Турбуленттілік аймағы

2022 жыл басынан бастап еліміз үшін оңай болмады

Олжас Құдайбергенов
ФОТО: © Андрей Лунин
Олжас Құдайбергенов

Мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысы сәтсіз болды, соңы елді екіге қақ бөліп, элитааралық соғысқа ұласып кете жаздады. Өкінішке қарай, азаматтар мен күштік құрылымдар арасында қаза тапқандар болды. Десе де, жағдайдың шиеленіскеніне қарамастан, 10 қаңтарға қарай ол реттеле бастады, ал айдың соңында өміріміз толығымен бұрынғы арнаға оралды.

Алайда алдымызда салдары тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге әсер ететін сырттағы оқиғалар күтіп тұр еді. Олар әлі жалғасып жатқандықтан, салдарының масштабы қандай болары белгісіз. Әзірге, өкінішке орай, барлығы пессимистік сценариймен дамып жатыр.

Алғышарттар

Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша әлемде жаңа тәртіп орнап, үстемдікке АҚШ ие болды. Оның ЖІӨ-дегі үлесі 40%-ға, кейбір есептеу бойынша тіпті 50%-ға дейін жетті. АҚШ пен КСРО ғана қалған екі шешім қабылдау орталығы бар биополярлы әлем өзіне дейінгімен салыстырғанда әлдеқайда тұрақты құрылымға ұқсады. Державалар көп болған сайын, шешім қабылдау орталықтары көбейген сайын мемлекеттер арасында жиі соғыс болды. Бірақ екінші жағынан қарағанда, соғыстар азайғанымен, олардың масштабы зорайып (державалар арасында қақтығыс бола қалса, дүниежүзілік соғыс басталды дегенді білдіруші еді), қиын-кескі (барлық мемлекеттер қатысқандықтан, олар пайдаланатын қару да барынша қауіпті бола берді) бола түсті.

Соғыстан кейінгі кезеңнің тағы бір ерекшелігі – 25 жылға жуық уақыт (1945–1970 жылдар аралығы) әлемдік экономика үшін үздіксіз даму кезеңі болды. Мұны соғысқа қатысқан елдердің қираған өндірісі мен төлем қабілетін қайта қалпына келтірумен, сондай-ақ планетаның әр аймағындағы интеграция процесінің үдее түсуімен түсіндіруге болады.

КСРО ыдырағаннан кейін бірполярлы әлемдік тәртіп орнады. Енді ойын тәртібін АҚШ қана анықтайтын еді. Фрэнсис Фукуяма АҚШ-тың жаңа жағдайда өзінің саяси және идеологиялық стандарттарын өткізе алатын мүмкіндіктеріне таңғалып, «Тарихтың соңы ма?» кітабын жазып та шықты. Оған сүйенсек, демократия барлық әлемге таралып, соғыс деген атымен жойылуы керек еді. Алайда барлығы автормен келіспей, еңбегін пропагандалық өнім деп санады. Келіспегендердің пікірінше, бірполярлы әлем Вавилон мұнарасына ұқсай бастады. Аңыз бойынша, оның құрылысын жүргізгендер құдаймен тілдесіп, оның сөзін адамдарға тәржімалап беру үшін монополиялық құқыққа ие болғысы келді. Бірақ бәрі керісінше болды: құрылыс жүргізгендер бір сәтте бірін-бірі түсінуді қойып, мұнараны да аяқтай алмады, қалыптасқан тәртіпті де сақтауға қауқарсыз еді. Бұл жолы да ешқандай ғажайып болмады, демократия күллі әлемге тарамады, тіпті АҚШ-тың бүкіл планетаны бақылауда ұстайтындай ресурсының жоқ екені де мәлім болды. Бұл уақытта Қытай елеусіз жүрсе де, өзінің қуатын арттырып, 2014 жылы АҚШ-ты нақты ЖІӨ бойынша басып озып, оның шынымен де мықты бәсекелесіне айналды. Бейжің держава мәртебесіне ие болуға, жаңа гегемонға айналуға еш талаптанбаймыз десе де, Вашингтон Қытайды ең басты қауіп ретінде таныған доктринаны қабылдады. Алдағы онжылдықта болған оқиғаның барлығы осы екі алпауыт арасындағы күрестің көрінісі ғана болмақ.

АҚШ пен Қытай арасындағы қатынас 1980-жылдардың басында жақсарған еді. Ары қарай Бейжің көптеген экономикалық реформаларды жүзеге асырып, әлем бойынша бірінші орынға шығуға мүмкіндік алды. 1980 жылы Қытай нақты ЖІӨ бойынша әлемде 11 орынды иеленді, ал 1990 жылы алтыншы орынға шықты. Келесі онжылдықта АҚШ қалыптасқан бірполярлы әлемдегі гегемон статусының, қарқынды экономикалық өсім мен тұрақты бюджет профицитінің жемісін жеді. Бірақ Қытай да бос уақыт жоғалтпай, 2000 жылы екінші орынға шықты. Басқа мемлекеттер АҚШ-тан біршама артта қалғандықтан, оларды басып озу қиын емес еді. Дегенмен Қытайға америкалық экономиканы көлемі жөнінен артта қалдыру үшін көбірек уақыт керек болды, бұған тек 2014 жылы ғана қол жеткізді. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, Қытай (27 трлн доллар) нақты ЖІӨ бойынша АҚШ-тан (22 трлн доллар) 20%-ға асып түсті. Болжам бойынша, екеуінің арасы ары қарай да зорая бермек, 2026 жылға қарай бұл айырмашылық 30%-ға жетеді.

Тағы бір көрсеткіш бар, ол – номиналды ЖІӨ. Ол жөнінен Қытай қазір екінші орында, бірақ 2030 жылға қарай АҚШ-ты бұл көрсеткіш бойынша да озуы мүмкін деп күтілуде. 2010 жылы Қытай патенттік өтінімдер бойынша, ал 2011 жылы рұқсат алған патенттер бойынша озды. Қазір қытайлық компаниялар америкалықтармен салыстырғанда екі есеге жуық артық патент алады. Қытай жаратылыстану ғылымдары бойынша 4 есе көп PhD докторларын шығарады. Көршіміз сауда серіктесі ретінде елдердің көпшілігінде АҚШ-тың орнын басты. Тұтыну және өндірістік тауарлардың көпшілігін шығаратын өзінің өндірісі бар. АҚШ-тан кейін мобильді және стационарлық құрылғылар үшін өзінің бағдарламалық жасақтамасы бар жалғыз мемлекет. Бұған қоса Қытай АҚШ-пен сауда қатынасын өз пайдасына шешті, жыл сайын 400 млрд доллар оң сальдо қалыптастыра алды.

2017–2019 жылдары Трамп әкімшілігі келіссөздер жүргізіп, Қытаймен сауда келісіміне қол қойды. Ол бойынша сауда айналымын қысқартып, сальдоны екі есе төмендету көзделді. 2020 жылы айналым шынымен 20%-ға қысқарды, ал 2021 жылы қалпына келіп, қазір тарихи рекордты ұстап тұр.

Уақыт Қытайдың пайдасына жұмыс істеп тұр. Тұрақтылық кезеңі ұзаққа созылған сайын Қытай экономикасы да ұлғая түседі, әскери потенциалы да артады

Бұл тренд ауыспаса, біз гегемондардың орындарының ауысуы кезеңін бастан кешіріп жатырмыз деуге болады. Бұдан тек бір нәрсені байқауға болады: бұрынғы гегемон өз орнына жаңа гегемонның келмеуі үшін бәрін жасайды. Демек, алдағы онжылдықта жоғары турбуленттілік болады деген сөз.

Айырылып қалған отыз жыл

КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан он жылға жуық дағдарыстан шығуға тырысып бақты. Ескінің бәрі келмеске кетті, ал жаңа дүние әділетсіз жүргізілген жекешелендіру, олигархтардың бастапқы капиталды жинау кезеңі мен халықтың табыс бойынша аражігінің ажырап кетуі жағдайында қалыптасты.

Дағдарыс 1999 жылы мұнай бағасы өсе бастағанда аяқталды. Бұдан кейінгі мұнай өндіру көрсеткіштерінің артуы мен сырттан қарыз алу 2000-жылдары экономикамызды еселеп өсірді. Бірақ, өкінішке қарай, импорт пен офшорға тым көп қаражаттың шығарылуынан елдің өндірістік потенциалы өспеді. Тіпті индустрияландыру бойынша бағдарламалар қабылданғаннан кейін де ешнәрсе өзгермеді.

1990 жылы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 28%-ды құраса, 2010 жылға қарай 11%-ға дейін қысқарды, содан бері 10–11% көлемінде сақталып келеді. Соған қарамастан, нысандардың көпшілігі кеңестік кезеңнен қалған, тек минималды деңгейде ғана жаңаланады. Қордың тозуы 50–60% құрайды. Қай саланы алып қарасаң да, осыны көресің, барлық көрсеткіштер 1990 жылғыдан да нашар. Бұрын Қазақстан киім, аяқ киім, тұрмыстық тауарлар шығарған болса, қазір бұл бойынша импорт үлесі 100%-ды құрайды. Тек азық-түлік бойынша ішкі нарықты қамтамасыз ету шамамен 70%-ды құрап отыр. Бірақ елдің әлеуеті ішкі нарықты 100% қамтып, осы көлемде экспортқа өндіруге мүмкіндік береді. Тіпті бидай өнімділігі төмен болған жағдайдың өзінде егістік алқаптарын ұлғайту арқылы Қазақстан 1990 жылға қарағанда көп егін жинап жатыр. Ал мал шаруашалығы жөнінен көрсеткіш 1990 жылға қарағанда 30%-ға төмен. Бұл жерде атап өту керек, отыз жыл бұрынғымен салыстырғанда, қазіргі ауыл шаруашылық статистикасына сенім аз.

Нашар көрсеткіштер тек ауыл шаруашылығы және өңдеуші өнеркәсіп салаларында ғана емес. Коммуналдық қызмет көрсету саласындағы тозу бойынша да көрсеткіштер сын көтермейді, алдағы бес жылда еліміздің түрлі аймақтарында апаттар болады. Темір жол саласында да осы жағдай, темір жол төсемінен бастап, вагон мен вокзалға дейін бәрі тозған. Отыз жыл ішінде мектептер, ауруханалар, әуежай мен аэродромдар саны, елді мекендер, жабындысы қатты жолдардың ұзындығы – барлығы қысқарып кетті. Білім беру, ғылым, денсаулық сақтауды қамтитын әлеуметтік саланың жағдайы бұдан да нашар. Тек соңғы үш-төрт жылда ғана бір қалыпқа келе бастады, бірақ тұрақты түрде жақсарып жатыр деп айтуға ерте.

Егер Қазақстан санкциялардың астында қалатын болса, еліміз ол соққыны еңсере алмайды, өйткені еліміздің элитасы отыз жыл бойы ең алдымен ақшаны офшорларға шығарумен әлек болды, ал жаңа өндіріс құру – тек жалпы ережені растайтын жекелеген ерекше жағдайлар ғана.

2022 жылдың сценарийі

Қазақстанның алдағы дамуы Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың қалай өрбитіндігіне байланысты. Төмендегідей үш сценарийді атап өтуге болады:

  1. Оптимистік – екі ел арасындағы келіссөздерде қандай да бір ортақ мәмілеге қол жеткізіледі, содан кейін әскери қимылдар тоқтайды. Ары қарай санкциялар да бірте-бірте әлсірей бастауы мүмкін.
  2. Негізгі – әскери қимылдар қарқыны сақталады, созылмалы соғыс 2–3 жылға дейін жалғасады.
  3. Пессимистік – соғыс аймағы көрші елдерге дейін кеңейіп, аз уақыт ішінде дүниежүзілік соғысқа ұласып кетуі мүмкін.

Бұл жерде ықтималдылықты көрсетпей болжап отырмын, өйткені экономикалық емес жағдайларды болжау қиын. Әрине, Қазақстан үшін оптимистік сценарийдің болғаны жақсы, ал егер ол жүзеге аспаса ше?

Егер Ресей мен Украина арасындағы соғыс ұзаққа созылады деген негізгі сценарий жүзеге асса, Ресейге салынған санкциялар өз күшін сақтайды. Қазір санкцияларды төмендегідей топтастыруға болады:

  1. Қаржы санкциялары – Ресейдің орталық банкінің, мемлекеттік және жеке компаниялардың әрі Ресейдің белгілі бір азаматтарының қаржысы мен басқа да қаржылай активтерінің бұғатталуы.
  2. Шетелдік мүлікті мемлекет меншігіне алу – Ресейдегі заңды және жеке тұлғаларға тиесілі мүлікті тәркілеу және уақытша тыйым салу, сырттан басқаруды енгізу.
  3. SWIFT жүйесінен барлық ресейлік заңды тұлғаларды шығарып тастау, тек сауда эмбаргосы әлі салынбаған тауарлардың саудасына қызмет көрсететін кейбір банктер есепке алынбайды.
  4. Ресейге әскери өнімдерді, телекоммуникациялық құрылғыларды және өндірістік тауарларды экспорттауға тыйым салу.
  5. Түрлі ІТ-қосымшалар бойынша қызмет көрсетуді тоқтату, ресейлік заңды және жеке тұлғалар үшін олардың қолжетімділігін болдырмау.
  6. Орнатылып қойған құрылғыларға техникалық қызмет көрсетуді тоқтату.
  7. Сатып алынған лицензиялар бойынша бағдарламалық жасақтамаларды жаңартуды тоқтату.
  8. Ресейлік компаниялар үшін әуе тасымалына, кеме қатынасына, автотасымалдауға тыйым салу. Лизингке алынған мүлікке тыйым салу.
  9. Сауда эмбаргосы салынған тауарлар тізімі де кеңейіп жатыр. Ресейлік мұнай мен газды сатып алудан бас тарту ықтималдылығы бар.

Бұл санкциялар ресейлік экономикаға үлкен соққы болып тиеді, ол өз дамуында тіпті он жылдарға дейін кері кетуі мүмкін. Әрине, Ресейдің кейбір тауарларды өндіріп, орнын басуға кадрлық және басқа да потенциалы жетеді. Жетпеген кейбірін Қытай, Үндістан, Түркия, Иран және санкцияны қолдамаған басқа да елдерден әкелуі мүмкін. Бірақ бұған бірнеше жыл керек.

Қазіргі жағдайда Ресей инвестор және көптеген тауарларды жеткізуші ретінде Қазақстан үшін толық жабық. Тіпті кейбір азық-түлік тауарларын Қазақстаннан сатып алуға өзі тырысатын болады. Әрине, еліміз үшін бұл – өндірісті дамытып, Ресейге экспорттауға үлкен мүмкіндік. Бірақ сонымен қатар ресейлік бизнес Қазақстанға көшіп келе бастайды. Бұлай болған жағдайда Ресейге қарсы бағытталған санкциялар бізге де салына бастайды. Бизнес шынымен толығымен бізге көшірілетін болса, бұл санкция салу үшін жеткіліксіз болуы да мүмкін.

Демек, билік Қазақстанға санкциялар салуын болдырмау үшін сыртқы саясатта өте табанды жұмыс жүргізуі керек. Егер шетелдегі азаматтарымыздың немесе бизнестің батыс елдерімен дұрыс қарым-қатынас орнатуға мүмкіндігі болса, онда оларға барынша қолдау көрсету қажет.

Жақын болашақтың сценариі

Егер Ресей–Украина соғысында тек екі елдің ғана мүддесі болса, онда ол өте тез және екі тарап үшін аз шығынмен бітер еді. Бірақ бұл қақтығыстың көптеген өзге елдердің өзара тоғысқан мүдделерінің салдары екені де түсінікті. Демек, оның көрші елдерге де таралып, Ресейдің тұтастай НАТО блогына қарсы шығуы мәселесі туындауы мүмкін. Олай болған жағдайда Ресей жағына ШЫҰ-ның шығуы ықтимал. Бұл – елімізді ішкі және сыртқы саясаттағы күн тәртібін толығымен қайта қарап шығуға итермелейтін пессимистік сценарий жүзеге аса бастайды деген сөз.

Екінші жағынан, уақыт Қытайдың пайдасына жұмыс істеп тұр. Тұрақтылық кезеңі ұзаққа созылған сайын Қытай экономикасы да ұлғая түседі, әскери потенциалы да артады. Сондықтан Бейжің батыс елдерімен қақтығысты барынша кейінге қалдыруға мүдделі. Тек қолынан келе ме? Мәселенің ұшығы осында жатыр.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
16146 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить