытқа Қазақстаннан қарағанда әлем елдерінің қызығушылығы жоғары. Жоба негізі керемет. Күллі әлемнің фитнес саласын төңкеріп тастайтын бірегей бағдарлама десем артық айтқандық емес. Біз сөзбен айтқанда айналысамын деген кез келген адамды «супермен» жасап береді.

F: Сонда Американдықтар осы жобаға қызығып отыр ма?

- Иә, олар өз инструкторларын үйретуге шақыруда. Осылайша жобаның Америкада кең таралғанын қалайды. Бірақ, мен әлі шешім қабылдаған жоқпын. Себебі, оның шет елге таралуын қолдамаймын. Өйткені бұл бағдарламаны Қазақстанда жетілдірдік, осында толықтырдық, жолға қойдық. Сондықтан дайын жобаны шетке бере салған дұрыс емес.

F: Қазір осы жүйе бойынша жаттығып жатқандар бар ма?

- Жалпы Қазақстан бойынша қазіргі күні 30 астам адам бар. Ал әлемнен 20 астам шәкірт болады. Олар Еуропа, Америка,Украина, Ресей елдерінен және олар онлайн жаттығуға қатысады. Біз бұл жобаны жуырда ресми таныстырамыз, бұл біздің өз өніміміз болады, бағдарлама «Isometrik power» деп аталады. Егер бізді қолдаса оны мемлекет деңгейінде, барлық әскери құрылымдарда қолданған дұрыс. Ойлаңызшы, осылайша Қазақстанда мыңдаған алыптар мен батырлар пайда болады. Бұл деген керемет емес пе?

F: Қазір кімдердің тарапынан қолдау бар?

- Мен қазір «Batyrs Battle» қоғамдық қорына жігіттерді жинап жатырмын. Осы арқылы салауатты өмір салтын, қазақ батырларының мәдениеті мен жүрген жолын насихаттаймыз. Себебі, қазақ халқының бай мұрасы жалғасын табуы керек, өйткені қазір ұлттық құндылықтар жойылып барады. Мен елімізде тек жалғыз Сергей Цырульниковтың болғанын қаламаймын, біздің қатарымыз мыңдап саналуы тиіс.

F: Енді әлгі жүйе туралы нақтырасқ айтсақ. Қарапайым адам қалайша алыпқа айнала алады?

- Сіздер білетін шығарсыздар, соғыс кезінде, жер сілкінгенде немесе басқа төтенше жағдайларда адам өзінің қосымша күші мен қуатын іске қосады. Ондай мысалдар жеткілікті. Мәселен апат болған кезде көптеген әйелдер бетон астында қалып қойған балаларын өз күшімен шығарып алған кездер болды. Қосымша қуат қайдан келді? Мысалы, 1978 жылы Джодржия штатында бір әйел алып джиптың астында қалып қойған баласы Тониді ешкімнің көмегінсіз, яғни ауыр машинаны өз қолымен көтеріп, ұлын шығарып алады. Ол көлігіннің дөңгелектерін жөндеп жатқан сәтте, домкрат тайып кетіп, көлік үстін басып қалған еді. Осыдан кейін үш құтқарушылар келіп, әлгі көлікті көтермек болады, бірақ,қолдарынан келмейді. Неге? Міне, біз осы мүмкіндіктерді арнайы жаттығу негізінде ашамыз. Яғни, бұл әдіс қосымша күшті басқаруға жол ашады және оны қажет кезінде қолдануға мүмкінідк береді.

F: Демек, ондай күш қоры баршаның бойында бар ма?

- Иә, адам баласы небары 40% күшін ғана қолданады. Қалған 60% тосын жағдайлар үшін керек. Бұл дәлелденген жағдай. Мысалы, бұған Флоридада тіркелген оқиға дәлел бола алады. 2008 жылы онда кезекшілікте болған өрт сөндіруші Крис Хикман қосымша көмексіз ауыр автомобильді жерден 30 см дейін көтеріп, машина астында қолы қалып қойған жігітке көмек береді. Ондай жағдайлар көп.

Фото: архив пресс-службы

F: Сіздің шәкіртеріңіздің арасында осындай дәрежеге жеткендер бар ма?

- Менде қазір қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы, армрестлингтен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы жаттығады. Жалпы, қатысушылардың жас мөлшері 14-63 жас аралығында. Олар қолдарымен шеге қағып,мен сияқты өріп, бірнеше картаның колодасын жыртып, темір табақшаларды майыстыра алады. Бастысы бұл емес. Бастысы олар өз күштерінің шыңын бағындырып, өз мүмкіндіктерін басқара алады. Бұл үш блоктан тұратын жаттығу шаралары. Дұрыс демалу, оны жолға қою керек, күш толқынын дұрыс тудыру керек, қолды, денені, бәрін өз ережесі бойынша іске қосу керек. Бәрі бастан басталады, күш білекте емес, санада.

F: Керемет. Ондай нәтижеге қанша уақытта жетуге болады?

- Бізде мәселен тек жігіттер ғана емес, қыздар да жаттығады. Біз екі қыз шеге қағып, көлік көтеретін дәрежеге жетті. Ойлап қараңыз, қыздар осылай жасап жатса, жігіттерде мүмкіндік одан жоғары. Ал артықшылығы мен мерзіміне келсек күніне 15 минут жаттығу керек, жалпы 21 жаттығу, бір айдан кейін мен сіздерге 99,9%, тіпті 100% кепілдік бере аламын. Осыдан кейін адамдар ойларында болмаған, тіпті түсіне кірмеген әрекеттерді жүзеге асыра алады. Біз осылайша қазақ елінің күш- қуатын әлемдік брендке айналдыра аламыз.

F: Жобаны жүзеге асыру үшін қаржы көздері қажет пе?

- Әрине, қажет етеді. Әзірге біз өз қаражатымыды салып отырмыз. Бірақ, бұл аздық етеді. Үлкен жобаға айналдыру үшін, үлкен инвестиция керек, инвесторлар қажет. Бірақ, көбі бұл туралы әлі біле бермейді. Себебі, бағдарламаны толық меңгергендер әлем бойынша санаулы ғана және солардың бірі менмін. Мен бұл үшін қуанамын және оны Қазақстанда жүзеге асыруға күш саламын.

F: Сіздің дене бітіміңіз ерекше. Киноға немесе жарнамаға түсуге шақыра ма?

- Иә, киноға талай шақырды. Бірақ, бұл Ресей туындылары болатын. Олардың ұсынысы менің көңілімнен шықпады. Себебі, кейіпкерлері жағымсыз және олардың эпизоды шағын ғана. Ал қазақстандық режиссерлар әлі шақырған емес. Бірақ, көбі айтады, сен киноға түсуге лайықсың, неге батырдың рөлін немесе бір керемет образды сомдамасқа дегендей. Ал жарнамаға келсек, иә біз түсіреміз, түсеміз, бірақ бұл арнадағы сияқты жарнамалар емес,спорттық тағамдарға қатысты қызықты роликтер. Біз оларды жарнамалау арқылы, мүмкіндігімізді, күшімізді көрсетеміз, біздің қолымыздан керемет дүниелер келетін сияқты. Олар негізінен YouTube сайтындағы менің жеке каналымда және онда қызықты дүниелер бар.

F: Сіз көптеген рекордтар жасадыңыз. Олар арқылы пайда, табыс таптыңыз ба?

- Жоқ, олар ешқандай пайда әкелмейді. Керісінше шығыны көп. Аренда, реквизит, ұйымдастыру шараларына қаржы көп кетеді. Рекорд үшін ақша беріледі деген жай аңыз ғана, себебі марапат тек олимпиадалық рекордтарға ғана беріледі. Әрине, бұл арқылы танымал болуға болады, сені тойға, мерекелерге шақырады. Бірақ, бір айта кетері әлгі шарада фонограмма арқылы ән айтқан әнші $3 000 алса, менің қауіпті қойылымдарым $100 бағаланып жатады. Жағдай осылай. Бірақ, бұл бастысы емес. Біз жұмыс істей береміз, алда жаңа жобалар бар. Бізді қолдап отырса болғаны.

F: Ендеше, алда қандай рекорд күтеміз?

- Иә, мен қазір жаңа рекорд дайындап отырмын. Жуық арада 153 тоннаны құрйтын, алып тепловозды тісіммен тартсам деген жоспарым бар. Бұл қойылымды Астананың 20 жылдығына арнамақпын. Егер бәрі ойдағыдай болса, бұл рекордты еш қиындықсыз орындап шығамын деген ойдамын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить