Путиннің әдеттегі күдіктілері

16860

СТОКГОЛЬМ – Ресей президенті Владимир Путин өткен айда үкімет пен конституциялық құрылымды қайта жаңарту туралы бастаманы қолға алды, қалай болған күннің өзінде де ол 2024 жылғы президент сайлауынан кейін де биліктен кетпек емес

ФОТО: Depositphotos.com/ymp65

Сонымен қатар,  мемлекеттік инвестицияны ұлғайту экономика дамуына алып келеді деген идеяға сүйеніп экономикалық саясатқа өзгеріс енгізді. Әйтсе де, Путиннің бұл ойы жүзеге аспайды, сірә.

Дәстүрлі түрде Ресей премьер-министрі мен оның бірінші орынбасары елдегі экономика саясатына жауапты. Жаңа қызметтік тағайындаулар бойынша, Путиннің сенімді дублері Дмитрий Медведевтің орнын премьер-министр ретінде бұған дейін ұзақ уақыт салық қызметін басқарып келген Михаил Мишустин алмастырды. Президенттің экономика мәселелері жөніндегі көмекшісі Андрей Белоусов бірінші вице-премьердің орнына тағайындалды; ал Антон Силуанов Қаржы министрі қызметінде қалды. (Путиннің экономикалық мәселелер жөніндегі жаңа көмекшісі болып бұрынғы Экономикалық даму министрі, технократияның жас жұлдызы әрі Белоусовпен көзқарасы бір Максим Орешкин тағайындалды.)

Путиннің көмекшісі ретінде жеті жыл қызметтен кейін Белоусовтың ойлау жүйесінде бастығының көзқарасы көрініс тапты. Марксистік бағыттағы атақты экономистің ұлы Белоусов ашық мемлекетшіл және өзін кейнсиандық деп есептейді, яғни мемлекеттік шығында арттыру идеясын қолдайды. 2018 жылы «қайта сайланған» соң Путин Белоусовпен бірлесіп өмір сүру деңгейін жоғарылату мен инфрақұрылым инвестициясын ұлғайтуға негізделген13 ұлттық жобаға бет бұрды.

Өз кезегінде Мишустин мықты әкімші және батыс елдерімен байланысқа түсе алатын компьютерлік технология маманы ретінде бедел қалыптастыра білді. Экпорттаушылардың қосылған құн салығын қайтару мен жинақтау процесін жеңілдеткен Ресей салық жүйесін дигитализацияландырудан кейін Мишустиннің абыройы артты. Дегенмен, Мишустин салық қызметін басқарған уақытта кәсіпкерлерді ашық бопсалауды жалғастырған. Жемқорлыққа қарсы белсенді Алексей Навальныйдың дерегіне сәйкес, Мишустиннің отбасы Мәскеуде  45 млн доллар тұратын жылжымайтын мүлікке иелік етеді және оны заңды жолмен алуы мүмкін емес.

Мишустин 2010 жылдан бастап Ресей үкіметінің маңызды мүшелерінің бірі болғанына қарамастан, қоғам назарынан алшақ жүруді жөн көрген. Саясат сахнасынан тыс карьера жасай білген ол 2008 жылы-ақ жаңа Путин элитасына бастайтын даңғыл жол хоккей арқылы екенін аңғарған, тіпті бұл спорт түрімен айналысуға табиғи таланты болмаса да. Путиннің өнегесімен Ресей провослав шіркеуін ашық қолдаған. Әкесі кезінде мемлекеттік қауіпсіздік қызметінде (КГБ) жұмыс істеді деген фактің өзі Мишустиннің келешегіне кері әсер етпейтінін білдірсе керек.

Путин жүргізген кадрлық өзгерістерге қарап оның бұрынғы үкіметтің ұлттық жобаларды қаржыландырудағы қабілетсіздігіне көңілі толмағанын байқауға болады. Медведев осал әкімші, ал Силуановтым қатал бухгалтер саналды. Путин мемлекеттік шығынды арттыруға ниетті екенін мәлімдесе де, соңғы екі жылда Ресейде бюджет профициті айтарлықтай артқан.

Бұған дейін бірнеше жыл бойы Путин халықаралық валюта қорын жинақтау арқылы Ресей егемендігін сақтауға басымдық танытқан. Қазір қор көлемі 560 млрд долларға артқан, яғни қауіпсіздік үшін қалыпты мөлшерден көп, сондай-ақ, Батыстың жаңа санкцияларының енгізілу қаупі азайды. 2009 жылдан бастап Ресей экономикалық дамуының жылдық орта көрсеткіші 1% деңгейде тоқтап қалған, сондықтан ЖІӨ-ді көбейту басты назарға алынуы керек. Ал Белоусовтың ойынша, мемлекеттік инвестицияның көмегімен ЖІӨ арттыруға болады.

Жалпы Ресейдің жаңа үкіметінің құрамында тоғыз вице-премьер (бұрынғы үкіметте 10) мен  21 министр бар, оның тек үшеуі ғана әйел адам. Ал қалғандары 39-63 жас аралығындағы технократ-конформистер және олардың барлығы дерлік Путиннің жақын ортасында жүрген адамдармен байланысы бар.

Жаңа биліктің үш негізгі ықпал ету ортасы бар. Күтпеген жерден  бірінші орта - «Мишустин ортасы». Оның құрамында үш жаңа вице-премьер бар, біреуі Мишустин аппаратының жетекшісі. Бұрынғы премьер-министрлердің үкіметте мұндай айқын саяси жақтастары болмаған. Сөзсіз, Мишустин санасуды талап ететін күшке айналады. Үкіметте сенімді блок қалыптастырған өзге екі ойыншы – Мәскеу мэрі Сергей Собянин мен қорғаныс министрі Сергей Шойгу.

Жаңа биліктің жоғары деңгейде технократиялық болуымен қатар бейсаясаттылығы да жетерлік. Бұрынғы биліктің айқын екі ұлтшылы Мәдениет министрі Владимир Мединский және Білім және ғылым  министрі Ольга Васильева, Ресей билігіндегі  жалғыз әрі нағыз либерал Ольга Голодец те отставкаға кетті. Осыған қарағанда, Путин мәдени соғыстан шаршап, оның жарлығын орындауға қабілетті әкімшілерді құп көретінін меңзесе керек.

Алайда Путиннің экономикалық бағдарламасының табысқа жетуі екіталай. Бұрынғыдай инфрақұрылымға құйылған мемлекеттік инвестициялар мен басқа да бюджет шығындары Путиннің «достарына» өтіп кетеді. Путин, мүмкін, қиялға беріліп жүрген болар, бірақ тұтас жемқорлыққа негізделген жүйе экономикалық дамуға кедергі келтіретінін түсінетін уақыт жетті. Мұндай түсініспеушілік оның 15 қаңтардағы жолдауында айқын көрініс тапты: демография туралы айтып, конституциядағы өзгерістерді мәлімдеді, заң үстемдігі жайлы жалған сөйледі. Әдеттегідей нарық реформасына байланысты сөз қозғаудан бас тартты. Бірақ осындай бағдарламалар ғана Ресей экономикасының өсу қарқынын жылына 1%-ға жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Егер жаңа үкіметке мұқият көз салсақ, Ресей халқының үмітін ақтайтын дүние аз екенін байқауға болады. Жаңа вице-премьерлердің бірі, Мишустиннің адамы Дмитрий Чернышенко жемқорлық іске толы Сочи Олимпиадасына қол салған, сондай-ақ, олигархия ауыздығы есептелетін «Газпром-Медиа»-мен байланысы бар. Тағы бір жаңа вице-премьер Марат Хуснуллин бұған дейін Татарстан мен Мәскеуде даулы құрылыс жобаларына жетекшілік еткен. Үкіметтің жоғары лауазымды шенеунігі, өткен жылы америкалық инвестор Майкл Калвидің негізсіз тұтқындалуына жауапты адам – өзге емес, Белосоувтың өзі.

Мұндай кейіпкерлерді жинақтап алған Путин алда тағы да түңілу мен уақыт өте биліктің қайта ауысуына өзін дайындап жатқандай.

Андерс Ослунд – Вашингтондағы Атлант кеңесінің аға ғылыми қызметкері. Кейінгі жарық көрген кітабы «Ресей кландық капитализмі: Нарықтық экономикадан клептократияға дейін». Russia’s Crony Capitalism: The Path from Market Economy to Kleptocracy

© Project Syndicate 1995-2020 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить